Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3037 1 пікір 26 Қыркүйек, 2022 сағат 14:35

Өртенген военкомат, еденде ұйықтаған сарбаздар...

Ресейде мобилизация жалғасуда. Жартылай мобилизация Ресей қоғамын хаосқа салып қойды. Елден кетушілер саны сағат санап артуда. Ал Мәскеу оларды тоқтату үшін шекараны жабуды ұсынып отыр. 

Мобилизацияға қарсылардың басым бөлігі Путин билігін қолдайтындар. Олар мобилизацияға дейін соғысты қолдап, агрессияны жақтағандар. Көліктеріне "Z" белгісін жабыстырып, өз позицияларын білдіргендер еді. Алайда мобилизация барлығын өзгертті және әлеуметтік желіде агрессияны қолдау мен шынайы соғысқа қатысудың айырмашылығы жер мен көктей екенін ресейліктер жақсы түсінеді. Сол себепті олар енді соғысты жақтаушылар емес, бейбіт өмірді аңсаушылар болып шыға келді. Көлігі барлар көлікке отырып, Қазақстан, Моңғолия, Грузия, Беларусь асып жатыр. Ал шекараға жақын еместері ұшаққа билет алып, Түркия мен Дубайға, Сербияға кетуге талпынуда.

Соңғы ақпараттарға сенсек, мобилизация жарияланған сәттен бастап Ресейден 261 мың ер адам шығып кеткен. Олардың барлығы дерлік кері қайтуға ниетті емес және ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қатарында ұзақ қалуды ойламайды. Мәскеудің сұрауы бойынша өздерін кері қайтарып жіберуі мүмкін деп санайды. Сондықтан тез арада басқа елге кетуді ойластыруда, ал ҰҚШҰ елдерін транзит ретінде қолдануда.

Ресейдегі мобилизация процесіне шақырушылардың көңілі толмайтыны анық көрінуде. Мыңдаған мобилизацияланғандар Ресей билігінің өздерін тіпті қарапайым тамақпен қамтамасыз ете алмай жатқанын айтады. Бір тобы жатын орын жоқ, суық еденде жатырмыз десе, енді бірі орманның ішінде от жағып, жылынып отырған видеоларды салды. Ал мобилизацияланғандардың ішінде ішімдікке сылқия тойып, ұйықтап қалған немесе жанындағының жағасынан алып, төбелес шығарған видеолар бүгінде әлеуметтік желіде кеңінен тарауда. Военкоматта жүрегі ұстап, ауруханаға аттанғандар да жетерлік.

Халық қарсылығы кей аймақта военкоматтарға өрт қоюмен көрініс табуда. Ал Иркутск қаласында мобилизацияға шақырылған 25 жастағы жігіт тіпті военкомды атып тастаған жағдай тіркелді.

Ресей билігі мобилизацияны талапқа сай жүргізбеген аймақтарға ескерту жасап, қоғам алдында түсіп кеткен беделін көтеріп алудың да амалын жасауда. Кей аймақтар мобилизацияға мүлде қатыспаймыз деп мәлімдеуде. Мысалы Шешенстан мобилизация процесі болмайтынын айтты. Қадыров "біз жоспарды екі есе орындап тастағанбыз" дейді. Қырым да дәл солай. Дағыстан халқы болса кешелі бері бұлқынып жатыр. Олар да қарсы.

Ресейдегі мобилизация қазірдің өзінде Мәскеу қалағандай іске аспай жатқаны белгілі болды. Ел арасында могилизация деп бекер айтылмаса керек-ті...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371