Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3838 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 07:16

Дәурен Қуат. Шалғайы кең шапан жамылған кедендік одақ

Шалғайы кең шапанның кімдікі екенін оқырман жағы бек түсініп отырған шығар деген ойдамыз. Сондықтан «ай бағып, аспан шарламай» айтпағымызға көшейік.

Әлем алпауыттарының ауылына барып жайғасқан орыс миллиардерлерінің бір шоғыры Қазақстанда бизнес «сауып» жүр. Олар кімдер дейсіз ғой. Олар - 15,3 млрд доллары бар Александр Мордашев деген кісі. 13,5 млрд АҚШ долларын алақанында аунатып ұстаған Вагит Алекперов дейтін ағай. 10,8 млрд доллардың буына піскен Андрей Мельниченко дейтұғын бай-патша. Михаил Фридман (13,4 млрд доллардың иесі, арықарай жақшаның ішінде орыс шонжарларының қаражат көлемі сипырмен жазылады). Петр Авен (4,3), Герман Хан (8,5), Алексей Кузьмичев (6,7), Олег Дерипаска (8,8) Александр Несис (3,1) Александр Мамут (2,1) Игорь Алтушкин (1,6) деп келетін ығай мен сығайлардың сәнді-салтанатты шоғыры. Осылардың қай-қайсысы болмасын қазақ жеріндегі қазба байлықтың үстінде, жіліктің майы сорғалаған басын ғана сорып, шалжиып  жатыр. Мысалы, Nordgold компаниясының қожайыны Александр Мордашов бірнеше жерден геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, соның ішінде Жерек тауының етегінен алтын «теріп» жүр. Nordgold компаниясының «керзі етігін» кигендер кезіп өткен кен орындарында  5,24 тонна мыс, 8,2 тонна алтын қорының қоймасы бары анықталыпты. Мордашев Жеректен 2003-тен бері қарай  жыл сайын 1,6 тонна алтын өндіріп бастады.

Шалғайы кең шапанның кімдікі екенін оқырман жағы бек түсініп отырған шығар деген ойдамыз. Сондықтан «ай бағып, аспан шарламай» айтпағымызға көшейік.

Әлем алпауыттарының ауылына барып жайғасқан орыс миллиардерлерінің бір шоғыры Қазақстанда бизнес «сауып» жүр. Олар кімдер дейсіз ғой. Олар - 15,3 млрд доллары бар Александр Мордашев деген кісі. 13,5 млрд АҚШ долларын алақанында аунатып ұстаған Вагит Алекперов дейтін ағай. 10,8 млрд доллардың буына піскен Андрей Мельниченко дейтұғын бай-патша. Михаил Фридман (13,4 млрд доллардың иесі, арықарай жақшаның ішінде орыс шонжарларының қаражат көлемі сипырмен жазылады). Петр Авен (4,3), Герман Хан (8,5), Алексей Кузьмичев (6,7), Олег Дерипаска (8,8) Александр Несис (3,1) Александр Мамут (2,1) Игорь Алтушкин (1,6) деп келетін ығай мен сығайлардың сәнді-салтанатты шоғыры. Осылардың қай-қайсысы болмасын қазақ жеріндегі қазба байлықтың үстінде, жіліктің майы сорғалаған басын ғана сорып, шалжиып  жатыр. Мысалы, Nordgold компаниясының қожайыны Александр Мордашов бірнеше жерден геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, соның ішінде Жерек тауының етегінен алтын «теріп» жүр. Nordgold компаниясының «керзі етігін» кигендер кезіп өткен кен орындарында  5,24 тонна мыс, 8,2 тонна алтын қорының қоймасы бары анықталыпты. Мордашев Жеректен 2003-тен бері қарай  жыл сайын 1,6 тонна алтын өндіріп бастады.

«Лукойлдің» акционері,  әрі  «Лукойлдің» еншілесі  «Лукойл Оверсиз» компаниясының иесі  Алекперов «Торғай-Петролеум» (Құмкөл және Шығыс Құмкөл), «Қарашығанақ», Buzachi Operating Ltd (Солтүстік Бұзаушы), «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС (Әлімбекмола, Қожасай), Жамбай, Оңтүстік Забурын сияқты қара алтынға бай өңірлер мен  қазақстандық кәсіпорындарға басшылық жасап, жылына сыртқа 34,4 миллион баррель мұнай экспорттайды.

Олег Дерипаска Қазақстандағы көмір шаруашылығының көлемді бір пұшпағын ұстады.

Михаил Фридман, Петр Авен, Герман Хан, Алексей Кузьмичев - «Альфа-групп» консорциумның акционерлері.  «Билайн» десе жұрттың бәрі білетін бренді бар  «Вымпелком» компаниясы осы ұжымның меншігі. «Вымпелкомның» еншілесі - «Вымпелком» ЖШС Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының жетекешісі  «Кар-Телге» қарап отыр. Міне, осылай кете береді... Forbes журналының тұрақты кейіпкерлеріне айналған бұл адамдар - Жер  планетасының ең бай тұрғындары, жылдық табысы тек миллиардпен есептелетін әйгілі алпауыттар көшінің басындағы тұлғалар. Көріп отырсыздар, орыс шонжарлары қазақ жерінде аяқты алшаң басып, құлашты қалай сермейін десе де ерікті. Оның үстіне байлықтан басы айналып, балағынан биті төгілген  «Еуразиягрупп», Лакшми Миталлдардың «миллиардттар өнідертін плантациясы» болып тұрған Қазақстанға «берсе қолынан, бермесе жолынан» алып үйренген орыстар неге өңмеңдей ұмтылмасқа, неге ауызды арандай ашып салмасқа? Әрібіріден соң жоғарыда біз аты-жөнін атаған орыстар қазақ жеріндегі ен байлықты бабадан қалған мұра - еншілі дүниесіндей көріп, өзгелерден өлердей қызғанып жүрген болса, оған еш таңданбаймыз. Бірақ осы арада бір ғана «но» бар. Сол «но» қазақтың бұрынғы ноқталы басын орыстың қолына еркін тигізбей тұр. Еркін тигізбейтін себебі - Қазақстан қазір тәуелсіз ел. Путин айтпақшы, «ХХ ғасырдың алапат сұмдығын» пайдаланып бодандықтан бостандыққа жеткен елдің бірі (Путин КСРО-ның күйреуін алапат сұмдыққа - катастрофаға теңеген болатын), БҰҰ-ның мүшесі. Қазақстанның Бірккен Ұлттар Ұйымына мүше екендігін ашу үстінде айқайлап отырып сенат депутаты Ғани Қасымов та есіне түсірді (қараңыз: http://masa.kz/article/view/id/3904 ). Демек, Қазақстанды бұрынғыдай бұлтша төніп келіп, бұлтаққа жібермей «бұтқа қысып алып жату» қате. Әйткенменде әзелгі дәстүрден орыс билігі де, орыс алпауыты да жаңылған жоқ. Ол дәстүр - қазақты көп қиқаңға жеткізбей басудың дәстүрі. Мәселенки, Путин билікке келді де Каспий теңізінің сол жағалауынан қазақ даласына дүрбі салды. Көрді, бәрі орнында екен. Мызғымапты. Енді не тұрыс? Қазақстанға ресми сапарды жиілетіп жіберіп еді, орыс патшасын үш ғасыр толғандырған жайттың бәрі толайым ретін тапты. «Қазақстан дербес мемелекет. Өз мизамы өзінде. Өз нанын өзі тауып жейтін жағдайда. Аш қалса, асырамаймыз. Ауып кетсе, алдынан тоспаймыз. Бірақ, ырқымыздан шығармай, ығымызда ұстаймыз. Қазына байлығын алдымен орыс шонжарларының қолына ұстатып, содан соң Ресей мемлекетінің меншігіне тізе береміз. Бұдан артық не керек?» Осылай қисындауымызға мысал: Василий Анисимов мәселенки,  2010 жылы қазақ уранын Ресейдің мемлекеттік  АРМЗ холдингіне сатып кетті. Былай ғой әңгіме: Анисимов Бәске деген жігіт Ресейден салаң етіп Қазақстанға келе салады да  жердүниенің халқы жұтынып қарап отырған қазақ жеріндегі уранға қожайын болып шыға келеді. Сөйтеді де, оны біраз айналдырып, әуірелеп, қызығын көріп болған соң Ресейдің  мемлекеттік холдингіне сатып кете барады. Ал, «уран қоры есебінен қазақ екінші орында» деп біз жүрміз мында бөркімізге сыймай. Енді миға салып көріңізші: не болды? Уран қайда, қазақ қайда? Айтпақшы, сол уранды «өзіміз өндіреміз, өзіміз өндіре алмасақта орыссыз өндіреміз» деп талаптанған бір қазақ түрмеде жатыр. Мұхтар Жәкішов. Есіңізде ме? Ол байқұсты осы күні іздеп, сұрап қоятын пенде жоқ. Әйтеуір, «ұрлапты» «ішіпті, «жептімен» істі болды да абақтыға қамалды. Сонымен, «қазақ қайда?» дедік-ау. Қазақ - абақтыда. Абақтыда емес, қазақы шапан жамылған отырашылдықтың тар шеңгелінде. Қазақтың бүгінгі де-юре түріндегі Тәуелсіздікті түсіне алмай жүруінің себебі де осында. Қара базарда қап арқалап, бірер қараның (малдың) сүмесіне қараған қазақ былай тұрсын, тоқсаныншы жылдардың басында тәп-тәуір кәсіп бастаған азаматтардың өзі бұл заманда тентіреп кетті. Даниал Ахметовтің үкіметі бір, Кәрім Мәсімовтің үкіметі екі - езгіге сала берген соң сорлылардың алды қашып, арты аузын жауып ауылда жүр. Алматының іргесіндегі шағын бір елдімекенде тауыққа жұмыртқа бастырып, өнімін Мәскеуге дейін апарып сатқан, қазақшамызбен қайырсақ, «жұмыртқадан жүн қырққан» Марғұлан Сейсенбаев сияқты іскерлердің қазір бар-жоғы белгісіз. «Астана-моторс», тағы қайсысы еді Құдай-ау, бәрінің үні өшті. Міне, енді «жығылғанға жұдырық» - кедендік одақ кәріне мінді. Әңгіме бастабындағы орыс байларының қазақ жеріндегі кен орындарын меншіктеуіне оралсақ, кедендік одақ Назарбаевқа да, Путинге де емес, алдымен сол алпауыттарға керек болған сияқты. Өйткені «іскерлер қауымы» қайда барса да өз заңын қалтасына салып барғанды, өз салтымен өмір сүргенді қалайды. Өзгелерді өздері белгілеген тәртіппен өргізуді өздеріне міндет санайды. Ондай мүмкіндікке жету үшін алдымен қабақ бағып, аңыс аңдып көрген абзал: баспасөзбен жұмыс істей білу қажет. Орыс байлары осыны қапысыз ұғып Қазақстандағы орыстілді баспасөзге ауқым тудырумен болды. Астыртын қаржыландырды, барын төкті, аямады. Нәтиже тамаша. Орыстілді баспасөз табандап отырып Қазақстанды Ресейдің шоуларына шомылдырып, көпшілік тұтынатын мәдениеттің еркіне еліктіріп, ұлттық сананы сансыратып, не десең соған ылығатын тұтас тобырға айналдырып бере салды. Қызық қылғанда, осының бәрін көре, біле тұра, қазақ байлары айтысқа автомобиль тарту еткеннен арыға барған емес. Шамасы, қазақтың байшыкештері ұлтты рухани түлететін, ұлтты мұратты, мақсатты жолға бастайтын, ісін ілгері оздыратын «Ұлттық жоба» --  айтыс деп түсінетін болса керек. Өйткені, қазақ баспасөзімен бірігіп, қазақ баспасөзі арқылы қазақ бизнесін қорғайтын, ұлттық-азаматтық қоғам құру идеясына қазақ кәсіпкерлері әлі бас қатыра қойған жоқ. Күндердің күнінде рас, қазақ буржуазиясы да оянар, ұлттың қамын күйіттер, бірақ оған дейін қазақ пен қазақ баспасөзінің есесі әркімге кетіп, сөзі өтпей қорынып қана өмір сүрері анық. Әйтпесе, «орыстан досың болсаны...» қазақтың қақсап айтқанына қай заман, бірақ соны құлаққа ілер пенде кем.

Өткенде мемлекетіміздің басшысы, бүкіл түркі елінің бүгінгі ақсақалы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркияға сапаралап қайтты. Не десекете, осы осман-түркілердің қазақ-түркілерге деген ықыласы түзу, пейілі ерекше. Қазақстан КСРО-ның құрамында егемен ел ретінде енді білініп жатқан тұста Елбасымыз Түркияға барған екен, сол кездесуді көзімен көрген Хасан Оралтай аға «түріктер қазақ басшысын АҚШ Президенті келгендей аса зор құрметпен қарсы алды» деп жазады «Елімайлап өткен өмір» кітабында. Осман-түрктердің сол құрметі - құрмет. Осы жолы да Назарбаевты ағайындық ыстық жүрекпен қарсы алды. Аузына қарады. Айтқанын ықыласпен тыңдады. «Түрк кәсіпкерлері, бірігіңдер!» деп ұран тастап еді, тіпті қандары қызып, қиқулап жібере жаздады. Қазақ статистикалық агенттігі жуырда жария еткен дерекке қарасақ, Нүрекеміздің «түріктер, бірігіңдер» дейтіндей жөні бар екен. Себебі, қазақтың кен орындарын, жылы-жұмсағын орыстар басып қалыпты. Ресми ақпарға көз жүгіртіңіз:

Қазақстанда Ресей елінің 9003 өкілдігі, филиалдары және заңды тұлғалары тіркелген. Қазақстан экономикасындағы шетел мемлекеттерінің ТОП-20 тізімінде екінші орында - Түркия (3899), одан кейін - Қытай (2778), төртінші орында - Өзбекстан (1849), бесінші сатыда - Германия (1236), алтыншы орынға АҚШ тұрақтаған. Бұл елдің мемлекетімізде 1144 кәсіпорны жұмыс істейді. Сондай-ақ тізімде Нидерланды, КИПР, Швейцария, КХДР, Италия сияқты мемлекеттер де бар.

Көрдіңіз бе, мінекей, Қазақстан экономикасындағы шет мемлекеттер көшінің бұйдасы Ресейдің қолында. Сол Ресей әлгі «бұйданы» бұйым көргісі келмейді. «Бұдан басқасын да бер, бере бер» дейді. Назарбаевтың «мәңгілік достық елі» - Ресейден ептеп ренжіп қайтуына осы дасебеп болған шығар. Елбасымыздың қабағаындағы кірбіңді баспасөз бірден аңғарды. Оны біз  Назарбаевтың Түркияға сапары Хабар мен Ұлттық арнадан ерекше екпін тауып хабарланғанынан білдік. Иә, Қазақ Президенті досына өкпелеп қалған қабақпен қайтты. Ең дұрысы ол өкпе-ренішін  «егер сіз былай етсеңіз, біз де былай ете аламыз» деген қадаммен ұқтырып қана қойды. Расында, кешелі бергі Түркия-Сирия жанжалында Сирияны ашық қолдап тұрған Ресейге қыр көрсетіп, Қазақстан басшысының Түркияға баруы, түркі жұртын бірлікке шақыруы ескі достардың жүзшайысып қалғанын сездірсе керек. Бізге жеткен ақпаратқа сүйенсек, Назарбаев пен Путин Байқоңыр ғарыш айлағынан «Бәйтерек» кешенінің құрылысын бірігіп жүргізу мәселесінде тоқайласпайтын тараптар бағытынан табылған. Бұл әңгіменің мәні мен мәнісіне алдағы уақытта оралатын боламыз. Себебі, Назарбаев Түркиядан оралысымен орыс журналистерінің кейбір маңызды сауалдарына жауап беру есебінде Қазақстанның Ресеймен және басқа елдермен барыс-келісі, алыс-берісі баяғы жолынан айнымайтынын қадап айтты. Министр Сауат Мыңбаевтың аузынан шыққан Баку-Жейхан-Тблиси бағытында  Батысқа мұнай айдаудың да әңгімесі әзірге осымен тәмам бола тұратынға ұқсайды. Есесіне РФ Президенті Путин ортақ валюта туралы сөзді қайтадан қоздыруға кірісті. Таяуда Владимир Путин халықаралық «Валдай» пікірталас клубының мүшелерімен кездесіп: «Ортақ экономикалық кеңістіктің аймағына ортақ валюта енгізу үшін Ресейдің, Қазақстанның және Беларуссияның қаржылық әм макроэкономикалық саясатын үндестіру керек» деді. Ресей Думасындағы ТМД істері  мен отандастар комитетінің төрағасы Леонид Слуцкой сияқты саясаткерлер  болса, Еуразиялық парламент кедендік одақтың кеңістігінен түбі бір орын тебетіндігін айтуда. Ал, шалғайы кең шапан жамылған кедендік одаққа мұндай парламенттің сыйып кетеріне біздің күмәніміз қалмай барады.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317