Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3352 18 пікір 22 Ақпан, 2022 сағат 11:54

Кешенді өзгерістерді кемел тұлғалар жасайды

Мемлекет басшысының саяси реформалардың жаңа пакетін күзге қалдырмай, осы наурыз айының ортасында жариялауды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Демек, Президетіміздің кешенді саяси реформа жасауға деген ынтасы өте зор. Жаңа өзгерістерге халық қана емес, Президенттің өзі де асығып отыр деген сөз – бұл.

Өкінішке орай, азаматтық қоғам мен саяси партия жетекшілерінде саяси ерік-жігер болғанымен, нақты, лайықты ұсыныс байқалмайды. Бәрі «Өзгеріс керек!», «Реформа керек!» деген секілді жалпылама сөзден арыға барып жатқан жоқ. Одан қалса, ереуілдету... Мүмкін мен дұрыс байқамаған шығармын...

Менше, Мұхтар Жәкішев, Досым Сәтбаев бастаған «Ел болашағы» қозғалысының талаптары деңгейінде саяси реформа жасау – Қасым-Жомарт Тоқаев үшін онша қиын емес, тіпті біршама жеңіл болғалы тұр.

Егер, осыдан үш жыл ортаға қойған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мен «Қасіретті қаңтар» көтерілісінен кейін берген сұхбатында айтқан: «Мәжілісте бірнеше мықты партия болуға тиіс. Олар тіпті Үкіметті құруда да тіл табыса білуі керек. Бізге осындай өзгерістермен бірге саяси мәдениет деңгейін көтеріп, саяси тұлғаларды тәрбиелеу қажет», - деген сөзін еске алсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурызда ұсынатын саяси реформалардың жаңа пакеті бірнеше заңдарға өзгеріс енгізумен, жаңа заңдар қабылдатумен ғана шектелмей, әлдеқайда ауқымды болады деп ойлаймын.

Әзірге күшті Президент болғанымен, «Ықпалды Парламент» пен «Есеп беретін Үкімет» бақалмайды. Заңмен бекітілген «Парламенттік оппозиция» да өзін көрсете алған жоқ.

Сондықтан, Мемлекет басшысы ол өзгерісті Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының бірінші тармағындағы «Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет», - деген тұсынан бастауы мүмкін.

Отыз жылға таяу уақыт ішінде біз президенттік басқару жүйесінде болдық, нәтижесін көрдік. Пайдалы жағы да, кемшін тұсы да болды.

«Бидайдың барар жері – диірмен» демекші, Қазақстан да түбі парламентаризмге бармай тынбайды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси реформа туралы сол соңғы сұхбатында тағы: «Мұның бәрі мен Президент болып тұрғанда орындалғанын қалаймын», - деді.

Сол үшін, осынау Қазақстанды құрудың алғашқы жылдардан басы-қасында болған, Қазақстанның сыртқы саясатын өз қолымен жасаған, БҰҰ-да басшылық қызмет атқарған, әлемдегі басқару жүйелерінің бәрін білетін бірегей тұлға мемлекет тізгінін ұстап тұрған кезде президенттік басқару жүйесін өзгертіп, бір адам болса да алға жылжи бергеніміз – ПРЕЗИДЕТТІК-ПАРЛАМЕНТТІК басқару жүйесіне өткеніміз жақсы-ақ, болар еді, әрине.

Қысқасы, «Наурыз реформасының» төркіні осы жақта жатқан секілді.

Қазір жұрттың қатты талап етіп отырғаны – әділ сайлау тәртібін орнату. Ендеше, көп партиялы мықты парламент болу үшін, ең бірінші кезекте шынайы бәсекелестікке құрылған әділ сайлау өтуі керек. Мен айтпасам да жұрт әбден біледі, президенттік басқару жүйесіндегі мемлекеттерде ешқашан әділ сайлау болмайды. Және әділ сайлау өткізбеймін дейтін президент те болған емес.

Барлық елдің президенті «азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бермін» деп, «Конституцияға» оң қолын қойып тұрып ант етеді, «әділ сайлау өткіземін» деп халқына уәде береді дейді. Бірақ, бәрібір әділ сайлау өткіземін десе де, өткізе алмайсың. Оған президент кінәлі емес, қалыптасқан жүйе жол бермейді. Неге десеңіз, бұл жерде кімге қанша сайлаушының дауыс бергені маңызды емес, сол дауысты кімнің санайтындығы маңызды.

Егер, мемлекеттің басқару жүйесі ПРЕЗИДЕТТІК-ПАРЛАМЕНТТІК болып өзгерсе, онда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңынан бастап, барлық заңдар мен нормативтік құжаттар автоматты түрде өзгереді. Парламентке шын мәніндегі оппозициялық партияның өкілдері келіп, Президент айтқан «Ықпалды Парламент» орныға бастайды.

«Ел болашағы» қозғалысы ұсынып отырған жаңа заңдар сол кезде қабылдануы мүмкін.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына партиялық тізіммен қатысқан қандидаттардың ішінен әр деңгейдегі депуттаттарды сайлаушылардың өздері таңдайтын құқық беретін норма енгізу; барлық деңгейдегі дауыс санайтын Орталық сайлау комиссиясының құрамына оппозициялық партияның өкілдерін енгізу деген нормалар туралы сөздерді де сол кезде барып айтқан дұрыс. Нағыз бақылау тетігі сонда барып іске қосылады. «Ықпалды Парламент» Үкіметтен есеп алып, оның жұмысына саяси баға беретін мүмкіндік те сол кезде туады...

Қысқасы, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табатын болады. Саяси мәдениеттің деңгейі де бірден көтеріле бастайды.

Естеріңізде болса, Президент 2020 жылғы Жолдауында «Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады» деген болатын.

Бұл – Тимур Құлыбаев бастаған қансорғыштардың ықпалымен кешегі-бүгінгі ноториус парламент қабылдаған заңдар екені анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырған осы негізгі проблема атқарушы билік пен Парламенттің ғана емес, Президенттің өзінің де адымын аштырмай келгені белгілі.

Әрине, президенттік басқару – Қасым-Жомарт Тоқаев орнатқан жүйе емес, бұл – мемлекет басқарудың Қазақстандық, яғни  Назарбаевтық моделі. Мұндай басқару жүйесінің пайдасы да, зияны да бар.

Пайдасы – батыл реформалар жасауға мол мүмкіндік береді;

Зияны – барлық жауапкершілік бір адамның қолына шоғырланып қалған жерде, биліктің өзге бұтақтарының қызметін бақылау, есеп алу қиынға соғады.

Әділеттіліктің бір көрінісі – билік тармақтарына биліктің тең бөлінгендігімен өлшенеді. Әділеттікті билік орнатпайды, тәуелсіз сот қана орната алады. Билік соған мүмкіндік жаратып беруші. Парламенті күшті елдердің өзі де күшті болатынын жұрттың бәрі айтып, жазып келеді.

«Қалпағына қарай қырғызы» демекші, кешенді реформалар мен зор өзгерістерді тек кемел тұлғалар ғана жасайды. Бұл – аксиома! Ендеше, мен Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ықпалды Парламенті» мен «Есеп беретін Үкіметінің» осындай жолмен дүиеге келгенін қалаймын.

Орта Азия мемлекеттерінің бәрі біздің ел секілді президенттік басқару жүйесінде. Олардың ішінде Қырғызстан бірде парламенттік, бірде президенттік басқару жүейсіне көшумен келеді.

Дау жоқ, отыз жыл ішінде Қазақстан даму жағынан көрші мемлекеттерден көш ілгері алға кетті. Оның бір басты себебі – Қазақстанды интеллектуалды тұлғалардың басқарғандығы.

«Қасіретті қаңтар» көтерілісі қазақтарға да төңкерістің «дәмін» татырғандай болды. Ертең билік басына қандай адамның қайсы жолмен келетініне ешкім кепілдік бере алмасы анық. Оны бір Құдайдың өзі ғана біледі.

Егер, жақсы басқару жүиесі болса, «жаман» президент келсе де мемлекеттің іргесі шайқалмайды, оны ықпалды Парламент тапжылтпай ұстап қалады!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364