Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 4971 36 пікір 26 Желтоқсан, 2021 сағат 15:07

Табыттағы империя мен қаңтардағы соғыс

КСРО атты халықтар түрмесінің құлағанына міне тура 30 жыл. 1991 жылдың 25-желтоқсанында, Мәскеу уақыты бойынша сағат 19:32-де КСРО туы мәңгілікке түсіріліп, 19:45-те Ресей Федерациясының үш жолақты туы көтерілді. Бұл жетпіс жыл бойы зұлымдық империясы болған КСРО-ның тарих табытына кеткен сәті болатын. Дәл сол күні КСРО-ның соңғы басшысы Горбачев халыққа үндеу жасап, өзінің қызметтен кеткенін, КСРО-ның енді жоқ екенін айтты. 

Бүгінде Ресей арналары "КСРО неге ыдырады" деген тақырыпта кеңірдек керіп, қырқысып жатыр. Пікірсайыстар қызу өтуде. Біліксіз басшылық, тиімсіз экономикалық модель, сыртқы күштердің қысымы, санкциялар. Нұсқалар көп, жауаптар да жетерлік. Әр сарапшы, әр тарихшы, әр саясаткер әртүрлі нұсқаларды айтуда. "КСРО-ны сақтап қалуға мүмкіндік болды ма" деген сұрақтар да талқылануда.

Горбачев болса КСРОның ыдырауына қатысты өз ойын айтты. Ол Батыстық күштердің сол кезеңде қарсылас державаның жағдайын көріп, ыдырауына қатысты болжамдар жасағанын айтады. "Біздің қолымызда Батыстың билеушілері еліміздегі қиындықты көріп, алақандарын ысқылап отыр деген ақпараттар болмадй емес, болды. Олар былай деді: Горбачев нағыз коммунист, оданда Ельцинге бәс тіккеніміз жөн деп жатты. КСРО құлаған соң олар өз қуаныштарын жасырған емес", — дейді ол.

Оның ойынша КСРОны сақтап қалуға болар еді, бірақ оған сыртқы күштер емес, ішкі қайшылық кедергі болды дейді. Ол "ұлттар арасындағы қайшылық пен ішкі республикалар арасындағы түсініспеушілік елді құрдымға жіберді, ал Тамыз бүлігі соның нүктесін қойды" деп атады.

Бірақ КСРОны сақтап қалуға да әрекеттер жасалыпты. Бұл туралы Горбачевтың баспасөз хатшысы, аудармашы Павел Палажченко айтты. Оның сөзінше Горбачев конфедерациялық одақ құруға ұсыныс жасаған. Жаңа келісім бойынша қарулы күштер мен ядролық қаруды ортақ негізде сақтап қалудың жолы болған.

Құжатқа одақ ішіндегі сегіз мемлекет қол қоюға дайын болған екен. "Тарихи тұрғыдан тығырықтан шығар жол жоқ сияқты болғанымен, алайда қашанда шығар жол бар. Отыз жылдан кейін қарап тұрсам, ортақ қарулы күштерді сақтап қалуға тырысқан конфедерациялық одақ әлдеқайда дұрыс болар еді деп ойлаймын", — деді Палажченко.

Сол кезеңнің белді саясаткерінің бірі Руслан Хасбулатов та өз ойын білдіріп, "КСРО-ның ыдырауына кім кінәлі" деген сұраққа жауап берді. "Кім кәнілі деген не сөз? Басты кінәлілер бізбіз. Соның ішінде өзім де бармын. Өкінішке орай біздің өз елімізге кесіріміз тиді", — дейді Хасбулатов. Ол елді құлдыратуға Ельцин мен Горбачев арасындағы текетірес себепкер болғанын да айтты.

Араға отыз жыл уақыт салып, Ресей КСРО-ның ыдырағанына күйінетінін көрсетті. Енді таңда Мәскеу НАТО мен Батысқа айбат шегіп отыр. Украина маңына жүз мыңнан астам әскер топтастырып, 2008-де Грузияның, 2014 жылы Украинаның жерін тартып алса, 2020-жылы "Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты тоқтатамын" деген желеумен Қарабаққа өз әскери базасын шоғырландырды. Сирияда әскери база орнатып, Таяу Шығыс елдерінің саясатына араласа бастады. Сарапшылар Ресей агрессиялық саясат арқылы "КСРО-ның бір қайта құрмақ" деген ойды айтуда. Тіпті Украина мен Ресей арасында қаңтар айында соғыс басталады дегенді де болжаушылар саны артуда.

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321