Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3354 12 пікір 28 Қыркүйек, 2022 сағат 15:28

Түркістан сапары: Саяси месседждер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жұмыс сапарымен Түркістан облысы мен Шымкент қаласына барып, көпшілікпен кездесті. Мемлекет басшысы Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі деп атады.

«Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуінде халықты толғандырған маңызды мәселелердің басын ашып айтты.

Әлемде болып жатқан қақтығыстар геосаяси тұрақсыздыққа алып келді. Оның ең негізгісі – Ресей-Украина соғысы Қазақстанға үлкен әсерін тигізіп жатыр. Тоқаев Қазақстанның әрқашан Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сүйенетінін айтты.

«Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз.

Біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады. Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін»,-деді президент.

Президент Ресейде жарияланған мобилизацияға байланысты Қазақстанға жаппай ағылған Ресейліктер туралы сөз сөйледі.

«Қазіргі халықаралық жағдайға қысқаша тоқталғым келеді. Өздеріңіз білетіндей, әлемдегі жағдай шиеленісе түсті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, бірінші кезекте БҰҰ-да дауыс беру кезінде бейтарап позицияны ұстанады. Бұл біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді. Біз үшін ең бастысы – халқымыздың аумақтық тұтастығы мен әл-ауқаты. Сондықтан арандатушылыққа жол бермей, парасаттылық пен шыдамдылық танытуымыз керек. Егер біз осы құндылықтарды ұстанбасақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттер мызғымас аумақтық тұтастықты сақтауы керек. Негізгі қағида – осы. Мен бұл туралы халықаралық ареналарда әрқашан ашық әрі анық айтып келемін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының ең биік мінберінен сөйлеген сөзімде де осы қағиданы қайталадым. Көршімізде соғыс жүріп жатыр. Біз ең алдымен еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек», - деп жалғастырды президент.

Тоқаев «көршіңмен тату болсаң, үйіңе жау тимейді» дегендей, көршімізбен жақсы қарым-қатынас жасаудың маңызын түсіндірді.

«Ең бастысы, көрші елдермен келісімді сақтауымыз керек. Біз одан ұтылмаймыз. Соңғы күндері Ресейден көп адам келіп жатыр. Олардың басым көпшілігі қалыптасқан шарасыздықтан бас сауғалауда. Біз оларға қамқорлық жасап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл саяси және гуманитарлық мәселе. Мен Үкіметке қажетті шаралар қабылдауды тапсырдым. Күрделі жағдайда ең алдымен адамгершілік, шыдамдылық пен ұйымшылдық таныту керек. Бізде дағдарыс та, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шетелден келгендерге көмек көрсетілетінін, бірақ оларға ешқандай жеңілдік жасалмайтынын атап өтті. Барлық жұмыс Қазақстан заңына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

«Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргіземіз және бұл мәселені еліміздің мүддесіне қарай шешетін боламыз. Тағы да қайталап айтамын: Осы күрделі уақытта бізге, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Елімізде бейбітшілік болса ғана, біз алға жылжимыз. Барлық мәселелерді байыпты талқылап, жан - жақты ойланып шешуіміз керек», - деп түйіндеді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы «алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің» әрекетін сынады.

«Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ. Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысымды жариялаймын»,-деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев алда келе жатқан президент сайлауы туралы айта келе, бір адамның билікте ұзақ жылдар отыруын абыройсыздыққа теңеді.
Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет. Сондықтан кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321