Ресейге санкция әсер етуде ме?
Ресейге қуатты санкциялар салынғалы алты ай. Көпшілік бұл Ресей қоғамы мен экономикасына әсері жоқ қадам деп санайды. Оны Ресей рублінің қуатты болуымен түсіндіреді. Расымен санкцияның әсері жоқ па?
Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін алты пакет санкциялар салынды. Жетінші пакет жақын күндері салынады, оны Еуропалық қауымдастық талқылап жатыр.
Ресей Орталық банкінің резервінің тең жартысы Батыс елдерінде бұғатталды. Бірқатар Ресей банктері SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратылды. Батыстың технологиялары, электроника мен қымбат әшекей бұйымдары Ресейге сатылмайтын болды. ЕО-дан бөлек АҚШ, Канада, Жапония, Швейцария және Ұлыбритания да Ресейге қарсы санкцияларды дүркіндете салды. Correctiv зерттеу желісі өзінің санкциялар мониторингінде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы басталғаннан бері халықаралық қауымдастық қабылдаған 6825 жеке шектеу шаралары енгізілгенін айтады. Зерттеу нәтижесіне үңілетін болсақ, тарихта дәл осындай ауқымды санкциялар болған емес дейді олар.
Санкциялар Ресей қоғамына кері әсері сезіле бастады. Қарапайым азаматтар санкция салқынын бірінші болып көрді. SWIFT жүйесінен ажыратылған банктердің карточкаларын қолдану тиімсіз болуда. Салдарынан мыңдаған ресейлік өзге елге барып, банк карточкаларын жасатуға мәжбүр. Мысалы Қазақстанға мыңдаған ресейлік келіп, ЖСН жасатты. Бұл банк карточкаларын алуға мүмкіндік береді.
Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл санкциялық шектеулер Ресей экономикасына қатты әсер етіп жатқанын айтты. "Ресейдің экономикалық өндірісі 10 пайызға қысқарды. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі ең ауыр рецессияны басынан өткеруде", - деді ол.
Ресейден 1400-ден астам шетелдік компания кеткен, жұмысын уақытша тоқтатқан. Бұл Ресей халқының 3-5 млнына жұмыс беріп отырған компаниялар болатын. Олардың барлығы тікелей осы компанияларда жұмыс істемесе де, компаниялармен байланысы бар салаларда жүрді. Сату, қызмет көрсету, жеткізу, жарнама агенттіктері мен жүк тасу және басқалар. Енді олардың басым бөлігі жұмыссыз қалды, ал Ресей экономикасы млрдтаған доллар салықтан қағылды. Бұл да санкцияның салдары болатын.
Ресей экономикасына тағы бір кері әсері болатын сала ол мұнай және газ саласына салынған шектеулер мен Ресейдің газ сатпау туралы қырсықтығы. Ресей биыл газ сату бойынша рекорд жаңартып, Еуропаға жөнелтуде. Алайда бұл уақытша құбылыс және Еуропа елдері газ тұтынуды 15 пайызға азайту туралы шешім қабылдады. Ресей салған бірнеше газ құбырлары тоқтап қалды. Енді Ресей газ бен мұнайды басқа елдерге, атап айтқанда Қытай мен Үндістанға сатуға мәжбүр. Олар Ресейдің тығырықтағы жағдайын пайдаланып мұнай мен газ бағасын арзан алуға келісті. Алайда жеткізу жолының ұзақтығына байланысты, пайданың басым бөлігі транзитке кетуде.
Соңғы сұрақ қалады. Ресей экономикасына санкция әсер еткен болса, неге рубль қуатты деген. Жауабы қарапайым: Ресей рубль бағамын ұстап тұруға млрдтаған доллар жұмсап, интервенция жасап келеді.
Abai.kz