Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2340 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 09:13

«Ізімнен ерген шәкірттерім шетінен рухты»

Лондон додасы басталарда біздің бар үмітіміз зілтемірдің қос дөңгелегі мен былғары қолғап киген боксшыларда еді. Себебін тарқатып жату да артық шығар. Серік Сәпиев пен оның командасы, Илья Ильин бастаған толағайлар тобы Қазақ атын талай додада аспандатып үлгерген соң, оларға Олимпиада жүлдесін алдын ала теліп қойдық. Алайда Қазақстан Тұманды Альбионға спорттың 25 түрінен жолдама жеңіп алды емес пе?! Бүгінге дейін жүлдегерлер есімі ел аузынан түскен жоқ. Енді, Лондонда есеміз кеткен тұстарға да, үңілетін кез келген сияқты. Мәселен, таэквондо спорты... Бейжіңдегі қола медаль енді алтынға айналар деген үміт жоққа шықты.  Біз неге Лондонда жүлдесіз қалдық? Бұл туралы таэквондодан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Қырғызбаев «Жас қазаққа» кеңінен әңгімеледі. Бас бапкердің пікіріне сенсек, Лондонға үкі тағып жіберген үш спортшымыз да қарсыластарынан қирай жеңілмеген. Біріне сәттілік жетіспесе, енді біріне төрешінің қате шешімі қолбайлау болыпты...

Жас қазақ: Қайрат аға, Лондон додасында сіздің команда қолаға қол созады деп үміттеніп едік. Жалпы, Олимпиада ойындарына дайындықтарыңыз қалай өтті?

Лондон додасы басталарда біздің бар үмітіміз зілтемірдің қос дөңгелегі мен былғары қолғап киген боксшыларда еді. Себебін тарқатып жату да артық шығар. Серік Сәпиев пен оның командасы, Илья Ильин бастаған толағайлар тобы Қазақ атын талай додада аспандатып үлгерген соң, оларға Олимпиада жүлдесін алдын ала теліп қойдық. Алайда Қазақстан Тұманды Альбионға спорттың 25 түрінен жолдама жеңіп алды емес пе?! Бүгінге дейін жүлдегерлер есімі ел аузынан түскен жоқ. Енді, Лондонда есеміз кеткен тұстарға да, үңілетін кез келген сияқты. Мәселен, таэквондо спорты... Бейжіңдегі қола медаль енді алтынға айналар деген үміт жоққа шықты.  Біз неге Лондонда жүлдесіз қалдық? Бұл туралы таэквондодан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Қырғызбаев «Жас қазаққа» кеңінен әңгімеледі. Бас бапкердің пікіріне сенсек, Лондонға үкі тағып жіберген үш спортшымыз да қарсыластарынан қирай жеңілмеген. Біріне сәттілік жетіспесе, енді біріне төрешінің қате шешімі қолбайлау болыпты...

Жас қазақ: Қайрат аға, Лондон додасында сіздің команда қолаға қол созады деп үміттеніп едік. Жалпы, Олимпиада ойындарына дайындықтарыңыз қалай өтті?
Қайрат Қырғызбаев: Лондон Олимпиадасына дайындығымыз жаман өткен жоқ. Екі мәрте Оңтүстік Кореяда оқу-жаттығу жиындарында болдық. Англияның климатына бейімделу үшін, Нидерланды мемлекетіне де ат ізін салғанбыз. Өкініштісі, Оңтүстік Корея құрамасымен бірлесіп өтуге тиіс жаттығу жиынымыз жүзеге аспай қалды. Таэквондоны жер жүзіне паш етіп, төл спортын әлемдік көшке ілестірген кәрістерден үйренеріміз көп еді. Олимпиада ойындарында төрт салмақ дәрежесі бойынша медаль үлестіріледі. Біз төрт салмақтың үшеуінен жолдама жеңіп алдық. Өзім үш спортшымыздың біреуі медальға ілігеді, - деп жоспарлағанмын. Мен ойлағандай болмады...
Жас қазақ: Олимпиада кезінде таэквондошылар бәсекесін теледидардан көру мүмкін болмады. Осы спорт түрінің шынайы жанкүйерлері ғана ғаламтор арқылы бақылаған шығар. Ал жалпы көрермен кімнің қалай ұтылып, белдесулердің қалай өрбігенінен бейхабар еді. Спортшыларымыздың жекпе-жектерін кеңінен талқылап өтесіз бе?
Қайрат Қырғызбаев:  58 келі салмақта сынға түскен Нұрсұлтан Мамаев, 67 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Гүлнәфис Айтмұхамбетова  және 67 келіден жоғары салмақта сынға түскен Феруза Ергешовалар қарсыласына жеңісті бере салған жоқ. Осыны ұмытпасаңыздар екен. Иә, халықтың есінде чемпиондар ғана қалады. Бірақ біз баптап апарған үш спортшы да қарсыласы үшін оңай олжа болмады. Мысалы, Нұрсұлтан Мамаев пен мысырлық таэквондошы арасындағы  жекпе-жек алты раундқа созылды. Шыны керек, екеуі де бір-бірін аңдып, жарытып соққы дарыта алған жоқ. Таблодағы нөлге өзгерту енгізу мүмкін болмады. Ақыры, ұзаққа созылған тартыста екі Олимпиаданың куәгері атанып, оның бірінен қола медаль жеңіп алған Тамер Баюмидің бағы жанды. Ол ең соңғы сәтте бір ұпай алып, біздің Нұрсұлтанды сан соқтырды. Шыны керек, Нұрсұлтан Мамаевтың тәжірибесі аз. Оның үстіне, климат алмастыру оған жақпады. Өз жерімізде жүргенде оның салмағы әрі кетсе, 60 келіге жететін де, 2 келіні оп-оңай жоқ қылатынбыз. Сенесіз бе, Лондонда Нұрсұлтан 8 (!) келі салмақ қуды. Тіпті жекпе-жекке дайындалуды ұмыта тұрып, артық салмақтан арылуды ойлағанымыз рас. Салмақ қуамын деп бүкіл күшін сарқып алғаны оның жеңілісіне әсер етті... Мұндай сәттерде бізге психолог көмектесуі керек еді. Бірақ біз жақсы психологпен жұмыс істеу туралы әлі біраз армандай тұрамыз...
Жас қазақ:  Гүлнәфис Айтмұхамбетова мен Феруза Ергешованың жолын Словения қыздары кесті. Еуропалықтар ненің есебінен жеңіске жетті? Олардың дене әлеуеттері ірі болатынын білеміз...
Қайрат Қырғызбаев:  Гүлнәфис қарсыласынан 11:14 есебімен жеңілді. Бұл жерде іске төрешілердің де қатысы болғанын айта кету керек. Гүлнәфистің біраз соққысын есепке алмады, біз қарсылық көрсетіп едік, оны да қабылдамай қойды. Төрешілерге ашуланғаны сонша, әр раунд арасындағы үзіліс кезінде қызымыз жылаумен болды. «Ағай, неге ұпайымды бермеді?! Менің соққыларым өтіп жатыр ғой, неге санамайды?!» деп қарсыласымен емес, төрешілермен алысты. Егер төреші аяғыңнан тартып, ұпай бермей жатса, кез келген спортшы ашуға булығады. Ал ашуланып, өз тактикасын жоғалтып алған адам қарсыласы үшін оңай олжа. Қазылар қауымының қарт құрлық өкілдеріне бүйрегі бұрып тұрады. Мұны талай рет байқағанбыз. Ал Феруза Ергешова мен Нусой Райхер арасындағы жекпе-жекті  Лондон Олимпиадасындағы ең тартысты, ең көрнекті өткен кездесуге балар едім. Өйткені, қарсыласының бойы ұзын, дене бітімі ірі болғанына қарамай, Феруза асқан жанкештілікпен айқасты. Ферузаның бір әдеті, үнемі жекпе-жек басталарда жеңіліп жатады да, кейін қуып жетеді. Лондонда да тап солай болды.  Кездесу аяқталған соң Олимпиададағы ең жоғарғы нәтиже - 16:16 есебі тіркеліп, «Алтын ұпай» ойнатылған. Яғни кім бірінші соққы жұмсайды, сол жеңімпаз деп танылады. Әрине, аяқ-қолдары тым ұзын словениялық түртіп қалғанда, ұпай жазылып кетті. Осыдан соң, Ферузаны даянгтан қайтару қиын болды. Төрт жыл тер төгіп, жатпай-тұрмай дайындалған додада бір-ақ ұпаймен жеңілу кімге оңай тисін? Ең шешуші сәтте болмашы соққы жіберіп алғаны үшін қиналған ол жылап, даянгтан кетпей қойғаны жанымызды ауыртты.
Жас қазақ:  Иә, ғаламтордан Ферузаның жеңілісіне қатты қынжылған сәттегі суреттерін жиі кездестірдік. Намыстан жарылып кетердей болып тұрды...
Қайрат Қырғызбаев:  Дұрыс айтасыз. Шәкірттерімнің бойында ұлттық рух жоғары. Бұл тұрғыдан оларды қуаттандыра алдық деп ойлаймын. Нұрсұлтан да, Феруза да, Гүлнәфис те Олимпиадада қазақтың атынан шығып, тұтастай ұлт намысын қорғаудың артар жүгі ауыр екенін шын түсінді. Егер, нокаут немесе нокдаун алып жеңіліп қалса, немесе ұпай айырмашылығы тым жоғары болып ұтылса, әңгіме басқа болар еді. Мен кінәні басқадан іздемеймін. Біз Олимпиадада шамамыз жеткенше шайқастық. Елімізде  дайындалатын базаның, жаттығу залдарының жоқтығына қарамай, Олимпиада лицензиясын жеңіп алдық. Дүбірлі додаға барған соң, кім-кімнің де жүлде алғысы келетін рас. Бұйырмады, күшіміз жетпеді...
Жас қазақ:  Әңгіме арасында психологтар жайын  қозғадыңыз. Ұлттық құрамада психолог мамандардың жетіспейтінін білеміз. Тіпті Олимпиада кезінде де сауатты психологтармен жұмыс істеу мүмкін болмады ма?
Қайрат Қырғызбаев:  Елімізде псиохология саласына бет бұрып жатқандар көп деп естимін. Алайда спорттық психологияда білікті мамандар тапшы. Еуропа елдерінде бұл дұрыс жолға қойылған. Ал бізде... Саусақпен санарлық мамандарды елімізге медаль жаудыратын ауыр атлетика, бокс сынды спорт түрлеріне бөліп береді де, біз көлеңкеде қалып қоямыз.
Жас қазақ:  Сөзіңізге қарасақ, біраз өкпеңіз де бар сықылды. Ауыр атлеттер мен боксшылардан біз үнемі медаль күтеміз, ал таэквондо секілді тағы бірнеше спорт түрінен қандай да бір тосын сый болмаса, жүлденің келмейтіні рас  қой...
Қайрат Қырғызбаев:  Лондон Олимпиадасына дайындалу үшін басшылық бізге жоспардағыдай қаражат бөлді. Біз сол қаржыға сай жұмыс атқардық. Спортшылардың шет мемлекеттерге шығып, дайындық жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік бергені үшін рахмет. Алайда спорт тізгінін ұстағандар назары негізінен жүлде алуға қабілетті спортшыларға ауып тұратынын жасырмау керек. Біз, негізінен, екінші сұрыптағы спорт қатарына жатамыз. Мысалы, Лондонға аттанар алдында Елбасы спортшыларды қабылдап, сәт-сапар тіледі. Ал біз бұл туралы мүлде естіген жоқпыз. Егер, бізді де апарғанда, жас спортшылар өздеріне артылған жауапкерішілік жүгінің жеңіл еместігін, бүкіл халықтың, Президенттің сенім артқанын сезініп қайтар еді. Әрине, Елбасы қабылдауында болғандардың бәрі жүлде біткенді жиып алған жоқ. Бірақ спортшыларға қуат беріп, рухтандыру тұрғысынан бұл жақсы әсер етуші еді. Көп жағдайда таэквондошылар назардан тыс қалады. Олимпиадада медаль алып жатсақ, арқамыздан қағады. Егер  медаль жоқ болса, оның себебін тереңнен іздеуге тырыспайды да...
Жас қазақ: Ауыр атлеттерімізге Енвер Түркелери секілді аузы дуалы маман ақыл айтады. Естуімізше, біздегі таэквондо федерациясының де кореялық кеңесші бар екен...
Қайрат Қырғызбаев: Таэквондо - кәрістердің төл спорты. Сондықтан, бізге бағыт беруге көмектеседі деген ниетпен Охсан Тек деген маманды алдырдық. Ол Олимпиада алтынынан басқаның бәрін алған даңқты спортшы. Бізге қолынан келгенінше жәрдемтесті. Өкініштісі, Олимпиада кезінде екі спортшыны даянгқа алып шығып, төрешілерден ұпайды тартып ала алмады. Қазір әлемнің барлық мемлекеті негізінен кәріс мамандарынан кеңес алуға тырысады. Бұл жерде Кореяның ұстанып отырған саясаты да түзу. Әр елге өз мамандарын жіберіп, төл спортын, төл мәдениетін насихаттауға көңіл бөліп отыр.
Жас қазақ: Қазақ еліне таэквондо туралы түсінікті әкелген Мұстафа Өзтүріктің шәкіртісіз. Бапкерлік ғұмырыңызда ұстазыңыз айтқан ақыл-кеңестер пайдаға асып жатыр ма? Сізді тәртіпке ерекше көңіл бөлетін маман деп естиміз...
Қайрат Қырғызбаев:  Мұстафа Өзтүрік ағамыздың ұлтшылды­ғында шек жоқ еді. Бізді отансүйгіштікке баулыды, ел намысын бәрінен биік қоюға үйретті. Сол секілді, мен де шәкірттеріме ұлтыңның, еліңнің абыройын ойла дегенді көп айтамын. Ал тәртіп барлық жерде керек. Егер тәртіп болмаса, әркім өз басына би болып, білгенін істесе, спортта ешқандай нәтиже көрсетуге болады ма? Әлбетте, жоқ. Мен тәртіпті жеңіске жетудің ең негізгі бөлшегі деп білемін. Әрине, бір жыл бойы үзбей жаттықтыра берген де жарамайды. Арасында балаларды еркіне жіберіп, бой жаздыртып аламыз. Еуропа елдеріндегідей бүгін жаттығу жасағысы келмеген спортшыға: «Әнеки, бассейнге түс немесе жаттығу залына бар» деп нұсқау бере алмаймыз. Өйткені, дайындалатын залдың өзін жалға алып отырмыз.
Жас қазақ: Лондон Олимпиадасы сіздің бапкер ретінде қатысқан тұңғыш додаңыз.  Әлем халқы бір арнаға тоғысып, Қазақ әнұраны жеті мәрте аспандаған күндер туралы не айтасыз?
Қайрат Қырғызбаев:  Біздің спортшылар жарады! Легионері бар, өзіміздің балалар бар, бәрі де Қазақстан атын асқақтату үшін жұмыс істеді. Ризамын! Қазақты «Борат» деп танытқан да тап осы ағылшындардың сайқымазағы емес пе?! Солардың өз жеріндегі додадан алтынды уыстап алғанымыз әділетті болды. Медальдың екі жағы болатыны іспетті, менің де ойымның екі ұшы бар. Әрине, ұйымдастыру тарапынан қандай да бір мін табу қиын. Бірақ Лондон даянгінде менің көңілімнен шықпаған сәттер де кездесті. Мәселен, даянг бапкерлер отыратын жерден мүлде алысқа орналасқан. Яғни спортшылар қойын-қолтық айқасқа барғанда, олардың қимыл-әрекеттерін бақылау мүмкін емес. Не болып жатқаны мүлде көрінбейді. Осының салдарынан, бірнеше күмәнді сәттерде төрешілермен дауласа алмадым.  Бұл - үлкен спорт. Үлкен спорттан сыбағасын алып, Қазақстанның әлем алыптарымен қатар орналасуы қуантты. Биыл жүлдесіз қалса да, алдағы додаларда қазақ таэквондошылары тұғырдан көрінеді. Мен сенемін...
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493