Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
V
«Сары теке» ертеңіне құзғын сәріде қайта қарғылақтап шыға келіпті. Кеше кештегі қормалдығы есінен тағы шығып кеткендей, әр группаның есік алдына барып «тұр-тұрлап» бақылдап жүр. «Шығыңдар, тізіліңдер!» дейді.
- Сағи-ау мынауың пішілген сияқты еді, қайтадан теке болып кеткеннен сау ма, байқашы!- деп түрегелдім. Не бола қалдым дегендей бір-бірімізге жалтақтаса қарасып шығып тізіле қалдық. Асыға шыққандықтан көпшілігі жалаңбас, қоңылтаяқ, желбегей, аузы-мұрындары түгел көкірек, ішек-қарындары да алаң-ашық. Таң бозының ызғарлы суығы қари жөнелді. «Жұқпалы ауру», «улы микроб», «апаттарын» кешегі бастық жиып-теріп алып кеткендей, зыдауянымыздың бес күннен бері аузынан түспей келген ол жөніндегі қормалдығынан ырым да жоқ, әппақ алжапқыштарымен бірге тастай салыпты.
V
«Сары теке» ертеңіне құзғын сәріде қайта қарғылақтап шыға келіпті. Кеше кештегі қормалдығы есінен тағы шығып кеткендей, әр группаның есік алдына барып «тұр-тұрлап» бақылдап жүр. «Шығыңдар, тізіліңдер!» дейді.
- Сағи-ау мынауың пішілген сияқты еді, қайтадан теке болып кеткеннен сау ма, байқашы!- деп түрегелдім. Не бола қалдым дегендей бір-бірімізге жалтақтаса қарасып шығып тізіле қалдық. Асыға шыққандықтан көпшілігі жалаңбас, қоңылтаяқ, желбегей, аузы-мұрындары түгел көкірек, ішек-қарындары да алаң-ашық. Таң бозының ызғарлы суығы қари жөнелді. «Жұқпалы ауру», «улы микроб», «апаттарын» кешегі бастық жиып-теріп алып кеткендей, зыдауянымыздың бес күннен бері аузынан түспей келген ол жөніндегі қормалдығынан ырым да жоқ, әппақ алжапқыштарымен бірге тастай салыпты.
Тізім бойынша жоқтама жүргізді де бүгін майдан бойынша зор жиын болатындығын, жақсы киімдерімізді киіп, тамақты тез жеп, ерте жүруімізді жарты сағат қана сөйлеп таратты. Жер үйге қайта кірдік. Сағи әкеліп, бозара қарап тұрған бұрынғы күйреуік момымызбен капустаның сары жапырақ суын қайта іштік. Ауыр-ауыр күрсініп шығып тізіліп, жоқтамадан қайта өттік. Әтірет тізіміне тірі кірген тоқсан екі лаужяудың зор жиынға түгел қатынасуы шарт сияқты. Жүре алмайтын ауруларын да айдап шықты. Екі «саудың» ортасына бір ауру қыстырып, қолтықтата жылжытты. Бәрінің де қашуға сақтап жүрген «бір киерлерін» кигізіп апарып, енді не ойын көрсетпек екенін жеткенше талқылап, сиыр түсте жеттік.
Үлкен-үлкен «үш қызыл ту» желбіреткен қызыл желекті әлем-жәлем сахна алдына, неше жердегі керме қызыл тулардың астынан, неше түрлі «жасасындар» мен «жоғалсындардың» алдынан ақсаңдап-бүкшеңдеп өтіп әрең жеттік. Бірінші әтіреттің орта шенінен Тоқты Басит маған қолын көтеріп амандасты. Мен де неміс нацистерінше көтердім қолымды. Әлденеше мың адам сиярлық кең майданда аспан әлемінің үркеріндей шөмпиіп бес-алты жүз лаужяу ғана отыр. Үркер болғанда да жымыңдасып-қылмыңдасып тұратын «тірі» үркер сияқты емес, топырақ астынан жаңа ғана қазылып шыққан мүрде сияқты, кірпіктері де қымырламай сазара, үңірейісе қарайды бізге. Мұның да бір әтіреті әйел екен. Естуімше мұнда келген әйел лаужяу жүз елу шамасында ғана еді. Бұлар да өлім-жітім аз болғандықтан көзіме тым көбейіп көрінді. Бірақ, бәрі түгелімен топырақ сарыға айналыпты. Маған қараған көздері де түгел сап-сары. Тегіс сары ауруға шалдыққандай. Ләтипаның айтқан «әйел ауруы», әлде сары аурудың бір түрі ме екен деп жорамалдадым.
Ал, еркек әтіреттерінен түгендегенім, «оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» болды. Жүзінен танымасам да киген киімдерінен танылғандай. Естуімше, бұлар, «Қазірейілдің» қалай келетінін білетіндіктері бойынша сақтану жолымен, біздің әтіреттегілер сияқты шығынды азырақ берген. Сөйтіп, бұл қыстық апаттан көп қырғындалмай қалғандар әйелдер мен саяси лайжяулар екендігі байқалды. Әйелдер аштыққа шыдамдылығымен қалған да оқығандары өз қуатымен есептесіп істейтін «қулығымен» ғана қалған.
«Келген бастықтың мұндай апат басшыларын «жауапкерлікке тартқаны» жаңсаққа шыға қалды бір шақта. Жиынды майдан бастығының өзі басқарып, бөлім бастықтары мен әтірет зыдауяндары жиын бас алқасының орындықтарына шалқалап отыра қалыпты. Біздің «сары теке» солардың қақ ортасында алдамшы жайнауыз сарымен сөйлесіп отыр. Үрімжіден келген үлкен бастықтың өзі бір бұрышта қалыпты.
Майдан бастығы, бүкіл елімізге келген «қуаңшылық апаты» мен «жұқпалы аурулар» жайында сөйлей келе зіркілдей жөнелді: бұл майданға келген апаттарды түгелімен лаужяулардың өздері ертіп келіпті-мыс. «Кері төңкерісшілдік», «идеядағы мешеулік», «буржуазиялық тоғышарлық», «жалқаулық» апаттары шегінен асып, құтырып кетіпті-мыс. Сондықтан қырлыппыз. Егіншілікті енді құйрығымызды қысып қана бар күшімізбен секіріп ілгерілеп, мол өнім алмасақ, өзіміз түгіл «төңкерісшіл халықты» да қыратын сияқтымыз...
«Барлық апатқа төтеп берудің кілті, үйренуді күшейтіп, идеяны өзгерту» деп қорытқан жиын төрағасы, сөзді Үрімжіден келген төреге берді. «Жартылай болса да әділдік осы кісінің аузынан шығар ма екен!» деген үмітпен тесіле қарап, түгел қолшапалақпен қарсы алдық.
Зор құдіреттің, салмағымен нығарлап, ырғала сөйлеген бастықтың сөзі үш жылдан бергі зор секіріп ілгерілеудің жетістіктері мен табыстарын баяндаумен басталды: «еліміз ұшқандай өрлеп» зор құдірет тауыпты. Көсеміміздің «көрегендікпен көтерген» үш қызылтуының жеңісі, «оңшыл оппортонизмнің сандырағын» быт-шыт етіп, біздің де жасанды жер серігін ұшыру техникасына ие болғанымызды, бұл салада Англиядан әлден-ақ озғандығымызды айтқанда әйелдердің ерні пышт-пышт, бырт-бырт ете түсті. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» күлісе қарасты оларға.
«Сөзін жеңіске» толтырып, мақтанмен бөктірген бастықтың мұнымен ісі де болған жоқ. Халықаралық ауқым өздеріне пайдалы жағдайда екендігін, көсеміміздің абыройы Маркс пен Лениннен де «биіктеп» кеткенін сөйлегенде бұршақ қуырғандай быртылдады еріндер. Бұл масқарадан лекция арланар емес. Кеуделеп соғып екі сағат сөйленді де «біздің алып адамымызды ешқандай күш тоса алмайды», «жауларымызға аспанда тор, жерде қақпан құрылып болған», «жағдайымыз зор жақсы» деген қортындыларын шығарып тыныстады. Өлсе де «өзімдікі ғана жөн» деп өлетін, өзі штансыз тұрса да, балтырың ашылып қалды деп басқаға күлетін, шегінен асқан арсыз бетпақтың сөзі еді мұнысы. Қырылсаңдар да бізге тып-тыныш, жұп-жуас қана бағынып, момы тауып беріп қырылудан басқа амалдарың қалған жоқ деген арам мақсатын ғана әшкерелеп тынды. Он минут демалыс жариялады сөйтіп.
Дәретке баруға түрегеліп, Лаужяулардың құсадан түгел тұншығып-түтігіп кеткендіктерін байқай өтіп едім. Басқа әтіреттерден бірден-екіден амандасқан бейнеде ере шықты бірнешеу. «Біз мына тірі қалған лаужяулар атынан сөйлеп, позиция білдіруге сізді шығармақ болдық. Қырылуымыздың ақиққи себептерін сізден басқа ешқайсынымыз ептеп түсіндіре алмайтын сияқтымыз. Соған дайындала отырсаңыз!» десті.
Қырылу себебімізден қортынды шығарып болғандығын майдан бастығы жариялап отырғанда оған бұл жерде ашық қарсы сөйлеудің қатерлі болатындығын айтып тойтардым мен. «Бұл жерде лаужяудан ешкім позиция білдірмей, әрбір әтірет атынан өзді-өз алдыларына арыз жазып жолдағаны дұрыс!»- дедім соңында. - «Жеке адамның атын атамай, жалпы әтірет лаужяулары атынан сақшы назаратына ашық факттерімен ғана жазыңдар. Бүгін осы жиын үстінде Үрімжіден келгендерге қолма-қол жеткізуіміз қажет. Ешқайсысы жауап бермесе де жауапкерлік естерінде болсын!»
Қасымыздан өтіп бара жатып кідірп, Ләтипа да осы пікірді қуаттады. «Қазір жазыңдар, мен конверт пен қағаз әкеліп берейін!» дей сала жүріп кетті. Қырылуға себеп болған нақтылы факттерден бірнешеуін айтып беріп мен де жөнеле бердім.
- Биған!- деп шақырған бір әйелдің аса қылықты үні естілді артымнан. Жалт қарадым. Қоңырсары қос бұрымды, топырақ сары «жас қыз» күлім қақты алдыма келіп. - Мені танымай қалдыңыз ба?... Өзіңіз де қатты жүдепсіз! - Көзіне жас іркіле қалды «қыздың». Белі мен құйрығының толқыған толқысынан ғана танығандаймын, Үрімжіден бірге келген, өзімнің жортуылшы келіншегім екен. Жіңішкерген денесіне осы даладан тағы да шап-шақ, өзгеше сәнді юпка-кофта тауып кие қоятынын, ойнақы қара көзінің қарашығы да сарғайып, тік көтерілген сары құйынша ұйтқитынын, бұрынғы кезбенің талдырмаш жап-жас қызға айнала қалатынын ойлап көріппін бе!
- Енді таныдым! - дедім таңдана қарап.
- Енді таныпты тағы! - өкпе аралас назбен бұртия қарады. Бұл қарасынан Балғынтайдағы Гүлниса елестей қалды көзіме. Күрсініп жіберіппін. Келіншек те күрсінді. - Тар жерде соншалық жақсы едік. Мынадай кең сахараға келгенде көрінбей, көзімді төртке айналдырдыңыз! Мені іздеп бір келер деп күндіз-түні ойлап, ауырып жүрсем, енді таныдым дейді тағы!
- Не ауру?.. Қай жеріңіз ауырады?
- Тамаққа тәбетім мүлде тартпайды... Осылай әлсіреп кеттім!
- Бауырыңыздың ауырғаны сезіле ме?.. Асқазаныңызшы?
- Жүрегімнен басқа ешқай жерімде ауру жоқ!-деп күліп жіберді.
- Жүрегіңіз қалай ауырады?
- Қойыңызшы, қалжыңдап тұрсыз!... Тұрған әтіретіңіз жап-жақын екен, ертең сембі ғой, кешінде мына сәйліктің арғы шетіне келіңіз, мен сізге бәрін айтып берейін, айтатыным көп!- осыны айта сала жүріп кетті.
- Мен аурумын, түнді қойып, күндіз де келе алмаймын!
- Келмесеңіз болмайды, әлгі түндерде құм тасып жүргенімізде... Сізге ұқтыра алмай қалған бек қажетті бір мәселе де бар!
- Онда не мәселе бар еді?- деп сұрасам да автомобиль дөңгелегі жөнінен қауіптене қалдым. - Жазылған соң көріспеймін десеңізде көріспей қоймаспын!- деген сөз бұйданы таба қойдым сөйтіп..
Бұл пәлені алдай тұрудың қажеттігін сезе қайттым. Ләтипа майданның шетінен тосып тұр екен. Бір байлам конверт пен қағаз ұстата салып күбірледі.
- Осы жас әйелдердің бәрі де ауру екендігін айтып па едім сізге?... Бұрын қағынған әйелдер ғой. Лаужяу болып ерден шектелген соң... Қазір тіпті қиын, түгел әйел ауруына шалықты. Нерв жүйелері түгел бұзылып, өздерін ұстай алмайтын есалаң болып барады. Жақын жүрмеңіз, пәле тауып береді!
- «Әйел ауруы» дегеніңіз осылай ма?
- Осылай, тезірек ерге тиіп алмаса, сүзіліп әлссіреп барып, тіпті қиын ауруға айналады, мүлде мәжін болып кететіндері де бар!...
Мақпалымның халі шәншудей қадалды бүйірімнен, жаным қатты ашыды. «Әке, әке, жүй-жүй!» деп Асқардың шырқыраған дауысы да естілгендей болды. Түйіліп, түсім бұзылып кеткен сияқты, Ләтипа бұл жайымды түсіне қалыпты. Маған мүлде бейтаныс бұл аурудың жайын жалғастыра түсінік айтты.
- Әлеуметтік мұрат - тілегі бар, оқыған - білімді әйел мұндай ауруға шалықпайды. Мәселе нәпсіде. Мұндай ахуалда жыныс нәпсісін мүлде тиып тастау қажет! Ал, мына әйелдерде еркектен басқа ой жоқ. Күндіз-түні соны ойлап жүріп, жыныс сезімін басына ми орнына шығарып алған!-апайымның бұл сөзіне күліп жібердім. - Мақпалыңызды... мына жолдастарыңыздан естігенмін... бұл мәжіндерге салыстыра көрмеңіз, ол бұлардан бүтіндей басқа әйел!
- Рахмет Ләтипа аппай, сізбен танысқалы көп көмекке, зор сүйенішке ие болдым.
Орныма барып отыра қалып, конверт пен қағазды әр әтіретке бөліп тараттым да өз әтіретіміздің арызын Асылбек дазужаңға, ұйғыр тілінде жаздырдым.
Бір құлағымыз үлкен бастықтың лекциясында болды. Майдан бастығының бағанағы жиын ашу сөзін құптай сөйледі үлкен бастық. Бізді жерлеп-жебірлей түсті. Жалғыз-ақ парқы, майдан бастығы атаған апаттарға тағы бір «үлкен апатты» қосуынан ғана көрінді: «біздің осы жетістіктерімізді көре алмай кейбір дос еліміз бізге шабуылға өте бастады»- деп, атын атамай ғана қосты. - «Жаратылыстығы бар, жасандысы бар қат-қабат апаттарға ұшырап жатқанымызда қаскүнемдікпен бұрынғы берген қарызын сұрады!»- дегенінен бұл «апатының» Совет одағы екенін түсіндік. - «Осындай дос, дос па! Отаншылдықпен ойлап көрелікші мұның не екендігін. Жығылған үстіне жұдырық, бізді түгел қырмақ болғаны емес пе!»- деп шекшие түсті бізге. Нағыз апаттарыңды танып алыңдар дегені екенін ұғып, өзіне біз де шекшие қарадық. «Отаншылдық» дегеннің өзі, қазіргі сатыда социолизм лагеріне қарсы ашық ұлтшылдық еді. «Пұтты былғаған жұртты былғайды, мынау, өз елінің ғана апаты емес, енді бүкіл социализм лагерін ыдыратушы апатқа айналды» деп тыжырындым. Ұлық енді ғылымилықтан мүлде аулақ қара күшке басты: «мейлі, жер жүзі жиянгерлігіне қосылып атқыласа да біздің бір тал түгіміз қисаймайды!»- деп күржиді. - «Арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жәншіліп қана қала береді, бітті, біздің даму жолымызды ешкім бөгей алмақ емес!...»
Лекция осымен тоқтады. «Мұнан да зорырақ секіріп ілгерілеудің», «кең байтақ, даламызды егінге толдырып, шабуылқор жау қолдарын кетпенімізбен қырқудың» қуаттама сөздері сөйленді. Аспанға ақырған ұрда жық ұрандар керілген кеңірдектерден атқылақтай жөнелді соңында. Лагер қызметкерлері мен әскерлер осылай қақшиып, зор жиынның кеудесін көтеруге алпарысқанда біз осы жыланның шалажансар денесінше жыбырлап қана жатқандаймыз. Айқайлап дауыс қосқан ешкіміміз жоқ. Арыздарымыз қолдан-қолға өтіп, Үрімжіден келген кадрлардың қолдарына осы шақта тиіп жатты. Ханзу әтіреттері де жазған екен.
Үдере түрегеліп майдан шетіне тізілуге беттегенімізде жортуылшы келіншек жанаса өтіп, менің бұрынғы бір қылмысымды есіме түсіргісі келгендей мықынымнан шымшып кеп алды. «Ертең кел, мақұл ма?» деп күбірлей қадалды да, «аурудан жазылған соң!» деген жауабымды ести сала зытты. «Қашан жазыларсың» дей алмай қашқан себебі, соңынан Ләтипа жетіп қалған екен. «Қасқыр қуып жүрсіз бе?» дегеніме Ләтипа күле қоштасты: «жиынның түрін көрдің ғой Биғаш, әйтеуір зорығудан сақтан!» деп айрылысты.
Автомобиль дөңгелегінің пәлесі тұрғанда мына жабысқақтан тап-таза құтылуым қиын екендігі ойыма орала берді. Басқа құрғақ жалалар осынша жабысқанда бұл күйе пәле қалай жабыспасын. Көп мәселені өзінен сұрап, сездіріп қойғанмын ғой!...
Әтіретке кештетіп әрең жеткенімізге қарамай, «сары теке» таң бозынан бақылдап Даяужыңын төмпешік, төбелерді шапқызып тегістетуге кірісті. Былтыр жаздан бері екі жердегі саздықтан сорғытқыш тоған қаздырып, бірін де бітіре алмай қалған соң бізге лайық жазаны осы жерден тауыпты. Шоқат-шоқат төбелі-жыралы, сойқанды-сорлы қағырдан егістік жер ашқызып, мол өнімге ие бола қоймақ екен. «Бұл жерде қамыс аз, егін шөптер азабынан құтыласыңдар!» деп жарылқайды өзі. Ешқайсымызды қиық көзінен қиыс қалдырмау үшін топтап, төбемізден төніп тұрып, демалдырмай кетпендетті төбелерді. Сор тозаңы өкпемізді қауып, тынысымызды буды. Сәл тұрып қалған біреуімізді көрсе, төбеден секіріп түсіп тепкілейді. «Даяужыңды түсінемісің!» деп қалшылдай тепкілейді. Аштығымызға қосылған мына қатегездік, қасапшылықтың «зор секіруі» болып көрінді.
Бірер күннен соң-ақ қайта шоңқидық. Өлекселер таяқтан қорқудан тағы қалды. Үш күннен соң ісіп-кеуіп қайта жығыла бастады. Біреуі арт жағымыздағы биік шағылға шығарылып тасталған соң ғана тоқтады бақылдау. Сарытеке шынына енді келіп маңырап жіберіп жиын ашты.
«Басқа әтіреттер жер жыртуға кірісіп кетті. Тракторлар күндіз-түні гүрілдеп, қопарып жатқанын естімейсіңдер ме!... Біздің жеріміз әлі тегістеліп болмаса, олар бізге келгенде не бетімізді айтпақпыз!... Енді ояныңдар, пікірлеріңді айтыңдаршы қане, қайтуымыз керек?... Майданымыздың биылғы егін жоспары тіпті зор. Барлық мақсат сендерді тойғызу үшін!... Еңбектеріңді мұнан соң әр күні бағалап отырамыз. Егін егіп болысымызбен жақсы істегендердің қалпағын алып, қайтарамыз, ұқтыңдар ма?... Әке-шешелерің, бала-шағаларың төрт көзбен жолдарыңа қарап отырғанын бізде түсінеміз, ұқтыңдарма?... Ертеңнен бастап төбелерді әр группаның адамы санына қарап бөліп берелік, үш күнде бітіріңдер!...»
Біздің Жансебілдер әлі тыңырақ еді. Қайтудан өшкен үмітіміз қайта жылтырай қалған соң бар қауқарымызды жия шапқыладық. Құм мен бор басқа арналған жуан кетпендеріміз жарқылдай жөнелді. Сағи мен Шәйзада, Қапастар бір-бір шағылды жеке-жеке міндеттеріне алып қопарды. Толтыруға тиісті ор мен оймауыттарға кетпенмен төте лақтырды. Сөйтіп, бұл міндетімізді бесінші күні бітіріп, екі күн кейін қалсақ та «жасанды серік ұшырған группа» аталып шыға бердік. Басқа группалар бірден-екіден «құрбандық шалса да» міндеттерінің жарымын бітіре алмап еді. Теке сары оларға бақылдап-бақылдап алып, бізге бір күн демалыс берді.
Аштықтан ұйықтай алмасам да сол демалыс күні сәскеде түрегеліп, сыртқа шолақ штанмен ғана шығуға беттедім де, ырсиып сүйегі ғана қалған сиқымнан ұялып, шапан жамылып шықтым. Шидей боп қалған сирағым бұраңдап, бүктетіліп, жер үй баспалдағынан әрең көтеріп шығарды. Аяғымды ептеп қана басып, үйілген отынның сыртына өттім. Март соңында-ақ жалындап ыси бастаған сәскенің сары күннің өтінде ұзын күпісі мен елтірі тымағын баса киіп, Сағи тұр екен. Арқасынан көрінді. Менің шыққанымды сезбей қалыпты. Ұзын денесі бүктетіліп, бірдемені айдаһарша құныға сорып тұр. Ғажаптанарлық сұмдық елестеді көзіме. Қиырлап алдына қарай өтіп байқамақ болдым. Елестегені емес, анық көрген екенмін, Сағи тіс жуатын қоймалжың парашокты қапшығынан сорып жұтып тұрыпты. Сығымдап жілік майынша сорғанын көрдім де, байқамаған бейнемен сырт айланып жүре бердім. Тура қарауға бетім шыдамады. Ту сыртынан біреудің келгенін сезседе, көріп қойғанымды сезбепті. Ол да сырт айланып, сол «жілігін» сора берді.
Жылай кірдім жер үйге. «Ағаларым аман қалса екен деп бізді аяп жүріп алдымен кетті-ау қайран азаматым!» деген сөз алқымымды бүлкілдетіп, өкси жыладым.
- Не болды Биға?... Не болды, үй жағыңнан хат келді ме? - Үңіле сұрады бірнешеуі.
- Жоқ!
- Жаман түс көрдің бе?
- Жоқ!..
«Нарымыз сабын жеп тұр!- деуге, Сағидың қасиетіне дақ түсіргім келмеді, жасырдым. Жасырған сайын төгілді көз жасым. Екі күннен бері ісігі қайта өрлегендіктен жатақ жұмысынан Сағиды шектеп қойғанбыз. Орнына тыңырағынан төртеуі түскен. Қазір екі шелек су көтеретін жігітіміз қалмауға айналып еді.
Капустаның сары жапырақ сорпасы мен күйреуік момымызды Шәйзада мен Заырықбек әкеліп үлестірді. Өзіме тиісті момыны, босағадағы орнына келіп қисая кеткен Сағиға апарып ұсынып едім, басын жалғыз-ақ шайқады.
- Өзің же аға, өзің же!
- Мен бүгін тоқпын, таңға жақын асханадан ептегенмін, мә, же!
- Заман мен Еділбай ептей алмай жүргенде, мұныңызға кім сенбек, өзің же!
Сыбағамның жарымын сындырып, ыдысына тастай қойдым да, қарап отырған Дәмелқанға ым қақтым. Жас боздаққа ажал төнгенін, менің бұл әрекетімнен біліп болған екен. Ол да момысының жарымын сындырып әкеліп зорлап алғызды. Қайтып кеп отырып қарай берді маған. Енді мені аяп отырған сияқты, жасаурай қалды көзі. Жарты момы мен бір аяқ жапырақ суын жұта салып түрегелдім. Егес пе, ызадан ба, буыным қатая қалыпты. Термен ыршып, сормен сірескен жұмыс киімімді жалба-жұлба күйінде кие сала шығып кеттім.
Зор жиында кезіккен Тоқты Бәсит, «бірдеме тапсам сонда көмемін» деп белгілеген шағына, дем алмай тез-ақ жетіп едім. Әлсіздіктің жан теріне малшынып, қаншалық тінтігеніммен ештеңе табылмады. Шолақ ыштаннан басқа киім сымағымның барлығын шешіп, қолтыққа қыса жөнелдім. Ендігі іздейтінім саңырауқұлақ. «Алдыңғы күні түнде жауған мол жаңбырдың күшімен жерді сүзіп-жарып, сол дулығалы батырлар қалай шыға келмейді» деген үмітпен жорттым. Тораңғылы, қамысты ойпаңның бір тобы әрең табылды. Бешпет пен сымның сау жерлеріне тәптіштеп орап, қыратқа қайта шыққанымда қарсы алдымдағы тораңғы тоғайдан зор бір оранқұтан[1] шыға келді. Таңырайған жуан тұмсығы мен көзінен басқа түк баспаған жері жоқ. Борбасқа аунаған оранқұтан сияқты. Бурыл, жуан басы аппақ қалың сақал мен ұзын шашы тұтасып, тіпті қорқынышты көрсетті сол басты. Бұрыла жөнелдім бір жағыма...
- Қашпаңыз, қашпаңыз! Мен, есі дұрыс адаммын! -деп барылдады. Дауысы да қорқынышты болғанымен тілі қазақша. Қайрылып тұра қалдым. Баяу жылжып жетті. Сәлем берді.
- Уағалайкүмұссалам, өзің менен де жалаңашырақ жүріп, қашқаның не жігітім?-деп күлді. Байқасам, үстінде көйлек-штансымақ лыпасы бар екен. Сонда да қарны мен кеудесі бурыл түкпен ғана жабылғанын көзім дұрыс көріпті.
- Жалаңаш болғаныммен орынқұтандай қорқынышты көрінбесем керек!- деп мен де күлдім. Бұл жақта жоқ жануардың атын дәл түсініп, қарқылдай күлгенінен, оқыған шал екендігі де байқалды.
- Бәсе, ха-ха-ха-һа...а... жаңа, есек мінген бір топ лоптық мені көре сала тырым-тырақай қашып еді. Мені жынды көріп қашты ма десем, арангутан, иә, кісі киік деп қорыққан екен ғой!... Артта қалған жастау бірі тіпті, шабан есегінен түсіп, бақыра қашты. «Мен сау адаммын» дегенімді ешқайсысы тыңдамай жоғалды!... Сөйтіп жүріп, адам екендігімізге ешкімді сендіре алмай өлер ме екенбіз!
- Өлмеу үшін өлгенше күресу - нағыз адамның ісі, үміт үзбелік, ақсақал, сендірер күнімізге аз қалды!
- Таныспаппыз ғой, атың кім шырақ?
Атымды айтысыммен қос қолдап амандасқан шал, ажаптана қарады тұрқыма.
- Анау күнгі зор жиында мұндай емес едіңіз, неғып мұншалық халге түсе қалғансыз?
- Бүгін ғана осылай болдым...
- Мен сізді сол жиында ғана көргеніммен, бұрын естіп жүргенмін. Ләтипаны білесіз, Шаңхайдан солармен бірге келгенмін. Атым Ағызамқожа. Мен де ілелік, өзбекпін. Отырыңыз, отырыңыз! - малдасты құрып алдымен өзі отыра қалды да маған темекі ұсынды. Дорбасынан саңырауқұлақ көріп, мұның да менің кәсібіммен жүргенін байқап едім. Бір зағыра шығарып, халі менен сәл жоғарырақ екендігін көрсетті. Тағы да күліп жіберді. - Жаңа менен үріккен лоптықтардың бірінің белбеуінен түсіп қалды. «Ой, наның түсіп қалды, ала кет!» десем онан сайын қашты!... Жә, ашаршылықта бөліп жеген дәміміз болсын! -Зағыраның дәл жарымын сындырып, маған бере сөйледі. Ұмытпалық осыны, сен жассың, аман қаларсың да. Бірақ қатты жүдеген екенсің. Ісіктен сақтан, суды мүмкіндігінше аз іш, жұмыстан зорықпауға тырыс!... Менің қалған өмірімді мына күйреуігі күйретер-ақ, ісіп кеттім!
- Лаужяуға қалай кіріп қалғансыз?
- Түркияға көшуіме виза келген. Семьямдағы ақшаға жарайтын барлық мүлкімді сатып, расхот үшін жолда Австралияға сататын тауарға айналдырғанмын. Барлық істі бітіріп, үкіметтің өз бекітуінен өткізіп, Шаңхайдан жүргелі тұрғанымда қолға алды. Таласатынымыз, олар конфескациялаймыз дейді. Мен бермеймін. Себебі, ол, заңды мүлкіме келген тауар. Бәжісін төлеп болғаныма қарамай бәрін аламыз дейді!... Мен қалай жетпекпін расхотсыз!... Ал, ыстық өтіп кетпесін, жүріп кетелік!- деді де «тірі қалсақ көрісуіміз үшін» тұрған әтіретінің орнын айтып қоштасты. - Биғабіл әфәнді, тірі қалу үшін барынша тырыс. Қазір ақша жүрмейді ғой, лоптықтарға киімің болса да сатып жей бер! Менше арангутан болудан арлан ба!
- Ісіп «семіріп» алмасам сізше орынқұтан да бола алмаспын. Мендей албастыға киімнің қажеті не! - Күлісе айрылыстық.
- Олай болса, шашыңды албастыға үйлестір, лоптықтар көргенде үйлерінен де үрке қашатын болсын, тым болмағанда зағырасы қалады екен ғой!...
Жарты зағыра болмаса, күнім бүгін-ақ қатерлі екен. Жатағыма тірі жете алатындығымды буынымнан байқап, көңілдене қайттым. Дәмелқан мен Қапастар әр төбеден қарауылдап, менің жоғалуымнан қауіптеніп тұр екен. Қазірше қашып құтылатын мағдырдан айрылғандығымыз анықталғаннан бері күндіз әскери күзет тұрмайтын болған. Дәмелқан бұл жүрісімді сөксе де саңырауқұлақ пысып Сағидың алдына барғанда алғысын айтты.
«Ағатайым-ай өлімнен арашалаймын деп өзің өліп қала жаздадың-ау!- деп Сағи жыламсырай асады саңырауқұлақты. Сорпасын ұрттай ішіп, балбырап тұрып терледі. Көп жесе мұның да уы барын айтып, аз-аздан аредік-аредік жеуді тапсырып жаттым.
Ертеңіне бізбен бірге ерте тұрып жұмысқа барды. Басқа группалардың міндетіндегі төбелерден бөліп берген сарытеке қалпағымыздың алыну шарты толып қалғандығын сөйлеп тағы алдады. Тағы да шешініп тастап кірісті Сағи. Демалып отыра беруді айтсақ, «сендерге істетіп қойып, қалай шыдап отырмақпын!» деп ренжиді. Тағы да тізгіндей алмай қойып едік, бірер сағаттан соң дір қағып барып отыра кетті өзі. «Мүлде бола алмай қалыппын» деп енді мойындады. Менен көрі беті бүтінірек Асылбек пен Қапасты сарытекеге салып рұқсат әперіп қайтардық. Ісігі күн сайын молайып барып, үшінші түннің таңында жан үзді.
Ішкен суымыздың барлығы көзімізден жас болып төгілгеннен не пайда, бізді өлім апатынан арқалап өткізсем деп жүріп, өзі алдымен өлді! Бөлекше жаралған адамгершіліктің бөлекше жаралған мол тұлғасы тіл қатпасы, шырай бермесі, қайрылып қарамасы, сұп-суық мүрдеге айнала қалды! Шулай көтеріп, ашық қалған басқа жемтіктерден аулағырақ шағылға шығарсақ та халсіздіктен ақымдап жерлей алмадық. Жерошақ қана қазып жыңғыл мен бүркеп құммен көмдік те өзіміз де құмша егіліп-езіліп бір жолата шашылып қайттық.
Сөйлесе де алмай, жеке-жеке үнсіз шоқиып, өзімізге-өзіміз ғана міңгірлеп, жеке-жеке тәлтіректейтін болдық. Қайрат-жігерімізді үрейдің жұтуы еді бұл. Көбі, тірі қалу жөніндегі үгіт пен үміткерлікті тыңдаудан да қалды. Менің ағара бастаған шашым, тез қарқынмен қурап бара жатты. Танитынымыз, өзді-өз ыдысымызбен өзді-өз аузымызға кіретін күйреуік қана болып қалды. Ұрлап тапқан лобысы мен шамғұрын көбі өзінен де ұрлап тыққыштап, жасырып жұтатын халге түсті. Басқа группадағылар көптен-ақ қалыптастырып болған бейне еді бұл. Соларға енді теңелгенде де күрт түсіп, тез теңелдік. Ашаршылықтың рақымсыз соққысы жанды жерімізден жетемізге жете тиді.
Ашаршылық шындап жайлағанда игерген білім-мәдениетің түгіл жаратылысыңмен бірге тоқылған ар-намыс, тума ақылыңды да қабаттап жалмаса керек. Қашып шығуға сақтап жүрген жеңіл батинкам жоғалған күннің ертеңіне Асылбек дазужаңымыздың бір шұңқырда қоян үйітіп жеп отырғаны көрініп еді. Одан екі-үш күн өткенде Шәйзада бастон сымымды көтеремнен өлген қойдың басына айырбастап әкеліп жеп қойды. Тоқбай мен Қапас әлсіреп қалған ол екеуін қосақтап қойып шапалақтауға кіріскенде көмекке Дәмелқанды шақырып, әрең құтқардым.
Содан бастап, өтімі бар тәуір киімімізді жатаққа қалдырмай, боқшамен көтеріп жүріп істейтін болдық. Ондай бірер жемдік арзанға айырбастай салуға қимап едік, өз бағасының тым болмағанда жарымына жеткізе саудаласуға орайы табылмады. Кадрлар естісе сатушыны да алушыны да тонайды.
Сөйтіп «көше жүріп» төбелерді жыраға тығып тегістедік те арық пен қыр жасап, су жүргіздік. Жұмыстың ендігі кезегі тракторларға тиген соң ғана жетті «үлкен жексенбі». Бірақ бұл «жексенбі» алысқа кезетін сауданың емес, жап-жақын жерге Құдайдың өз қолымен тегін ырыздық шашқан «жексенбісі» болып естіле қалды: өзенге тасқын келіп, жайылма су ойпаң-ойпаңды көлге айналдырған екен. Ащы сорға тойған жайылма су, өзімен бірге келген балықты түгел улатып - мас қып тастапты. «Торпақтай-торпақтай балықтар су бетіне шығып, қарындарын жарқыратып жатыр!» деген хабар гу ете түсті. «Қазір барып аламыз да келеміз» деп барып әтірет штабына дауыл соқтырдық. Тұтас барып, тұтас қайтыңдар деген рұқсатын ести сала ұмтылып едім, Тоқбай келіп алдымнан тоса қалды: «Биға, екеуімізге жетерлік балықты мен-ақ әкелемін, сіз бармай-ақ қойыңыз, аяғыңыз ісіп жүр, суға түссеңіз асқынып кетеді. Осы жатақтың өзіне де сенімді күзетші қажет!» деп тоқтатты. Пікірі сиымды болған соң қолымдағы кенеп мөшекті бердім де қала бердім.
Балықшылардың алды түс ауа, арты екінтіде қайтты. Не қилы көтеремдері де өзінен ауыр балық арқалап, ырғап-жырғап қайтты. Әтіреттің қазіргі қалған жетпісінің ішіндегі ең семізі болып қалған біздің Тоқбай месі әлі жоқ. Өз группамыздағылар, жайылмаға жеткен соң оны көрмепті. Басқа группалардан сұрасам, жауап шықпады. Балықтың дауы, оттың-ошақтың дауы, мескейдің дауы... Өңдері ме, түстеріндегі даума өздері де білмейді, ию-қию, у-шу. Не сұрағанымды ұқпай-ақ бастарын шайқай салады.
Күн ұясына отыра бере әтірет штабына жүгірдім. Тоқбайдың өзінен малту білетін білмейтіндігін сұрамай қалғаныма өкіне жүгірдім. Мәт сопы гансы оның әлі қайтып келмегенін менен ести сала ұмтылды. Аш әтіреттің тіршілік есірткен шуылын ақырып басып, тізіп қойып сұрағанда ғана естеріне келгендей, Тоқбай жөнінде қарсы сұрау шықты бір мұрттыдан:
- Әлі келмеді ме?- деп үдірейе қалғанында төбе шашым тік тұрды...
Осы мысық мұрт екеуі жайылмаға төбе-төбемен ішкерілеп барып, шалқалап жатқан бір үлкен балықты көріпті де қатар жүгіріпті. Судың ең терең жері белге әрең жеткен екен. Жақындап бергендерінде балық шалп еткізіп сүңги жөнеліп, жиырма метрдей алыстықтан қайта көрініпті. Мұртты соңынан қалмай соны қуалап кеткенде Тоқбай тағы бір үлкен балық көргендей, бұрыла жүгіріпті күншығыс жағына. Мұрт, қуған балығын әрең ұстап, айқұлақтан жіп өткізіп алып қарағанда Тоқбай бір қос төбенің қапталынан еңкейіп, суға төніп тұр екен. Мұрт екінші рет қарағанда оның сол төнген тұсынан толқын ғана көрініпті.
- «Өз қуған балығын ол да ұстапты» деген мөлшермен жүре беріппін!- деді мұрт, қайта қайрылып қарамапты.
Мәт сопы соны ести сала құлағынан ұстай алды. Су білетін бесеуімізге жол бастап баруға қосып берді. Сол қос төбені тауып барсақ та түн болып кеткендіктен айқайлап-айқайлап Тоқбайды таба алмай қайттық. Ертеңіне күн шығысымен группамыз бойынша қайта іздеп барып, сол жайылмадан ақынымыздың жамбасынан қырқылған жалғыз санын ғана таптық. Ақ шолақ штанының балағы шайнаған өткір тіспен етіне кіріп жабысып қалыпты. Басқа денесінен бір жапырағы да табылмады!...
Ол түскен судың шет жағындағы үш қадам жері таяз екен де төртінші қадамда құлама шұңқыр бар екен. Мен түсіп, тереңдігі екі жарым метр шамасында екендігін білдім. Ал содан алты-жеті метр алдыға жылжи алса таязға шығатыны да көрілді. Амал не, білмегеннің бәрі қатер!... Мұртты сапарласының екінші рет қарағанда көрген толқыны, малтау білмейтін Тоқбайдың жанталастағы толқыны болып анықталды: жергілікті халық лоқо деп атайтын жуан бас жайындар оны өлген соң тапқан. Таласып-жұлқыласып жүргендерінде үлкен біреуі қырқып жіберген сан, су бетіне қалқып шығып кеткенін байқамай, ұлы денеге таласып-тартысып ала жөнелген!...
Кішкентай шағымда мұндай тынық жайылма емес, алай-дүлей тасқыннан түйедей жындыны да алып шыққан едім ғой! Сол өнерімнің осы бір аяулы ақын досыма септігі тимей қалғаны жүрек бауырыма өрт қойғандай болды. «Қастың қастық жазасында балық пен бақаға да жем болғанымызды көрмеймісің, сұм дүние!» деп еңіреп жібердім де сол жайқынды жалпағынан басып жүзе жөнелдім. Күйік отымен оқтай атылып, сол жайылма көлдің бүйір-түкпірлерін түгел шарладым. Бауырыма басып қоштасуға бас сүйегі де табылмады. Айлана шарлап, күншығыс жақ шетімен қайтысымда шалқасынан сұлап жатқан ірі жайынның бірі көрінді.
Азуымды шақырлата жүзіп жетіп барғанымда сүңги жөнелді. Беталысына қарай қуып кеп бердім. Су бетіне қайта шыға бергенінде-ақ ашылып-жабылып тұрған айқұлағынан ала түстім де бас бармағымды езуінен салып, қоса бүрдім. Аузын денеме жеткізе алмай, құйрығымен қағып жіберді. Ұзындығы бір метрден көп аса қоймайтын, әрі шалажансар болғанымен мендей онның күші бар сияқты. Егер езуі мен айқұлағынан айқасқан саусақтарым айрылса, ұшып түсіп, өзім де жем болады екенмін. Құласам да айрылмай, қыса түстім. Қабуға ыңғайланып әлденеше ұмтылды. Арсиған азуларын көріп, жанталаса мытыдым. Езуі жыртылып, айқасқан саусақтарым шықшып сүйегін сықырлатқанда ғана жауси бастады.
Ертіс толқынын жарып өскен Еділбай да жетіп келген екен. Бірдемемен алысып жатқанымды көріпті. Жыңғыл түбінен сындырып алған екі қарыстай ғана шоқпарымен жайынның тас төбесінен сақ еткізді. Сылқ түсті жыртқыш. «Енді тұрса есін жиып алады» дей сала қыл шылбырмен ауыздықтап - тұмшалап, су бетімен сүйрей жөнелді. Жағаға жеткен соң Дәмелқан да келіп екеулеп шағыл төбесіне шығара сала жарды. Тоқбай денесінен ештеңе таба алмады қарнынан.
Сол егіз төбенің күн батыс жақ шекесінен пышақпен ұра қазып, Тоқбайдың санын көме сала еңіреп-боздап көрістік. Нәзір - шырағына осы жайынның өзін арнап апарып астық та әтіреттің кәрілерін жиып, мұсылмандық дәстүр бойынша бата оқыттық. Едел-жедел екі арысымыздан айрылдық сөйтіп.
Майдан басшылығы біздің ашқан жерімізге түгелімен күріш егуді бұйырыпты. Егу-өсіру азабы ең ауыры осы дақыл екендігі белгілі жер жыртылып болған соң метрден биігірек жуан қырлар соғып, суға лықа толтырдық. Ендігі жұмысымыз да тозағымыз да осы көлдің ішінде болды. Асықпай істе, тез істе - бәрі бір, кешке дейін қара саннан асатын лай ішіндеміз. Әлсіреген аш адамға одан қиын жаза да болмаса керек. Сор топырақтан жасалған қыр, сумен еріп-жайылып кетеді. Оны сұйық батпақпен қайта жамаймыз. Лай ішінде сүйреткі сүйреп, себілген күрішті батырамыз. Күн шыжғыра ысыған шақта да мақталы шапан мен жұмыстың ауырлығына қарамай тісіміз сақылдап, тоңып жүреміз...
Әнеу күнгі балық сорпасы әтіреттегі өлімді бір тиып, көбінің ісігін жеңілдетіп кетіп еді. Маңайдағы көк азық әтереттерінің еккені өніп - өсе бастағанда түн бойы соған барып «жайылып» қайтатындар сидаң қағып жүріп кетті.
Ал, қырсық та өлім де менің аяқ жағыма мықтап жабысты, айрылар емес. Суға түскеннен бастап кернеген ісік, сирағымды тіпті «семірте» түсті. Жейтін малын неғұрлым семіртіп жеуді жақсы көретін адамзаттың қулығы «Қазірейілге де» біткен ғой. Күріштің көлінде күн сайын жуарып, ауырлай берді аяғым. Ісік тіземе жеткенде іркілдеп, буыннан мүлде айрылдым. Сарытеке қыстағы өшін дәл осы шақта алуға кірісті. Жатақта дем алуға қалдырмай, өзі айдап апарып салды лайға. Группаластарым жабыла жалбарынып сұрап, рұқсат әпере алмады.
Соның екінші күні таңертең тағы айдағанында атыз қырынан адамша аса алмай, қоңызша барлық «аяғыммен» жабысып асып барып, лайға домалап түстім. Басымды жандәрмен көтеріп алғанымда батып кеткен аяғым қайта сурылмай қойды. Жығылып бара жатып, қырға қайта жабыстым. Сарытеке кеудемнен сақ еткізіп «сүзіп» кеп қалды. Сұйық лайға шалқамнан түстім. Жақын атыздардан қарап тұрған лаужяулар шу ете түсті. Қазақтар қазақша, ұйғырлар ұйғырша, хұйзулар хұйзуша шуласып дабырласып кетті. Мәт сопыдан басқа кадрлар да келіп, бастықтарына кадрша сыбырлап қайтты. Көзі ит көргендей ойнақтап кеткен сарытеке олардың да кей біріне бақылдап жіберіп қайтарды. «Тұр!»- деп ақырды маған. Қымырламадым. Аяқтарым түгіл, лайға батып алған құйрығымның да ырыққа көнбейтіндігі мәлім еді.
Бұл әтіреттегі аз ғана ханзулар мен хұйзулар күйлі болатын. Егін пысқанда қырманға да, кілеткеде солар ие болып келеді ғой. Бір жуан дүңген балдырлап келіп көтеріп алды мені. Екі қырдан асырып апарып, бір құрғақ қырға отырғызды. «Мына кадрларға қатты сөйлеп қойма, Мазыдауян саған демалыс бермей жұмыс істетуді Мәт сопыға тапсырды. Ол сөзінен қайтты.
Мәт сопы батпақ қырлардан әдемі етігін аяп әрең басып келді де төрт-бес метрдей жақындап келіп отырды маған. «Тәрбие беріп», істеуге көндірмек екен. Саясаттың ресми тілімен сөйлей берді, үн қатпадым. - «Бекер жайылдық қып жазалана берме, осы жұмыс біткенше жақсы істеп, кеңшілік ал!»- деді соңында. - «Мақұл ма, тұр орныңнан!»
Мен қазір тұра алмайтын болып қалғанымды айтып, аяғымды көрсетіп едім, ақыра жөнелді де бұрынғы заманның томардай ебедейсіз шойын мылтығын суырып алды қойнынан. Өзінің кеудесін төтенше жуан көрсетіп жүрген кереметі осынысы екен. Мен тағы да жуас үнмен жұмысқа жалқаулығым да, «жәйілдігім» де жоқ екендігін, тек мағдырымның қалмағандығынан ғана осы қорлыққа лажсыз шыдап отырғанымды айта бергенімде «тәлім-тәрбие гансының» дауысы сақ ете түсті, мылтығының шақпағын қайыра кезеніп сұрады.
- Жұмыс істеймісің, істемеймісің?
Мен енді ызамен ашық қомсына қарап жымидым:
- Гансы, сіз мені осы көлдің үйрегі екен деп қалыңыз ба?... Иә, қорқытып көндіретін кішкене бала деп танисыз ба? - Баса киіліп, лаймен жабысып қалған қыстық малақайымды жұлып алдым басымнан. Аппақ болған шашымды нұсқап көрсете сөйледім. - Мынаны не көрмеген бас деп ойлайсыз?... Өзіңізге абырой керек шығар, бұл көсеуіңізді орнына салып қойыңыз, ата алмайтындығыңызды мен түгіл өзіңіз де білесіз ғой, тәп-тәуір инаваты бар кадрымызсыз, мұндай ойыншыққа менің қайтаратын жауабымды басқалар естімесін, бұл немеңізді көрсетпей ғана орнына, сала қойыңыз!... Бұл заманда осы да жанмылтық па!... Абыройыңызды аяп айтып отырмын, масқара боп қаласыз!... Ып-рас!...
Арс ете түсердей айбармен төнген Мәт сопының мылтығы, қорққан күшікше бұғып барып сүңгіді ініне. Зор іс бітіргендей жан-жағына дандайсып қараған гансы Асылбекті шақырды. Менің кетпенімді ала келуге бұйырды.
- Анау шеттегі арықтың су жүрмеген жеріне барып істе!- деп сонда да қатал үнмен шығарды «үкімімді». - Істей алмасаң да отырып қалма, басқалардың белсенділігіне әсерің тисе қатал жазаға тартыласың!...
Кетпенімді әрең көтеріп келген Асылбекке бірдемені күбірледі де қолтығымнан сүйемелдетіп, шығыс шеттегі құрғақ арықты жөндеуге жіберді.
- Гансының «маузерін» көсеуге теңедіңіз бе?- деп күлген Асылбек бір қырдан сүйеп өткізе бергенінде жығылдым да ең шеткі қырдан қоңызша домалап өттім. - Анда-санда қымырлаған болып қойып кетпенге сүйеніп тұрыңыз!.. Штаптың арғы бұрышынан сығалап тұрған теке сарыны көрдіңіз бе?- дей сала қайтты көліне.
Құрғақ жерде кетпенген сүйеніп тұрсам да, арықтың қасына сүйеніп отырсам да шым-шым, жыбыр-жыбыр етіп ісік кеулеп, ажал жылжып келеді. Біліп отырмын, жүрекке бармақ та, шағылға шығармақ. Лопнор күннің тымырық - шағырмақ, өткір ыстығы аяқ жағымнан сезілгенді қойды. Тіпті, аяз айдап тұрғандай тітіркендіріп тоңдыра берді. Әрине күннің емес, ажалдың аязы екендігі белгілі. Сөйтсе де тамырым дұп-дұрыс соғып тұр. Жүрегімнің қимылы қазірше қалпында екен.
Түс уақытында Қапас әкеліп берген құрғақ мақалы шапан-сымды киген соң күйреуік үлесімді жеп, ұйықтап қалыппын. Ұзын ақ көйлегін киген Мақпал қарсы алдыма келіп тұра қалды. «Биған, сен онда бар ма! Істеймін деген үлкен ісің бар еді ғой жаным, ұмыттың ба соны!» дей бергенінде «барма құлыным, барма!» деп, ар жағынан шешемнің дауысы естілді. Оянып кетсем де сол түске жауап бере, құшақ жая ұмтылдым: «по, сағындырдыңдар ғой, келші нұрым, келші!»- орнымнан жеп-жеңіл түрегеліп жүріп кетіппін. - «Мақұл бармайын апатай, өзің де кетпей тоса тұршы!»- еңіреп жібердім. Құшағыма ілінген ешқайсысы жоқ!... Суға барып, бетімді жуа отырып қарасам, жүзім де ісіп кеткен екен.
Ертеңіне таңертең сарытекенің орнына Мәт сопы келіп, жатаққа қалдырмай тағы да айдай жөнелді. Бет-аузым кешегіден де қорқынышты. Аяғым тіпті ауырлап, буындарым икемге келер емес. Тізе буыным кілтілдеп, енді сыртына қарай бүгілуді шығарды. Сыртына қайрылып кетсе қазір-ақ біткенім ғой, отыра қалдым да Мәт сопыға соны айтып, артынан жетуге рұқсат алып қалдым. Кешегі арық бойына бір сағат кейін жетіп жығылғаныма сарытеке делдиіп алыстан қарап тұр екен. Ұйықтап кетіппін. Тағы да түс көрдім.
Иен бір кер жотадағы жалғыз тамның есігіне жеткен екенмін. Кіріп барсам, төрді тұтас алған сәкіде ұзынынан сұлап ақ жамылған ұзын біреу жатыр. «Адам пайғамбар» деді екі жағымнан екі адам, Дәмелқан мен Қапас көрінді екі босағадан. Өңімде өзім сенбейтін адам пайғамбарға түсімде иіліп тұрып сәлем бердім. Сәкіге шыға сала жүгініп, жамылшынан шығып жатқан бір қолын қос қолдап ұстап сөйлеп кеттім. Сөзім ап-анық, керемет бір шешендік тапқандай, ағыза жөнелдім арызымды: «адамзат, ақ-қарасы жоқ түгелімен сіздің ұрпағыңыз екен баба, басқа жануарлардан ерекше ақыл-парасат, қабілетімен дүниенің ерекше қожайынына айналыпты. Сенің де анаң болған жершарын қаптай өрбіпті. Әлемнің басқа байлығы, еңбек жемісі жетпейтіндей осы анаңның емшегін тістеп жұлып, қандала, бүрге, битше қанын сорып, қолқасын суырып, қасқырша талап, айдағарша ойып жатыр! Оған да тоймай күштісі күшсізін, тістісі тіссізін жеуді кәсіп етті! Қорқауы қанағатшылын, алдамкөсі әділеттісін, көз алдындағыны оба беретін ашкөздері келешегін ойлай алатындарын жеудің амалын көбейтті! Түрлі түспен, түрлі саясатпен, сайтан сайқалдықпен келіп, бірінен-бірі асып, бәсекелесіп қырғындауды шығарды! Пайғамбар баба, осындай азғындар болып қалды сенің тақ басар ұрпағың! Осындай озбырларыңа бата беріп талататындай, өзіңді пайғамбар етіп туған анаңда қаншалық кегің бар еді, осыны түсіндірші!... Ей пайғамбар баба, «хайуан - мақұлық емес, адам ұрпағымыз, адамдық қасиетпен жасаймыз» деп атыңды қастерлейтін мына қалың бейуаз ұрпағыңда не кегің бар еді!... Әлде өгей ме едік, айтыңызшы шындығыңызды!... Өгей болсақ, құр тұлыпқа мөңіремей, өз жөнімізді тауып адамзаттықтан біз-ақ шығып кетелік те өзімізге лайық басқа атпен аталатын болалық!.. Барлық жабайы жыртқыштан да жыртқыш тағыға айналып, адамбыз деуден намыстандыратын болды ғой мыналарың! Неліктен осыншалық үстем етіп қалдырдың осы қанды ауыздарыңды?...».
«Адам атаның» жере жебіріне жетіп сөйлей беріппін, жылай беріппін. Өстіп жатып оянып кеттім. Көзімнен аққан жас малақайымнан сорғалап, мойныма құйылып жатыр екен. Өңімде мұндай пайғамбарлық көзқарасқа қарсылығым бойынша таңырқап отырып қалыппын. «Қалай, қайдан пайда болған түс бұл?...»
Арыз тыңдарлық әділет төрешісін өңінде таба алмай күйзелген бейшара сананың түсінде аңыздағы «пайғамбар бабасын» тауып шағынғаны ма?... Бұл өмірдің ұзағанда енді екі-ақ күндік қонағы болып отырып, жан - сезімнің бұл сырын тереңдете ойлай алатындай нем қалды менің!... Шешем мен Мақпал, Асқарларға ақтық хат жазып қалдырудың жөнін ойластырдым.
Арт жағымнан аяқ сыбдыры естілгенге жалт қарасам, қалтылдап Асылбек келе жатыр екен. Жатаққа қайтып демалуыма рұқсат алып келіпті. Төрт аяқтап түрегелдім де тойған қазыша мамырлап жүре бердім. Алдымнан малақай бауын менше шарт байлап алып талтаңдап бара жатқан бір дәу көрінді. Мақталы шапаны мен сымы айрылып кетердей тырсиып керіліп алыпты. Кім екенін айыра алмай келе жатқанымда өзі тұла бойымен қабанша бұрылып қарап тұра қалды. Дәу болғанда да әлгі тоғайдағы «оранқұтаннан» да дәу. Жақындап келіп үңілдім. Көзі мен аузы түгіл мұрны да табылмайтындай, доп-домалақ, теп-тегіс болып кеткен қараторы жүзінің терісі де жыртылардай керіліпті. Мүлде танылмады. Ол мені әлде не белгімнен танып тұр екен:
- Осылай болып қалдым Биға!-деп өксіп-өксіп қалғанында дауысынан ғана таныдым, Шәйзада екен. Маған шағынып жылағандықтан өзімді де шағыну сезімі билеп кеттік. Іркіле қалған көз жасымды көрсетпей төмен қарап жүре бердім. Ол қатарласа талтаңдады. Аға тұтып, ақыл күтетін уыз жастың босаған көңілін бекіту үшін бірдеме айтуға ернімнің икімі келмей қисая берді.
- Ештеңе етпес! Жазыларсың!- дегенді әрең айта алдым. Үнім қалтырап, аузым ойнақтап кеткендей сезілді.
- Мен енді жазыла алмаймын!- Еңіреп жіберді Шәйзада. Орта жолдағы бір төмпешікке ентіге жетіп, қатар шоңқидық. Әлемтапырық бетімізбен бір-бірімізге баға алмай, екеуіміз екі жаққа қарап алдық. Ол ашық жылап жалғастырды арыздасуын. - Әке-шешем кәрі еді, менің күйігімнен олар да өледі ғой, оқыған, үміт күтетін аяулысы мен едім! - Шәйзада тіпті егіліп, сөзге аузы келмей біраз кідіріп барып жалғастырды. Ағасы мен інісінің аттары мен әдрестерін әрең айтты. - Соларға хат жазып... сүйегімнің қай төбеде қалғанын... анықтап хабарлап қоюды ұмыта көрмеңіз!
Менің ойымда да осындай тапсырма болғанымен айта алмадым. Жылап отырғанымды біліп қойса онан сайын босайды ғой. «мұндай күйрек ойға берілмеуін, өлім дегенге мойындамауын» қысқа-қысқа айтып, жігер-қайратқа шақырған болдым да теріс қараған қалпымда жерді қос қолдап тірей түрегелдім.
- Тезірек жүрелік, емдеу үйінің есігі ашылыпты. Доқтырлардан біреуі келген сияқты!...
Маймаңдап басып әрең жеттік. Сарытеке едірейе қарап, біз кірген есіктен шыға жөнелді де бейтаныс дәрігер түп үйдің есігінен атымызды сұрады. Менің алақаныма аспириннен бес-алты түйірін салып қайтарды да Шәйзаданы алып қалды. Жатағыма қайтып бара жатып тастай салдым берген дәрісін. Орныма келіп жатысыммен тыңырақ ауруынан екі ханзу лаужяу кіріп, Шәйзаданың төсек-орнын сұрап, көрпе-жастығын алып кетті. Осы екеуімен бірге Шәйзаданың ауруханаға кеткенін кешінде естідім.
Маған түн ортасында жас күшіктің тасағындай сәбізден бір дорба келді. Жарымын жеп-ап ұйықтадым. Кісіге ертең күндіз де керек қой. Келесі түннің қараңғысында болмаса, күндіз қай батыр әкеле алмақ!
Ертеңіне лаужяулар жұмысқа айдалып, әтірет жатақтары иен қалған шақта Қарақұрбан аталған семіз қара лоптық асыға жүгіріп кірді жер үйге. Жүгіріп кіруінен жасырын келгені байқалды. «Бәсе, ауырған сіз екенсіз ғой Биғабіл әфәнді. Қашан жатып қалғансыз?»- деп жайымды сұрай сала, қазір ақшаға мал келмейтіндігін айтып, малшыларға өтімді киім сұрады. Өзі Көнші[2] қалашығының атақты алыпсатары екенін, алып-сату қылмысымен лаужяу болғанын естігенмін. Ал, бұл қылмысын осы майданда қайталаудан күреске тартылып, режимде жүрген болатын.
- Кадрлар біліп қалса, өзіңізге жаза келмей ме, мүсәдіраланбайсыз ба?[3]- деп сұрағаныма күле жауап берді.
- Мені Абыла дүйжаң жіберді: «осы гамыда[4] бір жақсы адам ауырып жатыр, соған бір қой әкеліп, өзің сақтап толық жегіз, мүсәдірадан мен қорғаймын, менікі деймін. Мына ауруды өлімнен құтқарып, қатарға қосуға сен міндетті бол!» деді. Абыла бұрын Үрімжідегі бір қазына орнының сақшысы болған. Сыртыңыздан толық біледі екен. Көп адам аяйтын азамат екенсіз, сізге арамдық істемеймін, сеніңіз!...
Іші мен сырты екі түрлі пальто ретінде киілетін жаңа плашымды суырып бере салдым. «Қазір бұған ең семіз қой келетіндігін» қуана айтып шыға жөнелді Құрбан... Ертеңіне дәл сол уақытта келіп, қой әкелгенін хабарлады да екі сағаттан соң өзінің шөп күркесіне баруымды тапсырды. Егіндіктің күн батыс жағын қорғайтын оңаша күрке жасап алып, сонда тұратын. Айтқан уақытында екі жауымнан ғана жасырынып жеттім.
Майын ерітіп бір шелектік қыш бөшкені лықа толтырыпты да қатыру үшін суға қойыпты. Еттің сүбесінен өлшеп, төрт килосын асып қойған екен. Бір дасы майлы сорпасына тонардың екі ақ нанын шылап, алдымен жегізді. Аштықтың «кендірі кесілген» дейтін сатысына бұл ат бекер қойылмаған екен. Қарнымның өзінен әлдеқайда үлкен ыдыстағы майға бөккен нан жұмырыма жұқ та болмады. Сол дасты үйме қып толтырып, аппақ майлы еті келгенде ғана терлей бастадым. Асай келе денемнен шүмектеген тер мен қосылып, әлдене мұрнымнан да кетіп жатты. Онымен ісім болған жоқ, екі қолдап асадым. «Сіз тез жазылады екенсіз. Алғашқы ретте зорлап болса да осылай көп жеу жақсы!»- деп разы болған Құрбан, бұрын мұндай майлы еттен қанша жей алатынымды сұрап, «зорланғанда жарты кило» дегенімде күрсініп жіберді. «Тәжірибеге қарағанда өлуіңізге бір күн ғана қалған екен. Енді барыңыз да ұйықтаңыз, үш күнге дейін ішіңіз бұзылмайды» деп қайтарды. Жатаққа жеткенде тағы да тамақ жегім келді. Біреу әкеліп бас жағыма қойған күйреуік момыны да қылғып алып ұйықтадым.
Күн бата ояныппын. Қыш бөшкедегі май бас жағымдағы қамыс арасына келіп орнығып, өзімнің балшық шапанымды жамыла қойыпты. Жұмыстағылар қайту алдында Құрбан тағы да бір мескей сорпа мен етті әкеліп, «бір кило ғана, қазір жеп жібер!» деп бұйырды. Басқа ағайындарға ауыз тигізейтін дегеніме көнбеді. «Жауапкерлік менде, жеп жібер!» деп тағы бұйырды. «Жеп жібердім». Құрбан, сол бұйрығы орындалған соң ғана қайтты.
Далаға бұрынғымнан сәл ширағырақ шығып едім. Жұмыстағылармен бірге қайтқан Абыла дүйжаң өтіп бара жатып көзінің қиығымен ғана қарады да танымасқа салып өте берді. Сирағымның жуандығына қарап түксиді. Ол, бұрын осы қыстауда қырылған әтіреттің дүйжаңы екен. Қазір қоспа әтіреттің орынбасар бастығы. Көп кіріспей, сырттап қана істеп жүрген болатын.
Еттің ықтияры өзімде болмағандықтан жолдастарыма май үлестіріп едім. Алғашқы бергенімді үнсіз қабылдасты да ертеңіндегі үлестіруіме түгел қарсы шықты. Әсіресе Дәмелқан мен Қапас менің «шағылға шығып кетуге» бұл жолы өшіретті бұрынырақ ала қойған себебімді талдап, қатал тізгіндеді.
Тойғандығым үш күннен соң білінді. Ішімнен ыңғай май ақты. Жеуді азайтып, өзімді-өзім тежей түстім. Денемдегі ісіктің азая бастағанынан сол маймен бірге ағып кетіп жатырма десем, шатыма жиналып жатыпты. Қол-аяғым шидей, мойным қылдай, арсиып қабырға, омыртқам ғана қалғанда шатымдағы ісік нәсілді сиырдың желініндей боп тырсия түсті. Бұқаның умасының да мұндай алыбын көрмегенмін. Екі пұтым екі жаққа кетіп талтаңдап жүре алмай қалғандығымнан сыртқа екі балдақпен шығатын болдым. «Осы ісік қайтқанда ғана толық жазыласың» деп қойып, мескеймен тамағымды таси берді Құрбан.
Сорпалануыма апта толғанда ажалдың зым-зия қашып жоғалғаны сезілді. Бірақ, құйрығымның қуысы аюдың апанындай үңірейіп қалыпты. Мұның осыншалық қорқынышты емес екендігіне, ісімей қалқақтап сау жүрген жолдастарымның құйрықтарын дәретте отырғандарында көріп барып сендім. Қазіргі ең сау дегендеріміздің бәрінікі де менікі сияқты апан екен. Қаздаң қағып мен де жүріп кеттім. Буын дегенің серппедей ыршытты. Енді сол қуысты тездетіп толтырмаса, ажал қайта келіп ұялай қоюы кәдік қой.
Әйтеуір ең жақсысы, асқазаным айдаһар болып алды. Бірақ, жұмысқа қайта айдалған соң оны толтыру тағы да қиындады. Бүтін киімімнен бір-екеуін қара Құрбанға тағы өткізіп қойып, ақ ұн, сары ұн, қара-қоңырмай[5] сатқызып ала бердім. Ал, толтыр сол қуысты. Оны киім сату емес, басқа әтіреттердің жаздық астығы пысқанда ат дорбалап атша жеген көк бидай ғана толтырды.
Қайтадан тіріліп алғаныма басқалар қуанса да сарытеке реніш білдіріп, кіржие берді. Жақ сүйегім толып қалғанын көріп «тамадысын»[6] сырт айлана күбірлеп кететін болды. Онысын естігенде әкесін күбірлеп тілдеп мен де «жарылқайтын» болдым өзін.
Бір жақсысы, маған көрнеу бақылауын азайтқаны еді. Тағы да «кезеңнен тосып» жүріпті: әтірет лаужяуларына майдан штабы жағынан жаздық киім шыққан екен. Менімен бірге маған жақын жүретіндердің бірнешеуін ол киімнен мүлде мақұрым қалдырды.
Біздің Жансебілдер егін жиын-терімінде алды оның есесін. Қыстық азық жиып алуға түнгі ұйқыдан мүлде безе кірісті. Ауруханадағы Шәйзада мен Жақан да аман қайтып келген болатын. Тышқан ұялай алмайтын егілме құм төбелердің көбі біздің астық қоймамызға айналды. Әтіреттің дағарлары мен сыляу дорбалары жоғала берді сөйтіп. Бұл науқанды шаршылықтың ең қиын екі маусымының азығы анық есептеліп, толығымен көміліп болған соң ғана тоқтаттық.
Соншалық қан-тер төккенімізбен атыздардың әр жеріне шоқ-шоқ қана өскен күрштің да жарым-жартысы құм төбеге сіңіп кетті. Сарытеке күзетшілерге тыныштық бермей қаншалық қадаңдағанымен биыл тағы да тақырға отырып қалды. Былтырғы «апаттарының» аттарын қайта тізіп алып, бақылдай отырды тақырға.
Жүгеріден басқа егіннің жиын-терімі біткен соң, «қалпақ аламыз» дейтін антын теке сарының өзі «жоқ сөзге» шығара салды. Сөйтіп, үйге қайту үмітінен тағы айрылдық. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдарға» бірлік сап мекемесі жағынан қарашарде үш айлық саяси күрес ашылатын болып, тірі қалғандары тізіммен шақырылып жүргізілгенде менің тобымдағылар бұдан да қағылып қалды. Студенттерді «қалпақтарың оңшыл да, жерлік ұлтшыл да емес, бұзық элемент» деп қалдырды. Сол екі қалпақты қабаттап киіп жүрген менің атымды да тізімнен шығарып тастапты. «Қалпағың анық емес, бір жақтылы болмапты» деп ұқтырды Мәт сопы.
Енді не болса да осындай күйлі уақытымда қашып шығуды ойластырдым. Бірақ, ондай жасырын жүріске елеусіз бүтін киім қалмап еді. Корлаға жетіп, лайықты киім сатып алғанымша жалғыз кастюммен жалаң пұт жүруге болмайды ғой. Киім ала алмай жүрген жалаңаш бауырлармен бірге лаужяу киімін сұраудың ең жапалы, қиын күресін бастауыма тура келді: сау тамтығы қалмаған штандарымыздың ауындағы жыртықтарды ұлғайтып, ныспы жалаңаш жүруге келістік. Адам, ешкі ұрпағынан ұялушы ма еді, Маузыдауян қайдан қайсынымызға кезіксе де байқамаған бейнеде қарсы қарап жүремізден отыра қалуымыз ғана қажет. Ондай отырыста ауы жоқ штаннан шығып ғауреттің өзі-ақ сұрайды киімді. Қаншалық бетсіз болса да «тәрбиешіміз» бірдеме демейме сонда.
Ертелі-кешті жортуылға маса шыққанда одеял жамыламыз. Сөйтіп бір апта жалаңаш жүрдік. Әр жерде отырып, «көзімізді» бәріміз-ақ көрсетіп болдық өзіне. Көз қырымен ғана қарап қойып, жүріп кететін болды. «Тәрбиеші ұстаз» бізге намыссыз деп ұрыса да алмады. Киім берудің сөзінен де дым шығармады. Бір күні кешке жақын жұмыстан қайтып келе жатып, лапас астындла екі-үш гансымен ғана жиын ашып отырғанын көріп түгенделдік те тура тарттық солай қарай. Сарытеке тік түрегеліп бақылдады.
- Қайтыңдар, қайтыңдар, асығыс жиын ашып отырмыз!
- Баугау зыдауян, біздің айтатын арызымыз тіпті асығыс!- деп барып, қарсы алдына тізіле қалдық
- Біз ұяттан адамдар арасында жасай алмайтын халге жеттік!- деп Қапас бастады да,
- Киімімізді беріңіз, бар-жоғымыз мынау ғана болып қалды!- деп Зарықбек ауын желпіп-желпіп қалды. Текесары түсін бұзып шамдана бақылдады.
- Айтқамыз ғой біз сендерге, киім жоқ деген соң, жоқ!...
- Бар!- дедім мен кесе сөйлеп, жүрелей қойдым. - Міне, сайманымыз ашылып қалып, жартысынан көбін маса жеп қойды. Киімін осының өзі-ақ тауып алады, ертең майдан штабына барамыз, айтпай кетті деме!
- Бірдеме қалды ма?- деп зыдауян запхозына күбір ете түсіп, отыра кетті.
- Басқа киім Чаңбуда[7] да қалмады, мен сұрағанмын!- деді зымиян ұры запхоз. Көйлек-штаннан бірнешеуін тауып бермек болған. Қыс жақындап қалды, жаздық киімнің енді қажеті де жоқ. Қыстық киім таратқанда сендерге толық әперелік, қайтыңдар! Майдан басшыларын мына қылықтарыңмен шамдандырып, жазаланып қаласыңдар! Ертең мен-ақ барайын!
Осы сөзді қайталап сарытеке де жұмсара маңыраған соң қайта бердік. Ертеңіне запхоз майдан штабына бармай-ақ Асылбек дазужаңды шақыртып алып, көйлек-штандарымызды жұмыс майданына жіберіп беріпті. Ал, жаздық бешпет-сымға дауымыз онан соң да өтпей қалды. «Көзірлеріміздің» масадан жарақатты болғандығынан ба екен, қаншалық өндіршектесе де арыздарын онан соң өткізе алмады.
Көреген тергеушім, саяси басшыға ондай қорқынышты «көзірлердің» көрінуі, біздің партияға қарсы мылтық шошайтқандығымыздың дәл өзі болып түскен шығар көзіңізге. Кешіре көріңіз, ол немелердің сондағы сол қылмысына басымыздың да, қолымыздың да қатысы жоқ. Өздері шығып, өздері көрінген болатын. Штансыз қалсақ-ақ сөйтіп құтырып кететіндері бар. Бүтін штанмен қазір кім қамдай алмақ оны. Енді тездетіп солардың өздерін жиып алмасаңыз, мұнан соң бізге де, сізге де бейғам өмір жоқ сияқты. Қылмыс қайнарларын құртпай қылмыс арылама бұ дүниеден!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Оранқұтан - адам тәріздес маймылдардың ең ірі, ең жыртқыш түрі.
[2] Көнші - қалашық аты, Лопнор ауданының орталығы.
[3] Мүсәдіра (арабша-ұйғырша) - көнфеске (мүліктің үкімет қазынасына алынуы).
[4] Гамы (ұйғырша) - жер үй.
[5] Қара-қоңырмай - сумай (өсімдік майы).
[6] Тамады (ханзуша) - шешесін... (тілдеу).
[7] Чаңбу (ханзуша) - майдан штабы.