Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3513 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 09:23

Өткенге емес, өзімізге сыншы болайық

Көркем шығармада кейіпкерді кез келген бейнеде көрсете алуың мүмкін. Өйткені, ондай сәтте барлық уақиға жазушы қиялына тәуелді. Бірақ тарихи жәдігерлерге енген, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жыр болып, ұлттың ұлы тұлғалары ретінде қабылданған тарихи есімдерге қиянат жүрмейді. Өйткені олардың аттары халық жадына ойылып жазылып, Алланың шуағына малынып, тарих көшімен бірге алға жылжып, ұлтының намысына, ұрпақтың туына айналып, талай-талай тарихи сананы сындырған ағымдарға, қоғамдық өзгерістерге қарамастан, тарих қатпарларынан менмұндалап, сағын сындыртпай, аңыз-жырларға айналып, халқымен бірге жасап келеді.

Көркем шығармада кейіпкерді кез келген бейнеде көрсете алуың мүмкін. Өйткені, ондай сәтте барлық уақиға жазушы қиялына тәуелді. Бірақ тарихи жәдігерлерге енген, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жыр болып, ұлттың ұлы тұлғалары ретінде қабылданған тарихи есімдерге қиянат жүрмейді. Өйткені олардың аттары халық жадына ойылып жазылып, Алланың шуағына малынып, тарих көшімен бірге алға жылжып, ұлтының намысына, ұрпақтың туына айналып, талай-талай тарихи сананы сындырған ағымдарға, қоғамдық өзгерістерге қарамастан, тарих қатпарларынан менмұндалап, сағын сындыртпай, аңыз-жырларға айналып, халқымен бірге жасап келеді.

Біз өзі қызық халықпыз. Әуелі батырларымызды түгендеп алдық, тамаша шығармалар жаздық. Одан соң бабалардың ең батыры кім еді деп оларды салыстыра бастадық. Ешқандай өркениетті елде мұндай жосықсыз тарихи шендестіруге жол берілмейді. Елі үшін, жері үшін қасықтай қанын төккен батырлардың бәрі де - ұлттың қорғандары. Біреу олардың жеке ерліктерін тарихтан сызып тастай алмайды. Тарих еріккеннің ермегі емес. Тарих ұлттың ұлы мұраттарын баяғыда-ақ екшеп, тасқа қашап, ойға таңба салып, ешқашан ешкім ештеңе істей алмайтындай замана мөрін басып қойған.
Сондай ұлы тарихи тұлғаның бірі - Шапырашты Наурызбай батыр. Ал Шапырашты Наурызбай батыр еңселі ордадан орын алып, ұрпағы ескерткіш қойды. Егемендік, тәуелсіздік шаң басқан архивтерді ақтаруға, Ресей, Қытай жылнамаларын зерттеуге мүмкіндік берді. Ауыз әдебиеті алыптарының еңбектері жарияланды, қолжазба қорлары қайта зерделенді. Осылай батырларымыздың рухына тәу ету құрметіне ие болдық.
Шапырашты Наурызбай батыр - қазақ аңыз-жырларында ғана емес, орыс жазбаларында, орыстың географиялық картасында есімі қалған батыр баба. Жас тарихшы Жантас Рашатов 1848-1851 жылы орыстың әскери картасынан Шапырашты Наурызбай би, Наурызбай қорғаны деген аттардың орыстың әскери картасындағы көшірмесін жариялады (374 қор, 1 тізбе, ҚР-ның Ұлттық мұрағаты. № 2037 іс-қағаз).
... Қазақ-жоңғар соғысының зардаптары орасан болды. Осындай сәтте Абылай хан есімі жасындай жарқ етіп көрінді. Жоңғарлармен соғыс шын мәнінде ұлт-азаттық соғыстың дәл өзі еді. Өйткені, бұл қантөгіс қазақ даласының белгілі бір бөлігін емес, тұтастай бірлігін қамтыды. Қазақтың басы біріккен тұс еді - бұл.
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы болды» деуі осының айғағы болса керек.
...Міне, осындай кезеңде тарих сахнасына ондаған, жүздеген қазақ батырлары шықты. Олар «жанға - жан, қанға - қан» десті. Қазақ даласы өлік сасып жатты. Бірақ егемендіктің бастауы болған бұл күресте мыңдаған ұлдар опат болды. Оның орнына қазақ әйелдері мыңдаған ұл туып, ер жеткізіп, мыңжылдық соғыстың сарбаздарын тәрбиелеп жатты. Сондықтан да қазақ ең алдымен Анаға бас июге тиісті, сондықтан да ұлттың ең қасиетті сөзін де Ана тілі деп атады.
Иә, тарихты сынауға, зерттеуге болады. Бірақ оны даттауға, қаралауға болмайды.
Осы ретте Орынбор экспедициясының жетекшісі И.К.Кирилловтың қатын патша Анна Иоановнаға жолдаған жеделхатқа жүгінелік. Бұл хаттың дерегі Қожамқұл бек Балхидың «Тарих-и Қыпшақи» атты кітабында бар. Оған марқұм жазушы Бақтияр Әбділдәұлы «Шапырашты Наурызбай батыр» кітабында сілтеме жасайды.
«...Қазақ ордасы бірлікте болған кезінде қалалары да, даласы да - бәрі де өздерінің иелігінде еді. Хандар мен сұлтандар соларды бөліп-бөліп алып, өз беттерімен кеткен соң барынан айырылып қалды. Бірлігі бар кезде 100 мың атты әскер шығара алатын қазақтардың үш жүзі жалғыз ханға бағынғанда, соның ғана бұйрығын тыңдағанда жоңғар қалмақтарынан жеңілмейтін еді. Үш жүздің біреуі жоңғарлармен соғысып жатқанда, екінші жүз сырттан қарап отырады. Қазақтар солай бәрінен айырылып отыр».
Иә, сол дәуірдің ең ауыр шындығы - осындай. Орыс әкімшілігі қазақ қоғамындағы алауыздықты дөп басқан. Бірақ дәл сол кезеңде қазақ хандары да, қазақ батырлары да осыны ұғатындай халде емес еді.
Жоңғардың күш жинауы Қытай империясын да алаңдата бастаған болатын. Олар Қалданның көзін жойды, өзіне біраз халқын еншіледі. Қазақ даласы біршама тыншығандай еді. Ал Қытай императоры Сюан Е 1719 жылы Тибетті басып алды. Жоңғар Қоңтайшысының жақтастары жайратылды. Үш жылға созылған соғыста қазақтар жағы бейбіт өмір сүріп, біршама күш жинағандай еді. Бірақ 1722 жылы Қытай патшасы Сюань Е өмірден өтті. Таққа отырған Юнчжен соғысты тоқтатып, Сеуан Рабданмен келісім жасады. Бұл қазаққа тағы да қырғын әкелді. Отыз мыңнан астам әскері бар, зеңбіректермен қаруланған ойрат Шона Лоузан жылан жылы, яғни 1723 жылы қазақ даласына тұтқиылдан қайта соғыс қимылдарын бастады. Ташкент оқ астында қалды, әрі ойраттардың билігіне көшті.
Жарар, мүмкін бұл қазақтың басы қосылмай, ғазиз басы әр теректің, әр бұтаның, әр тастың, қазақтың әр сайында қалған тағдыры туралы таусылмас өксігі болар.
Бірақ қазақтың ауызша тарихы, жылнамасы, аңыз-әңгімелері бар емес пе? Халық тарихы осылай сақталған жоқ па еді?
Әр дәуірдің өз ханы, өз батыры, өз ақыны, өз ақылгөйі болары хақ. Осы орайда кешегі өткен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлармен үзеңгі қағыстырып қатар шыққан Шапырашты Наурызбай туралы айтар сөз көп. Ол жайында «Жетісу» энциклопедиясында: Наурызбай Құтпанбетұлы, Шапырашты Наурызбай (1706-1781) - жоңғарларға қарсы күрескен батыр. Ұлы жүздегі Шапырашты руының Төлеміс тармағынан. Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас деген жерлерде тұрған. Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы - он мың басы. Наурызбайдың бүкіл өмірі жоңғарларға қарсы соғыспен өткен. Жоңғарлармен соғыста оның Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген үш бауыры бірдей қаза табады. Наурызбайдың 1729 жылы жоңғар нояндары Шамалхан мен Қаскеленді жекпе-жекте өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тараған. 1750-52 жылы ол Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге жоңғарларды Тұрфаннан асыра қуып, талқандаған, көп қазақты тұтқыннан босатқан. Наурызбайдың Оңтағар, Жақсылық, Кашке деген балаларынан тараған ұрпақ XX ғасырдың 30-жылдары үш жүз түтінге жеткен. Олар - Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле және Еңбекшіқазақ аудандарын мекендейді (Жетісу. «Арыс» баспасы, Алматы, 2004, 475-бет).
Ал Наурызбай жайында жазылған деректер, аңыз әңгімелер, жырлар баршылық. Солардың ішінде бізге аса құндысы атақты Бұқар жырау Қалқаман ұлының Абылай ханның айтулы батырлары туралы толғауы болса керек-ті.
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлшабек
Тігеден шыққан Естерек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай қасында,
Бақ, дәулеті басында,
Секербай мен Шүйкебай,
Тансық қожа, Мамыт бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бәти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты,
- дегенінен біз Абылай хан бабамыздың қасында бүкіл қазақ даласының барлық өңірінен келген жаужүрек батырлардың болғанын көреміз.
Бұқар жырау - қазақ үшін тірі тарих, сөзі тарихи жәдігер. Ол қазақтың ел басқару ісіндегі ханға сөз айта алатын, керек жерінде кеңес бере алатын ақылман да, бұған ешкімнің таласы болмаса керек-ті.
Қалдан ханды қашырып,
Шеп салған жерін бұздырып,
Ұрысты қатты
қыздырып,
Қасым ханның
шешесін
Хан Абылай
алған-ды.
Өйткені, Бұқар жырау - қиянаттың адамы емес, ардың адамы еді. Ол қаһарлы ханға да, қарапайым халыққа да бірдей әділ болып, есімі аңызға айналған жырау.
Бұқардың бүкіл өлең, толғау, аңыз-әңгімелерінің шып-шырғасын шығармай жинап, хаттап халыққа жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бұқар - Қаржас, алтын торы Қалқаман батырдың баласы. Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай ханның алдында жыр толғаған.
Өз заманындағы жандар бұл кісіні «Көмекей әулие» деседі екен. Бір сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, еңсегей бойлы ер Есімге де жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де татымайсың», - деген екен (ҚР ОҒК П-1177).
Бұқар жыраудың кім екенін осы бір үзіндіден-ақ толық білуге болады. Ол Абылай ханды үнемі мақтап-марапаттап отырмаған, ретті жерінде шағып та сөйлеген, қара қазақтың тағдырынан безбеген. Бос сөзді де езбеген. Жоғарыдағы мысалдар - осының дәлелі.
Өзінен бұрынғы өткен ақын-жыраулардың жолын қуып, айтыста алдына жан салмай, қаншама өлең, толғау, дастан, жырларды жатқа соққан Жамбыл ақын:
Қаракерей Қабанбай
Қанжығалы Бөгенбай
Шапырашты Наурызбай
Соларға кезек бермеген.
Ұлы жүздің ішінде
Ұраным менің - Қарасай.
Қарасайдың ұлымын,
Айтулының бірімін.
Нар кілемнің түгімін,
Қызыл тілін безеген,
Найзасын тасқа егеген.
Алды-артыңды буамын,
Сені асырмай кезеңнен - десе, бұл үзінді 1909 жылы Жамбыл мен Шашубайдың айтысынан алынды. Тарихи шындық, тарихи таным осылай айтылған, осылай қалыптасқан.
Жамбыл ақынның ізін ала шығып, жасынан өнер қуып, өлеңнің жолына түскен Шәді Жәңгірұлы «Тарихат» атты дастанын жазған. Сонда мынадай жолдар бар:
Бар еді неше қилы батырлары,
Майданға бет-бетімен кірді бәрі.
Әлеке, Алтынсандық деп айтылған,
Әлібек, Найман Төлек ерлік қылған.
Шапырашты Наурызбай, Табын Серке,
Қаракерей Қабанбай өңкей қыран.
Жаппастан Өтетілеу, Есет-Тама,
Бөгенбай Қанжығалы, Қантай және
Тарақты Көбек, уақ Сары, Баян,
Қоңыраттан Бәйтелі мен Жаманқара.
Алшыннан Абай, Арғын Олжай балуан,
Жалайыр Жәтен батыр, Қыпшақ Шорман.
Осындай батырлар бар мағұлымданған.
(Абылай хан. «Тарихат», Жазушы, 1993, 132-б.).
Халқымыздың арғы-бергі тарихын жақсы білетін үш ақынының өлеңінен әуелі мысал келтіріп отырмын. Жоғарыдағы аталған майталман ақындар - Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырларды халқын қорғаған ер деп таниды, жалаң қылыштай жарқылдаған қажыр-жігерін биіктетіп дәріптейді. Өйткені, бұл үшеуін Абылай ханның ту ұстаған бас батыры ретінде өз ел-жұрты сенім артып, алақанына салып аялағаны тарихымыздан белгілі.
Халқымыздың кешегі тарихын, батырлар мен бағландарын, ел басқарған көсемдерін, сөз бастаған шешендерін зерделеген Қазыбек бек Тауасарыұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында да, бұл үш ноян туралы небір деректер бар.
Иә, Шапырашты Наурызбай Абылай ханның бас батыры дедік. Кемеңгер ханымыз туралы ғалымдарымыздың сөзіне құлақ түрсек, орыстың атақты ғұламасы академик В.В.Бартольд: «ХVІІІ ғасырдағы ең күшті Орта жүздің ханы Абылай болды» деп жазған (В.В.Бартольд. История турецко-монгольских народов. М. 1968, 5 т.). Ш.Уәлиханов қазақ-қалмақ соғыстары кезеңіне терең талдау жасай келіп: «Абылай ғасыры - қазақ ерлігінің ғасыры еді» дегені де мәлім. Мұндай бағаға бүгінгі тарихшылар да толығымен қосылып, өз тарапынан жаңа зерттеулер жасап келе жатқаны белгілі. Мәселен, академик Р.Сүлейменов пен В.А.Моисеев «ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихынан» (1988) деген монографиясында Абылай өмірінің кезең-кезеңіне ғылыми сипаттама берген. Қазақ елін халықаралық көлемде мойындатқан, өзі дүниеден қайтқанша жұртының ынтымағын сақтай білген, екі алып империя: Қытай мен Ресей тарапынан қазақ ханы деп ресми танылған, Орта Азияның да бірталай қалаларына билігі жүрген Абылайдың халық жадында ерекше туған киелі жан болып қалыптасуы тарихи шындық. Әсіресе, ғасырларға созылған үздік-создық соғыстардың тиылуы, қазақ қосындарының жерімізді жаулардан азат етіп, еркін, тыныштық заман орнауы елдің көптен күткен аңсары болса, соған Абылай сынды кемеңгер ханның басшылығымен жеткенін халық қапысыз таныған. Абылай хандық құрған дәуірдің ел ұғымында «Алтын ғасыр» секілденіп көрінуіне дәлел жеткілікті» (Абылай хан. Алматы, Жазушы. 1993. 5-бет).
Қаракерей Қабанбай қазақ ерлігінің ғасыры болған Абылай заманында дарабоз батыр атанып, Шапырашты Наурызбай Абылайдың бас батыры атанғаны тарихқа сиымды. Алматы облысының Жамбыл ауданында «Бас батыр» деген жер атауы әлі де бар.
Тарихты емес, өзімізді түзейік!

Уәлихан ҚАЛИЖАН,
филология ғылымдарының докторы,
еңбек сіңірген қайраткер 

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502