Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3106 0 пікір 3 Қазан, 2022 сағат 11:30

Әсеттей сал, ән салсаң!

Әлі есімде, сонау 1993 жылы, жаз айының ортасында қазақтың біртуар ұлы Шақшақ Жәнібек батырдың Торғайдағы өткен дүбірлі тойына қатысқаным бар еді. Ол кезде Есіл ауданы Торғай облысының құрамына кіретін. Кейін, осы облыс тараған кезде, Есіл, Жақсы, Державин (қазіргі Жарқайың) аудандары Ақмола облысының құрамына өтті. Тойға баруға әр ауданға шақырту түскен соң, біздің ауданнан үш адам бардық. Дегенмен, алдын ала, бірнеше күн бұрын, Торғайға екі киіз үй, сойылатын мал, сонымен қатар, аспазшыларды және көркем өнерпаздарды жіберген болатынбыз.

Артынан, сол кездегі Есіл ауданының әкімі Амангелді Мұхитбеков, оның орынбасары Мерей Байлин, сондай-ақ, әкімдіктегі ішкі саясаттан мен барған едім. Бірнеше күнге созылған той, шынында да кереметтей тартымды, ду-думанды өтті. Осы тойда алғаш рет, елімізге танымал жазушы Әбіш Кекілбаевпен, оның қасына ерген өзге де ақын, жазушылармен танысқан болатынмын. Әрине, менің айтайын дегенім бұл емес.

Осы тойда алғаш рет ақын, әнші Әсеттің «Інжү – Маржан» әнің сүйсіне тындаған едім. Ән кереметтей ұнады. Қазірге дейін, бұл әнді кейде көңіл-күйімді көтеру үшін де айтып жүремін. Сонымен қатар, осы кезге дейін Әсет ақынның өнеріне  байланысты, кездескен деректерді, материалдарды жинастырып жүретін әдетім бар.

Айтар болсақ, Әсеттің бойындағы төкпе ақындық, жезтаңдай әншілік, дарынды  сазгерлік өнері оның орындаушылық шеберлігімен астасып өрледі. Оның әндерін тындағанда, ой-санаңды әсерлі де әуезді әуен билеп, тыңдаушысын алысқа жетелеп алып кетеді. Ақиық ақын өз өмірінде елуге тарта ән жазып, отызға жуық қиса-дастандар шығарып, бес жүзден аса толғауларын қалың оқырмандарға ұсынып, өзінің аса дарынды тұлға екендігін, ел-жұртына өз заманында танытып кетті. Ол сонымен қатар, өз заманында біраз ақын-жыраулармен айтысқа түскен өнер адамы. Кезінде, тіпті, Ахмет Жұбанов: «Орындауы келіссе, Әсет әндері қазақ сахнасының төрінен көрінеді»,- деп айтып кеткен екен.

Сонау 1916 жылдар шамасында Әсетті алғаш көріп, тындаған Ілияс Жансүгіров өзінің бір сөзінде: «Егер айтсақ, Біржан әнді аспанға өрлеп, даурығып салады. Әсет болса аспанға да өрлейді, жерде де жорғалайды... Бұлар дала музыкасының әрі актері (салушысы), әрі авторы (шығарушысы). Бұлардай ойдан ән салушы енді жоқ. Ендігі жерде ел әнін тыңнан салушыны есту қиын болар», - депті.

Осылайша, Әсет туралы құнды пікір қалдырыпты. Шындығын айтсақ, Әсет өзінің кереметтей шығармаларын әуенмен, сазбен ғана әрлеп қойған жоқ, ән әуенін мағыналы да мазмұнды ұйқастарымен қабыстыра білді. Сондықтан да Әсеттің шығарған әндерінің әуенділігін, иірімді, асқақтығын қазіргі күнгі кез келген әнші еркін игеріп, орындап кете алмайды. Кезінде, Әсеттің әншілігі туралы Кенен Әзербаевтың айтқан бағасынан артық баға табыла қоймас. Белгілі жазушы С.Бегалин халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толу мерекесі өтерде Кенекеңнен: «Осы Әсеттің дауысы қандай еді?» деп сұрапты.Сонда Кенекең: «Мен осы жасыма дейін Әсеттің дауысындай зор дауысты естімеген едім, болса Әміренің дауысы Әсетке жетеғабыл болар», -деген екен. Шынында, Әсеттің ән айту ерекшеліктері өте күрделі. Әуен құрылымы да айтушыға жеңіл түспесі хақ.

Әсеттің «Інжу-Маржан» әні қазақ ән өнерінің биік шыңы десе болғандай. Бұдан басқа Әсеттің «Мақпал», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Қысымет», «Қоңыр қаз», «Шама», «Ардақ», «Желдірме», «Көктас», «Гауhар қыз», «Әпитөк», «Қанапия», «Жиырма бес», «Ырғақты» әндері - диапозоны өте жоғары, кең тынысты әндер. Әсет әндерінің әуезді әуендері бүгінде драмалық шығармалардан басқа опералық қойылымдарда, кинофильмдерде де пайдаланылуда. «Қазақстан» теледидары дайындап, сахналаған «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі ән концерттік жобасының алғашқы шымылдығы да жыл сайын Әсеттің «Інжу-Маржан» әнінің әуенімен ашылады. Бұл, әрине, Әсет әнінің құдіреті. Оның әндерінің бізге жетуі белгілі әнші, халық әртісі Дәнеш Рақышовтың 1959 жылы өз Отанына келуімен байланысады. Дәнештен кейін М.Ешекеевтің, Ж.Кәрменовтың, Б.Тілеухановтың, Н.Жанпейісовтың орындауында ғана Әсет әндерін тыңдауға мүмкіндік алдық.

Жетісу жері мен Алтайды өзінің әсем әніне бөлеп, Алакөл мен Арқа атырабын жырға қосқан дүлдүл ақын, бұлбұл әнші әрі дарынды сазгер, аққуға үн қосқан күміс көмей ақиық өнер иесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1990 жылдың күзінде бұрынғы Семей облысының Мақаншы ауданында Әсетке әдеби мемориалдық мұражай ашылған еді. Жазда Алакөлге барған сайын, жолда осы мұражайға қалайда кіре кететің әдетіміз бар.

Ақынның шыққан тегі: Руы — Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Қарашоры, оның ішінде Майлық Қожамбергісінен тараған Қалыбайдың балалары Найманбай мен Қайранбай. Бұлардың ертедегі ата қоныстары бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты,  Қызыларай тауының бөктеріндегі нулы Қаршығалы өзенінің бойында орналасқан «Керегетас» деген жер. Найманбай қолынан іс келетін кәсіп иесі болғандықтан, сонау бір ауыр күндерде Арқаның ақшомырларына ілесіп Семей жеріне, кейінірек Қытай елімен шектесіп жатқан Мұқаншы өңіріне келіп, Алакөл көлінің жағасын жайлаған «Еміл-Барлық» болысын мекен етеді. Осы жерден жаңбыршы руының бір қызы Кермеқасқаға (Керімбала) үйленіп, тұрақтап қалған. Қазіргі кезде Найманбайдың қыстауы мен зираты Мақаншы өңірінің Алакөл жағасындағы Қарабұлақ ауылына жақын Сасықкөл деген жерде.

Алаш елінің өз уақытындағы  алабөтен дарынды тұлғасы, ақиық ақындығымен де, жезтаңдай  әншілігімен де, сұнғыла сазгерлігімен де алдағы кезеңдерде де өнер әлемінде өзінің шыққан биігінен түспейтіндігі ақиқат. Оның шығарған мазмұнды да мағыналы, керемет әуезді  әндерін қай кезде де сүйсініп тыңдай бергің келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371