Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7946 4 пікір 15 Қыркүйек, 2022 сағат 13:04

Қамыстың пайдасын білеміз бе?

Алматыдан жүрдек поезбен келе жатып, жол бойында жайқалып өсіп тұрған қамысты көріп, телефонға түсіріп алдым. Бұрынғы бабаларымыз қамысты жинап, буып, арбалап тасып, үй-жайға пайдаланғанда кез келген құрылыс құралы ретінде таптырмайтын зат екенін білген-ау.

Қамысты тұрмыстық жабдық, әрі мал азығы ретінде пайдаланатынын бала кезімізден біліп өстік. Қамыстан салынған үй  жылы, құрғақ, табиғи таза, таптырмас құрылыс материалы. Яғни үй қабырғасы және төбесіне жылуды сақтайтын құрғақтық қасиетімен бағалы деп білген. Қамысты отын ретінде де пайдаланған. Қамыстан салынған мал қора қыста жылы, құрғақ болады.

Қамыстың суда өсетіні белгілі болса да, ағашқа қарағанда 48 пайыз ылғалға төзімді болып келеді екен. Ата-бабаларымыз шаруашылықта қамысты кеңінен қолданған. Қамыстан үй тұрғызу, малға азық ету, ши тоқу сияқты шаруашылыққа пайдаланған. Кәзіргі заманда Қазақстанның әр түкпірінде өсетін қамыстың 70-80 пайызы орылмастан қалатынын ішім сезеді. Осындай игілігі мол, табыс көзі болатын қамысты бүгін дұрыс тұтынып жүрміз бе? Құрылыс материялдарының құны аспанға шарықтап, үй тұрғызу қиынға түсіп тұрған бүгінгі заманда табиғаттың маңдайымызға берген байлығын бағалап заманға сай технологияға ыңғайлап пайдалануға болатын шығар?

Қамыс туралы біз білмейтін қандай ерекшелігі бар екен деп ғаламторды ақтарып едім, таптырмайтын қазына екеніне көзім жете түсті.

Қамыстың жер астындағы тамырын қазақ тілінде борық деп атайды. Борық - суда өсетін қамыс тәрізді өсімдіктің тамыры мен сабағының арасындағы шырынды, тәтті болып келетін сабағының түп жақ бөлігі. Қамыстың осы бөлігінен қант өндіруге болады екен. Қазірде қамыс қантын Үндістанда жасай бастапты. Еуропаға бұл қант орта ғасырларда жетіп, ХІ-ХІІ ғасырларда әлемдік танымалдыққа ие болыпты. Қазірде әлемде өндірілетін қанттың 60 пайызы қамыс қанты, ал, 40 пайызы қызылша қанты екен. Қызылшаға қарағанда қамыс қантының пайдалы қасиеттері әлдеқайда көп көрінеді. Себебі, қоңыр қант клетчатка, микроэлементтер мен жүйке жүйесін реттейтін В дәруменіне бай. Қамыс қантындағы калий ағзадағы артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі. Қамыстан алынған қант түрінің құрамындағы кальций сүйектерді берік қылады. Қамыс қантындағы мырыш жалпы ағзаға пайдалы.

Ғажап қой! Нағыз кәсіп пен табыстың көзі. Қамысы мен қызылшасы молынан жететін елімізде қант тапшылығы бар дегенге сенудің өзі қиын. Қазіргі кезде қамыстан тоқылған стол, орындықтар, бас киімдер, қолға ұстайтын сөмкелер, түрлі ыдыс өнімдері, түрлі бұйымдар саудаға шығарылуда. Шет мемлекеттерінің де қамысқа деген сұранысы жоғары. Қамыстың бағалылығы, беріктігі, ылғалға төзімділігі, өңдеуге жеңілдігі мен экологиялық жағынан таза материал екені белгілі.

Ел аумағында өндірілетін және құрылыста қолданылып жүрген материалдардың дені тығыздалған ағаш, қамыс жоңқалы тақталар шығару  жылдар бойы жете мән бермей келе жатқан қамысқа деген сұраныс мемлекет тарапынан қолға алыну керек. Қамыс көгіне сиыр, жылқы, қой ұстап сүт, қымыз, ет секілді арзан мал өнімдерін өндіруге және қамыс пішенін орып - жинап, жем - шөп қорын жасауға немесе баулап базарға сатуға да болады. Үйдің жылуын сақтап тұратын қамыспен үйдің төбесін жауып қана қоймай, қабырғаларын тұрғызуға да пайдаланған.  Ол - жылу ұстағыш таптырмас құрылыс материалы. Қамыс сабақтарын буып бау-бақша қоршауын да жасаған.

Қамыстың игілігін біздің елде біле бермейді. Осы өнімді өзге елде аттай қалап алдырады екен. Бұл өнім Германияда ағаш үйлердің шатырына тоқыма себет жасауға пайдаланады. Сулы жерде өсетін бұл өсімдікті су  қатқаннан кейін шауып, оны баулап, ықтырма тоқиды. Өсімдік өзіне қажетті оттегін сабағына сақтайды да «үнемдеп» пайдаланады. Осы қасиетіне байланысты қамыстың тамыры тереңге кетсе де, тіршілігін жоймайды.

Қамыс - құрылыс материалы ғана емес, азық - түлік, өңделген мал азығы, қағаз өнеркәсібі, отын ретінде қолдануға болатын және шығынсыз өсірілетін ерекше өсімдік.

Ендеше, қазақ еліне жаратушының өзі берген құндылығын бағалай білейік!

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434