Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3529 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 19:14

Кәмшат ТАСБОЛАТ. Интернет-ресурстары БАҚ-қа теңестірілді

 

 

Елімізде көптен бері талқыланып, үлкен қоғамдық пікір туғызып үлгерген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң жобасына қол қойылды. Заңға сәйкес, Қазақстандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда, портал, форум, блог, чат, WAP-портал, интернет-телевидениесі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Сарапшылардың айтуынша, осылайша дәстүрлі БАҚ өкілдері сияқты интернет-ресурстарын пайдаланушылар да қылмыстық жауаптылық пен азаматтық, әкімшілік жауапкершілікке тартыла алады. Бірақ депутаттар «байбалам салудың қажеті жоқ» дейді, өйткені бұл заң тек қана ұлттық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған сияқты.
Әлемдік ғаламтор жүйесін, оның ішінде «kz» доменінің аясында дамып жатқан қазақ интернетін реттейтін заңның қабылдануы қоғамдық ұйымдар, журналистер мен блогшылар үшін күтпеген жағдай болған сияқты. Олар соңына дейін бұл заңға вето қойылатынына сеніп келді. Десе де, заң қабылданып, оның аясында «ҚР-дың Азаматтық процессуалдық кодексі», «Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексі», «БАҚ туралы заңы», «Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі заң», «Байланыс жөніндегі заң», «Ақпараттандыру жөніндегі» заңдарға тиесілі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Таяуда ғана қабылданған интернетті реттейтін заңның оңтайлы тұстары мен кемшіліктері жайлы отандық сарапшылар былай дейді:
Уәлихан Қалижан, Мәжіліс депутаты:
– Парламентте «Коммуникациялық жүйелер жөніндегі заңның» қабылдануына үлкен жұмыстар атқарылды. Заң жобасы талқылану барысында қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдерімен нақты пікір алмасу болды. Әрине, сырт көзбен қарағанда, бұл заң сөз бостандығына қиянат жасайтындай көрінеді. Ал шындығына келгенде, қазіргідей әлемдік жаһандану тұсында кез келген мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігін, экономикалық, шекаралық қауіпсіздігімен қатар, ақпараттық қауіпсіздігін сақтауы керек. Осы тұрғыдан келгенде, «Интернет туралы» заңның сөз бостандығына ешқандай да кері әсері жоқ. Себебі белгілі бір мемлекеттің ішкі саясатына, оның ұлттық қауіпсіздігіне, ұлтаралық дүрдараздықты қоздыруға, мемлекет құрылысын өзгертуге бағытталған ақпараттар айналып келгенде сол мемлекеттің тұрақсыздығына әкеп соғады. Сондықтан бұл заңның негізгі мақсаты – интернеттегі сондай ақпараттарға тосқауыл қою. Ал әлемде болып жатқан ақпараттарды беруде ешқандай да тосқауыл жоқ. Бұл жерде Конституциядағы бүкіл нормалар сақталынған. Бұл арада жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты ақпарат қана құқық қорғау органдарының тарапынан тексеріске алынып, сот шешімімен жұмысы тоқтатылады. Екіншіден, интернетті қанша дегенмен БАҚ-қа жатқызбайық десек те, өткен жолы «Азаттық» радиосы қазақ бөлімінің бас директоры Едіге Мағауин өз сұхбатында: «Ақпарат таратудың ең тиімді көзі – интернет» деп мәлімдеді. Сол сияқты Еуразиялық медиа-форумда да интернеттің ақпарат құралына жататыны айтылды. Сондықтан БАҚ талаптарының интернетке қатысты болуы әрбір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қорғау үшін керек. Оның өзінде конституциялық жүйеге қарсы шыққан жағдайда ғана! Сондықтан байбалам салудың еш қажеті жоқ. Интернет жүйесі бұрынғыдай дами береді.
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
– Біз бұл заң жобасы талқыланып жатқан тұста өз пікірімізді жеткіздік. Жалпы, біз түгілі, дүниежүзінде интернетті бақылаудың қиын екенін бәрі біледі. Ал біздің депутаттар интернетті бақылаймыз дейді. Жалпы айтсақ, біз елімізде экстремизм, терроризм, балалар порнографиясының интернет арқылы таралуына осы елдің азаматы ретінде толықтай қарсымыз. Сондықтан бұларға шара қолданса, біз мұны толық қолдаймыз. Бірақ мәселе басқада. Мәселен, бұдан былай блог, чаттарды БАҚ деп санайтын болады. Мысалы, біреулер «Айқын» газетінің сайтында арандату әрекетімен «билікті өзгерту керек» деген сияқты пікір жазуы мүмкін, бұл газеттің пікірі емес, бір арандатушының ойы болар. Бірақ жауапқа газеттің сайтын тартып, оны жауып тастамасына кім кепіл?!
Оның үстіне қазір Журналистер одағының бес мың мүшесі бар. Енді олар елу мыңға жететін шығар, өйткені интернет-ресурстарының бәрі БАҚ деп саналады, оларды тіркеу де керек. Мұның қалай боларын өз басым түсінбеймін.
Ал 1 қаңтардан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасай бастайды. Бұл тұста ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі Миклош Харасти де өз пікірін білдірген.
Қуаныш МАҒЗУОВ, блогшы, «Bіrge.kz» порталының жетекшісі:
– Мен бұл заңды түгел қарап шықпадым. Десе де, егер де блог, чат, форумдар және онда қалдырылған пікірлерге дейін тексерілетін болса, бұл интернеттегі сөз бостандығына кері әсер етпесіне кім кепіл?! Бірақ екінші жағынан, бұл заңның пайдасы да бар. Менің ойымша, Елбасының бұл заңды қабылдауына түрткі болған бірден-бір мәселе – көршіміз Қытайдағы ұлтаралық кикілжіңді тұтандырған интернет порталдары болуы мүмкін.
Десе де, заң қабылданған соң, әрбір адам өзін журналист деп санайды. Егер де әрбір адам, шын мәнінде, өзін солай санайтын болса, онда жұртшылық Үкіметтегі жағдай, халыққа қызмет көрсету салаларындағы түйткілдер жайлы интернетте пікір білдіріп, мұның артынша тиісті нақты шаралар қолданылатын болса, онда бұл – дұрыс бастама. Онда халық өз мұңын журналистерге барып айтпас еді. Оның үстіне бұл заң интернетте мәдениет пен әдептің сақталуына мол үлес қосады. Пікір жазушылар лағнет сөздерді қолданбайтын болады. Яғни әрбір адамның жауапкершілігі артады. Сондықтан Қазақстандағы жалпы интернет жүйесі енді аяғынан нық тұрып жатқанда, бұл заң оны не аяғынан шалып түсіреді, не керісінше, интернетті өз деңгейінде дамытуы мүмкін. Бәрін де уақыт көрсетеді.

 

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ
“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401