Мұхтар Әуезовтің даралығы
Әлемдік әдебиеттің алыбы, көркем ойдың кемеңгері М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің жаңа көкжиегін, келешек межесін айқындар асыл өлшем ғана емес, сонымен бірге бүгінгі қазақ ғылымының әлемдік мәдениет кеңістігінде алар орнын белгілер темірқазығы болмаққа керек. М.Әуезовтің жазушылық, зерттеушілік және жалпы қаламгерлік қызметін қарастырғанда ең алдымен, әрине, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы аузымызға түседі.
Абай мен Мұхтар Әуезов шындығында да егіз ұғым. М.О.Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын әлемге танытса, сол арқылы әлем де ғұлама ғалымды, теңдессіз жазушыны таныды.
Зерттеуші ғалымның басты зерттеу нысанасы Абай болса, Абайдың негізгі зерттеушісі – М.О.Әуезов. Замана көші қанша алыстаса да бұл рухани байланыс желісі еш үзілмек емес, керісінше уақыт алшақтығы алыстай бергенімен, ұлылар арасындағы алтын көпірдің құндылығы арта бермек.
Ғалымның 50 томдық шығармаларының толық жинағындағы өзге де еңбектерін қарай отырып, ғұламаның тереңдігіне, жан-жақтылығына қайран қаласың! Бұл ретте Көкбай ақынның Абайға тамсанатындай: «Келбеті біліміне лайықты, апырмай, мұндай адам қалай туған», – деп таң қаласың..!
М.О.Әуезовтің өзге зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі Мұхтардың даралығын айқындап береді.
Осы ретте қысқаша ғана санамалап көрсетсек:
Абайдың толық өмірбаянын жазуы;
Ақынның рухани нәр алған қайнар бұлақтарының ерекшеліктерін ашуы;
Әдеби мұрасын жан-жақты зерттеуі;
Шығармалар жинағын жарыққа шығару;
Абайдың ақындық мектебін, дәстүрін зерттеп, ақын шәкірттер мұрасын ғылыми айналымға енгізу;
Абайтану арнайы курсын оқыту, Абайтану бағдарламасын жасау;
Абайға арналған драмалық шығармалар жазуы;
«Қазақ өмірінің энциклопедиясы» «Абай жолының» жазылып, жарық көруі;
«Абай» журналының өмірге келуі;
Қазақстандағы алғашқы әдеби музей «Абай музейін» ашылуы мен қалыптасуына қосқан үлесі т.б. ұлы ақынға қатысты қаншама бағыттарды айта беруге болады.
Осы бағыттардың әр қайсысына жеке-жеке мән бере қарасақ, әр сала бойынша телегей теңіз зерттеулер жасалғанын байқаймыз. Бүгінгі күні Абайтану ғылымы көкжиегі соншама кеңейді десек те, әр бағыттың басты темірқазығы да, негізгі дерек көзі де М.О.Әуезов сөзі болып қала бермек.
Осы бағыттардың кейбіріне ғана тоқталып, ұсыныстарымды білдірсем:
Мысалы біріншіден, М.О.Әуезовтің 33, 40, 45 және 1950 жылдары жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасы бүгінгі абайтанушылар басшылыққа алар құнды еңбектер. Ғалымның өзі: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ»,– дейді. Иә, М.О.Әуезовтен кейін ақынның өмірбаянына қатысты түрлі деректер мен архив құжаттары табылуда. Бірақ Абайдың шығармашылық өмірбаянын әлі қайта толыққанды түрде ешкім М.О.Әуезовтей жазбады. Осыны ескеруіміз қажет!
Екіншіден, Абай шығармаларының текстологиясына қатысты айтсақ: Алғашқы Абайтану баспалдақтарынан бері ақын шығармаларының текстологиясымен айналысып келе жатсақ та, бұл сала әлі де өзекті болып қала бермек. Қазіргі таңда Абай шығармаларын кез-келген баспа, жеке адам да шығара алатын болғандықтан, ол жинақтарда түрлі текстологиялық ауытқулар, орфографиялық қателер ғана емес, жекелеген құрастырушының өз ұстанымы бойынша өзге де басқа шығармалардың еніп кетіп жатқанын байқап қаламыз.
Бұл мәселе жайында М.О.Әуезов («Абай жайын зерттеушілерге») ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай жазылған мақаласында былай дейді емес пе:
«Біз осы күні Абай жайын зерттеуді тараң түсініп жүрміз. Әр жинаушы, не қылса, ең әуелі Абай айтыпты-мыс, бірақ жазылмай, басылмай қалыпты-мыс деген өлең табуға құмар-ақ. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық. Жауаптырақ қарайық».
Сол себептен де М.О.Әуезов бастаған белгілі абайтанушы ғалымдар бірлесіп шығарған және кейінгі жылдары жарық көрген академиялық жинақтарды негізге алуларымыз керек.
Үшінші мәселе, қазіргі таңда Абайға қатысты тың әңгімелер мен дәлелсіз «былай болыпты-мыс» дегендер көптеп шығып жатқандықтан осындай кейбір дүниелерге сақ қарауларыңызды сұраймын. Әрине ғылым дамуы барысында жаңа нәтижелердің шығатыны анық, бірақ нақты деректі айғағы, не дәлелі жоқ әңгімелерге еш сенудің және оны халыққа жеткізудің қажеттілігі шамалы. Басшылыққа Абай туралы табылған архив құжаттарын, нақты тарихи деректерді, сонымен қатар замандастары мен ұрпақтарының естеліктерін және М.О.Әуезов жазғандарын алуымыз керек.
Төртіншіден, М.О.Әуезовтің жазғандарына еш ғылыми негізсіз ойша түзету жасаудан аулақ болуымыз қажет. М.Әуезовтің айтып тұрғаны ол емес басқа деп ойша жорамалдауға болмас.
Бесіншіден, М.О.Әуезовтің абайтанудағы көптеген жайларға аса мән бере қарау керектігімізді сол заманның өзінде тұспалдап айтып кеткен ұлылығын аңғарып, дөп баса білуіміз қажет.
Мысалы «Абай жолында» Құнанбай жөнінде кеңестік саясаттың әсерінен толық айта алмады, Құнанбай толық жағымсыз бейне ретінде суреттелді десек те роман-эпопеяны оқи отырып, Әуезов шеберлігіне таңданасың:
Мысалы: «Құнанбайды бар тобықтының атқа мінері «Мырза» деп атайды», дейді. Роман бойынша да Байсал, Бөжей, не басқа емес Құнанбай екен қадірлі, сыйлы.
«Қаратай жүйрік қой, жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезінің міні де болады. Мен өмірімде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық - кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар. Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба?» Осындай көптеген роман үзінділерінен озбыр Құнанбайды емес, өз бағасын білетін, ісіне табанды, тұрақты, өз жолын дұрыс дегенмен, оған да күмәнмен қарайтын ақылды, ойлы пендені көреміз.
Енді зерттеуіне қарасақ, кеңестік дәуірдің өзінде Абайға орыс демократ достарының ықпал әсері жайында нақты айтып кеткен. Ғалым былай дейді:
«Сол Михаэлис осы келгеннен бастап Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды көреді. Танысады. Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов еткен әсердің бәрін – Абай өз бетімен, орыс классиктерін оқудан, зерттеуден соң табады. Сондықтан Михаэлис, Долгополовтардың Абайға көмегін айтқанда, оның шегін біліп айту керек. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының мұрасына және даналарына қиянат сөз айтқан болар едік». Міне осы уақытқа дейін «Абайдың дүние көзін ашқан адамы – Михаэлис» деп келген пікірімізге мән бере қарауымыз керектігін осыдан 72 жыл бұрын айтып кеткен М.О.Әуезов сөзінің құндылығы еш уақытта маңызын жоймақ емес.
Осындай эпизоттар мен детальдарға мән бере қарасақ, Әуезовтің аз сөзбен көптеген дүниелерді астарлап жеткізе білген шеберлігін байқаймыз.
Сонымен бірге Абайдың өзіне дейінгі әдебиет өкілдерінен рухани бір арна ретінде ғана алғашқы үлгі-өнеге алғандығын жоққа шығармай, М.О.Әуезов айтқан рухани нәр алған үш қайнар бұлағы туралы пікірін төмендетпей, жекелеген ақындарды хакімге бірден-бір ұстаз ретінде бағалаудан аулақ болуымыз керек.
Қорыта айтқанда, Абайға қатысты жазылар барлық еңбектерде қай уақытта болмасын М.О.Әуезовтің зерттеулерін негізге алуымыз қажет.
Әубәкір Жандос Мағазбекұлы
Abai.kz