Жұма, 22 Қараша 2024
Бір сауал 4700 0 пікір 27 Сәуір, 2022 сағат 15:07

Қазақ-Қытай байланысы. Кешегісі мен келешегі...

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАҢЫЗЫ

Қазақстан тарихта өзінің орналасқан географиялық орнының ерекшелігімен маңызды болса, Тәуелсіздіктен кейін аймақтағы ірі мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жүйесінен ойып алған орнымен танымал мемлекетке айналды.

Қазақстан Республикасының кең байтақ аумағының Азия мен Еуропаны тұтастандырып жатуы, ондағы жер асты және жер үстіндегі ресурстардың молдығы дамыған мемлекеттерді қатты қызықтыратыны сөзсіз. Өйткені дамыған мемлекеттер тұрақты түрде дами түсу үшін мол энергетикалық ресурстарды қажет етеді. Ал Қазақстан сияқты дамушы немесе жаңадан мемлекет құрушы елдерге ең қажетті нәрсе, ол – инвестиция мен жаңа технология. Міне осындай өзара мұқтаждық Қазақстан Республикасы мен алыс-жақын дамыған елдер арасын тез жақындастырды. Сонымен, Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастық қатынастары алдымен энергетика саласы бойынша  өрістеді.

Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ертерек танып, дипломатиялық қатынасын алдыңғылардың бірі болып орнатқанымен, энергетика саласына кештеу (1997 ж.) келді. Бірақ олар қазіргі таңда Қазақстанның энергетика және басқа өндіріс секторларына инвестиция салуда алдыңғы қатарға өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның аймақтық және жаһандық интеграция жүйесіне енуіне мұрындық болып отыр. Сондықтан, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ынтымақтастық қатынастары – жалпы жаһандық халықаралық қатынастар жүйесінде маңызы орын алады деп санаймыз. Ендеше осы көзқарасымызды пайымдап көрейік.

Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып трансұлттық шикі мұнай құбырын салды, және оны 2009 жылы іске қосты. Бұл Атыраудан Алашанкоуға дейін 2798 шақырым жерге созылған құбырдың жылдық мұнай өткізу қуаты 20 млн тоннаға жоспарланған. Қазірге дейін одан 156 млн тонна шикі мұнай Қытайға ағып өтті. Осы құбырмен Ресейдің шикі мұнайы да Қытайға шығарылуда. Бұл құбыр «Жібек жолындағы бірінші құбыр», - деген атақа ие болды.

Қытай Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан мемлекттерімен ынтымақтасып салған «Қытай – Орталық Азия табиғи газ құбыры» да халықаралық сипат алатын трансұлттық жобалардың бірі. «Қытай – Орталық Азия табиғи газ құбырының» А, В, С – линиялары, Түркменстаннан шығып Өзбекстанды айналып, Қазақстан жерін өрлеп, Қорғас арқылы Қытайға көгілдір отын жеткізіп жатыр. Қазақстанның газы Шымкенттен осы құбырға қосылған.

Аталған мұнай мен газ құбырлары бес бірдей мемлекеттің мүддесін тығыз байланыстырып отырғанын ескерсек, оның негізін қалаған Қытай мен Қазақстан  ынтымақтастық қатынастары екенін түсінеміз. Міне, бұдан  Қазақстан мен Қытай ынтымақтастық қатынастарының халықаралық маңыз алатынын аңғару қиын емес.

2013 жылы қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған алғашқы сапары кезінде Назарбаев университетіне барып «Халықтар достығын нығайтып, көркем болашақты бірге құрайық» деген тақырыпта жасаған баяндамасында, «Жібек жолы экономикалық белдеуін бірге құрайық» деген бастама көтерді. Кейін осы бастаманың негізінде Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» мега жобасы қалыптасты.  Бұл іс жүзінде Қытайдың жаһандық жаңа стратегиялық дипломатиялық саясатының тұғырнамасы болып табылады.

Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасын ең алдымен Қазақстан қолдады. 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатын жариялады.

Бұл жаңа саясатта еліміздің транспорт, өнеркәсіп, энергетика, әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамыту басты орынға қойылды. Сонымен Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты Қытайдың «Бір белдеу -бір жол» жобасымен сәйкес келіп, екі елдің ынтымақтастық байланыстары жоғары деңгейге көтерілді. Содан кейін аталмыш жоба аясында Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы мен берген кредиттерінің көлемі көбейді және өндіріс қуаты саласында ынтымақтастық жобаларының саны арта түсті. Қазіргі таңда елімізде іске асырылып жатқан «51 жоба» немесе «56 жоба» дегендер соның нақты мысалдары.

Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» мега жобасы Қазақстанмен шектелмейді, ол Қытайдың ұзақ мерзімге арналған жаһандық стратегиялық жобасы. Бұл жоба негізінен Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттерге немесе Азия және Африкадағы дамушы елдере арналып жасалғанымен, іс жүзінде халықаралық қауымдастықтар мен дамыған мемлекеттерді де қамтып отыр. Бұлай болуы табиғи еді. Өйткені Қытай өзінің осы жобасы арқылы адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын құрып, әлемге жетекшілік етуді көздеп отырғаны айтпаса да түсінікті.

Сондықтан да ҚХР мен АҚШ арасындағы  қарама-қарсылықтар шиеленісіп барады. АҚШ өзінің жер-жаһандағы жетекшілік орнына Қытайды киліктіргісі келмейді. Ал Қытай болса, өзінің мықты экономикалық қуатына сүйене отырып әлемге «жаңа тәртіп» орнатып, жаһанға жетекшілік етуді АҚШ-пен бөліскісі келеді, тіпті жеке-дара билеу ниеті де жоқ емес. Міне, осындай түбірлі принципті мәселедегі келіспеушіліктер ҚХР мен АҚШ арасында сауда соғысы формасында басталып, қазіргі таңда кең етек жайып идеологиялық құндылықтар арасындағы күреске айналып кетті.

АҚШ жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар негізінде құрылған демократиялық құқықтық жүйенің әлемде салтанат құруын дәріптесе, Қытай тоталитарлық режимнің абзалдығын айтудан жалықпайды. Және оның ұтымдылығын (күш топтап, ұлы іс тындыра алатынын) практикада көрсетіп те қояды. Соның ең жарқын мысалын, «Бір белдеу – бір жол» мега жобасы және оның аясындағы халықаралық логистика желісін құруынан көруге болады.

Қытай өзінің «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асырсын, әлде халықаралық логистика желісін салсын, бәрібір ең алдымен міндетті түрде Қазақстанмен байланысады. Өйткені Қазақстан – Қытайдың батысқа қадам басқанда алдымен табаны тиетін мемлекет. Сондықтан Қытай бірінші кезекте Қазақстанмен жарасымды қарым-қатынаста болуға бек мүдделі.

Қазақстан да Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы беріп отырған тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, өзінің инфрақұрылымын жаңғыртып, индустрия жүйесін дамытып, тұйықталған қатынас-транспорт мәселесін шешуге өте мұқтаж. Сондықтан екі елдің түбірлі ұлттық мүддесі бір жерде тоғысыты да, оларды терең ынтымақтасуға жетеледі.

Адамдар арасында болсын, әлде мемлекеттер арасында болсын, өзара мүдделілік қашан да оларды ынтымақтасуға бастайды. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар осындай ортақ мүдделер негізінде құрылған, халықаралық сипаты қанық қатынастар.

Соның бірі және бірегейі – Қытайдың Ляньюнганнан Қазақстанның «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ портына тартылған трансұлттық Қытай-Еуропа экспрес жүк тасымал дәлізі. Екі елдің бұл жобасы 2017 жылы іске қосылысымен Қазақстанның қатынас-транспорт және халықаралық саудадағы орнын айтарлықтай өзгертті. Өйткені аталмыш Қытай-Еуропа экспрес жүк тасымал темір жол керуені Қазақстанды басып өтіп Еуропаның батысына - Амстердамға жетіп жатқан халықаралық жүйе болып табылады.

Қытай мен Қазақстан бірлесіп салған Қорғас еркін экономикалық ауданы, «Қорғас - Шығыс қақпасы» Құрғақ порты халықаралық сауда және қатынас-тасымалдарына сапалы қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда жалпы Қазақстан мен Қытай шекарасында бес өткізу пункті жыл он екі ай жұмыс жасайды; бес мұнай-газ трансұлттық құбыры өтіп жатыр; бір халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы - «Қорғас - Шығыс қақпасы» еркін экономикалық Құрғақ порт аймағы жұмыс жасап тұр; «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жедел жолымен автокөліктер жүйткіп жүріп жатыр.

Қытай мен Қазақстанның Ляньюнган логистикалық ынтымақтастық базасы – Қазақстанның тікелей Тынық мұхитқа шығатын портына айналды. Мұны Қазақстанның тарихи жетістігі деуге болады. Өйткені ол Қазақстанның тұйықталған ішкі континенттік мемлекет сипатын түбегейлі өзгертті. Мамандардың есептеуінше, Қазақстанның тек транзиттік тасымалдан табатын жылдық кірісі  4 млрд АҚШ долларын құрайды екен.

Демек, Қазақстан – Қытай арасындағы ынтымақтастық қатынастарының халықаралық маңызы айрықша. Қазақстанның халықаралық қатынас-транспорты жағдайының жақсаруы – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Бұған соңғы үш жылды мысалға келтіруге болады.

Соңғы жылдары халықаралық сауданың құлдырауына қарамастан, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда даму динамикасын көрсетті. 2019 жылы екі жақты сауда көлемі 21,9 млрд АҚШ долларына жетіп, оның алдындағы жылынан 10,6% артты. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанға экспорты 12,73 млрд АҚШ доллар болып, өткен жылдан 12,1% өскен; Қазақстанның импорты 9,26 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдан 8,6%-ға көбейген. Екі тарап саудасының оң сальдосы 3,47 млрд АҚШ долларын құрап, оның алдындағы жылдан 22,7% артқан.

2020 жылы Қазақстан мен Қытай COVID-19 індеті келтірген қиындықтарды еңсере отырып сауда даму қарқынын сақтап қалды. Қытай кедендік статистикалық деректері бойынша: 2020 жылдың қаңтарынан желтоқсан айларындағы екі елдің сауда көлемі 21,43 млрд АҚШ долларын құрап, оның алдындағы жылдан 2,6%-ға азайған. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанға экспорты 11,71 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдан 8%-ға төмендеген; Қазақстаннан импорты 9,72 млрд АҚШ доллары болып, алдыңғы жылдан 4,9%-ға өскен. Екі жақты саудада Қытай тараптың оң сальдосы 1,99 млрд АҚШ доллар болып, өткен жылдан 42,7%-ға төмендеген. «Темір керуен» деп аталатын «Қытай-Еуропа пойызы»  он мыңнан астам рейс қатынаған.

2021 жылы Қытай мен Қазақстанның екі жақты сауда көлемі 252,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдан 17,6% өсті. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанға экспорты 13, 98 млрд АҚШ доллары болып, өткен жылдан 19,5% артқан; ал Қазақтаннан импорты 11,27 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдан 15,3 % көбейген. Екі жақты саудада Қытай тарапының оң сальдосы 2,71 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдан 36,2 % өскен.

Жоғарыдағы фактілерден Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық қатынастары тек екі ел үшін ғана емес, халықаралық қауымдастық үшін де аса маңызды екенін көруге болады. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік сипатында айырмашылықтар алшақтау болғанымен, олардың бір-біріне деген мүдделілігі «елуде елу» - қарайлас келеді. Ендеше екі ел қатынастарының даму перспективасы зор және оның халықаралық маңызы да айырықша болып қала бермек. Сондықтан Қазақстан Республикасы өзінің осындай әлеуетін пайдалана отырып, халықаралық қатынастар жүйесінде тіпті де белсенді дипломатиялық қатынастар өрістетуі керек деп санаймыз.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

т.ғ.д., профессор,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329