Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2718 14 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 16:51

Біз мектептерде әлі социализмді дәріптеп жүрміз!

Бүгін Астанада өткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Ақберен Елгезек қазақ тіліндегі кітаптардың айналасындағы шешілмеген біраз мәселені атап өтті. Ол қазіргі күні Қазақстандық кітап дүкендерінде қазақ тілді кітаптардың мәселесі заңи тұрғыда шешілмегенін айтады.

«Ешкімге құпия емес, қазір еліміздің барлық дүкендерінде қазақ тілінде жазылған кітаптар жетім бұрышта тұр. Бұл туралы талай айтылды, талай жазылды, бірақ нақты шешімін таппады. Оның себебі біреу-ақ – мәселе заң аясында көрсетіліп, шешілмеген. Мысалы өзімнің «Болмаған балалық шақ» атты кітабымды «Меломан» дүкені қабылдаған жоқ. Жоғары жаққа хабарласып, араға адам салып, уақытты созып жүріп, әрең өткіздік. Олардың айтатын уәжі – қазақ тілінде кітап оқылмайды, оны ешкім сатып алмайды. Оның бәрі өтірік. Қазіргі жастар кітапты жақсы оқиды. Кейін де «Меломан» осы кітабымды екі рет қайталап сұрады, яғни бәрі сатылып кеткен», - деді Ақберен Елгезек.

Ол: «Әдебиеттің дамуына зор серпін беретін шараның бірі ол – Мәдениет министрлігі Баспа ісі және кітап саудасы туралы заңды қабылдауға бастама көтеруі», - дейді. Бұл Заң қазір кітап шығаруда ірі монополиске айналған көптеген баспалардың ықпалын азайтуға сеп болып, баспалар авторлармен жұмыс істеп, шынайы нарық қалыптастыратынын айтады.

«Қазір «қоғамдық маңызы бар» деген атаумен жылда кітап шығып жатыр, олар ешкім қарамайтын кітапханаларға жіберіледі, нақты оқырманның қолына жетпейді. Қоғамдық маңызы бар әдебиет деген бағдарлама кітаптары мектеп кітапханаларында бар ма? Оның екі сала екені түсінікті, бірақ, мемлекет бізде біреу. Сондықтан, Білім министрлігімен бірлесе отырып, бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қазір мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі кітаптар саны 27 пайыз. Демек, қалған 73 пайызы орыс тілінде деген сөз», - дейді Ақберен Елгезек.

Ол сондай-ақ, мектеп кітапханаларының сөресінде әлі де социалистік-реализм идеяларын насихаттайтын әдеби кітаптар тұрғанын айтады.

«Отыз жыл бойы шығып келген көркем әдебиет ол мектептерге жетпеген, мектеп сөрелерінде сол социалистік-реализм талабымен шыққан ескі идеологияны насихаттайтын әдеби кітаптар тұр. Бұл туралы арнайы республикалық кітапханашылар семинарында айтылды, ойымнан шығарып тұрған жоқпын», - деді Ақберен Елгезек.

Оның айтуынша, қазақ әдебиетін қолдау туралы мемлекеттік бағдарламаны қабылдайтын уақыт келді және Ермұхамед Ертісбаев жасаған ережені қолданысқа енгізу керек деп есептейді.

«Мысалы кітап дүкендерінде кезінде БАҚ-қа қатысты жасағандай 50/50 ережесін жасауға болады – яғни, кітап дүкендеріне 50 пайызын қазақша кітап етуді міндеттеу керек. Баспа ісі жөніндегі заң жобасын интернеттен қарап шықтым, оны Ермұхамед Ертісбаев жасаған болатын. Соны заманауи түзету енгізіп, қабылдау керек деп есептеймін. Үшіншіден, қазақ әдебиетін қолдау туралы үш жылға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдайтын уақыт келді. Себебі әдебиет – баршаңыз білетіндей рухани қазынамыз. Ол бағдарламада көркем аударма ісі және басқа да көптеген мәселелер қамтылуы керек. Тарқатып айта берсек, мәселе көп. Бірақ ниет болса, бағдарлама жасап шығуға әзірміз», - деп қорытындылады Ақберен Елгезек.

Мектеп бағдарламасындағы әдеби кітаптардың мәселесі бұрыннан көтеріліп жүрген мәселенің бірі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаевтың құрастырған «Оқуға құштар мектеп» жобасы жұмысын бастағанына екінші жылға аяқ басты. Сол кезде Бейсембаев:

«Бүгінде мектеп кiтапханаларында 200 милионнан астам әдебиет бар. Оның 38 миллионы көркем әдебиет пен мерзiмдi басылымдар. Алайда ондағы кей кітаптардың сапасы сын көтермейді. Мәселен, өткен ғасырдың соңындағы кітаптарға назар аударсақ, оның ішінде көркем-әдеби кітаптардың жиырма-отыз пайызы жарамсыз екендігі белгілі болды», - деген мәлімет берген болатын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531