Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 4312 8 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 13:14

Қазақтың тағдыры қыл үстінде...

Былтыр осы уақытта Ауған билігіне әсіре діншіл Тәліптер қайта оралып, ондағы қазақтар біздің биліктен көмек сұрап, көшіріп алуды айтып, дабыл қағып еді. Биыл Путиннің Украинаға бастаған соғысы мен моблизациясынан Ресейде тұратын миллионға жуық қандасымыздың қара жамылып отырғаны белгілі. Аждаһа елінде ет жақындары заңсыз қамалған аналардың еліміздегі Қытай консулдығын жағалап жүргеніне екі жылға жуықтады. Көңілге рухани медет сыйлайтын "Тәуелсіз мемлекет" деген айдары бар қара орман қазағынан алыстағы ағайын саяси, рухани көмек күтеді. Ол заңды да.

Қазақстанның қуатты елге айналуын елдегі жұртпен бірге, сырттағы ағайынның да сарыла күтіп, тілекші болып келгені ақиқат. 30 жыл бір мемлекет, бір халық үшін саяси, мәдени жаңаруға, экономиканы еселеуге жеткілікті уақыт. Өкінішке орай егемен ел атанған 30 жыл - қазақтың ұлттық өрлеу, қайта түлеу, тарихи жаңару кезеңі болмады. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістіктері қағаз жүзінде ғана қалды. Ұлттық мүдде тұрғысынан да, мемлекеттік негізден де өткенге үңілсек соны аңғарамыз. Ғылым-техника, өндірісті айтпағанда экономикалық қуатты елге айналудың қарапайым өзегі - еңбек күші-халық саны жағынан да ақсап тұрмыз. Бізбен бірге егемендік алған, жан саны екі еселенген бауырлас өзбек, қырғыз, әзербайжан ағайындарды қойып, қырық жыл қырғын болған Ауғанстаннан артта қалдық. Ең сорақысы жан саны өспей қалған, ормандай орыстың, миллиард қытайдың ортасында отырған аз ғана қазақ ішінен іріді. Тілге, дінге, экономикалық жікке бөлінді. Араздықтың, алауыздықтың арты трагедияға әкеліп соғуда. Мұның кімге пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Қазақ бір адамның аузына қарап, тілеуін тілеп жүргенде көршілеріміз жонданып алды. Әсіре ұлтшылдық жолға түсті. Оның әсерін бүгінгі күні айқын сезініп, ағайынға араша бола алмай отырмыз.

Ресейде Путин билікке келген соң ең соңғы қазақ тілді білім орны - Қосағаш мектебі жабылды. Өзбекстанда да соның кебін киюде. Қытайда 2000 жылдың басынан бастап, қазақ тілді мектептер қытай тіліне ауыстырылды. 2017 жылы қазақтар тұратын Іле Қазақ Автономиялы облысында қытай билігі ауқымды ұлттық басылымдарды өртеу шарасын өткізген. Өртелген кітаптардың арасында Н.Назарбаевтің "Нұрлы жолы" бастаған, қазақтың әйгілі ақын-жазушыларының еңбектері, оқулықтар бар екен. Батыс қоғамының назарын аударған коммунистік биліктің бұл әрекетіне билік тағы да үнсіз қалды. Шетелдегі ғана емес, қара шаңырақтағы қазақ тілінің, қазақ руханиятының мүшкіл хәлде екені баршаға аян. Салаға жауапты министрдің "Қазақстандықтардың 95 пайызы орыс тілін біледі" деп шүйіншілегені кеше ғана. Forbes Қазақстан жариялаған елдегі ең бай 50 бизнесменің тізімінен  Бауыржан Оспанов ағамыздан басқа ұлтжанды ешкімді кездестірмедік.  Экономикалық еркіндік болмаған жерде, саяси еркіндіктің де болмайтыны шындық.

Қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы әр қазақтың тағдыры билікті, әрбір саналы азаматты ойландыруы тиіс. Билік пен қоғам өткенге салауат айтып, қуатты елге, күшті мемлекетке айналудың саяси, экономикалық негізін тізе қоса нақтылауы, жедел қолға алуы керек. Ортақ ұлттық идеяға, күшті ұлт болу мақсатына біріккенде ғана әрекеттің берекеті болмақ. Олай етпесек ендігі ширек ғасырда елден де, жерден де айырылып қалуымыз мүмкін.

Есбол Үсенұлы   

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600