«ЖСН жасаймыз» немесе Отанды сату қаншадан?
Ресейлік азаматтардың Қазақстанға жаппай келіп, ЖСН жасатып жатқаны жаңалық емес. Осы уақытқа дейін Қазақстанға 250 мыңға жуық ресейлік кірген. Бұл төрт ай ішіндегі көрсеткіш.
24 ақпан мен 17 мамыр аралығында Қазақстанда ЖСН жасату ресейліктердің саны 34 960 адамды құрайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 есе көп деген сөз. Ал Украинадан келген 606 адам ЖСН жасатыпты. ЖСН жасату арқылы азаматтар қаржылық операцияларды іске асыруға мүмкіндік алады.
ЖСН болмаса, азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына азаматтық хал актілерін тіркеу, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда банк шоттарын ашу және жүргізу, төлемдерді, аударымдарды жүзеге асыру және т.б. үшін өтініш бере алмайды. Қазақстанда ЖСН алған ресейліктер Visa және MasterCard халықаралық жүйелерінің банк карталарына да өтініш бере алады. Ал бұл халықаралық карталар Ресейде тыйым салынған еді.
Сәуір айының ортасында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі елге келген Ресей азаматтарының артқанын хабарлаған болатын. Ал интернетте өзге ел азаматтарына ЖСН жасату бойынша қызмет көрсететін жандардың саны артқан. Мысалы OLX қосымшасында ЖСН ашып беруге көмектесушілер саны жаңбырдан кейін пайда болған саңырауқұлақша қаптап кетіпті. Олар қызметі үшін 10-50 мың теңге аралығында алады. Оны қадағалап, бақылап жатқан құқық қорғау органдары жоқ сияқты.
ЖСН жасатып, карточка аштыру арқылы ресейліктер санкциялық шектеулерден құтылуға ұмтылуда. Ал Қазақстан соған мүмкіндік беріп отырған ел ретінде Батыстың қаһарына ұшырамасына кім кепіл...
Abai.kz