Ресей ұсынысы: ЕАЭО рубльмен төлеуге көшпек
Қағыс естіген жоқсыз. Еуразиялық одақ өзара сауда-саттықты енді рубльмен жасауы әбден мүмкін. ЕАЭО елдері арасындағы мемлекетаралық есептесулерге енді рубльді де қоспақ. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия мәлімдеді.
«Біз ЕАЭО келісімшартарына өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз. Ол бойынша, мемлекетаралық есептесулерді енді рубльмен де жасауға мүмкін болмақ», - депті ЕЭК мүшесі Андрей Слепнев.
Слепневтің сөзін басқаша түсіндірсек, «енді ЕАЭО елдері өзара сауда-саттық жасағанда рубльмен есептеседі» деген сөз.
Ол өз сөзінде: «Ресейлік рубьлге көшу деген сөз – доллардан бас тарту дегенді білдірмейді. Кім доллармен төлегісі келсе, әрі қарай да төлей береді. Өзара есептесу механизмі жұмыс істеуі үшін балама төлем валютасы ретінде енгізіп отырмыз», - депті.
Әрі қарай: «Біз қазір ұлттық валютадағы есеп айырысулармен өзара саудада валюталық шектеулерді жеңілдету мәселелерін талқылап жатырмыз. Бұл ЕАЭО елдері арасында бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Қазір өз шешімін табатын болса, дәл уақыты», - депті.
Слепневтің айтуынша, қазірдің өзінде ЕАЭО елдері арасындағы сауда-саттықта рубльдің үлесі 76 пайызды құрапты (2021 жылдың есебі бойынша).
Біз елге есім-сойлары етене таныс азаматтардан осы мәселеге қатысты пікір сұраған едік.
Ресейдің байбаламы – «Суға кеткен тал қармайдының» тірлігі
Берік Дүйсембинов, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:
- Жалпы, ЕАЭО дегенде жалғыз сұрақ – салық түсімдерін рубльге ауыстыру мәселесі ғана емес, одақтың өзіне қатысты да сұрақ көп. Қазіргідей, әлемдік падемия мен одан кейінгі экономикалық дағдарыс және геаосаяси ахуалдар ушығып тұрған кезеңде мемлекеттік мүддемізге қатысты сұрақтар өте көп. Бірақ, бұл сұрақтар популистік байбаламға салынбай, мықты сарапшылардың қатысуымен шешілуі керек.
Экономикалық соғыста (қазіргі ахуалды солай атамасқа шара жоқ) еліміздің экономикалық жағдайын алға жылжыту үшін – ЕАЭО мен ЕЭК-те біздің осы саланы жақсы түсінетін ең мықты мамандарымыз отыруы керек. Өйткені, қарап отырсаңыз, қандай шешімдер қабылданса да (ЕАЭО аясында) біздің Қазақстанның мүдделері тысқары қалып жатыр.
ЕАЭО-ға кірген кездегі біздің мақсатымыз қандай еді? Мақсатымыз – бұны үлкен нарыққа айналдыру, Ресей, Беларусь арқылы үлкен Еуропа нарығына шығу болатын. Ал енді қарап отырсаңыз, біздің дүкендеріміздегі тауарлардың жартысынан көбі Ресейдің тауарлары. Оған қоса, қазіргі Украина мен Ресей арасындағы соғыстың, Ресейге салынып жатқан бүкіл санкциялардың салқыны бізге тиюі әбден мүмкін. Сондықтан, Үкіметтің шұғыл міндеті – осы салада, осы бағытта жұмыс істейтін біздің қызметкерлерді, мамандарды күшейту керек. Бұл өте маңызды!
Бізді Құдай осылай қосып қойғаннан кейін, бұдан біз ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Жеті жарым мың шақырым шекарамыз бар. Сондықтан, біз бұдан құтылуға емес, ақылдырақ болуға тиіспіз. Біздің мамандарымыз білімдірек болуы керек. ЕЭК-те, ЕАЭО-да біздің атымыздан бала-шаға емес, аузының дуасы бар, салмақты тұлғалар отыру керек. Сөзін өткізе алатын, керек болса, алдап, арбап, елдің мүддесіне жұмыс істей алатын азаматтар отыруы керек. ЕАЭО-да Қазақстан атынан тек қана статист болып отыру – соғыста ұтылудан да жаман. Шап-шағын мемлекет бола тұра, көрші мемлекетке қараптан-қарап жем болу – үлкен ұтылыс.
Өзіміздің төл валюта – егемендігіміздің белгісі. Сондықтан, ЕАЭО-да ортақ валюта енгізу деген әңгімеге ешқандай бас қатырудың қажеті жоқ. Өйткені, ол мүмкін емес! Ресейдің қазіргі байбаламы - «Суға кеткен тал қармайды» дегеннің көрінісі. Үлкен шикізат мемлекеті бола тұра, Ресейде газ бен мұнайдан, жердің астындағы темір-терсектен басқа өндіретін еш технологиясы жоқ. Сондықтан «ортақ валюта рубль болады» деген былжырақ әңгіме.
Әр нәрсенің бір қайыры бар ғой. Ресейдің Украинамен соғысы, дамыған елдердің Ресейге қарсы санкциялары расымен де, бізге бір мүмкіндік ашар. Сондықтан, дәл осындай кезде елдің мүддесін ойлайтын азаматтар ЕАЭО-ға баруы, Қазақстанның позициясын қорғауы керек.
ЕАЭО-ның мақсаты - бұрынғы Кеңес одағының елдерін өзінің «құшағына алу»
Дос Көшім, саясаткер:
- Рубльге көшу Ресейдің 7-8 жыл бұрын бастаған саясаты ғой. Керек десеңіз жалғыз рубль емес, бір басқарау органы, бір заң шығару органы, бір парламент дегенге дейін көтерді. Жалпы, жеке мемлекеттің өзінің ақшасын күшейту мақсатында өз ақшасына сауда-саттық жүргізуі практикада бар нәрсе. Қазір Ресейдің энергетикалық шикізатын рубльмен сатамыз деуі осыған байланысты. Ең қызығы, экономистер рубльмен сату Қазақстанға сәл-пәл пайдасын береді дейді. Себебі, біздің теңге мен рубль бір-бірімен байланысты.
Бірақ әрине, Ресей үшін Еуразиялық одақтың бірдей ақшаға көшуі бізді тәуелсіздігімізден айырудың нақты бір жолы. Ресей мұны баяғыдан ашықтан-ашық айтып жүр. Кезінде Еуразиялық одақты құрғанда 14 пайызын өзге елдерге беріп, басқасының бәрін өз қолына алғаны белгілі. Бұл біздің тәуелсіздігіміз үшін, геосаясатымыз үшін өте қолайсыз.
Еуразиялық одақ құрғандағы мақсаты сол біреу-ақ, бұрынғы Кеңес одағының елдерін өзінің «құшағына алу». Соның бірі - осы экономикалық жол.
ЕАЭО-дан бас тартпасақ – «Мәскеумен» бірге су түбіне кетеміз!
Арман Шораев, қоғам қайраткері:
- Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ рубль кеңістігін құруы мүмкін емес дүние. Біз теңгемізден айырылсақ, тәуелсіздігімізден айырыламыз. Елдің қамын ойлайтын азаматтар бұған ешқашан жол бермейді.
Жақында Каспий құбыр консорциуымы жабылып қалды. Одан Қазақстан екі айдың ішінде 150 миллиардтай шығын көрді. Бұл қастандықты жасаған Ресей Федерациясы.
Ресей қазір санкцияның құрсауында қалды. Сондықтан біз болашағымызды ойласақ Еуразиялық одақ, Кедендік одақтан шығуымыз керек. Егер бас тартпасақ - Ресейлік әскери кемемен бірге батамыз. Бүкіл әлемнің Ресейге салып отырған санкциясына қосылуымыз керек.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz