Әлемдік деңгейдегі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов 80 жаста
1 қыркүйек - Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығының иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған күні. Атақты режиссер көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Біз мерейтой иесін еске алу мақсатында аяулы жары, Қазақстанның халық артисі Хорлан Қалиламбекованы әңгімеге тартқан едік. Сондай-ақ ол кісінің көзін көрген, қызметтес-дәмдес болған замандастары, шәкірттері өз ойларын ортаға салады.
1 қыркүйек - Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығының иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған күні. Атақты режиссер көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Біз мерейтой иесін еске алу мақсатында аяулы жары, Қазақстанның халық артисі Хорлан Қалиламбекованы әңгімеге тартқан едік. Сондай-ақ ол кісінің көзін көрген, қызметтес-дәмдес болған замандастары, шәкірттері өз ойларын ортаға салады.
Хорлан Қалиламбекова, опера әншісі: Бізді тағдыр қосты
- Мен Әзекеңді сырттай білгенім болмаса, аса жақын таныстығымыз жоқ еді. Керісінше, ол кісінің алғашқы зайыбы Ғазиза Жұбановамен шығармашылық жолда көбірек араластық. Ғазиза Ахметқызы менің өнердегі ұстазым, тәлімгерім, ақылшым екенін мақтанышпен айта аламын. Өкінішке қарай, 1993 жылы бергенінен берері мол шағында дүние салды. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін, екі жылдан соң Әзекең екеумізді ортақ таныстарымыз табыстырды. Сол кісілердің ақ тілеуімен, дәнекерлігімен бас құрап, содан 14 жыл тату-тәтті бірге өмір сүрдік.
Отағасым ашуға бой алдырмайтын, мінезі жібектей жұмсақ еді десем, өтірік болар. Өте өткір, тура сөйлейтін, шындықты бетке айтатын, талапшыл кісі-тін. Осы қасиетін көп адам жақтыра да бермейтін. Ал таланттылығын, бойындағы қабілетін сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Іскерлігіне күншілдікпен, қызғанышпен, іштарлықпен өртене қарайтындар да табылды. Жұмысына кедергі жасағысы келгендердің жымысқы әрекеттерін ел көрді. Артистер куә. Отыздан жаңа асқан жас жігіттің М.Әуезов театрына басшылыққа келуі біраз адамдардың ішін күйдіргені рас. Есесіне ол кісі күні-түні тынбай еңбек етіп, театрды әлемдік деңгейге көтерді. Атын шығарды. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуарбек Молдабеков, Сәбира Майқановаларды елге танытты. Гастрольдік сапармен араламаған шет мемлекеттері кемде-кем. Бұл кезеңді театрдың алтын дәуірі деп атасақ та артықтық етпейді. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, қоластындағы күншілдер аяғына оралып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген уақыттар болды. Арыз-шағым көбейіп, қайта-қайта қызметтен кетірді. Сондай жаны жабырқап жүрген сәттердің бірінде екеумізді тағдыр қосты. Мен жұбайымның қас-қабағына қарап, жағдайын жасауға, ойын түсінуге, дамытуға жәрдемдестім. Баладай мәпелеп, күтім жасадым. Әкемдей, баламдай қадірлеп, отбасылық бақытқа, жылуға бөледім. Балаларымызға да әрдайым есігіміз ашық болды. Немерелерімізді бірге тәрбиеледік. Шөбересінің алақанынан май жалап, қолынан су ішіп, бақытты ата атанды. Қазақтың маңдайына біткен тұлғаны бар ықылас-пейіліммен бақытты етуге тырыстым.
Орнында бар оңалар
- 1999 жылы Президент Әзекеңді Астанаға шақырып, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының тізгінін ұстатты.
Елордаға келгеннен кейін, мұнда да театрды өркендету үшін аянбай тер төкті. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Махамбет», «Жоғалған дос», «Қан мен тер» сияқты көптеген қойылымдарды сахналады.
Өкінішке қарай, өмірінің соңғы сәттерінде қатты ауырды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алғанын көпшілік біледі. Сол соққы үлкен дертке айналып, ақыры алып тынды. 2009 жылы 18 қарашада ақтық демі үзілгенше қасында отырып, өз қолымнан аттандырдым.
Әзекеңнің артында қалған төрт баласын айтпағанда, сегіз немересі ержетті. Бірі Мәскеу консерваториясында, енді бірі Англияда оқып жатыр. Жұмыс істеп жүргендері де баршылық. Алды отбасын құрып үлгерді. Әзірге екі шөбересі өсіп келеді. Әзекең ел сияқты дүние-мүлік жинамаған адам. Бар байлығы - елге сіңірген еңбегі, Астанадағы үш бөлмелі пәтері, соңынан ерген ұрпағы.
Көзі тірісінде әр туған күнінде қатты дайындалатын едік. Күндізгі екіден бастап, үлкен дастарқан жаюлы тұратын. Театрдың артистері тайлы-таяғымен келіп құттықтайтын. Немере-шөберелері аталап, түн жарымына дейін тілектерін жеткізетін. Өзі арамызда жоқ болса да, осы үрдісті жоғалтпай, отбасымызбен жиналамыз. Әріптестері әлі де туған күнінде келіп, дәм татып кетеді. Биыл да сексен жылдығына арнап, әзірлік жасап жатырмыз.
Мерейтойына орай қыркүйектің ортасында Орал қаласында Мәдениет министрлігі мен жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театр фестивалі өтеді деп жоспарлануда.
Елеусіз қалған есіл ер
- 2000 жылдары Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры ашылғанда Әзекең сол ұжымға Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларын қойған болатын. Бұл спектакльдер әлі күнге театр репертуарынан түскен жоқ. Ал қалған ұжымдар «өзі жоқтың, көзі жоқ» деді ме екен, Әзекеңнің жүзін топырақ жасырар-жасырмастан, ол кісі сахналаған спектакльдерді бірінен кейін бірін түрлі желеулер айтып, тізімнен алып тастады. Режиссер қайтыс болғанымен, қалған артистер тірі ғой. Мұнысы несі? Неге бұлай істегендерін түсіне алмадық. Осыған жүрегім қатты ауырады.
Тағы бір мәселе, 2009 жылы бір топ өнер қайраткері Президенттің атына хат жазып, Әзекеңе ескерткіш тұрғызу, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, театр, көше есімін беру мәселесіне көмектесуін сұраған едік. Елбасы құп алып, арнайы жарлыққа қол қойды. Бірақ әлі күнге бұл тапсырма орындалмай келеді. Тек зиратының басы қарайтылып, Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ал Астанада он жыл тұрған үйінің қабырғасы бос тұр. Ол кісінің атын беруге елімізден бірде-бір театр да табылмай отыр. Деректі фильм де түсірілмеді. Мұның барлығы орындалу үшін бес жыл уақыт керек екен. Менің алаңдайтыным, сексен жылдығына орай осы шаруаның бірі қолға алынбады, той өткен соң тағы елеусіз қала ма деп қорқамын...
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Халқы оны бағалай білді
- Әзірбайжан Мәмбетов - қазақ режиссурасында ғана емес, әлемдік режиссурадағы айқын тұлға. Оған оның жүріп өткен көркемдік жолы куә. Ол қойған керемет қойылымдар тек қазақ өнерінің үлесі ғана емес, дүниежүзілік театр қауымдастығының табысы деп қарау керек. Қазақ театры әлемдік театрдың бір бөлшегі десек, әлемдік көп дауысқа үн қосуда Мәмбетовтің жеке үні айрықша естіледі. Мәселен, ол сахналаған «Қан мен тер», «Ана - Жер Ана», «Көктөбедегі кездесу», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Адасқан құс», «Абай», «Қобыланды» сияқты спектакльдер бүкіл әлемдік театрдың елеулі қойылымдары, айрықша табыстары болып есептеледі.
Ол жанр талғамайтын, комедия, трагедия, мелодрама, опера, жалпы, қандай бағытта болсын өзінің бет-бейнесін, жеке қолтаңбасын бірінші кезекте ұстайтын айқын тұлғалы суреткер. Біздің қазақ театрының әлемдік деңгейде танылуына көп үлес қосқан қабілетті, аса талантты шығармашылық иесі. Ол таза режиссуралық еңбекпен қатар, үлкен қоғамдық жұмыстар да атқарды. Депутат та болды, әртүрлі кезендегі беделді құрылтайларға, съездерге делегат болып қатысты. Қазақ театр қоғамын, қазіргі Театр қайраткерлері одағын басқарды. Сол сияқты «Қазақфильм» киностудиясын да басқарып, кино түсірумен де айналысты. «Қан мен тер», «Ән қанатында», екі сериялы «Абай» теле-фильмі, «Қуғыншы» сияқты көптеген туындылардың авторы атанды. Бүкіл Одақтың атақты режиссерлерімен байланыста болды. Олармен шығармашылық ынтымақ орнатты. Сондықтан Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов - қай жағынан алып қарасаң да, қазақ өнерінің әлемдік шеңберде танылуына, бағалануына үлкен жол ашқан тұлға. Есесіне халқы оны бағалай білді. Үкімет тарапынан да үлкен сый-сияпаттар көрді. Кеңес Одағының халық артисі, екі дүркін Мемлекеттік сыйлықтардың лауретты атанды. Профессор, Халық қаһарманы. Осының барлығы ол кісінің жан-жақтылығын, өнерге сіңірген еңбегін айшықтайтын беделі деп есептеймін.
Биыл 80 жылдығы, өнер тарланының еңбегі ешуақытта өшпейді. Ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Нұрқанат Жақыпбаев, Болат Атабаев, Сәулебек Асылхановтар Әзекеңнің режиссерлік мектебінен тәлім алған жігіттер. Демек, Мәмбетов тағылымы жалғаса береді деген сөз.
Роза Әшірбекова, Қазақстанның халық артисі: Сүйікті ұстазым менің...
- Әз-ағаңды ең алғаш рет бұрынғы М.Әуезов атындағы, қазіргі Қ.Қожамяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық театрының ғимаратында көрдім. 1958 жылы «КазПИ-дің» бірінші курсын бітіріп, бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында жазғы демалысқа келген кезім. Бірде газет оқып отырып «Әзірбайжан Мәмбетов драма артистерін дайындайтын студия ашқалы жатыр» деген хабарламаға көзім түсті. Ешуақытта артист боламын деген ой менде жоқ еді. Неге екенін, жүрегім алқынып қоя берді. Басқаша күй кештім. Алла жол көрсетті ғой деймін, шабаданымды арқалап, «Алматы қайдасың?» деп, ешкімге айтпай, ауылдан тайып тұрдым. Пойыздан түсе сала, Әуезов театрына келдім. Директордың бөлмесіне кірсем, Қалибек Қуанышбаев, Хадиша Бөкеева, сосын кішкентай бойлы, күлімкөз бір жас жігіт өзара әңгімелесіп, бірдеңеге мәз болып отыр. Кейіннен білдім, үшінші кісі Әз-ағаң екен. «Сіз кімге келдіңіз?» деді, жаңағы көзінен от ұшқындап тұрған жас жігіт. Өзі орысша сөйлейді екен, біртүрлі сескеніп қалдым. «Студияға оқуға түспек ойым бар. Актриса болғым келеді» дедім ақырын ғана. Денем қалшылдап, дір-дір етіп, дауысым өзгеріп, үнім шықпай қалған сияқты болды. Өйткені театр сахнасынан көрген Қалекең мен Хадиша апайды бетпе-бет көргенде, көзім бұлдырап, қатты толқыдым.
«Сіз кешігіп келдіңіз. Оқуға қабылданған қыз-жігіттер баяғыда картошка теруге кеткен» дегенде, төбемнен жай түскендей қалшиып, тұрған орнымнан қозғала алмай қалдым. Отырғандар да үнсіз. Сол үнсіздікті Әз-ағаң бұзды. Менің басқа жерде студент екенімді іштей сезген секілді. «Қайда оқисыз?» деді байыппен. «КазПИ-де» деп едім, «Мұғалімдік - жақсы мамандық. Оқуыңды ары қарай жалғастыра бер» деді. Аяғым жерге желімденіп қалғандай, қозғала алар емеспін. Артынша үшеуінің көздерімен сөйлесіп, ұғысқанын байқап қалдым. Әз-ағаң «Оқуыңды тастама, театрда шеберлік сыныбы өтіп тұрады. Қолың боста, соған қатыс. Қыркүйекте оқу басталады» деді. Осылай «КазПИ» жайына қалды. Әз-ағаңның болашақ артисі болу маңдайыма жазылыпты. «Осы қыздан драма артисі шығады-ау» деп тесіле қараған көзқарасы әлі күнге көз алдымда. Нағыз болашақ артиске деген режиссерлiк түйсігінің қырағылығын көрдім. Не деген талант иесі десеңізші. Әз-ағаңның сол студиясын Қазақстанның халық артисі Әнуар Молдабеков, еңбек сіңірген артист Есболған Жайсаңбаев, әрі артист, әрі режиссер Жақып Омаров, Қазақстан халық артисі Шәміл Жүнісов және мен бітіріп шықтық. Ол бізді тап басып тани білді, біз де ұстазымыздың сенімін ақтадық.
Алайда ол кісі тәлім-тәрбие беріп, театрда, кинода атын шығарып, танымал еткен шәкірттерінің барлығы бірдей жақсылығын түсіне алған жоқ. Тізесін батырғандар да болды, оның несін жасырамыз. Астанада өткен 75 жылдық мерейтойына баруға жарамағандар бар. Әз-ағаң сол тойында сахнада сөйлей алмай, кемсеңдеп отырғанын көргенде, көз жасымды тия алмай, еңіреп тұрып жыладым. Отыз жыл театрдың даңқын дүниежүзіне танытқан режиссерді осындай күйге түсіргендер бүгінде ортамызда жүр...
Есіме бір оқиға ерекше түсіп тұр. Менің 60 жылдық мерейтойыма келіп, арнайы құттықтап, гүл ұсынды. «Мені сатпаған актрисам осы Розам» деп халықтың алдында қолымнан сүйіп, маңдайымнан иіскеп еді.
Ол кісінің 80 жылдығы жақындаған сайын осының бәрі еске түсіп, «Сіздің еңбегіңіз қазақ тарихында алтын әріппен мәңгілік жазылып қалады, сүйікті ұстазым менің» деп, өз-өзімнен іштей күбірлеп жүрмін...
Нүкетай МЫШБАЕВА, халық артисі: Бізді елге қадірлі етті
- Біз 1969 жылы оқу бітіріп, театрға келдік. Сонда Әзірбайжан режиссер болып жұмыс істейтін. Жап-жас, керемет талантты жігіт болатын. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова сияқты он-он бес консерваторияны бітірген жастар қызметке алындық. Бізге «Беу, қыздар-ай» спектаклінде алғаш рөл берілді. Кейіннен қойылған «Ана - Жер-Ана», «Қан мен тер» сияқты көптеген қойылымдар бағымызды ашты. Бізді өсірді, өндірді, елге қадірлі етті. Танымалдылық шыңына шығарды. Көрерменмен қауыштырды.
«Әр елдің телісі мен тентегі болады» дегендей, үлкен ұжым болғаннан кейін арамызда әртүрлі себеппен тәртіп бұзып қоятындар кездесетін. Ондайда алдымыздағы аға буын өкілдері сөздерін сөйлеп, «тәртіп бұзғаны болмаса, жалпы, жақсы жігіт. Өнерлі. Біреудің басын жарып, көзін шығаратындай тентектік жасаған жоқ. Бір еркелігін кешіре салыңыз» десе, үлкендердің айтқанын тыңдайтын. Жұмыстан шығарып тұрған жерінен қайта қалдыратын. Аға-апайларымыздың көңілдеріне қарап, сөзін жерге тастамайтын. Сөйткен абзал азаматымыз о дүниеге кетіп қалды. Қатты қиналдық, жыладық, жоқтадық. Ендігі жерде жаны жаннатта болса екен деп тілейміз.
Сұлтан СРАЙЫЛОВ, Оңтүстік Қазақстан циркінің бас директоры: жастардың болашағын ойлады
- 2001 жылы Елбасы Әзекеңді бос жатқан жерінен Астанаға шақырып алды. Мен Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда актер болып жұмыс істеп жүрген болатынмын. Екі спектакльді қойып, келесісімен жұмыс істеп жатқан уақытым. Бір күні Әбекеңнен бөлмесіне келсін деген хабар алдым. Есіктен енгенім сол еді, «Әйелің қалай, дұрыс адам ба?» деді. «Жаман емес, шүкір» деп жауап бердім. «Аяғыңды жуады ма?» дейді, мен түсінбей тұрып қалдым. Сөйтсем, «Сенің күтіміңді жасай ма, Алматыға екі жыл оқуға жіберсем, сені жібере ме?» деді. «Оқып қайтем, онсыз да спектакльдер қойып жүрмін емес пе?» деп қыңырайдым. Сөйтіп, шығып кеттім де әрі қарай жұмысымды жалғастыра бердім. Екі-үш күн өткеннен кейін ұмытып кететін шығар деп ойлағанмын. Жоқ, олай болмай шықты. Қайта шақырып алып: «Сонымен, не шештің, ойландың ба?» деп тесіле қарады. «Әзеке, балалы-шағалымын. Отбасымды қайтемін. Олар мына жақта, мен ана жақта. Оқу оқып, білім қуып жүрсем, үй-ішімді кім асырайды?» деп шұбырта жөнелдім. Сонда «Әй, ақымақ. Сен қазір мен осында отырғанда спектакль қойып жүрсің, ертең мен кеткенде сен де кетесің. Саған кім қойғызады? Дипломсыз режиссердi ешкім еркелетіп отырмайды. Жалақыңды ай сайын алып тұрасың, неменеге тартыншақтайсың. Бар дегенде бару керек» деді. Сол сөзі маған қамшы болып, жолға жиналдым.
Қазір Әзекеңнің көрегенділігіне қатты қуанамын. Өнер жолында қандайда бір жетістікке жетсем, сол кісінің арқасы деп санаймын. Өзін ғана емес, өзінен кейінгі жастардың болашағын ойлағанына, қамқорлық танытқанына тәубе деймін. Қойылып жатқан қойылымдар болсын, жүріп жатқан басқа да жұмыстарға сол кісінің айтуымен алған дипломымның үлкен көмегі тиіп жүр.
Беттi дайындаған - Қаншайым Байдәулет
«Айқын» газеті