Сейсенбі, 29 Қазан 2024
2006 0 пікір 11 Сәуір, 2022 сағат 15:36

Дін саласындағы саясат. Қазақстанның қасиетті құндылығы...

Бүгінде Қазақстанның 130 этносты, 18 конфессия өкілін бір шаңырақ астына жинап, ұланғайыр Еуразия аумағында тату-тәтті тіршілік кешіп отырғаны еліміздің әлемдік саясаттағы беделін арттырды. Жаһандық алаңда әр түрлі мемлекеттердің сенімді әріптестісіне айнала білді. Ел басшылары әр түрлі ұлт өкілдеріне қамқорлық танытып, әр түрлі конфессияның ұстанымдарына құрметпен қарап, заң тұрғысынан әділ ережелер бекітті. Қазақстанның мемлекеттік саясаты өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын ең маңызды орынға қойып, адамгершілік қағидаттарын басшылыққа алады.

Ата Заңымыздың 1 бабы I бөлімінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жазылған. Елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге негізделген. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы ынтымақтастық көпірін құру бастамасы осы мақсаттың жүзеге асырылғанын көрсетіп тұр. Қазіргі кездегі еліміздің дін саласындағы саясаты қоғамдағы діни төзімділікті нығайтуды, дінаралық келісімді сақтауды және әр түрлі дінді ұстанған адамдардың арасында ауызбіршілік болуын қамтамасыз етеді. Осы бір жетістігімізді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кіріскен кезінде «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деп бағалаған болатын. Конфессияаралық келісім – Қазақстандықтар үшін өзара түсіністікке үндейтін қасиетті құндылық. Ақылға салсақ, бәріміз бір ғаламның жаратылысымыз. Тіл, дініміз, салт-дәстүріміз бір-бірімізден артық не кем емес. Сондықтан әр түрлі конфессия өкілдерімен ынтымақтастықта өмір сүру саясаттан бұрын қарапайым адамгершілік қағидатына жақын құндылық болып саналады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз екені айтылды. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталықтарының бірі болып табылады. Қазақстандағы қоғамға зиян әкелмейтін діндердің дамуы мен салт-дәстүрлердің жалғасын табуы мемлекеттегі діни сенімнің бостандығын, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімнің өз ретімен жүзеге асып жатқанын дәлелдейді. Бұл мемлекет пен мемлекет басшысының жүйелі саясатын көрсетсе керек. Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі міндеттері ретінде мыналарды атап өтсек болады: Азаматтардың діни сенім бостандығын пайдалануды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара әріптестік орнату; Қазақстан қоғамында конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету; конфессияаралық диалогты ұйымдастыру мен қолдау; діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мен дін саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл міндеттер мемлекеттік органдармен қатар жергілікті атқарушы органдар саясаты негізінде жүзеге асырылып отырады. Елімізде әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өтеді. Бүгінде Қазақстан маңызы зор конфессияаралық орталық болып қалыптасқан. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табады. Сонымен қатар, бұл съезд әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қазіргі заманғы шешімін таппаған әлемдік мәселелерді біріге шешуге бағдарланған мағыналы жиынның қызметін атқарып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын съезге әлемдік қауымдастықтар, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, саяси беделді тұлғалар, сарапшылар оң бағасын берген. Діни көшбасшылар Қазақстанның бастамалары мен стратегиялық жолына аса қызығушылықпен қарап, елімізді төзімділік пен келісімнің территориясы деп атап кеткен. Қазақстан тіуелсіздік алғаннан кейін көп этнос өкілін құшағына сыйдырған толенранттылық пен бейбітшіліктің мысалындай болды. Мемлекетімізде өтіп келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі барысында айтылған нақты әрі мағыналы ұстанымдар әлем елдері тарапынан қолдауға ие болып, сәтті жүзеге асып келді. Бұл ұстанымдардың бір парасы әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, күнде өзгеріп жатқан дүниенің ережесін жоғары адамгершілік пен руханилыққа негіздеуге, рухани нормалар мен өр адамгершілік қағидаттарын сақтау арқылы әлемдік дағдарысқа қарсы тұру сияқты идеялардан тұрады. Бұл басталамар Қазақстанның жаһан жұртшылығының алдындағы мерейін тасытты.

Қазақстан өзге ұлт өкілдерінің ұлттық-мәдени өзгешелігін сақтауға бағытталған стратегиялық бағытты тапжылмай мақсатты түрде ұстануда. Қазақстанда конфессиялардың диалогы елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтайтын, одан әрі жалғастыра түсетін ең негізгі құрал. Толеранттылық пен діни төзімділік – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының негізгі бөлшегі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті дамытуды қолдайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ. Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан байқауға болады. Дін мемлекеттің саяси өміріне араласпайды. Мемлекет те діни қауымдастықтардың тұрмыс-тіршілігіне араласпайды. Бірақ олардың әлеуметтік, салттық, ағартушылық және қоғамдық өмірге терең интеграцияланудың өзге де міндеттерін толыққанды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасайды. Діндердің ішкі өміріне араласпау саясатын ұстана отырып, олардың қызметінің толық  жүзеге асуына ықпалын тигізе отырып, мемлекет олардың арасындағы диалогтың дамуын ынталандырады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде діни институттардың саны көбейді. Тарихи-мәдени ескеркіштер мен мешіттер жаңартылып, қалпына келтірілді. Жаңадан ғибадат ету ғимараттары салына бастады. Қазақстандағы ресми мойындалған мерекелік демалыс күндердің қатарына мұсылмандық «Құрбан айт» мерекесі мен «Христос Рождествосы» православтық мейрамы енгізілді. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының заңы 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі атап көрсетілген. Бұл – қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуымен бірге жасап келе жатқан ислам діні мен соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстан елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православтық христиандықтың Қазақстан халқының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызын білдіреді. Заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни сенімін құрметтеуді танитынын көрсетеді.

Қазақстанның дін саласындағы саясаты – конфессиялар арасындағы келісімнің, діни жағдайдың тұрақтылығының кепілі. Мемлекеттегі бүкіл діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділдік қағидаты мен дінаралық татулық пікірін қалыптастыру мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызы жоғары болып саналады. Елдің дін саласындағы саясаты халық ішіндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара татулыққа негізделген қарым-қатынастың бұзылмауына күш салады.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір