Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3718 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:25

Айқан Ақанов. АЙНАЛАСЫНА ШУАҚ ШАШҚАН

И.Қ.Қарақұлов қоғам қайраткері, ірі ғалым-эпидемиолог еді

И.Қ.Қарақұлов қоғам қайраткері, ірі ғалым-эпидемиолог еді

Ишанбай Қарақұлұлы Қарақұлов – эпидемиология, профилактика және микробиология саласындағы белгілі зерттеуші және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы ірі қайраткерлердің бірі. Ол жастарды жан-жақты тәрбие­леудің теориялық және практикалық мәселелерімен де үзбей айналысты. И.Қарақұлов КСРО Медицина ғылымы академиясының, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің және Қарақалпақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, партия ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, медицина ғылымы саласын­да қазақтан шыққан тұңғыш профессор.
Ишанбай Қарақұлұлы 1909 жылғы 1 мамырда Ақтөбе облысының Ойыл ауда­нындағы көп балалы кедей шаруаның отбасында туды. Әке-шешеден ерте ай­рыл­ған ол он жасынан бастап ауыл ша­руашылығында жұмыс істеді. И.Қа­рақұлов 1929 жылы Орынбор қаласын­дағы жасөспірімдерге арналған үш жылдық мектеп-интернатты, одан соң 1931 жылы Орал қаласындағы Қазақ өлкелік медицина техникумының бірін­ші дайындық бөлімін бітіргеннен кейін сол жылы Алматы мемлекеттік меди­цина институтына түседі. 1937 жылы инсти­тутты тәмамдаған ол бірден Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комис­сары болып тағайындалды, бірінші шақы­рылған (1937-1946 жж.) КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады.
Профессор И.Қарақұлов ұзақ жыл­дар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы жа­нындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы, КСРО Ми­нистр­­лер Кеңесі жанындағы Жоғары ат­тес­тациялық комиссиясының сарап­шы­сы, Кеңес-Үндістан достығы қоға­мы­ның вице-президенті, Кіші медициналық энциклопедия редакторының орынба­сары болып жұмыс істеді.
Ғалым Қазақстанның денсаулық сақ­тау ісін ұйымдастыра отырып, ме­дицина ғылымын, аптекалық істі да­мы­ту және кадр даярлау жөнінде зор жұ­мыстар жүргізді. Ол Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі (1950-1954 жж.), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды, қоғамдық қызметке көп қатысты.
КСРО-да Ұлы Отан соғысынан кейін мал және адамның бруцеллезбен ауыруы өте шиеленісіп кетті. Оның үстіне бұл аса қауіпті жұқпалы ауру болды.И.Қарақұлов Қазақ КСР-інде бруцеллезді кең аумақты зерттеуге кірісті. Осы жұмыстардың нәтижесінде 1950 жылы докторлық диссертация қорғады. Ерекше атап өтетін жәйт: И.Қарақұловтың КСРО МҒА-ның отырысында “КСРО-дағы бруцеллезбен күресу және алдын алу шараларының күрделілігі” деген тақырыпта сөйлеген сөзі жұртшылық назарын аударды.
Ұлы Отан соғысында кеңес халқы жеңіске жетті, оны біз мақтаныш етеміз. Сол соғыс жылдары И.Қарақұлов Қарулы Күштердің орталық институтында қызмет етті және Үкімет пен Жоғарғы Кеңестің соғысқа қатысты бірқатар жауапты тап­сыр­маларын орындады. Ол медицина қыз­метінің подполковнигі әскери шенін алды.
И.Қарақұловтың ғылыми еңбектерін Кеңес Армиясының бас эпидемиологы, академик А.Алымов, академиктер В.Ти­ма­­­ков, П.Здродовский өте жоғары ба­ғалады, сондай-ақ оның басқа да ға­лымдар арасында беделі биік болды.
Ол 1946 жылы Ал­ма­ты мемле­кет­тік меди­цина инсти­ту­тында эпи­­де­мио­ло­гия кафедрасын құрды және оны өзі зей­нет­керлікке шыққанға дейін (1987—1988) үздіксіз басқарды.
Осы кафедраның негізінде 300-дей жұмыс орындалып, отызға тарта доктор­лық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Профессор И.Қарақұловтың алғысөзімен және редакциялауымен он беске жуық әртүрлі монографиялар, ғылыми жинақтар мен еңбектер, оқу құралдары басылып шықты. Мұндай әртүрлі проблемалық жұмыстардың орындалуы И.Қарақұловтың тек инфек­циялық патология, әлеуметтік гигиена, де­мография, денсаулық сақтауды ұйым­дас­тырумен ғана шектеліп қалмағанын, сонымен бірге оның ғылыми жан-жақтылығын да аңғартады.
Ғалым өзінің ізбасарларының бірі Н. Д. Беклемишевпен бірге, бруцеллез ауруы проблемаларына арналған 32 баспа табақ аннотацияланған көрсеткіш дайындап, оны жарыққа шығарды. Мұнда 1850 әдебиет пен сенімді деректер қолданы­лып, бұл да бруцеллез мамандары үшін үлкен бір жаңалық болып ғылыми айналымға қосылды.
Профессор И.Қарақұлов эпиде­мио­лог­тардың, микробиологтардың, ин­фекционистер мен паразитологтардың бүкілодақтық және республикалық (бұған Қазақстанмен бірге, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғыз­стан, Түркіменстан, Қарақалпақ АКСР-і қоғамдары да кірген) ғылыми қоғам­дарының құрметті мүшесі, ал Қазақстан микробиологтары, эпидемиологтары және паразитологтары ғылыми қоға­мының құрметті төрағасы болды.
И.Қарақұлов жастарды жан-жақты тәрбиелеу проблемасымен де үзбей айналысты. Бұл ретте ең алдымен оның 1983 жылы белгілі жазушы Ғ. Мүсі­реповтің алғысөзімен шыққан “Қырық сұрақ – қырық жауап” атты кітабының мәні зор екенін айтқан жөн. Ол қарақалпақ (1986), қырғыз (1987) тілдерінде де жарық көрді. Кезінде оның “Индиялық достарда” (1962) деген кітабы да жұрт қызығып оқыған әрі кең таралған еңбек болды.
1989 жылы “Сырласу” кітабын шығарды. Онда жастарға байланысты көп тәрбиелік мәселелерді көтерді.
И.Қарақұловтың маман-дәрігерлерді дайындаудағы сіңірген еңбегін ескере отырып және Қазақстандағы эпидемио­логиялық ғылымның іргесін қалаушы­лардың бірі болғаны үшін С.Ж.Асфен­дияров атындағы ҚазҰМУ ғылыми кеңесінің шешімімен (24 ақпан 2009 жылғы хаттама № 8) университеттің эпидемиология кафедрасына және № 6 аудиторияға оның аты берілді. Бір оқу ғимаратына мемориалдық тақта орнатылады. 2009 жылдың қазанында И.Қарақұловқа арналған инфектология мәселесі бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек, оның ма­териал­дары басылып шығады.
Ірі қоғам қайраткері, айтулы ғалымның жүз жылдық мерейтойын медицина саласының адамдары ғана емес, оның жерлестері де, онымен таныс-біліс болған қауым, жұртшылық үлкен құрметпен атап өтеді. Ал оны білетіндер көп-ақ еді. Ол айналасына шуақ шашып жүретін адам болатын.
А.А.АҚАНОВ, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

 

 

«Егемен Қазақстан” газеті 14 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435