Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 13002 35 пікір 7 Шілде, 2022 сағат 15:03

Ресейге айтарымыз: "Насильно мил не будешь"

Ресей билігі өзінің одақтастарына қысымды арттырды. Осылайша өз серіктестері мен одақтастарын қыспаққа алып, өз дегеніне көндіру саясатын ұстануды көздейді. Алайда орысша айтқанда "насильно мил не будешь" сөзінің мағынасын Ресейдің өзі түсінбейді, не ұстанбайды. 

Ресей өзіне қарсы бағытталған әлемдік саясаттың КСРО-ға бағытталған саясатқа ұқсас екенін біле тұра, КСРО жолын ұстануды жалғастыруда. Алайда ол КСРО-ның сол жол арқылы құлап, ыдырап кеткенін қаперге алар емес. Әлем Ресейді агрессор, өркениеттен артта қалған мемлекет және демократиялық құндылықтарға қарсы келуші санайды. Оны Украинадан әскерін шығарып, келіссөзге отыруға шақыруда. Алайда қырсық Кремль мен қыңыр Путин оған көнер емес. "Келіссөзге отыру жеңіліспен тең, оны менің халқым түсінбейді" дейді Ресейден келген саяси сигналдар. Халқы түсінбесе де, Мәскеу бұл санкциялық текетірестің соңы, қырғи-қабақ соғыстың финиші жеңіліс һәм тоқырау екенін түсінеді. Бірақ...Бірақ өркениетті әлем шарттарына көнбек емес.

Енді міне, Ресей өз одақтастарын қысымға алуды күшейтті. Қазақстанды қыспаққа алып, дегенін істетпек. Қазақ мұнайының Еуропа нарығына тасымалдайтын басты құбырды сот шешімімен, анығы Кремль үкімімен жауып тастап, үнсіз отыр. Қазақстан өзі келіп, шарттасады дейді. Себебі мұнай бюджеттің басты бөлігін құрайды, сондықтан амалы жоқ деген ойда.

Алайда Қазақстан басқа жолдарды іздеуде. Ресей аумағы арқылы шикізатты жеткізуді тоқтатпау, Мәскеудің қалаған уақытында жасайтын қысым рычагы аясында қала беру деген сөз. Бүгін Тоқаев шенді-шекпендінің біразын жинап, жаңа логистикалық бағыттарды іздеу керектігін айтты. Транскаспий арқылы жаңа бағыт ашу, сол арқылы жеткізу жолдарын іздеуді негіздеді. Нақтылап айтқанда президент былай деді:

"Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін. Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет".

Бұл дегеніміз Қазақстан Иран мен Әзербайжан арқылы жеткізу жолдарын іздейді деген сөз. Иран арқылы Парсы шығанағына, ал Әзербайжан арқылы Грузияға шығып, Грузия арқылы Қара теңізді кесіп өтіп, Еуропаға бағыт алуға болады. Бұл бағыттардың барлығы да Ресей аумағын айналып өтеді. Мәскеудің қабағы қатулы. Арандатушылар аузын ашуды бастап та кетті. Мысалы Тигран Кеосаян деген арандатушы "Қазақстан деген одақтасымыз біздің аумақты айналып өтпек" деп ойбайға басуда.

Қазақстан порт пен су жолынан бөлек, құрлық жолын дамытуды да ойластыруда. Автожол және теміржолды дамытуға ден қоймақ. Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу бойынша нақты тапсырма берілді. Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен автожолдарын жөндеу маңызды екені айтылды.

Қазақстан осылайша балама жолдарды іздеп жатыр. Жаңа бағытты іздеуге мәжбүр еткен Ресей іспетті "одақтасымыз". Қорқыту достықты күшейтпейтінін, қысым көрсету әріптестікті нығайтпайтынын Кремль қасында қарайған бір көршісі де қалмаған сәтте бірақ түсінеді-ау...

Ка Мырза

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394