Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4614 4 пікір 19 Шілде, 2022 сағат 14:51

Шәкәрім шыққан әлемдік шың

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 164 жыл

(кемеңгер жетілуінің саты-сатылары жайында)


«Нәпсіні құрбан қылып бауыздасақ,
Аллаға сонда жетер қылған арыз»
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Мәңгілік проблемаларды алдыға қойып, жауабын іздеген ойшылдар аз емес. Бірақ олардың арасында сол түпкі ақиқатты тапқан, бүкіл адамзатқа ортақ жолды көрсеткен ғұламалар санаулы ғана. Өйткені, Тәңірінің хикметін сезу, жаратылыс сырын танып білу Эверест шыңын бағындыру сияқты сирек құбылыс. «Хақиқатты дәл көруге жан көретін көз керек» (Шәкәрім). Сондықтан әлемге бас көзімен емес, көкірек көзімен үңілген сирек жандар ғана «әлем ойының алыбы», «кемеңгер ойшыл» немесе «данышпан философ» делінеді. Дала данасы Шәкәрім осы айтылған ой  алыптары қатарынан. Мұны өзі де жақсы білгендіктен:

Бас көзімен сенделуге,
Бізге рұқсат жоқ, шырақ! –

дейді («Біз» дегені – әулиелер дегені).

Жұмыр басты пенденің бағындыратын ең биік шыңы – әулиелік. Сол рух биігіне әр кемеңгер өз соқпағымен шығады. Өйткені, хақиқат жалғыз, ал оған жету жолдары көп. Бәрі де «бек шетін, бек нәзік жол» (Абай).

Сонымен, Шәкәрімнің өзіндік соқпағы қайсы? Бұл ретте қырық жасқа дейінгі өрісі ислам діні болғаны, хақиқатты дін аясынан іздегені белгі береді.

«ХІХ ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған,  – деп жазады Т.Әлімқұлов. – Оңтүстік Сырда Мәйкөт, Молда Медеу, Базар жырау, Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді-төре, Мәнсұр, Санбай, Өтебақ, Садуақас, Айтбай, Құлыншақ, Ақберді, Ораз Молда, Омар Шораяқов сияқты хисса шығарып, жыр жазған ақындар бар-ды» (Жұмбақ жан. – Алматы, 1993. – 97 б.). Осы аталған он алты ақын да діни тақырыпқа қисса шығарғандар.

Ертіс өңіріндегі Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатайұлы, Ақылбек Сабалұлы, Мәшһүр Жүсіп сынды көрнекті ақындар да  мұсылман ғұламаларының жазғандарын көп оқыған, дін ислам қағидаларына қанық һәм көптеген діни қиссалардың авторы. Бір сөзбен айтқанда, 1880 жылдардан бастап қазақ поэзиясында ағартушылық діни бағытпен астасып жатты.

Міне, жігіт Шәкәрімнің бұл бағытты құлай қолдағаны, жаңа айтқан діншіл ақындар тобынан табылғаны талассыз (жеңгелерінің «молда жігіт» деп ат қоюы да көп жайды аңғартса керек). «Абай жолы» эпопеясының «Қастықта» тарауынан (ХІХ ғасырдың соңында Тобықты ішінде өткен оқиғалар арқау етілген) мына бір мәліметті келтіре кетейік: «Семейдің мешіт-медресесіндегі қазірет-халфелермен кездескенде, Шұбар өзінің мұсылманша көп оқығанын және мұсылман ғұламаларының кітаптарынан қол үзбей жүретін молдалығын да іске жаратады». Көрдіңіз бе, Мұхаң Шұбардың, яки Шәкерімнің мұсылман іліміне жетіктігін һәм молдалық қырын оқырманға жеткізіп отыр. Сынап-мұқаған сияқты, шындығында іш тарта айтқан.

Дін жолының анық-қанығын білуге құмартқан Шәкәрім:

Не сыр бар дін деген жолда,
Кітап, тәпсір, қожа, молда… –

деп өзі айтқандай, көп ізденген. Бірақ діннің шын негізін, сол сияқты өзін алаң қылған жаралыс сырларының жауабын таба алды ма? Ақынның өзіне жүгінсек, көп кейінде 1924 жылы жазған «Тура жолда қайғы тұрмас» өлеңінде былай деп ағынан жарылады:

Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап, сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, Құдай жоқ дер тұра-ақ.
Таза діннің шын негізін,
Ұстаған бір бенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.

Сонымен, бас көзімен танылған танымдар Шәкәрімді қанағаттандыра алмаған. Діншілдер «анық нұры осы, тура жол бізде ғана» десе, ал пәншілдер керісінше «Жан, Құдай жоқ» деп сандалды («пәншілер» дегені – «әлем өз-өзінен дамып, жетілуде» деп адасқан атеист ғалымдар).

Діни һәм ғылыми догмат құрсауынан өз бетінше босанып шығу қиын, әсте. Жас ақынның жолы болды, алдында Абайдай ағасы тұрды. Гәп сонда, 1895 жылғы «Лай суға май бітпес...» деген өлеңінен беріде Абай өз шығармашылығының ішкі мазмұны мен табиғатын түбегейлі өзгертті. Өлеңдегі:

Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкан,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?, –

делінген қос сұрақтың жауабын іздеу ұлы ақынның мұратына айналды. Күш-жігерін осы жолға сарқа жұмсап, хакімдік биікке басқыштады. Рухани шыңға беттеген Абай талапты шәкірттерін де жетегіне алды. Оларға иманның тазалығын ұқтырды һәм догмаларға күдікпен қарау дағдысын екті.

Сөйтіп, ізденгіш Шәкәрімнің жетілуінің жедел жолын тапқаны – ұстазы Абайдың даналығының арқасы. 1898 жылы жасы қырыққа толған еді. Елеулі белестен асқанын ақынның өзі «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы иманым», «Қырықтан соңғы қырымды, Сынамақ болсаң түрімді» және т.б. әлденеше өлең-жырларында қадап айтады.

Енді басты мәселемізге көшейік. Ислам ілімінде адамның кемелденуін төрт кезеңге бөледі. Олар: шариғат (білім жинау кезеңі), тарихат (нәпсіні ауыздықтаған тақуалық), мағрифат (Алланы тану) және хақиқат (Аллаға жету).  Таң қаларлығы, аталған төрт саты Шәкәрімнің қырықтан соңғы өмірі жолынан ап-айқын белгі береді.

«Мұтылғанның өмірі» деген өмірбаяндық жырында ақын былай дейді:

Жас қырыққа кірген соң,
Бір ой түсті жаңадан.
Қылығын сынап білген соң,
Дедім қазақ неткен жан?

Қазақтың мінін айтып, қылығын сынаған жырлары «Қазақ айнасы» жинағына топталған еді (бұл жинақ 1912 жылы Семей қаласында жаңа ашылған «Жәрдем» баспасында жарық көрді). Бұл кездегі поэзиясында адамгершілік идеясы, надандықты түйреп, адал еңбек пен ғылым-білім жолына шақыру көктей өтеді. Осылайша Шәкәрім өзінің Абайдың ізбасары екенін паш етті. Сол сияқты ойшылдың Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдидизмнің үні болған «Тәржіман» газетін жаздыртып алып, оның тұрақты оқырманы болғанын айта кету орынды. Оған мынадай сөзі куә: «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп пайдаландым». Сөз болып отырған кезеңде Шәкәрім орыс тілін үйреніп, орыс және батыс әдебиетін жіті меңгерген болатын. Сүйіп оқыған авторының бірі орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой еді. Толстой өмірінің соңын ойшыл ретінде танымал болып, православ дін басылары тарапынан қудалауға ұшыраған еді. Шәкәрім оның осы ойшылдық еңбектерін жоғары бағалап былай деп жазады:

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Мұхтар Әуезов: «Абай шәкірттері өз ұстазына әр алуан жақтарынан еліктеді» дейді. Бас шәкірті Шәкәрім 1902-1903 жж. тәржімә ісіне кірісіп, Пушкиннің «Дубровский» романын қазақша өлеңмен сөйлетеді. Осы жылы Орыс география қоғамының Семей қаласындағы бөлімшесіне мүше болып кіреді. Бұл қоғамның бай ғылыми кітапханасы бар еді, ондағы ғылыми кітаптар мен «Живая старина» сияқты тарихқа арналған журналдар ойшылды магнитше тартты (осы жылдары Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабына кіріскен болатын).

Көріп отырсыздар, 1898-1912 жылдар аралығы Шәкәрім үшін тынбай ғылым-білім жинаған, мұсылманша шариғат кезеңі болғаны шүбәсіз. Бірақ ғылымның да ғылымы бар. «Ғылым –Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтықтың өзі де Хақлық һәм адамдық дүр» деп хакім Абай айтқандай, Шәкәрімнің көксегені, ғашық болғаны көкірек көзді ашуға мүмкіндік беретін рухани ғылым еді.

Бұл ретте алдымен қажылық – Мекке сапарын (1905-1906 жж.) айналып өте алмаймыз. Сәтті сапардан Шәкәрім мол ғылыми-танымдық әдебиеттер жинап оралған болатын. Өзіндік эволюциясының рухани жылдам жетілу, шапшаң даму кезеңін үдете түсті. Кәмәлат жолына түскендер кімдер? «Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар» дейді Абай.

Сөйтіп, Шәкәрім шамасы 1912 жылы өз жетілуінің кәміл мұсылман деңгейіне, ислам ілімі бойынша айтсақ, тарихат жолына қадам басты деуге толық негіз бар. Осы жылдың күзінен Шәкәрім оңашалану дәуірін бастаған болатын. Ой ойлау үшін. Әсілі, оңашалану – рух тәрбиесі мен жан қуатының өсуінен, жетер жеріне жеткізе айтуға тіл жетпейтін ішкі жан дүниенің сұранысынан туындайтын қиын сырлы құбылыс. Бұл хәлді Шәкәрім: «Таза ой ойлай алмас үйде басым, Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым» деп жеткізеді. Оңашалану нәтижесінде 1913-1918 жылдары «Үш анық» атты философиялық трактаты дүниеге келеді. Бұл еңбегінде ойшыл үш анықты (Құдай бар, жан жоғалмайды және екі дүниенің азығы ар-ождан) дәлелдеп шықты. Үш анық (яғни ар ілімі) әлемдік брендіміз (бұл ілім мойындалса, жекелей ел тұрмақ, бүкіл адамзаттың бақытқа жетпегі сөзсіз).

Сөйтіп, 1913-1918 жылдар аралығы Шәкәрім өмірінің тарихат кезеңі. Абайша «кәміл мұсылман» деңгейі. Мұсылман қауымында тақуалықты ұстанғандар көп. Шәкәрімнің олардан мәнді ерекшелігі – энциклопедист ғалым-философ белесін бағындырғаны болып табылады.

Енді келесі 1919-1927 жылдар аралығына өтейік. Бұл Шәкәрім хакімдік деңгейге көтерілген, мұсылманша мағрифат кезеңі. Жарықтық Лев Толстой: «Құдаймен проблемаңды шешсең, өзге проблеманың бәрі өзі-ақ шешіледі» демекші, Шәкәрім өзімшілдіктен (нәпсіден) құтылып, Құдайға жақындады. 1917 жылы «Сарыарқа» газетіндегі көсем сөзінде: «Биыл жалпы жұрт оянып, ар-ұяты үшін қанша жанды құрбан етіп талпынғанда барша Алаш берекесін бұзбай, сұм нәпсімізді құрбан қылуымыз жөн» дейді ғұлама. Жырларына да Құдайды тану, ар-ұятты сақтау идеясын  өзек етеді. Адам өмірінің мақсаты ішкі рухын өсіру, гүлдендіру екендігін, зұлымдық арқылы жақсылықты жасамақтық еш мүмкін еместігін діттеп, «Үш анық» ұстанымын ұштай түседі.

Мәшһүр Жүсіп айтқандай, нәпсіні бауыздаған, тәнді жанға бас ұрғызған ғұламаның шыққан әлемдік шыңы – әулиелік. Шәкәрімнің бұл аса биік деңгейге жеткенінің айдай айғағы – 1928-1931 жылдары жазылған «Иманым» атты өлеңдер циклі «Шәкәрім – әлем ойының алыбы» деуге арқатірек құнды мұрамыз. Сенсеңіз, әулиелер мен хакімдердің ерекшелігі – рухани азықты тікелей ғайыптан (тылсым әлемінен) алады. Жүрек көзі арқылы.  Дініміз исламда осыны, яғни еш жерден оқып білмей-ақ тек Алланың рақымымен білім бұлағынан сусындауды «илхам» дейді. Сөйтіп, «Иманым» циклі (отызға тарта өлеңдер) – ақынның әулиелік шыңға жетіп, нәрді тылсым әлемімен тілдесу арқылы алғанының айғағы. Мәселен:

Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына –

десе, хақиқатқа (Құдайға деп оқыңыз) жеткені жайында әулие Шәкәрім:

Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
Асық Жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн, –

деп ең қымбат жан сырын ашады. Әулиелік сатыда сопы ақын Хожа Хафизді ұстаз тұтқаны да көп жайды аңғартады.

Шәкәрім қырықтан соңғы өмірінде басқыштаған төрт сатыны азды-көпті қарастырған сөзіміз осымен тәмам. Әрбір сатысы өз алдына мақала тақырыбы болуға сұранып тұр. Бүгінгі нәпсі билеген заманда асыл иман иесі Шәкәрімнің шалқарын терең танып-білу, оны бүкіл әлемге жариялау өзекті мәселеміз. Сол себепті келешек жас зерттеушілерге септігіміз тисе, оларға жол-жоба көрсетсек, темірқазық бағыт-бағдарды аңғартсақ деген ниетпен қолға қалам алған жайымыз бар.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391