Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1531 0 пікір 25 Тамыз, 2022 сағат 16:05

Парламент жер реформасын қалай жүргізіп жатыр?

Бүгін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы Маңғыстау облысына барды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Жер аманаты» комиссиясының басқа да мүшелері Түпқараған ауданының тұрғындарымен кездесіп, елдегі жайылымдық жердің жетіспеулігі мәселесін талқылады. Ауыл азаматтарының айтуынша, жайылымдық жерлер жеке меншікке өтіп кеткен. Сондықтан шаруалар қолда бар малын жаятын жер таппай отыр. «Жер аманаты» өзекті мәселенің шешімін тауып, Маңғыстаудағы 240 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды.

«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жұмысына үлкен үлес қосуда. Пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатыр. Соның нақты дәлелі: «Жер аманаты» комиссиясының атсалысуымен Маңғыстау облысында 240 000 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмысты еліміздің барлық аймағында жалғастырамыз», – деді Асхат Оралов.

Бұдан бұрын «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының нәтижесінде Ақмола облысындағы пайдаланылмай жатқан 60 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Халық мемлекет меншігіне қайтқан жер учаскелеріне мал жайып, шөбін ора алады. Осыған дейін облыс тұрғындары үшін жайылымдық жердің жетіспеушілігі өте күрделі мәселе болатын.  «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуы бойынша, ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасаған, нәтижесінде шаруалар 333 мың гектар жерді бұдан былай ауыл тұрғындарымен бірлесіп пайдаланатын болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылымдық жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. «Жер комиссиясы» Президенттің нақты тапсырмасынан кейін үш айдан бері өңір-өңірді аралап, жерге қатысты қордаланған мәселелерді шешіп келеді.

«Комиссияның бүгінгі міндеті – жерді бір ЖШС-ден алып, екіншісіне беру емес. Біздің міндетіміз – жер қатынастары саласындағы заң үстемдігі мен әділдікті қалпына келтіру. Біз түрлі процестерге ықпал етіп, заңға көптеген түзетулер енгізе аламыз», – дейді «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек.

Жаңа Қазақстандағы жаңа бастама сәтті жүзеге асып келеді. Дегенмен көптен қолға алынбаған мәселенің оңай шешіле салмайтыны анық. «Ауыл әкімдері бізді жақтырмайды», дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

«Жер аманаты» комиссиясының мү­шелерін әкімдер ұнатпайды. Облыстарға барғанда көбінесе әкімдер көзге көрінбей қашуға тырысады не болмаса жалжал шығарғысы келеді. Халыққа алдын ала «мәселені айтпауға» үндейді. Бірақ көпшілік түйіні шешілмеген мәселені осындайда айтпаса, кейін жабулы қазан күйінде қала беретінін біледі. Сондықтан өзекті деген мәселелерді келіп айтып жатыр. Жерді мемлекет меншігіне қайтару, бұл – партияның емес, қоғамның талабы. Партия мүшелерінің белсенділігі мен күш-жігерін пайдаланып, халықтың талап-тілегін орындасақ, біраз мәселе шешімін таппақ»,-дейді «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов.

Ол сондай-ақ жер дауына байланысты мәселелерге көбінесе жергілікті жердің әкімдігі салғырт қарайтынын айтады.

«Бізде көбінесе соттың және Жер комитетінің шығарған шешімін аяқ асты етіп жатады. Мысалы, аймақтарда әкімдікпен ауыз жаласып, жерді жеке меншігіне өткізіп алған бай-бағландар бар. Ол учаскелерді өздері пайдаланбайды не басқаға бермейді. Қанша халыққа зиянын тигізіп отыр. Жер дауы шығып, сотқа, Жер комитетіне жүгінген кезде олар шешім шығарады. Бірақ тағы да сол, әкімдік ол шешімді орындамайды. Осылайша халық наразылыққа шығады. Бұл айналып орнына қайта келетін тұйық шеңбер сияқты»,-дейді ол.

«Жер аманаты» комиссиясы осы тұйық шеңберден шығудың жолын қарастырып келеді. Жетістігі жоқ емес. Бүгінде бірақатар облыстардағы пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына сапарлады. «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 350 мың гектардан астам жер мемлекеттік меншікке өтті. Атап айтқанда, Қарағанды облысында – 82 мың га, Қостанай облысында – 67,1 мың га, Жамбыл облысында – 46,3 мың га, Жетісу облысында – 41,9 мың га, Ақтөбе облысында – 20 мың га, Түркістан облысында – 17 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,9 мың га жер қайтарылды.

«Мемлекеттік органдардың өкілдері мен партиялықтардан бөлек, комиссия құрамында қоғам белсенділері және заңгерлер бар. Жайылым мәселесі ұзақ уақыт бойы қордаланып келді. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Сондықтан партияның барлық тетігін іске қосып, әр облыстағы мәселені бірлесіп шешіп келеміз», – дейді комиссия мүшесі Мақсат Толықбай.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия мүшесі Ерлан Сайыровтың айтуынша олигархтар ауыл тұрғындарының заң білмегенін пайдаланып үлестерін сатып жіберген.

«Біз ең шалғайдағы ферма, қыстақ, жайлауларда болдық. Қайда барсақ та, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгінің айтатыны – жер мәселесі. 30 жылдың ішінде көптеген олигархтар ауылда тұратын азаматтарды нарықтық қарым-қатынастың заңдылықтарын білмегендіктен арбап, алдап ұпайларын банктерге сатып жіберген. Бұл бірқатар облыстарда өзекті мәселеге айналып отыр. Қаланың өзінде де нүктелі құрылыс, тығыз құрылыс мәселесі бар. Комиссия алдағы уақытта бұл мәселені шешуді көздейді», - дейді Ерлан Сайыров.

«Жер аманаты» комиссиясының жер мәселелері жөніндегі жедел желі телефоны 7 шілдеде іске қосылған. Қазіргі таңда «Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түскен. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына берілген.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тапшылығы мәселесі өзекті проблема болып отыр. Партияның мобильді қоғамдық қабылдауы ел аралаған кезде өңір тұрғындары осы мәселелерді көтерді. Бір айда «Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түсті. Көбінесе бұл өтініштер жайылым жер бөлу мәселесіне – 62%, шалғайдағы жайылымдар мен жер учаскелерін алу кезінде көмек көрсетілуіне – 28% қатысты болды», – деді «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.

«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің ақпаратына сәйкес, жер мәселелеріне қатысты өтініштердің басым көпшілігі Түркістан (53,1%), Шығыс Қазақстан (17%), Ақмола (8,3%) және Павлодар (8,3%) облыстарының тұрғындарынан келіп түскен екен.

 

Abai.kz

0 пікір