Cерік Ерғали. Жаңа әліпби: қазақ тілінің жоғарғы деңгейі мен соны сыйпаты
«Аманат» клубының «ҚР Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауы: Қазақ емлесін жетілдіру жолдары және әліпбиді латын қарпіне көшірудің мәселелері мен тиімді тәсілдері» атты арнайы отырысында жасалған кіріспе баяндама
Қазақстан егемен ел болғалы көтеріліп келе жатқанымен, шешімі болмай келе жатқан мәселе - қазақ тілінің өзіне тән әліпбиінің әлі күнге болмауы. Бұл - мемлекеттік тілдің басты мәселесі. Әліпби - ең әуелі тіл дыбыстарының жүйелі түрде таңбаланған кестесі. Тілдің жазба нұсқасы осы кестеге сүйене отырып хатқа түседі. Ал, қаріп - осы әліпбидің таңба түрі ғана.
Қазақ тіліне қаріп таңдау Тәуелсіздік алған күннен бастау алса, ал тілдің өзіне тән әліпбиінің болуын күн тәртібіне қою тек қана соңғы 7-8 жылдың үлесінде. Яғни, бұл жайт қазақ тілінің әліпбиі төңірегінде болып келген бұған дейінгі әңгіменің жүйесі мен білігінің күмән келтіретінін білдіреді. Бұл - қоғам тарапынан мемлекеттік тілді шынайы дамытуға бағытталған әліпби мәселесі жөніндегі шешім қабылдауға деген керітартпа кедергінің бірі ғана.

Шын мәнінде қазақ қоғамы аталмыш мәселе бойынша нәтижелі талқыдан гөрі әрқайсысы әр жаққа тартқан бұралқы сөздің бұрауын келтірумен көп уақыт жоғалтты. Ғылыми орта тарапынан да, зияткерлік қауым жағынан да бұл жөнінде шешім қабылдауға итермелейтіндей алғышарт жасауға талпыныс та,нақты іс те болмады. Қолда бары - 100-ге тарта жекелеген авторлардың әліпби жобасы мен дербес ұсыныстары ғана. Бірақ бұл әлеуеттің айналысқа түсіп, жүйеленген кезі көзге түспеді, шешім қабылдауға жетелейтін алғышартқа айналмады...
Егер де қазақ қоғамы мемлекеттік тілге қандай әліпби және қай қаріп керек екенін ертерек қолға алғанда, билік те шешімді ертерек қабылдауға мәжбүр болар еді. Өкінішке орай, қоғамымыздағы зияткерлік ақуалға сәйкес бұл мәселе кешігіп әрі ушығу белгілері туындай түсті. Ақыры шешімді Уақыт деген төреші қолға алуға итермелеп отыр. Бұның көрінісі және бірден бір қауқарлы қадам ретінде ҚР Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында көтерген бастамасын атаймыз.
Сондықтан да бұл жолы біз осы бастаманы алға бастыруға қандай факторлар қолдау көрсетіп, қайсысы кедергі болмағын айта алсақ, тілімізге деген тарихи шешімді қабылдауға жақындай түсеміз. Біз бұл отырыста қай қаріпті таңдаймыз деп енді бас қатырмаймыз, әліпбиде қанша әріп болады дегенге де тоқталмаймыз. Бұл сауалдардың бәрі де жүйелі түрде жаңа әліпбиге жеткізетін алғышарт жасақтаумен шешіледі. Біз енді әңгіменің төркінін де бір планка жоғары қойуға мәжбүрміз. Бізге бұл әңгімені бұрынғыдан өзгерек қолға алу керек.
Ең бастысы, қоғамда екі мәселенің беті ашылды: біреуі - қазақ тіліне тән әліпбидің жасалу қажеттігі; екіншісі - қазақ жазуының таңбалануы латын қарпіне негізделетіндігі. Бұдан әрі бұлар жөніндегі нәтижесіз даулар мен талдауларды жыйып қойып, әңгіме ауанын нақтылағанымыз дұрыс. Сондай-ақ, жаңа әліпби тілімізді жоғары деңгей мен соны сыйпатқа апаратын бірден бір фактор екеніне сенгеніміз жөн.
Сонымен, жаңа қазақ әліпбиін жасақтауға бір қадам алға бастық: соңғы мерзім белгіленді және қай қаріпке жүгінетініміз де айқындалды. Ендігісі - іске кірісіп, нақты шешім қабылдау. Аталмыш мәселені шешуде қай тараптар қандай ресурсымен бұл іске қосыла алады? Біздің ойымызша, ондай тарап үшеу: шешім қабылдайтын әрі атқаратын билік, жүйесі мен алғышартын әзірлейтін - ғылыми тарап және нақты нәтижеге мүдделі бақылаушы да ықпалды - қоғамдық орта. Біз бүгін үшінші тараптың атынан жиналып отырмыз.
Бұған дейін ортаға түсіп келген біршама ұсыныстарды жинақтай келе, мына мәселелердің қаралуы жаңа әліпбидің сұлбасын көз алдымызға тезірек келтірер деген ойдамыз. Әліпби мәселесі ең әуелі саяси емес, ұлттық мүддеден туындайтын оның рухани кеңістігін анықтайтын жайт.
Сондықтан жаңа әліпби тұжырымдамасы, қазақ тілінің дыбыстық стандарты және қаріптерді жүйелеу мен тағайындаудағы басты критерилер мен талаптар ресми түрде жасалып, бекітілгені абзал. Өйткені, мәселе, қазақ тілінің әліпби кестесін жасақтаумен бітпейді, ең бастысы оны тіл тұтынушыларының оңай да жеңіл сіңіруін қамтыйтын шаралар қажет. Соның ішінде жаңа әліпбиге негізделген орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерден бастап, қолданушыға қажетті барлық ресурстар қолда боларлықтай әлеуетті әзірлеу басты міндеттерге жатады. Қазақ тілінің латын қаріпті жаңа әліпбиінің нәтижесінде тіл дамуы үшін жаңа формация қалыптасатынына көзіміз жетіп барып кіріскеніміз мақұл. Бұл жағынан тілдің жазу түрі ғана емес, оның мазмұны мен заңдылықтары да біршама өзгеріске ұшырауына алдын ала дайын болуымыз қажет.
Қысқасы, жаңа әліпби қазақ жазуын барынша жеңілдетіп, қазақ тіліне соншалықты тән заңдылықтарды қамтып, тіл дамуына кең жол ашатындай, әсіресе, қазақ жазуын қолданатын тұтынушыға жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктер беретіндей техникалық қолдау түріндегі нәтижеге қол жеткізуі керек. Тіпті, емленің қазіргі күрделі ақуалы қарапайымдатылып, қарама қайшы сыйпаты жойылса, нұр үстіне нұр. Тұтынушы сонда ғана жаңа әліпбиге психологиялық жағынан мейлінше даяр болмақ. Сонда ғана саяси түрлі кедергілер өзінен өзі жойылмақ.
2025 жылға дейінгі кезеңде игерілетін жаңа әліпби қазақ халқының жаңа даму деңгейі мен рухани түлеуін қамтыйтын әлеует пен ресурс екенін ескергеніміз мақұл. Әсіресе, бұл міндет жас ұрпақ алдындағы басты борышымыз, сол үшін барынша сәйкес іске ұмтылғанымыз жөн.
С.Ерғали, мәдениеттанушы, көсемсөзші
«Abai.kz»