Қуанышәлин билік бұл партияны оңайшылықпен тіркей қоймайды деп санайды, бірақ айтылған құжаттарды толықтырып, қайта талаптанатынын айтады.
– Саяси партиялар деп "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы" дегендерді атағанымен, олардың билікпен келісіп жұмыс істейтінін елдің бәрі біледі. Бірақ нақты саяси партия жоқ. Марқұм Серікболсын Әбділдиннің партиясын ірітіп, бөліп бітірді. Сондықтан қазір нағыз оппозициялық партия ауадай қажет. Жағдайымыз белгілі, тіркеле алмаймыз деген күдік те жоқ емес. Бірақ "ҚДТ", "Көше" деген тәуелсіз саяси қозғалыстарды дәлелсіз экстремист деу сияқты заңсыздықтармен күресіп, оны түзетуге қалай қол жеткізуге болады? Олар көшеге шықса, бірден қамалады, – дейді ол.
Қуанышәлин атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше" қозғалыстарын Қазақстан соты экстремистік топ танып, бұл екі қозғалыстың белсенділері қылмыстық қудалауға душар болған. Еуропарламент өз қарарларында бұл екі қозғалысты бейбіт ұйым деп атаған. ҚДТ-ның негізін қалаған – қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов.
Жасарал Қуанышәлин "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы құжаттарын алып келгенімен, оның ұйымдастыру комитеті хаттамасы мен мың адамнан тұратын ынталы топтың қолдары жетпегенін айтады. Ол бірнеше күн ішінде бұл олқылықтарды толтырып, партия құжатын қайта өткізуге талпынамыз дейді.
Суперпрезиденттік билік орнаған Қазақстанда тәуелсіз саяси партия тіркеу қиын саналады. Кейінгі жылдары билік тіркеуге қажет қол санын азайтқанымен, партияны тіркеу әлі де қиын дейді сарапшылар. Мәселен, 2019 жылы саяси белсенділер Жанболат Мамай мен Инга Иманбай бастаған топ "Қазақстанның демократиялық партиясы" дейтін ұйымды тіркеуге өтініш берген, бірақ тіркеуге жауапты әділет министрлігі өтінішті қанағаттандырмаған. Иманбай партия тіркеу туралы өтініш берген соң жергілікті атқарушы биліктен қысым көргенін мәлімдеген.
Әділет министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері 10 бастамашыл топ саяси партия құруға ниет білдірген.
– Үш партия бірінші кезеңнен өтіп, хабарлама алды. Екі партия хабарлама алғанымен ары қарай құжаттарын тапсырған жоқ. Бүгінде төрт партияның құжаттары қаралып жатыр. Олар "Ел тірегі", "Халық дербестігі", "Намыс", "Байтақ". "Халық дербесігі" екінші кезеңге өтті, съезін өткізді. Енді 20 мың адам тізімін өткізуі керек. Қалған партияларда қазір бірінші кезеңнің жұмыстары жүріп жатыр. Оларға тексеру жасағанда өлген адамдар мен басқа партияға мүшелер анықталды. Бұл заңсыздықтарды жойған соң қайта тапсыра алады, – деді әділет министрі Қанат Мусин 18 сәуірдегі брифингте.
16 наурызда парламентте жариялаған жолдауында Қазақстан презиенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдейтінін мәлімдеген. Партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, өңірлердегі өкілдердің саны 200 адам болатынын айтқан. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың саны да ең кемі 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады деген.
Abai.kz