Жұма, 22 Қараша 2024
Айқай 2550 10 пікір 31 Наурыз, 2022 сағат 14:24

Мусин неге мәз болып жүр?..

Күні кеше ғана «Мусин рад переезду IT-специалистов в Казахстан» деген хабар шығыпты. Яғни, ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанға шетелдерден ІТ-мамандардың көшіп келетініне мәз болып, қуанып, есеп беріпті деседі. Бірақ, қай жақтан келетінін айтпапты.

Сонда бұл қайдан көшіп келе жатқан ІТ-мамандар деген сұрақ туады. Әрине, бәрі түсінікті. Ағайын-бауырына соғыс ашып, баса-көктеп кіріп, қырып-жойып жатқан Ресейден бе?.. Жаһандану заманында қым-қуат бүкіл саласы әлемдік санкцияға ұшырап, әсіресе ІТ-технологиясыз абдырап қалғаны белгілі. Енді келіп жылы орын тапқанға ұқсайды.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары шетелдерден көптеген компаниялар мен мамандар Қазақстанға релокация туралы шешім қабылдапты-мыс. Ал релокация деген не? Релокация (ағылшынша - Relocation) – бұл қызметкерлердің іскерлік компаниясының мақсатына қатысты жаңа, жайлы орынға қоныс аударуы. Бір немесе мамандар тобын басқа өңірге немесе елге өздерінің түпкі функцияларын орындауды жалғастыру үшін орын ауыстыру екен. Яғни, бұл біздегі кадрлардың жетіспеушілігіне, аздығына, нақты жұмыс істей алмауын себеп қылып, көмекке келетін тиімді ұйымдастырушы екен. Ал керек болса...

Сонымен, біздің министр қуана отырып, былай депті. «Бізге әлемдік деңгейдегі мамандар мен компанияларды қабылдау тиімді. Оларға біз барынша мүмкіндік бере отырып, өзіміздің отандық мамандар үшін екі үлкен артықшылық береміз. Шетелдік мамандардың тәжірибесі мен білімін бөлісе келіп, қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын көбейте түсеміз», - дейді Бағдат Мусин.

Ол тағы: «Қазіргі кезде ХАБ-та 641 ІТ-компания тіркелген, олардың 70-і шетелдік құрылтайшылармен бірге. Енді жақын шетелден (қай шетелден екенін тағы айтпайды) 468 компания релокация жөнінде кеңес алып жатыр», - депті. Министр сондай-ақ, бұл шетелдік компаниялардың Қазақстанды таңдау себебін былай деп түсіндіреді. «Біздің оларға қойып отырған талабымыздың қатарында: арнайы салық режимі, заманауи құрылым, визалық қолдау және басқа да көптеген мүмкіндіктеріміз оларды ынталандырып отыр.

«Біріншіден, ХАБ-та тіркелген компаниялар салық төлемейді, олар осы жеңілдікті 4 жыл бойы пайдаланады (рахат қой), осы кезде көрші елдер (қай ел?) мұндай мүмкіндіктерді баяғыда жасап қойған екен. Сонымен қатар, біз оларға нарықтық бағадан төмен заманауи инфрақұрылым жасап отырмыз. Үшіншіден, біздің ІТ-ХАБ-та тіркелген компания қызметкерлері үшін визалық және көші-қон процестерін алу тәртібі бойынша жеңілдіктер қарастырылған», - дейді министріміз.

Бұдан басқа, ХАБ алғашқы кезеңде стартаптарға 40 мың долларға дейін қаржы салады, бұл арада ол жобаларды инвестициялау үшін тиімді ізденістер жасап, іс-шаралар ұйымдастырады. Ең қызықтысы, олар өздерінің дамуы үшін 10 миллион долларға дейін қаржы алады екен (кімнен?).

Әлемнің әр түкіпіріндегі менторлардың қатысуымен тегін акселерация курстарына қол жеткізеді екенбіз. TechOrda бағдарламасы бойынша инновациялық ІТ-мектептерде білім аламыз, сондай-ақ, eGOV.kz. порталы арқылы қашықтан заңды тұлғаны тіркеуге болады екен.

Министрлік бұл орайда Қазақстанда релокация және ІТ-бизнес мәселелері бойынша Telegram-чат құрып, тиімді жағдайлар жасапты. «Astana Hub мамандары елімізге келушілер үшін орналасудың және заңды тұлға ашудың тиянақты гайдын дайындады», - деп мәз болады.

Сонымен бұл «не қылған батпан құйрық?». Салық төлемейді, жайлы орындар беріледі, ақысы, жарнасы тамшыдай ғана, тағы қосымша қаржы беріледі, барынша жеңілдіктер жасалған. Мұндай рахат қай елде, қай жерде бар екен? Осы біз ІТ-технологиядан құр қалып жатырмыз ба? Бізде де мамандар өсіп-өніп, оқып-тоқып жатыр емес пе?

Оқығанымыздан түсінгеніміз осы. Сонда шетелдерден жүздеген, мыңдаған (641-ге 468-ді қоссаңыз 1109 компания) компания не істейді, не бітіреді деп ойлайсыздар. Компания саны осыншама болса, ондағы қызметкерлер саны қанша десеңші?.. Оларға жайлы жағдай жасап отырған біздің ЦДИАӨ министрлігінің басқа шешетін мәселелері, жұмысы жоқ па?! Біздің «көңілі кең, қолы жомарт» билік, министрлік цифрлық дамуды осылайша дамытып жатыр ма?..

Ерлан Күзекбай

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303