Жұма, 22 Қараша 2024
Алаң 2990 3 пікір 28 Қыркүйек, 2022 сағат 12:01

«Ұлы көш күні» атаулы күндер тізбесіне енгізілсін!

ҚР Президенті Әкімшілігінің
Басшысы М.Ә. Нұртілеуге

Құрметті Мұрат Әбуғалиұлы!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Көші-қон мәселелесіне арнайы тоқталып, 18 қарашаны «Ұлы көш күні» деген атпен атаулы күндердің тізбесіне енгізу туралы Үкіметке тапсырма берді.

Мемлекет Басшысы аталған датаның маңызына ерекше назар аударып,  «Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың  өз  Атажұртына  оралу  мәселесі  туралы  Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды  елге  шақырды.  Соның  нәтижесіндебір  жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр.Үкіметке осы тарихи датаны атаулы  күндер  тізбесіне  қосу  мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын» - деген болатын.

Президентіміздің №711 Қаулыға мән бергені соншалық, 2020 18 қарашада оны өзінің Twitter-іне де жазды.

Бұл жаңалықты БАҚ-та жарыса жазған болатын. Мысалы, «Abai.kz» ақпараттық порталы «"Ұлы көш Күні" бекітілмек» деген мақала жариялап, осы  жобаның «Электрондық үкімет» порталында орналастырылғанын хабарлаған еді.

Міне, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысынан бері он айға таяу уақыт өтті, Президентіміздің сол тапсырмасы әлі орындалған жоқ. Жұрт биылғы 18 қарашада сол «Ұлы көш» күнін атап өтеміз деп, басында қуанғанымен, қазір алаңдай бастады.

Бір сөзбен айтқанда, 18  қараша таяп келеді, Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың сол тапсырмасын  Үкіметтің орындайтын  түрі  де көрінбейді. Сосын, сұрау салып көрсек, Үкімет «Ұлы көш күнін» атаулы күндердің тізбесіне енгізу мәселесін тоқтып қойыпты.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен «...жария талқылаудың жағымсыз пікірлері мен комментарилерін, сондай-ақ халық арасында әлеуметтік ахуалды тудырмау мақсатында аталған мәселе кейінге қалдырылды» деген жауап алдық.

Демек, Үкімет Президентіміздің бұл тапсырмасын орындаған жоқ!

Мәселе – «Ұлы көш күнінде» емес, №711 Қаулыны Н. Назарбаев шығартқандығында болып тұрса керек!

Құрметті Мұрат Әбуғалиұлы!

Президентіміздің Көші-қон үрдісіне байланысты берген тапсырмасының орындалмай қалағаны – бір бұл емес.

Мен көтерген Қандастарымыздың баспана кезегіне тұруда кедергі болып отырған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң мен «Халықтың көші-қоны туралы» заң арасындағы сәйкессіздікті ескерсе керек, Мемлекет Басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында, «...азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді» - деп, бұрын «Қандас» мәртебесімен баспана кезегіне тұрып алған қандастарымыз Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған жағдайда, олардың аталған баспана кезегін Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін де сақтау туралы тапсырма бергені есімізде.

Өкінішке орай, Қасым-Жомарт Кемелұлының осынау КЕРЕМЕТ ТАПСЫРМАСЫ айтылған жерінде қалды.

Не, оны Президент Әкімшілігі қадағалап, орындалуына түткі болмайтын көрінеді...

Ал, Президентіміздің айтқан сөздері мен Үкіметтің жасаған шаруасы тіптен басқаша болып шығуда.

Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» - деді.

Бұл сөзін Қасекең 2019 жылғы 12 сәуірде айтып, Twitter-іне жазды.

Ол аз десеңіз, Президент кеше ғана – бірінші қыркүйекте халыққа жасаған Жолдауында, «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» - деді, шегелеп тұрып.

Айтыңызшы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сіз басқарып отырған ҚР Президент Әкімшілігі ақылдасып отырып дайындаған «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы», ондағы «Құжаттарды қабылдау кезеңінде келу орнын айқындау тетігін енгізу және 5 жылдық болу мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу және ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау...» деген тұжырымын Президентіміз айтқан «Қасиетті парыз» бен «жалпыұлттық мүддеге» сай келіп тұр ма?!!

Әрине, жоқ!

Екеуі от пен су секілді мүлде отаспайтын дүниелер!

Керісінше, Ұлы көшті тоқтатуға, халықты Президентке қарсы қоюға, адам құқығын саясаттың табанына салып таптатуға бағытталған әркет бұл!

Құрметті Мұрат бауырым!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 Қаулысымен бекітіп, Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге шеттен келген ағайындарды тарту мәселесі мемлекеттің күн тәртібіндегі мәселе болып тұр.

Мен бұл жобаны қос қолдап қолдаймын!

Бірақ, сол қандастарымызды аталған өңірлерге тарту үшін әлеуметтік жеңілдіктерден өзге, рухани жақтан да ынталандыратын БІРДЕҢЕ болу керек қой.

Өкінішке орай, қазір Үкімет пен Президент әкімшілігінде алыстан оралған ағайынға жасалған ҚИЯНАТТАН өзге ештеңе болмай тұр!

Мен «Ұлы көш күні» мерекесінің жобасын Сіздерге қандастарымыздың алдынан алып шығатын БЕТЖҮЗДІК болсын деп ұсынғам. Қасым-Жомарт Кемелұлы да оның осындай МАҢЫЗЫН түсініп, менің ұсынысымды бірден қабылдаған еді.

Құрметті Мұрат інім!

Сізге өтініш, Үкімет басы Әлихан Смайылов тездетіп, «Ұлы көш күнін» атаулы күндер тізбесіне енгізу туралы шешім шығарсын да, бірінші мерекені сол Үкімет айқындаған облыс орталықтарының біреуінде салтанатты түрде атап өтсін. Сөйтіп, солтүстікке көшу туралы халыққа ұран тастасын. Сондай-ақ, оларға Үкімет ұсынатын жеңілдік пакетін жарияласын.

Сөйтіп, халықты арнайы өңірлерге қоныстандыруға арналған ынталандыру шарасын бастасын...

Сізден өтінерім, осы мәселені Өз назарыңызға алып, аталған ұсынысымның жүзеге асуына ықпал етуіңізді сұраймын.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеуге жалбарыну:

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы:

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321