Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3377 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:58

ИРАҚ ЕЛЕКЕЕВ: Жеке сот орындаушыларын енгізу – рэкет сияқты күш көрсетуші топтардың пайда болуы емес

ИРАҚ ЕЛЕКЕЕВ, Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы:


ИРАҚ ЕЛЕКЕЕВ, Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы:


– Ирақ Қасымұлы, алыс-жақын шет мемлекеттерден келіп-кетіп жататын аса мәртебелі меймандардың бәрі дерлік Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға беріп, тіпті біреулері таңырқағандық білдіріп жатады. Оған ай санап Алпамысша өсіп келе жатқан жас Астананың өзі айғақ бола алса керек. Осы қарқынды дамуға сот әкімшілігі саласының қосып отырған үлесі қандайлық деп ойлайсыз? Біз мақтана алатын жетістіктер бар ма?
– Мен Астанаға алғашқылардың бірі болып келдім. Ол кезде Парламент депутаты едім. Бізге келмес бұрын «Ақмола суық, масасы көп. Қыста жауған қар қонышыңнан асады. Аңызақ жел соғып тұрады. Тіптен дұрыстап тамақ ішетін жер де жоқ» деген жел сөздер күнде айтылатын. Желтоқсанның 9-ында күллі Парламент депутаттары болып топырлап пойыздан түстік. Расында, солай екен. Бұрынғы «Турист», бүгінгі «Абай» қонақүйінде жаттық. Жарты жылдай сол қонақүй біздің үйіміз болды. Екі адам бір бөлмеде тұрамыз. Өзіміз пісірдік, кірімізді де өзіміз жудық, қолымыздан келгенше. Себебі ол кезде кафе, мейрамхана деген атымен болмайтын. Сол кездегі ең үлкен қоғамдық тамақтану орны қазіргі «Меруерт» мейрамханасы болды. Сенсең де, сенбесең де сол! «Меруертте» болмаған патша жоқ. Азия мемлекеттері президенттерінің барлығын осы жерден тамақтандырып отырдық. Қазір оған ешкім де сенбейді. Ал қысы, расында, сондай суық болды. Бәріміз тізеден төмен тон сатып алдық. Қазір енді ондай қыс жоқ секілді. Осы даму мен өзгерістің барлығы көз алдымызда өтті.
Біз, расында, осындай ғажайып қала болады дегенге, шыны керек, сенген жоқпыз. Соның бірі – мен едім. Қазір бір аптаға іссапарға шығып кетсең, қайтып келген соң танымай қаласың. Осы жақында елімізге Дүниежүзілік жеке сот орындаушылары ассоциациясының президенті Жак Иснар келді. Ол бас қаламызды көріп, қатты таң қалды. «Мен келе жатқанда ойлап едім. Қазақстан – азиялық мемлекет. Баяғы дамумен жатқан шығар деп. Жоқ, мен әуежайға қонғаннан бастап бұл ойымның дұрыс еместігін түсіндім», – деді ол. Соның ішінде ол кісіге біздің қонақжайлылығымыз ерекше ұнаған екен.
Сол экономикадағы қарқынды дамудан бір елі де қалып келе жатқан жоқпыз. Сот әкімшілігі де — Тәуелсіз мемлекетіміздің экономика, қаржы, бағалы қағаздар нарығы секторлары секілді ажырамас бір бөлігі. Яғни біздің табысымыз – мемлекетіміздің ілгерілегені. Ал мақтан тұтатын жетістік дегенге бір ғана мысал айтайын: сот актілерінің орындалуы бойынша көрсеткіштерде біздің ел Орталық Азияны былай қойып, жалпы ТМД көлемінде алдыңғы қатардағылардың бірі болып тұр. Еліміз күн санап көркейіп, дамыған, демократиялық елдердің қатарына қосылып отыр. Соның ішінде сот саласына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Барынша жариялы, демократиялық қоғам қалыптастыруға ықпал ететін жаңашыл заң бастамалары осыған дәлел. Осының арқасында сот билігінің құзыреті көтеріліп, тиімділігі артып отыр. Жылына сотқа миллиондаған іс қаралуға түсіп, басым бөлігі оң шешімін тауып жатады. Соттар шешімінің орындалуы жүйеленіп, қоғамдағы тұрақтылық қалыптасып келеді. Сот әкімшілігі саласындағы қол жеткізген табыстарымыздың барлығы да бәсекеге барынша қабілетті алғашқы 50 елдің қатарынан орын алуымызға да өз септігін тигізетін жетістік деп білемін.
– Қандай мемлекет болсын сот жүйесіндегі орындау өндірісінің орны ерекше. Егер толыққанды жүзеге аспайтын болса, қара қылды қақ жарғандай шешімнің қажеті қанша? Яғни сот орындаушыларының қызметі жүрдім-бардым қарағанды көтермейді. Жеке сот орындаушылары институтын енгізу туралы ойыңыз осындай мақсаттардан туындап отырған болар?
– Біз кезінде Әділет министрлігі жанындағы комитет болдық. Сол кездерде қатты құлдыраушылық болды. Сот орындаушылары комитетін қабылдап алған кезде шешімдерінің орындалуы бар-жоғы 35 пайыз ғана еді. Бүгінде бұл көрсеткішті 77 пайызға көтердік. Бірақ бұл аз. Әлі де кемшіліктер жетерлік. Себебі сот шешімі шыққан соң міндетті түрде орындалуы тиіс. Бірақ 27 пайызы әлі орындалмай жатыр. Сол себепті бізге ізденіс, алға ұмтылыс керек болды. Осы кейпімізбен отыра берсек, ұзаққа бармаймыз. Көп болса келесі жылы тағы 1 пайызға артық орындармыз. Сонда не, 100 пайыз шешім орындалуы үшін 27 жыл күтуіміз керек пе? Жоқ, бізге тың дүние керек. Ол – өзің айтып отырған жеке сот орындаушылары институтын енгізу.
Алғаш рет жеке сот орындаушылары институтын енгізу туралы сөз 2005 жылы сот орындаушыларының IV съезінде қозғалды. Қарап көрсек, біз көп нәрседен құр қалыппыз. Әлемнің 65 елінде бар екен. Сосын жеке сот орындаушылары туралы арнайы заң жобасын жасап, Парламентке ұсындық. Біздің ойымыз – жеке сот орындаушыларын енгізу арқылы мемлекеттік сот орындаушыларының жұмысын жеңілдету. Сол кезде ғана сот шешімдерін толық орындауға мүмкіндік болады деп ойлаймыз.
Бізде сот орындаушылары аяғынан тік тұрып жұмыс істейді. Борышкерге өздері барады, өздері іздейді. Есепшілерді тексереді. Машақаты өте көп. Ал шетелде мұның бірі де жоқ. Мысалы, Эстонияда мұндай алашапқын атымен жоқ. Өзім барып куә болдым. Бәрі компьютерде, арнайы бағдарламада дайын тұр. Кімнің мойнында не бар, қандай байлығы, қандай шайлығы бар, бәрі сонда. Мен елге келген бойда Президент Әкімшілігіне хат жаздым. Осыны неге енгізбейміз деп. Біз осыдан соң мұндай бағдарламаны жарты жылдың ішінде Қазақстанға енгіздік. Қазір сот орындаушылары өз кабинетінде отырып-ақ кімде не барын біліп отырады. Ол сол жерде отырып, борышкердің бар мүлкін «тұтқындай» (арест) алады. Бұл – бірінші. Екіншіден, олар Ішкі істер министрлігінің базасына кіріп, борышкердің автокөлігі болса, оның да пайдалануына шектеу қояды. Оның мойнында жері бар ма? Оны Жер комитетінен іздей алады. Салық комитетіне кіріп, оның есепшотындағы аударымдарды да тоқтата алады. Әрине, бәрі заң жүзінде ғана. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келесі жылы бұдан да жоғары жетістікке жетеміз деп ойлаймын.
Тағы бір айта кетерлігі, біз бүгінгі таңда білікті мемлекеттік қызметкерге ақшалай ынталандыру жұмыстарын дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Өйткені белгілі бір заңдық шектеулер бар. Біз жалақысынан артық ақша бере алмаймыз. Ал жеке сот орындаушыларында бұл мәселе өзінен-өзі шешіледі. Олар өзі орындаған қаржының кемінде 10 пайызын сыйақы ретінде ала алады.
Біз осы заңға көп дүние енгіздік. Соның бірі – алимент мәселесі. Балаға алимент төлеу керек. Ал әкесі болса шетелде талтайып жүреді. Анасы мен баласы ақша таба алмай үйде отырады. Ондайларға тыйым салуды көтердік. Мысалы, біреулер көлігіне ие болмай, адамды қағып кетеді. Тіптен өлтіріп те алады. Оларды ешкім жүргізуші куәлігінен айырмайды. Ал біз оларды өмір бойы көлік жүргізу құқынан айыру туралы бастама көтердік.
– Жеке сот орындаушылары институтын енгізу мәселелерінде әлемдік тәжірибелер де ескерілген болар?
– Жеке сот орындаушылары тарихта ең алғаш рет Францияда енгізілген екен. Ол сонау Бонапарт заманынан бері бар. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Эстония мен Латвия елдерінде де жеке сот орындаушысы ерте пайда болған. Осы мемлекеттердің заңдарының барлығын қарадық. Көптеген дамушы мемлекеттер үлгіні Франциядан алыпты. Ал бізге жақындауы осы Балтық елдеріндегі заң болды. Біз үшін бастама болғандықтан, елімізге сол елдің білікті мамандарын шақырттық. Сондай-ақ Болгария секілді бірнеше мемлекеттердің заңдарын да қарай отырып, келген мамандармен бірлесе отандық жеке сот орындаушылары туралы заң жобасын жазып шықтық.
– Жалпы, жеке сот орындаушыларын енгізгеннен не ұтамыз? Қашан енгізіледі? Біздің елде аталмыш жүйе қандай механизмдер арқылы жұмыс істейді?
– Шынын айту керек, бізде сот орындаушылары жетіспейді. Әлі де болса 642 сот орындаушысы қажет. Ал жеке сот орындаушысы енгізілсе, бұл олқылықтың орны толар еді. Керісінше, қазіргі жұмыс істеп жатқан 1700-ден астам сот орындаушыларының біразы күні ертең лицензия алып, жеке сот орындаушыларына ауысады. Жекеменшік сот орындаушылары арқылы бізге үлкен мүмкіндіктер келеді. Мысалы, әр жеке сот орындаушысының ең кемінде үш-төрт көмекшісі болады. Олардың саны, әрине, өзінің ақшасына байланысты. Он шақты көмекшісі болуы да мүмкін. Санға шектеу жасамаймыз. Бізде қазіргі сот орындаушылары көмекшісіз-ақ жылына 300-400 құжатпен жұмыс жасап үлгеріп жатыр. Ал қаншама көмекшісі бар жеке орындаушылардың қалай жұмыс істейтінін осыған қарап ойлана беріңіз. Екіншіден, қаншама адамға қосымша жұмыс табылады. Оның үстіне, олардың артынан «сен осыны дер кезінде орындайсың» деп жоспар алып қуып жүрмейсің. Олар өздері үшін жүгіреді. Апта сайын жиналыс та өткізбейсіз. Дұрыс жұмыс істемесе, лицензиясынан айырылады.
Өз басым үлкен сеніммен айта аламын, бұл – өте маңызды жоба. Болашағымыз үшін, дамуымыз үшін өте тиімді. Жемқорлық пен сыбайластық тыйылады. Ең бастысы, жеке сот орындаушыларына арнайы лицензия беріледі. Олар сот бақылауы бойынша ғана жұмыс істейді. Сол себепті заңсыз әрекеттерге жол берілмейді деп айта аламын.
Заң жобасы былтырғы қараша айынан бастап биылғы мамыр айына дейін Парламент талқылауында болды. Мәжілісте екі оқылымда қаралды. Олар 400-ге жуық өзгерістер енгізді. Комитеттегі жұмыс тобында талқыланды. Алла жазса, күзде Сенатта қаралады. Сол кезде тағдыры шешіледі.
Бізде мемлекеттік сот орындаушылары қалады. Ол ешқайда кетпейді. Бірақ көбісі осыны біле бермейді. Көбісі бізді жеке сот орындаушыларын енгізу арқылы, жауапкершіліктен қашқалы отыр деп кінәлайды. Қашанда заңды әзірлегеннен гөрі Парламентте талқылау қиынның-қиыны. Кейбір ұсыныстарымыз өтті. Кейбірі өтпей қалды. Дегенмен біраз жұмыстар жасадық деп ойлаймын.
– Қандай адамдар жеке сот орындаушысы бола алады?
– Түсінікті болуы үшін бұл жерде кейбір елдің заңымен түсіндіре кетейін. Біздің ұсынған заңымыз бойынша, бұрын сот орындаушысы болған адам ғана жеке сот орындаушысы бола алады. Өзге елдің заңында бұл жоқ. Әйтеуір, жоғары заңгерлік білімі болса болды. Біз олай еткіміз келмеді. Үлкен жауапкершілік ұстанып отырмыз. Олар ертең өз жұмысын орындай алмай жатса, білімі жетпей жатса, не болмақ? Ең кемінде бес жыл сот орындаушысы болған адам ғана осы құрметке ие болады.
Сондай-ақ жеке сот орындаушысы болатын адамның белгілі көлемде сақтандыру қоры болуы керек. Шешімдер орындалмаса, сақтандыру қорындағы қаржысынан аламыз. Бұл – ешқандай елдің заңында жоқ дүние. Сонымен қатар біз оларды бақылап отырамыз. Заң талабы бойынша сот орындаушысы үш күн қатарынан жұмыс жасамаса, сот арқылы оның лицензиясын тоқтатуға құқымыз бар.
– Қалай дегенмен, жаңаның аты — жаңа. Жеке сот орындаушылары институтын енгізу туралы бастамаңызды қоғам қалай қабылдады деп ойлайсыз? Естуімізше, кейбір құқық қорғау органдары тарапынан қарсылыққа тап болып жатқанға ұқсайды.
– Әрине, жаңаның аты жаңа болған соң, қарсылық танытушылар өте көп болды. Ең алдымен, осы заң туралы халық бірдеңе біле ме деген сөз алдымыздан кес-кестей берді. Сосын жұртқа түсіндіру жұмыстарына кірістім. Шынын айту керек, шықпаған телеарнам жоқ, сөйлемеген радиом жоқ. Бәріне шықтым. Ондағы мақсат – ол туралы халық бірдеңе білсін дегенім еді. Халық жеке сот орындаушылары туралы заң жобасын білмеуі мүмкін. Бірақ оның не екенін, қандай пайда әкелетінін білуі тиіс.
– Негізінен, қарсы болған қай органдар екенін білуге бола ма?
– Жасыратыны жоқ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура сияқты мемлекеттік органдар қатты қарсылық білдірді. Әсіресе, Бас прокуратура табандап жатып алды. Олар «бұл жобаның пайдасы жоқ, жаппай күш көрсету, зорлық-зомбылыққа әкеліп соғады» деген пікірде болды. Сот шешімін орындауды неге Ресейдегі сияқты жүйеге келтіруге болмайды? Қазіргі кезде нарық заманы болғандықтан, борышкерлермен де «нарық тілінде» сөйлесіп, нарық заңдылықтарына қайшы келмейтін механизмдермен ықпал етуіміз керек» деп есептейді. Алайда бізге Ресейдегі сияқты қарудың керегі жоқ. Мен оған мүлдем қарсымын. Нарықтық жолмен келеміз. Оған таласым жоқ. Алайда нарық заңына сай айла-тәсіл қолдану керек емес пе? Өзіңіз ойлап көріңіз. Сот орындаушылары мұздай қаруланып автоматпен жүреді. Борышкердің есігінен автомат асынып сот орындаушысы кіріп жатса. Бұл – мүлдем ақылға сыйымсыз дүние. Білемін, сот шешімдерін орындату – қиын шаруа. Дегенмен ізденіс керек қой. Олардың пайымдауынша, жеке сот орындаушыларын енгізу сонау 90-жылдардағы рэкет сияқты күш көрсетуші ықпалды топтардың пайда болуына әкеліп соғатындай сияқты. Менің айтарым, олар осы заңды әлі де болса дұрыстап оқымаған.
– Көптеген заңгерлер сот орындаушысы қызметін жоғары көтерілер баспалдақ деп білетін секілді. Мұнда тәжірибелі мамандардың тұрақтамауы соның себебінен емес пе?
– Оның себебі көп. Ең біріншіден, мемлекеттік қызмет туралы заң бар. Бір лауазымды қызметке кіру үшін Президент Әкімшілігінде жұмыс істеуі керек. Сондай баспалдақтың ең төменгі сатысы – сот орындаушысы. Оның үстіне, жұмыстың қиындығын көрген соң, көбісі зытып береді. Банктегі жұмыс та тура сол сот орындаушылары секілді. Бірақ ондағы жалақы біздегіге қарағанда үш есеге көп.
Соған қарамастан, кезінде 30-40 жыл сот орындаушылары болған ағаларымыз да бар. Көбісі қазір сол бейнеттің зейнетін көріп отыр. Жақында елімізге Франциядан Мишель деген сот орындаушысы келіп кетті. Ол ата-бабасынан бері сот орындаушысы екен. Өзі – сот орындаушысы болып отырған бесінші ұрпақ. Одан басқа жұмыс істемеймін дейді. «Қазір бес жасар балам бар. Ол алтыншы ұрпақ болып, сот орындаушысы болады» деп қарап отыр… Бұл деген не? Тұрақтылықты білдіреді. Бізде көбісі келеді де кетеді. Рас айтасың, қызметтік баспалдақ деп қана біледі.
Тосын ой
Бес саусақ бірдей емес. Адам баласы ала да болады, құла да болады. Кемшіліктері болады. Бірақ Отанға, елге қызмет кемшілікті көтермейді. Дегенмен әртүрлі министрліктерде, денсаулық сақтау саласында, әкімдікте кемшіліктер болуы мүмкін. Онда адам баласы отыр. Біз сияқты жұмырбасты пенде. Ал сот саласында ондай кемшілік болмауы керек. Ол жерде кәсіби маман отыруы тиіс. Ол бір адамның тағдырын шешеді. Тіптен соттың бір шешімінің артында күллі адамзаттың тағдыры тұруы да мүмкін. Әттең, біз сондай қоғамға әлі де болса қол жеткізе алмай отырмыз. Абыройлы қызмет – байлықтың кілті емес. Көптеген азаматтарымыз, өкінішке қарай, қызметті осылай түсінеді. Оған тек күнделікті жұмыс пен халық алдындағы жауапкершілігі мол міндет деп қана қараған дұрыс.

 


Сұхбаттасқан Бүркіт Нұрасыл
“Алаш айнасы” газеті 14 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404