Таяу Шығыс. Газа. Тағы соғыс...
Таяу Шығыс тағы тыныш емес. Қақтығыс тарихы бір ғасырға жуықтаған Израиль-Палестина арасындағы атыс-шабыс қайта бұрқ ете қалды.
Израильдің қорғаныс министрлігі жақын арада Газа аймағындағы "Ислам жиһады" ұйымының өкілдері Израиль аумағында жарылыс жасауы мүмкін деген ақпараттың барын айтып, Газадағы "Ислам жиһады" ұйымының өкілдеріне әуеден соққы жасады. Соққы салдарынан ұйымның солтүстік әскери қанатын басқаратын қолбасшы штабы мен бірнеше ұйым өкілдері және бейбіт тұрғындар опат болды.
"Ислам жиһады" Изарильге жауап қататынын, соққы астына алып, еврейлердің өмірін тозаққа айналдыратынын мәлімдеді. Олар өз операциясын "Біріккен фронт" деп атады. Себебі Израильге қарсы шабуылға тек қана Ислам жиһады ғана емес, сонымен бірге "Әль-Ақса қорғаушылары", "Демократиялық фронт" ұйымы да қатысты. Ал Израиль өз операциясын "Таңсәрі" деп атады.
Газа аймағынан Израильге 1100 зымыран жіберілгені, оның 96 пайызын "Темір күмбез" зымыранға қарсы жүйесі қағып түсіргені айтылуда. Атылған зымыранның 180 данасы Израиль аумағына жетпей, Газаның шекарасы мен елді-мекендерінде жарылған. Зымыран соққысынан Израиль жерінде қаза тапқандар жоқ. Екі адамның жарақат алғаны және бірнеше адамға психологиялық көмек көрсетілгені айтылуда.
Израиль шабуылынан Газа аймағында 44 адам қаза тапқан. Жүздеген адам жарақат алып, ондаған ғимарат жойылған. Израиль шабуылға ұшақ, соққы жасаушы дрондар мен артиллериялық қондырғыларды қолдануда. ХАМАС-тың бақылау бекеттеріне де шабуыл жасалған, алайда ХАМАС әскери іс-қимылдарға қатыспады.
ХАМАС-тың әскери қақтығысқа қатыспау себебін бірнеше себеппен түсіндіруге болады. 2021 жылы, мамыр айында ХАМАС пен Израиль арасында 11 күнге созылған қақтығыс болды. ХАМАС өзінің жеңгенін мәлімдесе, Израиль өз жеңісі жайлы хабарлады. ХАМАС жиынтығы 6 мыңға жуық зымыран жіберді, оның жүзден астам зымыраны Израиль ғимараттарына нұқсан келтірді. Оның ішінде әуежайлар, ұшу алаңдары, қала көшелері мен тұрғын үйлер, жағажайлар бар болатын. "ХАМАС өзінің зымыран қорын тауысты және оны толтыруға ұзақ уақыт керек" дейді сарапшылар. Сондықтан да ол қақтығыстарға қатысуға әзірге ниетті емес. ХАМАС, Израиль және Мысыр арасында үшжақты келісім жасалып, қақтығыс аяқталған болатын.
"Ислам жиһады" мен Израиль арасында да ұрысты тоқтату туралы келісім жасалды. Келісімді жасауға Мысыр мүдделі болды. Неге Мысыр? Себебі Газа аймағы тек қана екі елмен шектеседі. Бірі Израиль, бірі Мысыр. Газадағы әлеуметтік жағдайдың нашарлауы Мысырдың Газамен шектесетін аумағында да жағдайды күрделендіре түсуі мүмкін. Израиль мен Газа арасындағы қақтығысты тоқтатуға Мысырдың үнемі мүдделі болатыны да сондықтан.
Изариль мен "Ислам жиһады" арасында жасасқан келісім бұзылуы ықтимал. Оған тараптардың келісім ережелерін ұстанбай, бір-бірін атқылауды тоқтатпауы себепкер болмақ.
Abai.kz