Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5203 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:27

ШЕНЕУНІКТЕР ҚАРЫЗЫМЫЗДЫ ДА МАҚТАНЫШ КӨРЕДІ, АЛ ХАЛЫҚТЫҢ БҰДАН ҮРЕЙІ ҰШАДЫ

 

 

Абай 21-ші қара сөзінде қазақтың мақтаншақтығын екі түрге бөледі. Соның ішінде ел ішіндегі мақтаншылықты бөле жарып айтады. Қазір байлығымен мақтанып, мың адамға той жасап, атасына ас беріп, мыңдаған адамға көйлектік мата үлестіргенді көргендер бар. Ал әлем алдындағы қарызымен мақтанатын елді бірінші рет көріп отырмыз. Қайсы бір күні Қаржы министрі Болат Жәмішев депутаттарға «2012 жылдың қаңтарына дейін барлығы 123,9 млрд. доллар көлемінде қарызымыз бар», -  деп жауырды жаба тоқып, жасырып баққанымен, бас банкир итке сүйек қарыз екенімізді, Қазақстанның жалпы сыртқы қарыз мөлшері 130 миллиард долларға барып қалғандығын жариялаған еді.
Қарызы бар адам қайбір тыныш ұйықтасын. Ал мемлекеттің миллиардтаған берешегі бар екенін естіген елде  не ес қалды дейсіз?! Шенеуніктер болса, мақтанышпен айтады, жұртты дүрліктірмейін дегені шығар, кім білсін. Халықаралық валюта қорының есептеуіне қарағанда, әлемдегі қарыз мемлекеттердің қатарында 88-ші орында екенбіз.  Азуын айға білеген АҚШ 15 триллион доллар қарыз болса, оның 13 триллион доллары Қытайға қарыз болып шыққан. Әрбір америкалықтың мойнындағы мемлекет жүктеген қарызы 49,8 мың долларға келеді екен.
Техника мен жаңа технологияның отаны саналатын Жапонияның жайы да жетісіп тұрған жоқ. Жалпы қарызы 13,5 триллион доллар болса, оның 9 триллионы Қытайға қарыз болып есептеледі. Әрбір жапондықтың мойнындағы қарызы 105,5 мың долларға жеткен.
Іргелес көршіміз Ресейдің қарыз жөніндегі рейтингі 99-орында тұр. Әрбір орыстың мойнындағы мемлекеттік қарызы 1247 доллардан тиесілі болып шығады.
Сарапшылар қарыздың болмауы мемлекеттің қуаттылығын көрсетпейді  деген пікірде. Мәселен, рейтинг соңындағы Мадагаскарда әр адамға шаққандағы сыртқы қарызы - 26 доллар, Либерияда - 41 доллар, Конгода- 69 доллар болып шықты. Бұл елдердің мемлекеттік қарызының аздығы жер асты байлықтарының  жетімсіздігінен емес, сыртқы қарызды тарта алатын экономикасының қауқары жоқтығынан, шаруасының  шатқаяқтап тұрғандығымен есептеледі екен.
Ел барынша байып қуаттанған сайын, сыртқы қарызы да ұлғая беретін көрінеді. Себебі, макроэкономикалық бағдарламаларды бастаған мемлекет оны түгелдей бюджет қаржысымен игере алмағандықтан инвестиция тартады.
Ал, бірақ қазақта «көрпеңе қарай, көсіл!» деген сөз бар. Журналист Құтмағамбет Қонысбай айтпақшы: «Алсаң егер кредит, арпылдап үйге кіреді ит» - дейді. «Елдің бәрі алып жатыр ғой, бір жаққа көшіп бара жатқан жоқпыз. Бір ретін тауып қайтарармыз» - деген желеумен Каспий Банкінен 36 пайыздық кредит алған  қаншама қазақтардың шаңырағы шайқалды. «Мемлекет келесі жылдан бастап Үкіметтің кепілдігімен алпауыт компаниялар алған сыртқы қарыздарын ірі көлемде қайтара бастайды екен. Мына ІРО-ңыз халықтың қалтасына түсудің «Бутя капиталдық» акциясы, МММ-дік әдісі болып шығады» - деген сәуегейлер де сұңқылдай бастады.
Мені ойландыратыны, қарыз жөнінен Ресейден озып тұр екенбіз.    Неге елулікке енбейміз?
Содан кейін «сыртқы қарызымызды әр адамға шаққандағы шамасын нақтылап берсе дұрыс болар еді» деген ой мазалап жүр. Негізі, Қазақстандағы халық саны 16 миллион болса, сыртқы қарызымызды 116 млрд. теңгеге жеткізіп бір ақ тоқтап, сосын, нақтылап алып, қайтарғанымыз дұрыс шығар, Марченко мырза?!
Ескендір ЕРТАЙ
Астана

«Халық сөзі» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963