Аязби БЕЙСЕНҚҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің телевизиялық және радиожурналистика кафедрасы меңгерушісі: Білімге тойымсыз, «аш» жастарды көбірек кездестіргім келеді
– Білім реформасының басты мұраты – оның сапасын жақсарту. Осы салада қордаланған мәселелер барын бәріміз де білеміз. Диплом алып шығып жатқан бүгінгі жас мамандарымыз нарық талабына толық жауап бере ала ма? Бәсекеге қабілетті ме?
– Білім сапасының нақты өлшеп бере қоятын тұрақты бірлігі жоқ, оның критерийлері де сан салалы. Содан келіп, әркім өзіне қарай тартады. Мектеп те өз дәлелін келтіреді. Жоғары оқу орнының да қоятын өз талаптары бар. Нарық болса, яғни жұмыс беруші өз илеуінен өткізіп, қайта даярлап, күнделікті кәсібіне бейімдеп жатады. Жұмыстан шығып қалу немесе қысқару – біздің жастар үшін үлкен тауқымет, психологиялық жүк болатыны сөзсіз. Өйткені жаңа орынның қабылдауы өз алдына бір машақат, екіншіден, көп нәрсеге қайта дағдылануға тура келеді. Яғни жас мамандардың өз кәсібіне бейімділігі төмен болуымен қатар, өзгермелі жағдайда тез қайта үйреніп кете алмайды. Оның артында, біздің жоғары оқу орындарымыз нарықтық талаптарды ескере бермейді, жұмыс беруші мекемелердің талабынан алыс деген мәселе тұр.
– Қанша дегенмен қабілетті жастар бар емес пе?
– Білім реформасының басты мұраты – оның сапасын жақсарту. Осы салада қордаланған мәселелер барын бәріміз де білеміз. Диплом алып шығып жатқан бүгінгі жас мамандарымыз нарық талабына толық жауап бере ала ма? Бәсекеге қабілетті ме?
– Білім сапасының нақты өлшеп бере қоятын тұрақты бірлігі жоқ, оның критерийлері де сан салалы. Содан келіп, әркім өзіне қарай тартады. Мектеп те өз дәлелін келтіреді. Жоғары оқу орнының да қоятын өз талаптары бар. Нарық болса, яғни жұмыс беруші өз илеуінен өткізіп, қайта даярлап, күнделікті кәсібіне бейімдеп жатады. Жұмыстан шығып қалу немесе қысқару – біздің жастар үшін үлкен тауқымет, психологиялық жүк болатыны сөзсіз. Өйткені жаңа орынның қабылдауы өз алдына бір машақат, екіншіден, көп нәрсеге қайта дағдылануға тура келеді. Яғни жас мамандардың өз кәсібіне бейімділігі төмен болуымен қатар, өзгермелі жағдайда тез қайта үйреніп кете алмайды. Оның артында, біздің жоғары оқу орындарымыз нарықтық талаптарды ескере бермейді, жұмыс беруші мекемелердің талабынан алыс деген мәселе тұр.
– Қанша дегенмен қабілетті жастар бар емес пе?
– Оған ешкімнің дауы жоқ. Қазақ жастары айрықша қабілетті, дарындылары да жетерлік. Әңгіме сол жастарға сапалы білім беріп, дұрыс бағдарлай білуде емес пе? Өкінішке қарай, бізде маман даярлаудың тасқынды жүйесі кеңес дәуірінен жалғасып келеді. Айталық, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары дерлік заңгер мамандарды даярлайды, жылына бірнеше мың адам осы саланың дипломын алып жатады. Ал соның қаншасы өз мамандығы бойынша жұмысқа кірісті, ешкім анықтап бере алмайды. Әңгіме мамандық бойынша даярлауды қысқарту туралы емес. Рас, халықтың құқықтық білімі артқанынан біз тек ұтамыз, әңгіме оның тиімділігінде болып тұр. Анығында сол маманды даярлауға жұмсалған қаржы, ұстаздар еңбегі ақталды ма? Нарық терминімен айтсақ, білім капиталының қайтарымы қандай, инвестициямыз табыс әкеле ме?! Әдетте, заңгер мамандығына келетіндер көбіне ақылы оқиды. Яғни ата-анасы баласының болашағына қаржы салады. Заңгерді қанша көп даярлап жатсақ та, өте сауатты білікті маманға сұраныс бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Көп басшылар, жұмыс берушілер осы парадокстың себебін білім сапасында деп біледі. Осындайда ой қылаң береді, бізде диплом да девальвацияға ұшыраған ба деп жағамызды ұстаймыз. Мысалы, облыстық газеттердің бірінде «Жұмысқа заңгерді шақырамыз. Жергілікті университет түлектері қажет емес» деген сипатта хабарлама берілгенін көзіміз шалды. Бір кездерде ЖОО басшылары табыс көзі осы екен деп, сан қуып кеткені ақиқат. Оңтүстіктегі көпшілік оқу орындарында студенттердің саны 20 мыңнан асып жығылды. Ақиқатында, коммерциялық оқу диплом таратуға дейін алып келді. Екінші, үшінші диплом алу деген де әнге айналды. Бірақ одан білім сапасы жақсарып кетті дей алмаймын.
– Ендеше, қайтпек керек?
– Өзім жақсы білетін журналистика саласынан бір мысал келтірейін. Алдымен, алыс Алманияны ойша кезейік. Немістің «Грунер унд Яр» (Gruner & Jahr) атты баспа концерні бар, ол өзіне қажетті мамандарды өзі даярлайды, Генри Наннен атындағы арнайы журналистік мектебі жұмыс істейді. Міне, сол оқу орнына Еуропаның барлық елдерінен неміс тілін білетіндер ағылады, 1 орынға 50 адамдық байқау болады. (Бізде 1 грантқа 5-6 адам). Жылына не бары 60 қана шәкірт қабылдайды, оқу тегін, қаржысын концерн көтереді, оған қоса ай сайын 700 евро шәкіртақы төлейді. Оқу «мен сияқты істе!» (learnіng by doіng) принципі бойынша жүргізіледі, яғни ұстаз-тәлімгер жетектеп жүріп, журналистік шеберліктің қыр-сырына баулиды, маман даярлап шығарады. Бағы жанғандар 10 айда журналистік диплом алып шығады. Міне, болашақ маман мен жұмыс беруші мүдделерінің тоғысқан жері. Шәкірт оқуға қабылданған күні-ақ болашақ жұмыс орнын біледі және соған бейімделіп, оқу бағдарын анықтайды, артық-кемі жоқ, нақты білім алып, журналистік карьераға жол ашады. Сол сияқты, Дортмунд техникалық университеті де ғылыми-техникалық прогресті насихаттайтын журналистерді өзінде даярлайды. Бакалавр жүйесі бойынша болашақ журналистер 3 жыл жалпы және кәсіби білім алады, 1 жыл тәжірибеден (интернатура) өтеді, яғни БАҚ саласында жұмыс істеп барып, өзін шығармашылық иесі ретінде көрсеткеннен кейін дипломға ие болады. Көріп отырғанымыздай, Батыста біздегідей лекті маман даярлау емес, нақты, даралап (штучно) тұлға шығаруға ден қояды. Осы үрдіс Ресейде де үрдіске еніп жатқан жайы бар. Университеттер қаншама журналист даярлап, диплом беріп жатқанымен, білікті маман бәрібір жетіспейді. Әсіресе «Бірінші канал» мен Ресей телеарналары осы қажеттілікті сезінсе керек, оның басшылары К.Эрнст пен О.Добрадеев құрылтайшы, әрі қамқоршылар кеңесіне кіріп, Мәскеу мемлекеттік университеті жанынан Жоғары телевизиялық мектеп ашты. 2008 жылдан бастап маман даярлауға кірісті. Осы үлгіні біздің холдингтер де өнеге етсе ғой. Жұмыс беруші мен оған маман даярлайтын оқу орындарының бірлесіп жұмыс істеуі нарық талабынан туындайды және мұны кірігу (конвергенттік) үрдістері деп білемін. Бір дәлел келтірейін: біздің факультетті жылына 100-ден аса журналист бітіреді. Бірақ көп болды, аудандық газетке барған бір журналисті білмеймін. Облыстық газетке орналасып жатқандары да саусақпен санарлық. Ал жергілікті баспасөзде маман мәселесі өткір тұр, жастар жоқ, кіл зейнет жасына жақындағандар. Содан газет сапасы да төмен, оқырманға да обал! Тіпті, XXІ ғасырда Қазақстанда аралас тілде аудандық газет шығады деген не масқара! Ол газеттің барынан жоғы, неге жауып тастамасқа! Бәрі нашар деген де болмас. Атырау қаласында болғанда жақсы тәжірибеге көз жеткіздім. «Атырау ақпарат» мемлекеттік кәсіпорны екі облыстық газет, баспахана және бірнеше аудандық газеттерді біріктіріп, жаңаша жүйе құрған, өзара маман мәселесін шешкен, басқа да өнегелі тәжірибесі мол. Таяуда ғана осы бастама Шығыста қолдау тауып, Өскеменде, тіпті қалалық қазақ тілінде газет шығару ісі қолға алынды. Міне, осылай, жергілікті, орталық билік бірлесе жұмыс істесе, маман сапасын жақсартуға ықпал етіп, жалпы журналистиканың сапалық өсуіне көмегі тиер еді. Көп жай Астанадағы Мәдениет және ақпарат министрлігіне және қаржыны шоғырландырған холдингтерге де байланысты. Осы арада бір ұсыныс білдірудің реті келіп тұр. Аудандық, облыстық газеттердің сұранысын ескеріп, маманға қажеттілігін анықтап, солардың арнайы жолдамасымен журналистика факультетіне жіберсе, солар үшін 10 айлық курсты ашуға, жатақханасымен қамтамасыз етуге және интенсивті оқытуға, жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиямен қаруландыруға болар еді. Содан кейін олар өзіне жолдама берген газетке барып, жұмыс істеуі міндетті. Әңгіме қаржыландырылуында! «Қанша, кім?» деген сұрақтар туындайды. Ауыл жастарының әлеуеті ескеріліп, тек грант болуы мүмкін. Идеядан ой туындайды, тіпті әрқайсысына оқуға қабылданғанда 1 ноутбук пен диктофон сыйлау керек! Ол шет аймақтарға техникалық ілгерілеуді, жаңаша ойлауды жеткізеді. Айталық, жыл сайын 30-40 маман білім алып шықса, 200-ден асатын аудандық газеттерге 4-5 жылда қан жүгірер еді. ҚазҰУ-де оқу құнын ескерсек, жылына 15-20 миллион теңге. Менің пайымдауымша, шешуге болатын мәселе. Медиахолдингтеріміздің шығынымен мөлшерлейтін болсақ, тамшы ғана. Ең бастысы, нақты ақшаға нақты нәтижеге қол жеткізіп, аудандық газеттердегі маман сапасын көтереміз. Оның ар жағында, мыңдаған оқырманның талғамы мен қоғамдық санасына да қосалқы ықпал етеміз. Бұл тәжірибенің ұшқыны көрші Өзбекстанда бар. Ташкент мемлекеттік университеті журналистика факультетінде 2 жылдық білім беру жүйесі бар, ол толық мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
– Ал қазіргі мемлекеттің қаражатына оқып жатқандар ше?
– Жоғарыда айтылғандай, олар ірі мегаполистер мен БАҚ орталықтарынан ұзамайды. Ол дұрыс та шығар: өйткені медиаэлита осылардан қалыптасуы тиіс. Өкінішке қарай, журналистика мамандығы бойынша бөлінетін мемлекеттік грант аз, жылына 70 орын, оның өзі қазақ және орыс тілдеріне бөлінеді. Осы орайда тағы бір ұсыныстың қисыны бар: осы грантқа оқитын студенттерді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетіне бекіту керек. Не үшін? Мемлекеттік қаржының қайтарымы мен тиімділігін бақылау үшін. Ол Білім және ғылым министрлігі үшін маңызды емес, диплом берді, жұмысқа орналасты, болды. Жұмыс демекші, әдетте, ол бір жапырақ анықтама қағазбен бітеді. Грант иесі диплом алмай тұрып, болашақ жұмыс орнынан мөр басылған анықтама өткізсе болды, 100 пайыз жұмыс таптының санатына кіріп кетеді, ЖОО миссиясы аяқталады. Көп жағдайда, жалған, формальды қағаз өткізіледі. Ал БАҚ саласындағы бүкіл саясатты жасаушы Ақпарат және мұрағат комитеті білімді, талантты журналистерді өз кадр резервінде ұстаса, қайда істейді, қайда ауысты, өсті ме, әлде басқа салаға кетті ме, болмаса бос қызметтік орындарға лайық па деген сұрақтардың жауабын біліп отырады, әрі алған білімінің сапасына баға бере алады. Тіпті оның өкілдері немесе медиахолдинг басшылары журналистика факультетіндегі диплом қорғаудағы мемлекеттік аттестаттау комиссиясын басқаруы тиіс. Бірер апта уақыт бөлінуі мүмкін, есесіне болашақ журналистердің кәсіби біліктілігі қандай, жас зерттеушілер қандай мәселе көтеруде, жаңа шешім мен тұжырымдар бар ма деген сұрақтардың жауабына қанығады. Мемлекеттік қаржыны біздегідей сұраусыз шашу қисынсыз, оқу гранттарын шоғырландыру, оқу орнына талапты күшейту керек. Мысалы, грант бойынша тек журналистика факультеттерінде оқытылуы тиіс. Ол әзірге, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ғана бар. Ал факультет дәрежесін ұстап тұрған оқытушы-профессорлар құрамы, шығармашылық әлеует, үлкен ғылыми мектеп, қуатты материалды-техникалық база бар. Таяуда ғана 40 миллион теңгеге жабдықтар сатып алынып, теле және радиостудиялар толық ең озық техникамен жабдықталды. 6 цифрлы бейнекамера, жылжымалы түсіру монтаждау станциясы, телесуфлер, 3 компьютерлік цифрлық монтаж кешендері, жарық беру құралдары қарапайым телесюжет түсіруден бастап, күрделі деректі фильм жасауға, ауқымды ток-шоуды тікелей эфир режимінде жазуға дейінгі мүмкіндік береді. Біз де немістегі сияқты «хабар жасаудың бүге-шігесіне дейін үйрен» деген оқу әдістемесін ұстанатын дәрежеге жеттік. Астанада Еуразия Ұлттық университетінде факультет іргесі қалануда. Қалған журналистика бөлімшелері мен кафедралары тек ақылы негізде оқытсын, грантқа таласу үшін, оқу үрдісін факультет талабына дейін көтерсін!
<!--pagebreak-->
– Сіздің пікіріңізше, мемлекеттік грант және ақылы оқудың арасында нендей айырмашылық бар?
– Оқу үдерісінде өзгешелік болмағанымен, нәтижесінде, білім сапасында айырма бар. Айталық, Павлодардағы университетке 1 грант иесі оқуға қабылданды. Оған 20 ақылы оқитын студент қосылды. Жаңа орта пайда болды, бір жылдан соң үздік студентіңіздің деңгейі құлдилап кетуі мүмкін. Психолог мамандар білім сапасына шешуші ықпал ететін факторлар қатарына ортаның сапалылығын жатқызады, ішкі көзге көрінбейтін бәсеке, түрткілер болмаса оқу да жақсармайды. Мен еңбек ететін ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің басты жетістігі мен мақтанышы да осындай интеллектуалды, білімпаз ортаның болуында. Біріншіден, 75 жылдық тарихында қалыптасқан бай дәстүр шаңырағын биіктетіп тұр. Екіншіден, ұстаздық, ғылыми мектеп бар, шығармашылық ізденіс қолдау табатын жүйе қалыптасқан, білімге талап жоғары. Үшіншіден, оқитын жастардың озығы көп, содан олар бірін-бірі тәрбиелейді, өнеге етеді. Біздің студенттер де әркелкі. Айталық, үштен бірі үздік, білімде болсын, өнерде болсын озық, талантты, нағыз жаңа заманның жастары. Ендігі үштен бірі талапкер, еңбекқор, намысшыл. Жан-жағына қарап, тырбанады, үйренеді, журналистік ортада ысылады, кейбіреулері ашылып, алдыңғы лекке қосылады. Міне, осы екі топтан жақсы журналистер шығады. Ендігі қалған бөлігін мен тағы екіге бөлген болар едім. Өкінішке қарай, журналистикаға кездейсоқ келетіндер бар, еліктеуден аса алмайды, түрім болса болды, экраннан әдемі көрінем дейді, оған да қабілеті жетпейді. Олардан журналист те шықпайды. Ендігі бір бөлігінен ортаңқол маман шығады, әдетте журналистикадан алған білімін басқа сабақтас салаларда кәдеге жаратады. Осы мәселенің тамырына үңілетін болсақ, үздік грант иегері мен ақшасына сүйенген студентті қатар және араластырып оқыту зиянды! Шетелдерде, соның қатарында көрші Қытайда жетекші университеттерде өз қытайы ақылы оқи алмайды, қанша қаражатың болса да, сен белгілі бір оқу орындарына еш түсе алмайсың. Коммерциялық бейімдегі оқу орындарының дәрежесі басқа, келесі сатыда. Біздің ұлттық университеттер жоғары мәртебесіне сәйкес осылай ақылы оқуды шектесе, болмаса қойылатын талапты күшейтсе, жалпы білім сапасына, ЖОО имиджіне де оң ықпал етер еді. Оның үстіне, жаңа оқу жылынан бастап, мемлекеттік оқу гранты үшін бюджеттен төленетін қаржы да едеуір өсіп отыр. Осы қадамға сәйкес жаңа оқыту стратегиясы қалыптасса, білім бәсекелестігінің мәнін өзгерткен болар еді. Мысалы, мен Интернет журналистика дәрістерін оқимын. Әдетте топтың қабілеті жоғарыда көрсетілгендей, үш деңгейлі: біреулері алғыр, екіншісі орташа, үшіншісі селқос. Содан педагог-психолог ретінде компромис іздеймін, үздіктерін шектеуге тура келеді, олармен көбірек жеке жұмыс істеуге тырысасың, әлсіздерін қызықтырасың, анда-санда түртіп, «оятуға» тура келеді. Топ күшті болса, сабақтың нәтижелілігі де жоғары болады. Өкінішке қарай, студенттердің өскелең талабына оқытушының өресі жете қоймайтын жағдайлар да кездесіп қалады. Оған студенттердің де жауабы әзір, ондай сабақтарға қатыспай, қашқақтайды. Осы оқытушы мен студенттің білім сапасына деген мүдделігінің тоқайласпайтындығынан пара беру, ақша алу, бағаны сату сияқты келеңсіз құбылыстар орын алады.
– Сіздің пікіріңізше, талапкер жастардың білімге ұмтылысының әлсіздігінен парақорлық, жемқорлық сияқты кеселдер тыйылмай отыр ғой.
– Әрине, бұл келеңсіздіктерге төрт тарап бірдей кінәлі: оқытушы алақолдылығы үшін, студент білімділігін қорғаудың орнына, оңай жол іздегені үшін, жоғары оқу орнының басшылығы дұрыс жүйе қалыптастырмағаны үшін, ата-ана да осы алшақтықты сезбегені, болмаса аңғармағаны үшін. Студент күннен дәмін татқан парақорлық ертең мемлекеттік ырысты талан-таражға салған жемқорлыққа апармайтынына кім кепіл? Мен білімге тойымсыз, «аш» жастарды көбірек кездестіргім келеді. Мемлекет пен ЖОО басшылығы оның талап-тілегіне сәйкес жүйе құра білуі тиіс. Соңғы жылдары бізге оқуға келетін талапкерлердің білімге ұмтылысы мен талабы біршама жақсарды. Соған қарап, мектепте білім беруде қандай өзгерістер болып жатқанына баға беремін. Ал бір жылдары жан қиналатындай да кез болды. Селқос, білімі таяз, айналасындағы құбылыстарға баға бере алмайтын талапкерлер де оқуға түсіп жатты. Тіпті «Мағжан Жұмабаев кім?» деп сұрасаң, «қай телеарнада жұмыс істеуші еді?» деп ойланғандарды да көріп, жерге кіріп кетердей қысылған күндеріміз өтті. Орта мектепте білім сапасы осылай құлдырап барып көтерілгенін де жасырып қажеті жоқ. Сол данагөй Жұмабаев, айрықша сезімтал ақын Мағжан өткен ғасырдың 20-жылдары «Педагогика» оқулығын жазып, білім ең алдымен, баланың қабілетінде, содан кейін, білім-тәрбие ыңғайында және қоршаған ортасында деп дөп басып айтып кеткен еді. Жазғанда ермек үшін жазған жоқ, күндіз жұмыстан бел шешпей, түн көз ілмей, өркениет көшінен жұртта қалып бара жатқан қазақ үшін жүрегі қан жылап, қабырғасы қайысып тұрып жазды. Ал сол қазақтың бүгінгі ұрпағы қарны тоқ, көңілі хош болғанымен, жетіліп өсіп кеткені де шамалы, рухы бәсең, намысы жоқтары бар. Сол Мағжан кемеңгер қазақтар үшін мамандық таңдаудың маңыздылығы туралы да пәтуалы ойларын жазып қалдырады, ғылым мен техника тілін білуге, жетік меңгеруге үндейді. Бұл да кейбір қазақ жастарының күні бүгінге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселесі. Бір мамандықты таңдап, диплом алып, кейін ауысып, басқа салада жұмыс істеп жүрген мыңдаған қазақ жастары бар. Қайран, есіл кеткен уақыт? Бәсекеге қабілетті болу үшін оның да шешімін таппасақ болмас. «Әке балаға сыншы» деген қағидамен өскен, «шешесіне қарап, тон пішкен» ел едік, қалай сабақтастықты үзіп алдық. Осы арада кеңестік жүйені сынамасқа лажым жоқ. Қазақ мәдениеті мен біліміне өткен ғасыр сүбелі үлес қосқанымен, ұлттық рухты сындырып, құлдық сананы қан тамырымызға жіберіп, қазақы ойлау және білім жүйеміздің күл-паршасын шығарып кетті деп бағалаймын.
– Тым қатқылдау пікір емес пе?
– Екі алыптың ортасындағы қазақ даласы бір кездері технологиялық, экономикалық әлеуеті басымырақ Орыс патшалығына бейімделіп, Батыстан есік ашты. Жарылқамақ ниетпен бастаған олардың ісі өктемдікке ұласты. Алдымен жеріне екпіндей кіріп, жайлады, дінге қарсы шықты, шоқындыру ниетін де жасырмады. Одан түк шықпайтынын аңғарған соң, арнайы дайындалған татар молдаларын ел ішіне жіберді. Өзі титықтап тұрған білім жұрнағының берекесін алды, дүмше молдалардың орнын сектант сәлделілер басты. Содан Ильминский реформасы жетті, сахарада орыс-түзем мектептері көптеп құрыла бастады. Ал Исмаил Гаспринский (1851-1914 ж.ж.) бас болған зиялылар жадидтік (жаңа) мектеп, медресе үшін күресті, яғни техникалық, гуманитарлық және табиғат ғылымдарының кең оқылуын жақтап шықты. Содан революциялар шеруі өтті, ашаршылық, солақай саясат белең алды. Әліпби бірнеше рет өзгертілді, ұлт білімділері мен ойшылдары репрессияға ұшырады. Кеңестер Одағының кейінгі кезеңінде қазақ білімі мен ғылымы белгілі бір биікке көтерілді. Оны ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен біз бір аса маңызды нәрсені жоғалттық. Ол қазақ халқының төл ділі мен дүниетанымына сай білім жүйесін жойып, батыстық қалыпқа түсірдік. Қазақ халқы баланы ерке өсірген, ынталандырып, қызықтыру жолымен тәрбиелейтін, білім беруде жадын шынықтырумен, ауқымды ақпараттың өзін жаттап алатындай зерделі етіп оқытатын. Екі жастың бірі ұзақ дастандарыңды жатқа айтатын, бір рет естіген күйді қайта тартып беретін алғыр да намысқой еді. Ойша есепке жүйрік болды, қиын мәселенің оңай шешімін табатын, басынан сөз асырмайтын, ойлы сөзге ұтқыр жауабы дайын тұратын, айтыс десе делебесі қозып кететін. Бәтуалы сөзге тоқтай да білетін, ақылына ісі сай халық едік. Өр түркілік мінезіміз батыстық қалыпқа түскенде, алдымен жуасыдық, ерік-жігеріміз мұқалды, біртіндеп құлдық сана бұғауына шырмалғанымызды аңғармай да қалдық. Ұлттық сана мен болмыста ол әлі қылаң беріп келеді. Егемендік жылдары дүр сілкінгенімізбен, қайта тірілтер, қайта бағалар құндылықтарымыз өте көп. Білім жүйесі де жаңаруда, тек сонда өткеннің тағылымдары ескерілсе екен... Бір ғана дәлел келтіріп көрейін. Әңгіме ұл және қыз балалардың бірігіп оқуы туралы. Бұл өзі кеңестік империяның жаңашылдығы, қаһарлы Сталиннің өзі оны жоймақ болды, бірақ мың сылтаумен біріккен сыныптар кең тарап кетті. Қазір «гендерлік педагогика» деген ғылым саласы қалыптасты, сан мың ғалым осы мәселемен айналысып, жаға жыртыспаса да, соған жақын болып жатыр. 2000 жылдан 2004 жылға дейін кембридждік ғалымдар кең ауқымды зерттеу жүргізіп, «сабақты ұлдар бөлек, қыздар бөлек оқығаны жөн» деген тоқтамға келді. Оның сан қырлы себептерін таратып көрсетеді. Оған тоқталып жатпай, тағы бір автордың дәйегімен шектелейін. Орыс нейрофизиологы Тамара Хризман «Білім беру мен тәрбиедегі денсаулықты қорғауға бағытталған жаңа технологиялар» атты мақаласында былай дейді:«Ұл мен қыз – екі түрлі тұлға. Оларды ешқашан бірдей тәрбиелеуге болмайды. Олар әртүрлі қарайды және көреді, өзінше тыңдайды және түсінеді, сөйлейді немесе үндемей қалады, әрқалай сезінеді және әсерленеді. Сондықтан табиғат қалай жаратса, солай тәрбиелеуге ұмтылайық».
– Қызық екен. Сонда молданың ескі оқу жүйесіне қайта баруымыз керек пе?
– Жоқ, әрине. Дегенмен сан мыңдаған ойшылдардың, әсіресе психологтардың пікіріне құлақ аспаса болмайды. Бұл пікірлердің салмақтылығына дәлелді алыстан іздеп қажеті жоқ. Қазақстанда кең қанат жайған қазақ-түрік лицейлерінің тәжірибесіне көңіл аударсақ, жеткілікті. Ұлға ұлдың бейімділігі мен қабілеті ескеріліп, сабақ өткізілсе, қыздар лицейінің өз тәжірибесі, әдіс-тәсілі бар. Нәтиже өте жоғары, жыл сайын ұлттық тестілеуде оның шәкірттері өте биік нәтиже көрсетіп жүр. Оның сыры тек ұл мен қызды бөлек оқытуда емес. Ең бастысы, қазақ-түрік лицейіне іріктеуде болып тұр. Олар 7-сыныпқа мектептің ең талантты шәкірттерін, оның да қабілеттілерін іріктеп, арнайы тестен өткізіп барып қабылдайды. Яғни мен айтқан білімге құштар, «аш» балаларды тап басып, іріктеп оқытады. Қатаң жүйе құрған, балаларды мәжбүрлеп те, қызықтырып та оқытады, ынталандыра да біледі, әрі қауымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді, имандылықты жүректеріне құяды. Дәстүрлі қазақы тәрбиеге қарағанда да, батыстық үрдіспен салыстырғанда да қатқылдау жүйе. Неге екенін қайдам, ішім жылы қабылдай алмаса да,, нәтижелілігі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жаңа басшылығы биыл республикамыздың мектептерінде теңдесі жоқ пәндік олимпиадаларды өткізді, оған мыңдаған талапкер қатысты, таланттарды тануға, оларды оқу орнына тартуға игілікті қадам жасады. Болашақта мұндай жеңімпаздар бірден студент қатарына қабылдануы керек. Ол тәжірибе шетелдерде кеңінен қанат жайған. Мұндай дарабоздардың қаржылық шығынын әдетте белгілі бір қорлар көтереді, кейін жұмысқа тартады. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің осындай олимпиадаларының салмағы да, беделі де өте жоғары. С.Демирель атындағы университетте байқауларда үздік көрінген жастарды бірден оқуға тегін қабылдау үрдісі бар. Қазақ-түрік лицейлерінің тағы бір тағылымды тұсы – түрік және ағылшын тілдерін үйретуге қатысты. Мен балабақшадан ағылшын тілін үйретуге үзілді-кесілді түрде қарсымын. Алдымен ана тілін бойына толық сіңіріп, тұлғалық қасиеттерін дамытып, шығармашылық қабілетін оятып алғаннан кейін, яғни білімге тойымсыздық танытатын жаста, 13-14 жаста тіл үйретсек те кеш болмайды. Жоғарыдағы қазақ-түрік лицейлерінің тәжірибесі осыны толық қуаттайды. Мүмкін, бастауыш сыныптарда жекелеген ағылшын сөздерін ойын түрінде үйретіп, қызықтырып қою жөн де шығар. Яғни ынтызарлығы күшті болса, кейін құлшына оқиды. Біз аралас мектептер арқылы ұлттық діл мен тәрбиеге орасан зиян келтірдік, енді ағылшын тілін тықпыштап, тағы көзсіз экспериментке барудамыз.
– Демек, үш тұғырлы тіл тұғырнамасы...
– Мен үш тұғырлы тіл тұғырнамасын психологиялық, ұлттық ерекшелік тұрғысынан жете зерттелмеген шала жоба деп бағалаймын. Жапонның атақты «Сони» компаниясының негізін қалаған Масару Ибука жаңашыл мектеп құрып, оның тәжірибесін «3 жастан кейін кеш болады» деген кітабында тұжырымдайды. Сонда доктор Сузукидің жас скрипкашылар мектебін былай суреттейді: жаңа келген нәзік балаға бірден скрипка берілмейді, ол ойнап жүріп, төңірегінде скрипка тартқан өзіндей балаларды көреді, қабылдауды үйренеді, пьесалар жадында жаттала бастайды, бойы үйренеді. Міне, құлығы бабына келіп, ынтызарлығы артқанда барып, алғаш скрипка тартады, енді ұстаз іске кіріседі, ол да қосымша ынталандырып, «сен басқалардан да үздік тартасың» деп бәйгеге қосып кеп жібереді. Қалғанын туабіткен қабілет жайғастырады. Жас сәбидің болашақта музыкант болуы міндетті емес, нәтижеге жетудегі қажырлылық, күрескерлік оның мінезін шынықтырады. Іргетасы мықты қаланған балғын қайда салсаң да, төске озады. Біздің қазақ осы дәстүрді жоғалтып алғанын бір кісідей айтқан сияқтымын.
– Белгілі бір деңгейде ақылға қонымды екен. Осы орайда 12 жылдық білім беру реформасына да өз тұжырымыңыз бар ма?
– Жоғарыда айтқандардың бәрі, менің жеке көзқарасым, ол ресми органдардың позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін. Ұлттық мүдде, психология тұрғысынан қарасақ, 12 жылдық мектепке біз дайын емеспіз! Әңгіме оның ұзақтығында да емес, білім сатыларының дұрыс қойылуында. Психологиялық мотивация деген тылсым күш, буырқанған инстингтік сезім бізді ұдайы жетелейді. Адам қанша мәдениетті болса да, қару қолданып, бірін-бірі өлтіруді тыйған жоқ қой. Жаратылысты алдай алмаймыз. Қазіргі 11 жылдың өзінде оқушы жалығып кетеді, ерте есейгісі келеді, ол – заңдылық. Өз ұлым 9-сыныпты бітіріп жатыр, тәуір мектептердің бірінде оқиды. Оған тәтті беріп те, алдамақ боламын, қамшыны да көрсетіп, қабақ түйемін, ақылына салып та, жөн айтамын. Дегенмен, тоқ баламда білімге деген «аштық» сезім жоқ. Қатарынан қалмасын сезсем де, қабілетін толық ашуға келгенде дәрменсізбін. Соңғы уақытта жігіттік мінез көрсететін болды. Ұлыма қараймын да, 12 жыл оқитын баланың соры көз алдыма елестейді. Жаһандану арқасында уақыт өлшемі нығыздалды дейміз де, табиғатқа қайшы, оқудың мерзімін өзгерткіміз келеді. Одан да сол оқу принциптерін 11 жылға сыйғызғанымыз жөн шығар. Таяуда бір неміс маманына жолықтым, Германияда кәсіптік техникалық лицей саласында оқытушы, Орталық Азияда жобалары бар екен. Соның бір ғана мысалы, мені ойландырып тастады. «Сіздердің колледжде 23 теориялық пән оқытылады екен. Германияда ондай сабақтар үшеу: тіл білімі, тарих және қоғамтану. Біз машыққа үйретіп, нақты кәсіпке тәрбиелейміз. Сіздер өмірде қолдана бермейтін көп салаға оқытады екенсіздер» – деді ол. Осы арада тағы бір мәселе бой көрсетеді. Жоғары оқу орындарында Балон процесі, кредиттік технологиялар деген сәнді үрдістер бар. Алдымен америкалықтар грантты мол беріп, АҚШ жүйесін танып-білдік, кейіннен «ой, біз Еуразия құрлығынанбыз, Еуропа бізге жақын» деп, атойлап жүрміз. Батыстық білім жүйесінің ғасырлық тәжірибесі бар, артықшылықтары көп. Дегенмен біздің дипломды батыстағылардың мойындауы ғана басты өлшем бе деп неге ойланбаймыз? Мәселенің екінші қыры бар, білім – ол орасан қаржы нарығы. Еуропалықтар ағылып келіп, Алматыдан кредит жинамайды, ақшасын біздің кассаға төлемейді. Керісінше, қазақтың ақшасы үлкен арнамен Батысқа қарай ағады. Осы тұрғыдан алғанда, біз мақтаған жүйенің желілік маркетингтен не айырмасы бар?! Қазірдің өзінде «Болашақ» бағдарламасынан тыс мыңдаған қазақстандық шетелдерде өз қаражатына оқып жатыр. Айталық, 10 мың жас десек, әрқайсысы орта есеппен 10 мың доллар оқуға төлейді, жүрген-тұрғаны тағы 10 мың доллар шығындатады. Сонда жылына ең кемі 200 миллион доллар елден кетіп жатыр. Өзіміздікін мансұқ қылып, Батыс деп тамсана берсек, өз оқу орындарымыз қалай көркейеді?!
– Еліміздің жоғары оқу орындарында талапкерлердің құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Маман ретінде, ұлтының қамын ойлайтын азамат ретінде осы жас жеткіншектерге, ертеңгі өзіңіздің шәкірттеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Мағжан ақын бір өлеңінде «Мен жастарға сенемін» деп жастық жігерді жаныса, шабыттандырса, бір мақаласында мамандық таңдаудың, ғылымды игерудің соншалықты маңызды екенін таусыла жазады. Әрбір жас білімге құштар болып, таңдауда жаңылмаса екен деймін, бәйгеде бағы жансын! Білім – өз болашағын құрудың маңызды тетігі, сол арқылы өзі ғана «тоқ және бай» болып қоймайды, елін, жерін көркейтеді. Сол «инемен құдық қазғандай» тірлікте де ұлттық намыс пен рух биік болғаны лазым. Қазақтың бәсекеге қабілеттігі жалған ұраншылдық емес, отаншылдық қайнарынан бастау алған бұлақ болса екен деймін. Әсіресе ұлттық мүддеге сергек қарамасақ болмайды, сан түрлі қауіптер жан-жақтан қысқан алмағайып заманда өмір сүрудеміз. Реформалар уақыты балаға да, билікке де сын кезең! Соған лайық ақыл, зерде, ыстық қайрат тілеймін!
Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
“Айқын” газеті