Сергелдеңге салған санкция
Ресей басшысы Владимир Путин Луганск және Донецк сепаратистерін жеке мемлекет деп мойындау туралы шешім шығарып, арнайы жарлыққа қол қойды. Артынша аталмыш сепаратистік аймақтар мен Ресей арасында достық, әріптестік және әскери көмек туралы келісім жасалды. Оны бүлікші аймақ басшылары бірден ратификациялады.
Ресей Луганск пен Донецк аймақтарын олардың бұрынғы облыстық шекарасымен мойындады. Ал қазіргі уақытта содырлардың қолында облыстың жартысы бар, сондықтан лаңкестер Украина билігіне «әскерді әкет» деп талап қоюда. «Егер талап орындалмаса, онда әскери қадамға көшеміз», - дейді. Путин де өз кезегінде Украина билігіне талап қойды. Талаптарының ішінде Қырымды мойындау, Донбасспен келісімге келу, шекараны қайта қарау, НАТО-ға кіруден бас тарту деген жолдар бар. Украина билігі бұл талаптарды орындамайтынын айтып үлгерді.
Ресейдің халықаралық шарттарға қарсы агрессиялық әрекетіне Батыс жойқын санкциялармен жауап қатуда. Айта кету керек, Батыс санкцияларды екі пакетке бөлді. Біріншісі Ресейдің ЛХР мен ДХР атты екі сепаратистік аймақты дербес ел деп мойындауына қатысты, ал екіншісі Ресей әскері Украина жеріне басып кірген жағдайда енгізіледі.
Еуропа елдері жекелей санкция салуға көшті, Еуропалық кеңестің бірлескен санкциясы да салынады. Ең ауыр санкция ретінде «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын сертификаттау мәселесі тоқтатылды. Бұл сөзсіз Мәскеуге үлкен соққы болып отыр. Себебі аталмыш жобаға Ресей 11 млрд доллар қаржы жұмсады. Сарапшылар бұл алдағы уақытта Ресей экономикасына кері әсері болатынын айтуда. Медведев болса «Еуропа газдың кубын 2000-нан сатып алуға дайындалсын», - деп жазды. АҚШ билігі болса «газ құбыры ақыры теңіз астында еш қолданыссыз шіріп қалуы да мүмкін», - деп нақты айтты. Германия билігі «Солтүстік ағынға» санкция салудан қашқақтап келген еді. Алайда Ресейдің агрессиясы мен Вашингтонның батыл шешімдерінен кейін барып, Берлин аталмыш қадамға барып отыр.
Ұлыбритания да Ресейге оңдырмай санкция салушылардың бірі. Ұлыбритания Ресейдің бес банктық секторына, Ресей президентіне жақын тұлғаларға санкция салды. «Россия», «Промсвязьбанк», «Индустриальный сберегательный банк», «Черноморский банк развития и реконструкции» және «Генбанк» енді санкцияның құрығында. Ұлыбритания аталмыш банктердің барлық активтерін бұғаттап тастады. Сонымен қатар Ұлыбритания премьері Борис Джонсон жақын арада Ресей Украинаға басып кіретінін ескертті және санкциялар тек «алғашқы транш» екенін баса айтты.
Жеке тұлғалардан Тимченко мен Ротенбергтерге санкция салынды. Путинге жақын тұлғалар, млрдтаған доллар байлығынан айырылуы мүмкін. Олардың есепшоттары бұғатталып, өздері Ұлыбританияға кіруге тыйым салынды.
Санкциялық пакеттерді әзірлеушілердің басында АҚШ тұр. АҚШ билігі бұған дейін де қатаң санкциялар салатынын анық айтып келген еді. Сонымен Байден бастаған билік Ресейді қыспаққа ала бастады. Ресей президентін қаржыландырып отыр деген күдікпен «ВЭБ.РФ» және ПСБ банктеріне санкциялар салынды.
Санкциялық тізімде ВТБ банкінің президент орынбасары Денис Бортников, ФСБ басшысының ұлы Петр Фрадков, ПСБ басшысы, «В контакте» гендиректоры бар. Олардың АҚШ-тағы мүліктері тәркіленіп, есепшоттары бұғатталды. Олармен қаржылық негізде байланыс жасауғ сауда жүргізуге толық тыйым салынды.
Сондай-ақ «ВЭБ.РФ» пен ПСБ-ға қарасты 42 компания санкция тізіміне енді. ЦСКА футбол клубы да санкцияның қақпанынан құтыла алмады. ПСБ - Ресейдегі сегізінші ірі қаржылық институт саналады. Ресейдің қорғаныс саласына қатысты мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызын 2018 жылдан бастап ПСБ іске асырып келеді. АҚШ Ресейдің суверенді қарызына да санкция салып, оны батыстық қаржыландыру мүмкіндігінен айырды.
Еуропалық қауымдастық Ресейдің 351 депутатына санкция салды. Ол туралы Боррель былай деп жазды: «Енді Миланда шопинг жасап, Сен-Тропеде кеш ұйымдастырып, Антверпенде алмаз сатып алу болмайды. Бұл ең бірінші қадам», - деді ол.
Жалпы Украина қақтығысы ушыққалы бері 23 ресейлік кәсіпкер 32 млрд доллар қаржысын жоғалтқан. Сарапшылар санкциялар Ресейдің стагнациясын арттырып, дамуын тежейтінін айтып отыр. Ал болашақта «Тозақ санкциялары» деп аталатын арнайы санкциялар пакеті енгізілсе, онда тіпті Ресей ішінде тұрақсыздық артатынын айтуда.
Ка Мырза
Abai.kz