Нұрлан Дулатбеков: «Алаш идеясы - ұлттық идеяға айналуы керек»
Алаш қозғалысы - ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Алаш қозғалысының басты мақсаты - қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Көріп отырғанымыздай, арада бір ғасырдай уақыт өткенде осы ұлы мұраттар егемен қазақ елінің мемлекеттік ұстанымдарына айнала бастады. ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы ұлтты идея ретінде алға шығып келеді. Соңғы жылдары ұлттық, рухани тұрғыдағы бірқатар баталы істерге мұрындық болып, абыроймен атқарып келе жатқан Қарағанды «Болашақ» университетінің «Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметі және Қазақстан тәуелсіздігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруын сол мемлекеттік маңызды іске қалың бұқараның назарын тағы бір аудару деп бағалаған жөн. Еліміздің белгілі ғалымдары, зиялы қауым өкілдері ерекше ықылас танытып отырған осы игілікті шара қарсаңында «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.О. ДУЛАТБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.
- Нұрлан Орынбасарұлы, алдымен университет көлемінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?
- Еліміз көлеміндегі ең бірінші жеке меншік жоғары білім ордаларының бірі болып саналатын «Болашақ» университеті жанында Орталық Қазақстан гуманитарлық мәселелерді ғылыми-зерттеу институты, «Мирас» ғылыми-зерттеу орталығы, саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеумен шұғылданатын тағы бір ғылыми-зерттеу және тарихи-ағарту орталығы жұмыс істейді. Оларға белгілі ғалымдар М.Хамзин, Б.Рахымов, Н.Жұмаділовалар жетекшілік етеді. Соңғы орталықтың жұмысы жөнінде әңгіме бөлек, ал алғашқы екі мекеме негізінен ұлтымыздың рухани-мәдени-әдеби мұраларын ұлықтау, қайта жаңғырту, тұмса тарихымыздың түйткіл тұстарына байыпты баға беру, т.с.с. істермен шұғылданады. Осы орайда халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейдегі көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың жұмысына белгілі ғалымдар, түрлі саланың білікті мамандары көптеп тартылды. Сонымен қатар университет ғалым-оқытушылары, студенттері осындай мазмұндағы алыс-жақын шетелдерде, еліміз ішінде өтіп жатқан конференция, семинар, т.б. белсене ат салысып жүр. Мұндай екі жақты пайдалы қарым-қатынастар университеттің жоспарлы жұмыс кестесінің алдыңғы қатарында тұр, әрдайым басты назарда. Сондай-ақ тыңғылықты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сөрелерде сарғайған бірқатар мұрағат материалдары жалғанның жарығына шықты. Танымдық-тағылымдық тұрғыдағы көптеген кітап-жинақтар жарық көрді. Олар қалың бұқара арасында рухани сілкініс туғызды, қызу пікірталас өзегіне айналды, көпшілік оқырман қауым, білгілікті маман-ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алды. Басқасын айтпағанда, Қарлагқа қатысты кітаптар сериясы, «Сәкен Сейфуллин», «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиялары неге тұрады? Демек, бұл барыстағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба беретін болады.
- Енді нақты конференцияның өзіне оралсақ. Оны осындай кең көлемде ұйымдастыруда қандай мақсат ұстадыңыздар, қандай мәселелер негіз болды?
- Көзі қарақты көпшілік жақсы таныс - қазірде ХХ ғасыр басындағы Алаш партиясына, ұлт-азаттық қозғалысына, оның ұстанған идеяларына Тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша баға беріліп жатыр. Түптеп келгенде, Алаш идеясы қазақ мемлекетінің қуаттылығын қолдайды. Ендеше, осы мәселені терең талдап түсіндірер кез жетті. Сонау 1917 жылы алғашқы құрылтайын шақырып, тарих сахнасына шыққан «Алаш» партиясы қазақ үшін, халық үшін қажет түйінді мәселелерді қозғаған болса, сол айтылғандар күні бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ деп білеміз. Демек бізге сол идеяларды жаңғырту - ұлы міндет.
Биыл «Алаш» қозғалысының 95 жылдығы. Осы орайда мемлекеттік деңгейде бірқатар мәселелерді атқаруды қызу қолға алған жөн. Мәселен, Алаш арыстарының рухын жас ұрпақ бойына сіңіру үшін Алаш ілімін алдыңғы қатарға шығару қажет. «Қазақстан тарихы» оқулығында Алаш қозғалысы жөнінде тым жұтаң жазылған. Соның салдарынан, мектеп оқушылары Алаш ардақтылары жайында тым аз біледі. Осы орайда, оқулықтардағы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Ол үшін «Алаш» партиясы, олардың көсемдері өмірінен жазылған мақала, танымдық-зерттеу материалдарына бәйге жарияласа да артық болмайды. Соның нәтижесіндей, кітаптар, оқулықтар, зерттеулер жазылып, қысқаметражды фильмдер түсіріліп, жоғары оқу орындары мен мектептерге таратылса құба-құп болар еді. Алаш ардақтыларына арнап ескерткіштер орнату, мұражайлар салу да - бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті. Міне, аталмыш конференцияны ұйымдастыруға осындай қадау-қадау маңызды мәселелер алғышарт болды.
- Конференция тақырыбына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметі арқау болған екен. Осы жөнінде не айтасыз?
- Оның да өзіндік сыр-сипаты бар. Әлихан Бөкейхан - халқымыздың тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы. Терең зият білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес - «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана. Ол - бір бойына сан өнер, қарым-қабілет дарыған ерекше дарын иесі. Ол - күрескер, қайраткер, қаламгер!
«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөлі жөнінде тағы бір тағылымды тұлға Қошмұхаммед (Қошке) Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған - Әлихан», - деп жазады.
Ә. Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған «Алаш» атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идеяны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын. 1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады.
Міне, осындай ұлы тұлғаның өмірі мен қоғамдық саяси-қызметін жан-жақты зерттеу де бүгінгі күннің кезек күттірмес келелі мәселелерінің бірі. Осы барыста өз тарапымыздан бірқатар жұмыстарды қолға алып, атқарып жатырмыз. Ең алдымен, Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының сүйектерінің күлі жерленген Мәскеудегі Дон қабірстанындағы бауырластар зиратына өткен жылы ескерткіш-тақта орнатып қайттық. Екі арысқа қойылған бұл ескерткіш - бабаларға ұрпақтарынан тағзым. Алдағы уақытта Ә.Бөкейхан өмірі мен қызметін жан-жақты, толыққанды зерттеп үлкен энциклопедиялық тұрғыдағы еңбек шығармақ ойымыз бар. Бұл конференцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсаттың бірі де сол.
- Енді заңгер-ғалым, алаштанушы ретіндегі өз ізденіс өрісіңіз, шығармашылығыңыз жөнінде сөз етсек. Жақында «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» атты кітабыңыз жарық көргенін білеміз. Осы жинақтың жай-жапсары жайында әңгімелеп берсеңіз?
- Алаш тарихының ашылмаған ақтаңдақ беттері жетерлік. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тарихын көптен зерттеп жүрмін. Сол ізденіс жолында Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа да шетелдердегі мұрағаттарда болдым. Сол сонармен, ғылыми-зерттеу жұмысымыздың өрісіне сәйкес, өткен жылы бірнеше ғасырлық тамаша тарихы бар, талай-талай тұғырлы тұлғалардың тамырлы ізі қалған Санкт-Петербург университетінде арнайы болған едім. Ондағы мақсат - осы ордалы оқу орнында ХІХ-ХХ ғғ. тоғысында білім алған Алаш ардақтыларына, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер іздестіру, табу болатын.
Университет президенті, Ресей Ғылым Академиясының академигі, зият білім иесі, зерделі ғалым Людмила Алексеевна Вербицкая зор ілтипатпен қарсы алды. Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кең жайсаң тұлға ресми қалыптан шығып, риясыз пейіл танытып, іссапар барысына орай жан-жақты жағдай жасады. ХІХ ғасырдағы «қараңғы қазақ көгінен» «Аққан жұлдыз» - ұлы Шоқаннан кейінгі туған қуатты толқын - Ж.Ақбаев, Ж.Сейдалин, Б.Сыртанов, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков т.б. қатысты осындағы мұрағат қорында сақталған материалдармен таныса отырып, біраз тың деректердің көзін аштық, орасан олжаға тап болғандай күй кештік. Содан оларды нақтылы мұрағат деректеріне сүйене отырып, бір ізге түсіріп, ғылыми айналысқа енгізуге тырыстық. Материалдардың біразы еліміздің түрлі беделді басылымдарында жарық көрді. Сол мақалалар шоғырын белгілі бір тәртіппен, бір жүйеге келтіре отырып, оқырмандар назарына кітап түрінде ұсынуды парыз санадым. Жинақ барысында әрбір тұлғаға жеке-жеке тоқталып, тарихи тұрғыда барлау жасалды, ғылыми негізде баға берілді. Нақтылы дерек-дәйектер ретінде мұрағат материалдарының маңызды деген көшірмелері көптеп келтірілді. Бәріне уақыт, оқырман төреші! Қазіргі үрдіске сай, ғаламтор жүйесіне енгізілген еңбектерге қатысты ой-пікірлер, сын-ескертпелер еткен еңбек, төккен теріміздің зая кетіп жатпағанын көрсетеді.
Әлбетте, Алашты әлі де болса тереңдетіп зерттеу - болашақтың еншісінде. Бұл кітап та сол үлкен арнаға қосылар бір сала іспетті. Бір сөзбен айтқанда, «Алаш» идеясы - қазақ тұтастығының ұстанымы, тірегі, рухы. Бұл бағытта бабалар аманатына қашан да адал болуымыз керек. Ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық сана ғана бізді сақтап қала алады. Ұлттық рух өлсе мемлекет қуатты бола алмайды. Сондықтан да әрбір өңірде Алаш тарихын зерттеу, Алаш идеясын насихаттау барлығымыздың міндетіміз деп есептеймін!
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
P.S.
Алаш мұрасына, ұлт руханиятына арналған Н.Дулатбековтің «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» атты кітабы жарық көргенін сұхбат барысында айтылған еді. Бұл кітапқа енген материалдардың бірқатары Abai.kz сайтының «Алашорда» бөліміне орналастырылған еді. Танымдық һәм тағылымдық тұрғыда жазылған мақалалар оқырмандар тарапынан қолдау тауып, қызу пікірталас өзегіне айналды. Автордың шешімі бойынша, Алаш мұрасына ден қойып, аталған тақырыпқа қызығушылық танытып жүрген зерделі оқырмандарға «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» кітабы сыйға берілетін болады. Ол үшін, пікір алмасу бөлімінде толық аты-жөніңізді, мекенжайыңызды, пошталық индексіңізді жазып, бізге жіберіңіз. «Abai.kz» сайт редакциясы пікірлерді (өтініштерді) қабылдап, сұрыптағаннан кейін, сайт оқырмандарына кітапты жібереді.
«Abai.kz»