Лавров: «Бар болмысымыз осы. Біз ұялмаймыз»
Ресейдің тәуелсіз Украина еліне басып кіріп, соғыс жүргізіп жатқанына 114 күн болды. Ресей әскері елді мекендерді күштеп басып алуға тырысуда. Украина қарулы күштері өліспей беріспейміз деп, табандылықпен мемлекетін қорғап жатыр.
БҰҰ-ның мәліметі бойынша, соғыс басталған күннен бері 4481 бейбіт адам қаза болып, 5565 адам жараланған. Қаза тапқандар ішінде 2611 адам Луганск мен Донецк облыстарының тұрғындары екен.
Ұлыбритания қорғаныс штабының басшысы Энтони Радакиннің айтуынша, Ресей Украинадағы соғыста стратегиялық жағынан жеңілді. «Көрші елге басып кіру - Ресейдің ең үлкен қателігі болды», -дейді ол. Дегенмен Радакин алдағы аптада Ресейдің тактикалық жеңіске жететінін жоққа шығармады.
«Ресей алақандай аумақты жаулап алу үшін қарулы күштерінің төртен бірін құрбан етті. Ресей техникасы ескі, күніне екі, үш не бес километр ғана алға жылжиды. Ресей жеңіліске ұшырайды. Ұлыбритания Киевті алдағы уақытта да қару-жарақпен қамтамасыз етуін тоқтатпайды», - деді Ұлыбритания қорғаныс штабының басшысы.
Күні кеше Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Марио Драги және Румыния президенті Клаус Йоханнис Киевтің жанындағы Ирпень қаласына барды. Сапар барысында оларға Украинаның қауымдастықтар мен аумақтарды дамыту министрі Алексей Чернышев еріп жүрді.
Ресей әскерлері Ирпеннен кеткеннен кейін, онда 300-ге жуық бейбіт тұрғынның мәйіті табылған. Украинаның жайын өз көзімен көрген Румыния президенті Клаус Йоханнис өзінің твиттер парақшасында: «Ресейдің заңсыз агрессиясын тоқтату керек», - деп жазды.
Германия канцлері Олаф Шольц: «Мәскеуді Украинаның аумағын басып алам деген пиғылынан айныту керек», - деді. Ол Ресейге қарсы санкциялар Мәскеу Украинамен әділетті келісімге келгенше жалғасатынын айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Германия, Франция, Италия және Румыния елдері басшыларының Киевке сапарын «Тарихи күн» деп атады. Оларға Украинаның Еуропалық Одаққа кіру туралы өтінішін қолдағаны үшін алғыс айтты және Украинаға көбірек қару-жарақ беруін сұрады.
Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба: «Германия канцлері Олаф Шольцке елдің жағдайы қатты әсер етіп, ол Еуропалық Кеңесте Украинаның Еуропалық Одаққа кіруін қолдайтынын білдірді», -деді. Кулеба Украинаның Еуропалық Одаққа қазіргі күні толық мүшелікке өте алмайтынын біледі. Бірақ «Еуропа елдерінің Украина-Еуропалық ел», - деп мойындағаны керек дейді министр.
Ал, Мәскеу жақтан Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров BBC-ге сұхбат беріп, «Біз Украинаға басып кірген жоқпыз», депті.
Лавровтың айтуынша, Батыс Украинаны НАТО-ға тартып, қылмыстық іске барды. Ал, Ресей Батыстың бұл қателігін басқаша түсіндіру жолын таппай, «арнайы операцияны» бастаған.
«Чернигов облысының Ягодное ауылында Ресей әскери күштері 28 күн бойы 360 адамды, оның ішінде 74 баланы және 5 мүгедек адамды мектеп жертөлесінде ұстады. Дәретхана жоқ, су жоқ. 10 қария қайтыс болды. Бұл нацизмге қарсы күрес пе?» - деген журналистің сұрағына Лавров: «Халықаралық шенеуніктер Батыстың қысымына ұшыраған соң, көбінесе «жалған» жаңалықтарды таратады», - деп жауап берді.
Сонда Ресей «сүттен ақ, судан таза ма?» - деген сұраққа Ресейлік министр: «Ресей сүттен ақ судан таза емес. Ресейдің бар болмысы осы. Біз өзіміздің қандай екенімізді көрсетуден ұялмаймыз», - деді.
Ал, ДХР-ғы өлім жазасына кесілген британдықтар туралы Лавров: «Олар – тыңшылар, олардың тағдырын банан мемлекетінің соты шешеді», - деді.
Abai.kz