Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4260 0 пікір 3 Тамыз, 2009 сағат 07:39

Рахман АЛШАНОВ: Есек арбамен жүріп, «Мерседестен» озғымыз келеді

Сөз жоқ, дамыған 50 елмен иық тірескісе келетін Қазақстан үшін білімсіз бәсекеге түсу - ескексіз қайықпен жолға шыққанмен бірдей болар еді. Иә, бәсекеде соқыр тәуекелге орын жоқ. Ендеше, білімді бірінші орынға қоюды түсінген біз бұл салаға қаншалықты ден қойып отырмыз? Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов білім саласындағы шешілмеген түйіндер туралы ой қозғайды.

Сөз жоқ, дамыған 50 елмен иық тірескісе келетін Қазақстан үшін білімсіз бәсекеге түсу - ескексіз қайықпен жолға шыққанмен бірдей болар еді. Иә, бәсекеде соқыр тәуекелге орын жоқ. Ендеше, білімді бірінші орынға қоюды түсінген біз бұл салаға қаншалықты ден қойып отырмыз? Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов білім саласындағы шешілмеген түйіндер туралы ой қозғайды.

Жас қазақ: Рахман мырза, Германия, Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция, Чехияда жоғары білім алу тегін екенін жақсы білесіз. Біздің Үкімет білім саласына ақшаны аямай төгіп жатыр. Дұрыс-ақ делік. Бірақ «мемлекеттік» деген дардай мәртебесі бар оқу орындарының өзінде студенттердің 95%-ы ақылы негізде білім алады екен. Сонда Үкімет ақшаны не үшін бөледі?
Рахман Алшанов: Иә, бізде осындай парадокстар кездеседі. Кезінде аяқтан тұрып кете алмаған кездер болды ғой. Жағдайы келмей, қаражат жетпей қалды дегендей... Соған байланысты ақылы бөлімдер көбейіп, «оқығың келсе, оқы, әйтпесе бізге саны бар, сапасы жоқ маман керек емес» деген саясат жүрді. Осы «дәстүр» әлі күнге сақталып қойғанын көріп отырсыздар. Студенттердің оқу ақшалары университеттің жарығына, жылуына, тағысын тағы коммуналдық төлемдерге жаратылды. Одан қалды мұғалімдердің қалай тартсаң да жетпейтін жалақысына кетеді. Дегенмен қазір мемлекеттің қаржы қоржыны қомпиыңқырай бастады ма екен, керек мамандықтарға грант бөлініп жатыр. Құптарлық дүние. Бірақ біздің ішкі жағдаймен шаруамыз жоқ. Оны елеп-ескермей, тағы да «жоғары оқу орындары әлемдік талапқа сай болсын» деген тапсырманы өзімізге жүктеп алдық. Сөйтіп, есек арбамен жүріп, «Мерседестен» озғымыз келеді.

Жас қазақ: Демек, жастарға жағдай жасалмаған дейсіз ғой?
Рахман Алшанов: Иә. Өзгемен қалай жарысамыз? Оларға қалай жетеміз, жақсы мамандарымыз университетте сабақ беруден қашып жатса... Үздік бітірген түлектеріміз шетел асып жатыр. Неге? Онда барлық жағдай жасалған. Біздегі жас мамандарға 50-60 мың теңге жалақы берсінші, сонда олардың жұмыс істемегенін көрейік. Мың жерден патриот болыңыз, сізге де ақша керек. Қысқасы, бізде өзгемен жарысуға жағдай жоқ. Жаңа технология, интернет жетпей жатыр. Күн сайын жаңа кітаптар шығуда. Ал оған қол жете бермейді. Қазір бұрынғыдай ешкім «қорада» оқығысы келмейді.
Жас қазақ: Жағдай дегеннен шығады, Үкімет оқу ақысын жыл сайын аспандата берсе, жастарда оқуға деген ниет қайдан болсын?
Рахман Алшанов: Сол Үкіметіңіз жыл сайын 34 мың грант бөліп отыр ғой. Шамасы осыған ғана жетсе қайтесіз? «Грантты жеңіп ал да, оқи бер» деген әңгіме ғой. 
Жас қазақ: Ақылы оқуға жағдайы келмейтін, қалтасы көтермейтіндерді не істеуге болады?
Рахман Алшанов: «Ойбай, тегін оқытыңдар, оқу ақысын арзандатыңдар» деген әңгіме қазір жүрмейді. 10 мың теңгеге кімге қандай білім беруге болады? Керек десеңіз, сол 10 мың теңгеге оқу орнына бір есік те сатып ала алмайсыз. «Ойбай, оқу ақысы қымбаттап кетті, баламызды оқыта алмай жатырмыз» деген сөздің қоғамда айтылып жүргені рас. Енді не істейсіз? Жұмыс істесін. Ақша тапсын. Бәрі диплом ала салып, бір жерге отыра қалғысы келеді. Ал басқа жұмысты кім істейді? Сонда кім инженер, кім құрылысшы, кім электрик болады?
Жас қазақ: Бірақ сонда да даму көшінде келе жатқан Қазақстанға білімді мамандар қажет қой.
Рахман Алшанов: Менің есептеуім бойынша, елімізде 630 мың студент болса, соның 500 мыңнан астамы ақылы негізде оқиды. Олардың ата-аналары жылына 90 млрд теңге жұмсайды. Иә, білімді адам әрқашан керек. Ол шығынды мемлекет өз мойнына алса болар еді. Дамыған елдерде ақылы негізде оқитын студенттердің саны 10-20%-дан аспайды. Бірақ кәсіпорындар мамандарға тапсырыс бермей жатса, оның бәрін тегін оқыта беріп не істейсіз? 
Жас қазақ: Біздің қолымызда бар деректерге сүйенсек, саны көп, сапасы жоқ 204 оқу орнының 36-сының жұмысы тоқтатылған. Сын көтермейтін білім ордаларын жабу бастамасы қаншалықты тиімді жүзеге асып жатыр?
Рахман Алшанов: Ол енді біркүндік шаруа емес. Жабылуы тиіс оқу орындары жабылып жатыр. Жалпы, дүниежүзінде 14 мың оқу орны бар. Онда 100 млн адам білім алуда. Қазір сол оқу ордаларында білімді арттыру мәселесіне қатты көңіл бөлінуде. Дамыған елдерді алсаңыз, кез келген жұмысқа тұру үшін сізден ең бірінші жоғары білімді талап етеді. Сыннан өткізеді. Оған «ғылым кандидатымын» деп көкірек көтеріп жүргендердің де білімі жетпей қалуы мүмкін. Сөз жоқ, Қазақстанға білімді мамандар керек. Менің есебім бойынша, біздің елде өздігімен оқуға талпынатындар саны жеті-ақ пайыз. Ал «ағам-көкем бар» деп жүргендер - 30%. Білімге немқұрайды қарайтындардың саны көп. Өкінішке қарай, «ағам ана қағазды алып келсең, жұмысқа тұрғызам деген» деп жүргендер жетеді. Опығын өздері жейді ғой. Босқа мал шашып жүр солар.
Жас қазақ: Ғылым тілін қазақшалау ісі көңіліңізден шыға ма?
Рахман Алшанов: Қазақ бөлімінде білім алып жатқандардың саны 50%-ға тақады. Енді қараңыз, қазақша оқулықтар 8%-ды құрайды. Интернет - 0,8%. Бізде қазір 50 млн кітап бар. Соның 4 миллионы ғана қазақ тілінде. Қазақ тілінде кітап болмаса, не үшін қазақ бөлімдерін ашамыз? Кітап болмаса, оларды немен оқытамыз? Олай болса қазақ бөлімдерін жабайық. Оқушыларға бірінші сыныптан бастап қытай, ағылшын не орыс тілінде сабақ берейік. Қазақ тілін дамытамыз дейміз де, ақшаны далаға шашамыз. Сөз көп, ал істің нәтижесі мынау... Иә, білімді бірінші орынға қоямыз деген көпірме сөз көп. Бірақ атқарылып жатқан іс-шаралар шамалы. Еуропалық Болон декларациясына енеміз дейміз. Болон декларациясының ережесі қандай екенін білесіз бе? Талап бойынша баланың не оқимын, қалай оқимын деген мәселеде таңдауға еркі болуы шарт. Таңдау болу үшін жағдай жасалуы керек. Ол қалай оқиды? Қолында қазақ тілінде оқитын кітап болмаса. Осыған қарап, жалаң нәрселердің көп екеніне көз жеткіземіз. Опық жеп жатқан тек балалар.
Жас қазақ: Жаңа бір сөзіңізде «жақсы мамандар шетел асып жатыр» деп қалдыңыз. Ол өз алдына бір әңгіме. «Болашақ» бағдарламасы бойынша, мемлекеттің қаржысына шетелге барып білім алған жастардың біразы сол елде қалып қойып жатыр. Бір ғана мысал: 2004 жылдың өзінде 20 бала шетелде оқып, сонда қалып қойыпты. Бұл - ресми мәлімет...
Рахман Алшанов: Балалардың шетелде білім алуына дауымыз жоқ. Олардың сонда қалып қою мәселесіне келсек, бұлай болуы да заңды. Қазір дүниежүзі бойынша 2,5 млн бала сыртта оқып жатыр. Оның ішінде 160 мың америкалық бала шетелде білім алуда. Қытайдағы жағдай да осындай. Әрине, жақсы оқығандардың сонда қалатыны сөзсіз. Ешбір ел сол балалардың бәрі өз Отандарына қайтатынына 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Бірақ көпшілігінің «қайтып келсін» деген талаптары бар. Сондықтан біздің ережеде о бастан шикілік орын алған. Оны дұрыс жазу керек. Әйтпесе, сол бала жұмысқа тұрған компанияға «біздің азаматымызды жұмысқа алыпсыздар, енді мемлекеттің шығынын өтеп беріңіздер» деп хат жазу қажет шығар.
Жас қазақ: Ол да, бір жағынан, дұрыс шығар, бірақ біз бәрібір ұтылатын сияқтымыз. Неге дегенде, біріншіден, бір қазақтың баласынан, екіншіден, жақсы маманнан айырыламыз ғой. Қалай ойлайсыз?
Рахман Алшанов: Енді не істейсіз?
Жас қазақ: Мұны реттеудің жолы жоқ па?
Рахман Алшанов: Олай болса, балаларымыз кетіп қалады екен деп шекараны тас қып бекітіп тастайық. Жаһандану заманында олай ете алмайсыз. Кетем дейтін бала өзі-ақ кетіп қалады. Сондықтан кімді жібереміз, қалай жібереміз мұның бәрі келісімшартта көрсетілуі тиіс. Егер мемлекет бюджетіне оқып, сонда қалып қоятын болса, «айналайын, ақшаны қазынаға қайтар» деу керек. Осы мәселеге қатысы бар адамдар ананы айтып, мынаны айтып, аспанға қарап отырмасын. Анадан, мынадан пәле іздегенше, одан да жұмыс істесін. Шешілмейтін түйін жоқ. Көп нәрсені шешуге болады.
Жас қазақ: Қазір Қазақстан қандай мамандарға зәру?
Рахман Алшанов: Қазір өндірістің жаңа салалары дамып келе жатыр. Айталық, ұялы телефонды жөндеу ісі. Инженерияны бізге ешкім оқытпады. Айтыңызшы, қазір кім бар оны оқытатын? Жоқ. Шетелден ұшақ әкелетін боп жатырмыз. Бізге кім оның қыр-сырын үйрете алар екен? Әлемдік өркениеттен шет қала алмайсың. Кішкентай мемлекеттің барлық саланы игеруі мүмкін емес. Бір мамандық үшін бір университет ашпайтынымыз тағы бар...
Жас қазақ: Ғылыми институттарды жоғары оқу орындарына қосу мәселесінде ғалымдардың пікірі ала-құла. Өткен жылы бұл мәселе әжептәуір дауға айналды. Қазір де арагідік көтеріліп жүр. Сіз не дейсіз?
Рахман Алшанов: Дүниежүзін, оның ішінде Американы алсақ, олардың дарынды балалары университетте жүріп-ақ үлкен жетістіктерге жетеді. Себебі ол жақта институтта мүйізі қарағайдай ғалымдары жұмыс істейді. Біздің де ғылымды осылай дамытуға мүмкіндігіміз бар. Ғалымы көп университет ғылымның дамуына үлес қосады. Еуропадағы білімнің бір артықшылығы - ғалымдардың студенттерді жаңа мамандықтарға бейімдеуінде. Бізге жетпей жатқаны осы. Жоқ нәрсені әлі үйрене алмай жатқан жайымыз бар. Мысалы, бір ұялы телефонның өзін осы күнге дейін дұрыстап қолдана алмай келеміз. Бұл жерде жаңа, басқа ұялы телефон жасап шығару туралы әңгіме қозғамай-ақ қоялық...
Біз шынымен ғылымды дамытатын болсақ, жұмысты университеттен бастауымыз керек. Ғылымның даму өзегі неде? Жаңалықта. Ал жаңалық кімде? Әрине, ғалымдарда. Ғалымдар кімге білім береді? Университеттегі студенттерге. Ғалыммен араласып-құраласқан, ғылыми зертхананың табиғатын сезінген жас маманның болашағы да жақсы болады. Демек, бұл - ұтымды жоба. Ал біздің ғалымдар «Үкімет ғылымды өйтті, бүйтті» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Айтыңызшы, білім мен ғылымды ажыратуға бола ма? Бота мен түйені бір-бірінен бөле жаруға болмайтыны секілді, ғылым мен білімді бөліп қарастыруға келмейді.
Жас қазақ: Айтпақшы, қайбір жылы бір топ ғалым енді күн батареясына өндіретін боламыз деп еді. Жамиғатты осындай жаңалықпен қуандырған ғалымдардың ішінде сіз де бар едіңіз. Қазір сол ғылыми жобаларыңыз не боп жатыр? Тым-тырыс боп қалды ғой...
Рахман Алшанов: Қазір осы жобаға байланысты еліміздің үш қаласында, Үштөбеде, Қарағандыда, Екібастұзда зауыт салынды. Бұл жобаны дамыту үшін жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Бізде жақсы бастама көтеріліп, жұмыс басталады да, сосын тоқтап қалып жатады. Қаражат бөлінеді, бірақ игерілмей қалады. Біздің бір жаман жеріміз - жаңа жоба ашып, ақшаны жеп кету. Оларды неге жауапқа тартпасқа?! Ғылым - тауар емес. Өкінішке қарай, оны тауар көзіне айналдырып алғандар көбейіп кетті. «ҚазСат»-тың аспанда жоғалып кетуінің өзі не тұрады!..

 

 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

«Жас қазақ» газеті, 31.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006