Ақыл жарыстырып алға басқан замандағы ұстаз тұлғасы
Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», - деген сөзі еріксіз еске оралады. Ал, сол ақылдың - тәрбие мен білімнен келіп туындайтынын ескерсек, ұстаздар қауымын адам болмысының инженері деп бағалауға тура келеді.
Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», - деген сөзі еріксіз еске оралады. Ал, сол ақылдың - тәрбие мен білімнен келіп туындайтынын ескерсек, ұстаздар қауымын адам болмысының инженері деп бағалауға тура келеді.
Мен де өзімнің өсіп-жетілу жолымда көптеген ұстаздардың алдынан өттім. Айтқандарын тыңдап, ұзақ жылдар бойы өзіме қажеттісін бойыма сіңіріп келдім. Содан бері арада көптеген жылдар өтсе де кешегі бет-бейнелері бұрынғыдан да жарқырай түсетін ұстаздарым баршылық. Оларды ойыма алғанда балалық, бозбалалық шақтарымның тәтті де қызықты естеліктері күні кешегідей көз алдыма тізбектеледі. Мұндайда көңілім көтеріліп, өткен шақтың әдемі әсерлерінен марқайып қаламын.
Жүрегіме сыр, көңіліме нұр сыйлаған сондай ұстаздарымның бірі, кезінде өзім оқыған Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының мұғалімі, мемлекеттік жоғары марапаттаулардың иегері, тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс берген апайым Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның тартымды тұлғасы әрдайым жүрегімде жүреді. Өйткені, ұлағатты ұстазымның өміріме өшпестей із қалдырғанын мен бұрыннан-ақ сезініп жүретінмін.
Ол кісінің оқушыларға оқитын дәрістері өте жоғары деңгейде өтетін еді. Оқулықтағы материалдарға қосымша әдебиеттерді молынан пайдаланатын. Шәкірттер де белгілі бір деңгейдегі психологтар емес пе?! Біз де ұстазымызды өзге мұғалімдермен салыстырып, шоқтығы биік Орынша апайымызды ұстаздарымыздың арасындағы көшбасшы деп мойындайтынбыз.
Мен де мұғалима апайымыздың өте талапшыл екендігін бірден түсіндім. Үй тапсырмасын сұрағанда, өткен тақырыпты оқушылардың қаншалықты игергендігін білу үшін бәрімізді орнымыздан тұрғызып, оқушылардың жауаптары бірін-бірі үнемі толықтырып отыруы қажеттігін жиі-жиі айтатын. Сөйтіп, біздің санамызды барынша мол білуге шабыттандырып, ғылым дегеннің түпсіз терең әлем екендігін ұғындыруға ниеттенді. Ол кісі және де оқушының рухани жағынан үздіксіз кемелденуіне көп көңіл бөлді.
Алдыңғы сыныптарда ауыл мектептерінде оқып келгендерге мұндай жоғары талаптардың алғашқы кезде ауыр тиетіні де рас. Соны сезе қоятын сүйікті ұстазымыз сабақ уақтысынан тыс кезде олармен қосымша жұмыс жүргізіп, тез арада қатарға қосылуларына ұйытқы болатын.
Сондай-ақ, Орынша апайымыздың тек өз пәндерін өткізумен ғана шектеліп қалмай, мектеп-интернаттың өміріне де қатты көңіл бөліп, әрдайым қоғамдық жұмыстардың қақ ортасында жүретіндігін бәріміз білетінбіз. Қазақстандағы орта білім беретін оқу орындарының жан-жақты жұмыстарын алға бастыруға байланысты шыққан Үкімет қаулыларының, білім беру саласындағы жоғары мекемелердің нұсқауларының орындалуын жүзеге асыруға аянбай атсалысатын. Ес біліп қалған біздер осының бәрін жүрегімізбен сезініп, болашақта дәл осы жандай қоғамымыздың белсенді мүшесі болуға еліктейтінбіз.
Аяулы да ардақты ұстазымыздың: «Біздер, осындағы ұстаздар ұжымы ұлтымыздың тілін, әдебиетін, тарихын тереңдете оқытып, оны ұлттық тәрбиемен ұштастырып, шәкірттеріміздің дүниетанымын кеңейтуге тырысамыз. Оқушыларымыз да ауылда туып, ана тілінің мәйегін еміп, ұлтымыздың ақыл сөзі мен асыл өсиетін естіп, салт-дәстүріміздің шапағатына шомылып өскендіктен шабыстарына қамшы салдырмайды. Және алған тәрбиелерінің жарқын көрінісі ретіндегі олардың сабақ айтулары, кішіпейілділіктері, жарасымды жүріс-тұрыстары, бәрі-бәрі мұнда келгендердің қызығушылығын туғызады», деп біздерді жігерлендіре айтқан сөздері осы күнге дейін санамызда жаңғыруда.
Сол кездің өзінде-ақ республикадағы маңдайалды орта білім беру ордасына айналған мектеп-интернатымыз шетелден келген қонақтарға үлгі ретінде көрсетілетін. Шуақты шаралардың барлығы оқушылардың бойында жақсы адами қасиеттерді қалыптастыруға, іргетасы берік білім алуларына, Отанының нағыз патриоттары болып өсулеріне мол мүмкіншіліктер жасады. Сол себепті олар бүгінгі таңда билік органдарында, Парламентте, құқық қорғау жүйелерінде, әкімдіктерде, бизнес саласында, өнерде, түрлі телеарналар мен газет-журналдарда беделді қызмет жасап жүр.
Осының бәріне қарап отырып, Орынша апайымыздың біздің бойымызға терең білім нәрін сіңірумен бірге, ой-санамыздың да кеңістігін кеңейткенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, болмысы бөлек нақ осы Орынша апайымыз біздің ішкі жандүниемізде салауатты сілкініс жасады десек, артық айтқандығымыз емес. «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген жүрек жылытар жарқын сөз осындай жасампаз жандарға арналып айтылса керек.
Кейінгі тіршілікте де аяулы ұстазыммен арадағы қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Сол себепті ол кісінің айналасында болып жатқан жақсылықтардан хабардармын. Бүкіл бітім-болмысына қанығып, өз арманының асқар шыңына көтерілген толағай тұлғаның ақ ажарын тереңірек тани түстім.
Кезінде біреуді атуға, біреуді соттауға, біреуді қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысты жүргізілген сұрқия саясаттың салдарынан бастары бәйгеге тігілген ата-аналары репрессияның құрбаны болыпты. Соған сәйкес, сол шаңырақтағы балалар да жастайынан қиыншылықтың ащы дәмін аяусыз татқан екен. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпашылық та өмірлерінде өзінің өшпестей ізін қалдырған. Осындай және басқа да жағдайларға байланысты аяулы ұстазымның жеке басынан кешірген тауқыметке толы тағдырына қанығып, соның бәрін жеңе білген қаршадай ғана қазақ қызының қайсарлығына таң қалдым. Қайғы арқаласа да қайраңда қалмай, қайығының ескегін дүркіреген ағысқа қарсы есіп, сол ағысқа қарсы екпіндете жүзген және өмірдегі ең бір салмақты да жауапты мамандықты меңгеріп, соның ең шырқау шыңына көтеріле білген болмысын бүгінгі күннің батырларының қасиетіне теңедім. Сөйтіп, жасампаз жанға деген құрметім мен сүйіспеншілігім бұрынғыдан әлдеқайда еселене түсті. Ол мен үшін бүкіл қазақ халқының бағына жаратылған біртуар тұлғаға айналып шыға келді.
Кейіннен білгенімдей, ұлағатты ұстазымның шыққан жері өте текті орта екен. Бойындағы таусылмас қуат көзі осынау тектіліктен бастау алған-ау деп топшыладым.
Тізе берсе машақаты мол бейнетті еңбегінің зейнетін көріп отырған Орынша апайдың алған асулары да аз емес екен. Солардың басты-бастысына тоқтала кетсек, аталмыш мектеп-интернатта табаны күректей 57 жыл ұстаздық қызмет атқарған асыл жан республикамыздағы озат ұстаздардың қатарынан құрметті орын алыпты. Табандылыққа толы еңбегі, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін 1968 жылы «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі», 1983 жылы «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атанған. 1965 жылдан бері «Аға мұғалім», «Методист-мұғалім» атанған. Елбасының Жарлығымен 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын иеленіп, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен және көптеген наградалармен марапатталған. Менің ойымша, ең бастысы - ол кісіге деген мыңдаған оқушыларының шексіз алғысы мен халқының берген ақ батасы деп білемін.
Орынша Жолмұратқызының 1978 жылдан бастап республикалық басылымдарда мақалалары жарияланып, теледидардан, Қазақ радиосынан сөйлеген сөздері алтын қорға алынған. 1998 жылы шыққан «Қазақтар» энциклопедиясының 9-томына мақалаларының көрсеткіштері енгізілген. Ол кісі ұстаздық қызметін жазушылықпен жалғастырған адам. Педагогтер өміріне арналған «Ұстаз жүгі қашанда ауыр», «Ұстаз бақыты», «Тағдыр» және өмірбаяндық хикаяларды баяндайтын «Жүрек сыры» кітаптарының авторы. Елбасының жеке қабылдауында болып, өзінің «Ұстаз бақыты» атты кітабын сыйға тартқан.
Аяулы ұстазымның ерекше құрметке ие болуына кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі жоғары лауазымды қызметке дейін көтерілген өмірлік жары Кәкімжан Қазыбаевтың да тигізген септігі мол. Жоғары шендегі лауазым иесі болса да әрдайым өзін қарапайым ұстайтын парасатты жанның шуақты шарапаты алдына келген мыңдаған адамдардың жүрегіне нұр сыйлады. Ол жөнінде халық арасында жақсы естелік, әңгімелер айтылып жүр.
Өзінің өнегелі өмірінде тек ірі басшы ғана емес, сонымен бірге қолтаңбасы жарқыраған журналист, қаламының қарымы кең жазушы және беделді қоғам қайраткері ретінде де танылған Кәкімжан Қазыбаевпен балдай тәтті ғұмыр кешкен Орынша Жолмұратқызы екі ұл мен бір қыздың анасы атанған. Ұлы Нұртас Кәкімжанұлы қай қырынан алсақ та алғырлық танытып, Президенттің Іс басқармасы орталық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары болып, 60-тан аса ғылыми еңбек жазған. «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері-тін. Бір өкініштісі, отандық медицинада озық маман саналатын шарапаты мол жан өмірмен ерте қош айтысты. Екінші ұлы Батыр Кәкімжанұлы да өз ісінің білгірі, белгілі журналист. Қызы Наргүл - кәсіпкер, үлгілі отбасының ұйытқысы.
Орынша Жолмұратқызының ұстаздықтан басқа алған асуы - ол бүгінде ардақты ана және немерелерінің сағынышына сая бола білген аяулы әжесі. Және бір айтқым келетіні, құрметті еңбек демалысына шықса да жаны жай таппайтын апамыз 2012 жылдың 20 қазанында өзі бүкіл саналы ғұмырын арнаған сүйікті қара шаңырағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың 55 жылдық мерейтойына қатысып, тебірене сөз сөйледі. Дәл сол күні мектеп-интернаттың кең ауласында ашылған Абай атамыздың ескерткіші де бір кезде Орынша апайымыздың бастамасымен қолға алынған болатын.
Жуырда ғана Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісін бүкіл қазақстандықтар тыңдады. «Білім беру ісі» дегенде ішкен асын жерге қоятын Орынша Жолмұратқызы да ұлт басшысының бастамаларының орындалуына өзіндік үлесін қосып, өзінің сүйікті қара шаңырағының қазіргі директоры Мұхтар Ботабайұлы Ибраимовпен ой бөлісіп, бойындағы педагогикалық бай тәжірибесін мектептегі оқу, тәрбие ісін одан әрі алға бастыруға бағыштауда. Яғни, мектеп басшысы мен ондағы еңбек ұжымына рухани жетекшілік жасап жүр. Сонысына қарап, біздер, Орынша апайдың осыдан қырық жыл бұрынғы шәкірттері - өз ұстазымызды ұлы адамдардың қатарына қоса сөйлеуді артық көрмейміз.
Өз басым қайда жүрсем де ол кісінің маған деген қамқорлығын, сүйіспеншілігін сезінемін. Орны дара ақылшым ретінде әртүрлі мәселелерге байланысты кеңесіп тұрамын. Әр кездесуіміз санама үлкен әсер етіп, бойыма қуат құяды. Жүздесулердегі әңгімеден кейін терең ойларға кетіп, қалай ол кісінің сенімін ақтап шықсам деген ойлар бойдан кетпейді.
Байқап жүрмін, ұстазым менің өмірімнің, істеген істерімнің барлық жағына мұқият қарап, зор көңіл бөліп жүр. Оқушыларына балаларынан артық көңіл бөліп жүрген мұғаліміңе қалай қайран қалмайсың.
Қанша қармансам да Орынша Жолмұратқызындай дарынды да ардагер ұстазымның алып та заңғар бейнесін толықтай ашу қиынға түсетінін сеземін. Ол қалың-қалың кітаптардың еншісіндегі аманат екендігін де жақсы түсінемін.
Ал, менің бұл шағын мақалада басты айтқым келгені - ұлағатты ұстаз дәрежесінен әлдеқашан асып түсіп, танымал ел анасы деңгейіне жеткен жасампаз жанның бүгінгі күні бір ғасырлық адам ғұмырының сексен деген алтын аралының төрінен орын алып жатқандығы еді. Сол себепті, көңіл қошын келтіретін мерейтойға шәкірт ретіндегі өзіндік үнімді қосып, тағдырыма көк жүзіндегі «Құс жолындай» баянды бағыт-бағдар көрсеткен ардақты апайымның алдағы барлық ашық күндеріне - сыр бермес мықты денсаулық, тоқырау мен қарттыққа мойынұсынбаған сергек іс-әрекеттер тілеймін! Көгершіннің тілеуіндей періште пейілі мен әлі де болса жас ұрпақ тәрбиесіне тигізер шарапатының молдығына қарай - өміріңіз өрге озып, ұстаздық сүйікті ортаңыз бен әулеттік бақытты шаңырағыңыздың шамшырағы бола беріңіз дегім келеді!
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының бастығы, генерал-лейтенант, Еуразия мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
АЛМАТЫ.
"Абай-ақпарат"