Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3943 0 пікір 19 Желтоқсан, 2012 сағат 12:31

Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен және «Нұр Отан» ХДП ұйымдастыруымен Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қатысты. Атап айтар болсақ, олардың арасында академик, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай, тағы да басқа азаматтар қатысты.
Жалпы, бұл конференцияның

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен және «Нұр Отан» ХДП ұйымдастыруымен Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналған «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА: АЛАШОРДА. ЖЕЛТОҚСАН. ТӘУЕЛСІЗДІК» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қатысты. Атап айтар болсақ, олардың арасында академик, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай, тағы да басқа азаматтар қатысты.
Жалпы, бұл конференцияның
13 желтоқсан күні жоспарлануы тегін емес. Өйткені 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өтті. Аталған құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, оның аты «Алашорда» деп аталды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақорда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған еді.
Бүгінгі конференцияны «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» деп аталуының сыры осында.
Енді 5 жылдан кейін, яғни 2017 жылы Алашорда мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толады. «Осынау айтулы датаны біз қалай қарсы аламыз, қандай жоспар жасауымыз керек? - деген сияқты мәселелер конференцияда талқыланып, ұсыныстар айтылды. Алматы мен Астананы қоспағанда басқа өңірлерден келген мүйізі қарағайдай ғалымдар тұшымды баяндамалар жасап, Алаш идеясын іске асырудың жолдарын, тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлеуді, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруді насихаттайтын келелі ойларын ортаға салды.
Елбасы бір сөзінде: «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деген еді. Бұл Алашорда үкіметіне, Алаш идеясына мемлекет басшысының берген бағасы.
Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан Оңтүстік Қазақстан облысы әкiмi аппарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли «Алашорда үкіметінің құрылған күні мен тәуелсіздік күнін өзара байланыстырып, халқымыздың азаттық алған күнін жалпыхалықтық мереке етуге күш салуымыз керек. Ол үшін Алаш идеясын, Тәуелсіздік күнін барынша насихаттауымыз керек. Үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да бұл мәселеге көңіл бөлгені дұрыс. Ол үшін қазақ қоғамының талабы қажет. Ниет керек. Мәселен, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында тәуелсіздік күнінен бұрын жаңа жылдың жарнамасы жасалмайтын болып шешілді. Бұл облыс әкімінің тапсырмасы. Қарапайым ғана шара сияқты көрінгенімен, астарында ұлттың кеудесіне мақтаныш ұялататын, тәуелсіздік мерекесінің қадір-қасиетін арттыратын сипат жатыр. Алаш идеясының насихатталуына да дәл осындай қадамдар қажет.
«Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин «Конференцияны өткізуде бірнеше мақсат көзделгенін атап өтті.
- «Біріншіден, Алаш арыстарының қызметі, тіпті одан бұрынғы түрлі сипаттағы қозғалыстар мен қарулы көтерілістердің барлығы да қазақтың тәуелсіздікке қол жеткізу үшін жанын да, малын да аямағандығын көрсетеді. Тәуелсіздік біреулер айтып жүргендей оңайлықпен келе салған жоқ. Тәуелсіздік бізге оп-оңай үлестіріле салған енші де, сыйлық та емес.
Рас, Қазақстан мемлекет ретінде өзінің тәуелсіздігін 1991 жылдың 16 желтоқсанында жария етті. Алайда бұл 1991 жылға дейін қазақ баласы еркіндік үшін арпалыспады дегенді білдірмейді.
Тәуелсіздік Сырым мен Кенесары, Әлихан мен Ахмет, Жаһанша, Мұстафа мен Смағұл, Міржақып пен Мағжан, Шәкәрім мен Ақыт қажы, Оспан батыр және түрлі дәуірлерде құрбан болған барша қазақтың аңсаған арманы еді. Бұл жанкешті күрестің нәтижесі. Тәуелсіздікті біз кездейсоқ иеленген жоқпыз. Тәуелсіздік үшін миллиондаған қазақ өз өмірін құрбан етті.
Екіншіден, Алаш арыстарының қызметі, күресі бүгінгі егемен Қазақстанның тек жалпы алғышартын ғана емес, түптің-түбінде тәуелсіз мемлекеттіліктің негізін қалап кетті, саяси идеологияда, мәдениетте, тарихта, ғылымда.
Үшіншіден, біз алашордалықтардың өмір жолын насихаттауды қолға алу арқылы Алаш арыстарын бүгінге үлгі етуді басты мақсатымыз санадық. Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің ұлт үшін жасалатын істі ірі-ұсақ шаруа деп бөлмеуі, өздерін қазақтың азаттығы жолында құрбан етуге даяр болуы, барлығының дерлік білімін арттырып, саяси пікірталаста қарсыластарынан басым түсуге ұмтылуының өзі жастар үшін үлкен өнеге».
Сонымен қатар философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы «Алаш идеясы және бүгінгі ұлт саясаты» деген тақырыпта баяндама жасап, танымдық қызғылықты ойларын ортаға салды.
- Мемлекет ұлтты ұлт ететін құрал. Кейде мемлекет елдегі тілі, діні, мәдениеті басқа ұлттарды негізгі ұлт төңірегіне ұйытып, білдірмей сіңіріп алуға да тырысады. Өйткені дін мен тілді ұлттың тұтастығы мен бірлігінің құралына айналдырады. Сондықтан Францияда: «Францияны Франция еткен француздар емес, француздарды француз еткен Франция» делінеді. Демек, Қазақстанды Қазақстан ететін қазақтар емес, қазақтарды қазақ ететін Қазақстан, дәлірек айтсақ, мемлекеттің ұлттық саясаты, - деді ол. Алаш қайраткерлеріне қатысты өткен жиында ақтаңдақ жылдары зұлмат саясаттың құрбанына айналған қайраткерлердің ұрпақтары келіп, өз ойларын ортаға салды. Алғыс сезімін білдірді. Конференция аясында Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» екі томдық кітабының тұсаукесері болды.

Сонымен қатар басқосуда тарих ғылымының докторы, ғалымдар Хазіретәлі Тұрсын, Мәлік-Айдар Хантемірұлы, тағы басқа алаштанушы ғалымдар сөз сөйледі. Конференция барысында қаулы қабылданып, алаштануға қатысты облыс көлемінде өтетін шаралар тізбегі белгіленді.
Еркін ҚАЛДАН

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322