Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Жаңалықтар 2848 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:33

Беу, Бекболаттың дауысы-ай!

 

 

Халық қалаулысы Бекболат Тілеуханның «Елім менің» атты жеке концертінен алған әсерден туындаған ой
2009 жылдың 16 мамыры күні әрбір сазымен, әрбір назында осыны меңзеген домбыраның қо­ңыр дауысымен, әсем әннің әрлі әуенімен еңселі елдің Елор­да­сы­ның көк аспанын тербеткен бұл әуен Сарыарқаның саз дала­сының төріндегі Тәуелсіздік са­райы­нан шығып жатты.
Бұл – ел қалаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаты, тек қана әнші емес, қазіргі қазақстандық кино әлемінде өзіндік орын алған «Аға­йынды», «Жетімдер» фильмдерінің идеялық жетекшісі, халық баласы атанған Бекболат Тілеуханның шы­ғармашылық кеші еді.
Сонау еліміздің тәуелсіздігі жа­рияланған күннен бастап, Елба­сы­мыздың ант беруі, ата заңымыз­дың қабылдануы, жаңа мемлекет­тің жаңа Астанасының ірге тасы қалануы, экономикамыздың бү­гін­гі күндегі орасан зор жетістікке жетуі, «Нұр Отан» халықтық демо­кратиялық партиясының құрылуы мен бүгінгі күнге дейінгі тарихты бейнелі-суреттеуден басталған кеш ары қарай, қазақтың қара дом­бырасының күмбірлі дауысы­мен жалғаса берді.
Алтайдан Атырауға дейін, Ала­тау­дан Арқаға дейін жерді алып отырған Тәуелсіз кең даламыздың әр өңірінде қалыптасқан стилімен, қазақ тарихының әр кезеңіндегі әндердің негізіне салып, әрбір әні­мен елді елдік пен бірлікке шақыр­ған, шад-шадыман өмір сүріп жат­қан түрлі ұлт өкілдерінің, оның ішінде қазақ елін, қазақ жұрты­ның бауырмашылдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ауызбіршілік секілді алтын қасиеттерін сақтай отырып, тұғырлы тәуелсіздігіміз бен еңселі егемендігіміздің іргесін нығайтуға шақырған кеш, әр қыр­лы­лығымен қатар бір сырлығымен де көрер­меннің жүрегінен орын таба білді.
Әр қырлығы дегенім, онда қазақ өнерінің ғана емес, исі қазақ жұрты­­ның данышпандығы мен даналығы сан қырынан танылса, бір сырлы дегенім – ол орындалған әрбір ән мен әуенде елім деп еңіре­ген, жерім деп желбіреген ердің ішкі дүниесі көрініп тұрды.
Бекболат сахнаға Түркі әлемі­нің ұлы ойшылы атанған Қорқыт ата­мыздың киелі аспабымен шы­ғып, қобыздың дауысымен қоса ән шыр­қағанда, жиналған қауым бір сәтке демін іші­не тартып алғандай болды. Себебі күмбірлеген қобыз дауысы мен орындалған ән сонау Қорқыт заманы мен осы күнге де­йінгі қазақ жұртының қилы тари­хын көз алдымыздан алып өткен­дей еді.
Оның ішінде сонау түркілер әлемінен бастау алатын ата-ба­баларымыз, еркіндік атты асыл арманға жетуді аңсаған ата-баба бейнелері, қазақтың тұңғыш пар­тия­сы «Алаштың» ерлері, одан кейінгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, ке­йін­гі экономикалық жетістіктер мен еңсесі көтерілген халық, Са­ры­арқаның төсінен өз отауын тік­кен жаңа Астана, еңселі елу елдің қатарына ұмтылған тәуелсіз Қазақ елі – бәрі-бәрі көз алдымызға келіп тұрды.
Әрбір әуен мен ән­нен бізге Бек­болаттың елім деп соқ­­қан жүрегінің дүрсілі естілген­дей болды.
«Ерім деп еміренген ел болмаса, елім деп еңірейтін ер қайдан шы­ғар!» Бекболатқа деген халықтың ықыласын көргенде осы бір халық мақалы тұла бойымды билеп ал­ғандай болды.
Бұл ең алдымен тәрбие көрген­мен, киелі шаңырақтың, текті кісі­лердің ұрпағы болумен де байла­нысты болар. Ал балаға ең бірінші тәрбиені беретін ол анасы. Ақ сүт беріп аялап, түнгі ұйқысын төрт бөл­ген анаңды Меккеге он рет ар­қа­лап барсаң да қарызыңнан құ­тыл­майсың. «Жақсылықты ең бі­рін­­ші анаңа, сосын тағы анаңа, тағы анаңа, сосын барып әкеңе жаса» деп бекер айтылмаса керек.
Бекболат ортаға анасын алып шыққанда, ел деп соққан жүрегі бар ұлды елге сыйлаған анаға деген елдің құрметі мен ықыласы залды зор қошеметке толтырғандай еді.
Алып анадан туады. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Олай болса, Бекболат та ешқашан қартаймай ортамызда жүре берсе екен, елім деп соққан жүрегі елін қуанта берсе екен деп тілеймін.
«Адамның адамшылдығы… жақ­сы ұстаздан болады» – дейді Абай Құнанбаев. Олай болса Бек­болаттың да жеке тұлға болып қа­лыптасуына Жәнібек Кәрменов сияқты ұстаздарының қосқан үле­сінде шек болмас. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Бекболат та өзінің ұяда көргенін қияда жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге жете жүріп, өз ұстаздарын өміріндегі орны бөлек бір төбе етіп көрсетуі соның айғағы.
«Ер Тарғын», «Қыз Жібек» опе­ра­­­ларынан Сыпыра жыраудың, Ше­ге­нің ариясының орындалуы, үл­кендермен жас жеткіншектердің үндерінің үндесуі кешті одан әрі әр­лендіре түсті десем артық айтпа­ған болар едім.
Мен мұны не үшін жазып отыр­мын? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана хал­қымыз. Кемелді келешек пен жар­қын болашаққа жету үшін тәуел­сіз­дігімізді ту етіп, елдігімізді мен бір­лігімізді күш етуге қанаттан­дыратын осындай патриоттық кеш­­тер көбейе берсін деп тілейік, ағайын.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, көк туымыз көк аспаны­мызда қалықтай берсін.

 

 

Б.Бекжанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292