Қаңтар оқиғасы: Үлкен дайындықтан өткен арандатушылар да қатысты
«Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі, белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан “KZ Пульс” youtube арнасына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының болу себебін атады.
“Қаңтар оқиғасы туралы мен болжам ретінде айта аламын. Бұл оқиғаны бүге-шүгесіне дейін зерттеп, зерделеп сенімді түрде айту үшін уақыт керек. Менің ойымша, осы жағдайдың болуына бірден-бір себеп – «отбасы» мүшелерінің әрекеті. Солардың бұрыннан келе жатқан дайындығы. Бұл аяқ астынан бола салған дүние емес. Қатысушылардың басым бөлігі арандап қалғандар. Оларды арандатушы күштер үлкен дайындықпен келген. Осындай «икс» сағат туған жағдайда «былай-былай әрекет етеміз» деген нақты инструкциядан өткен.
Бір ғана мысал келтірейін. Алматы мен 3 мың километр жердегі Оралды алып қарайық. Сценарий бірдей болды. Барлық жерде де әділдікті талап етіп, әділетсіздіктен, жемқорлықтан әбден шаршап шыққан халықты ашындыратын топ жүрді. Олардың іс-қимылы бірдей болды. Әкімшілікті басып алайық дейді, содан кейін ішкі істер департаменті мен қалалық полиция басқармасын басып алайық дейді. Барлық жерде әкімшілікті нысанаға алған. Үстеріне белгілі бір киім киген бағыттаушылар, арандатушылар халықты бір жаққа қарай шақырады, бүкіл топ сол жаққа қарай жүгірген кезде, өздері артта қалып қояды. Оқ алдына жүгіріп кеткендерге тиеді де, артта қалғандар аман қалады. Бұның бәрі аяқ астынан болған нәрсе емес. Сондықтан бәрінің артында «отбасының» бірді-екілі мүшелері тұр деп ойлаймын. Солардың бұрыннан ойластырған жұмысының салдары,-дейді құқық қорғаушы.
Оның сөзінше, экс-президенттің Қаңтар қырғынына қатысы бар отбасы мүшелеріне қатысты іс қозғалуы керек.
«Қайрат Сатыбалды бастаған топқа ресми түрде Қаңтарға қатысты айып тағылады деп ойлаймын. Алматы қаласының Ұлттық қауіпсіздік департаменті 5-ші басқармасының басшысы мен «Дикий Арман» атты лақап аты бар Арман Жұмагелдиев арасындағы байланыс туралы, тергеу басталғалы оныншы айға кетсе де, енді ғана ақпарат шықты. Көп ұзамай келесі тізбек Қайрат Сатыбалдыға апарып жатса, өз басым таңғалмаймын»,-дейді Абзал Құспан.
Құқық қорғаушы өзі жетекшілік ететін «Аманат» қоғамдық комиссиясының атқарған жұмыстары туралы айтып берді.
«300-ден аса адамның аты-жөнін әлеуметтік желіде жарияладық. Кейін оны тоқтаттық. Жұмысты тоқтатпасақ та, әрбірінің аты-жөнін көрсетіп, мынаны біз шығардық, мынаған атсалыстық, мынау біздің ұсынысымызбен шықты деп отырғымыз келмеді. Өйткені біздің мақсатымыз есеп беру емес, нақты нәтижеге қол жеткізу болды.Президент Жолдауында айтылған «Рахымшылық жариялау» шарасына да бірден-бір себепкер біздің ұйым.
Сонымен қатар бүгінгі күні көтеріп жатқан мәселеміз – өтемақы мәселесі. Бұл шаруа әлі шешімін таппады. Бірақ біз осы уақытқа дейін атқарған жұмысымыз секілді соңына жеткіземіз деп ойлаймын»,-дейді ол.
Абзал Құспан Үкімет өзінің ең басты функциясын іске қосып Қаңтар оқиғасы кезінде отбасының асыраушысынан айырылғандарға жағдай жасауы керек екенін айтады.
«Ол туралы нормативті акт шығару керек. Қазір жергілікті билік көмектесейін десе, оның нақты құқықтық актісі жоқ. Біз осы мәселені көтеріп жатырмыз. Азаматтардан арыз және қажетті құжаттарды жинатып жатырмыз. Бұл «Аманат» комиссиясының өзінің ғана бастамасы.
Алматы қаласы бойынша айтатын болсақ, пәтер ақысын төлеу, балаларды мектепке дайындау, балабақшаға орналастыру, ата-аналарға жұмыс тауып беру бағытындағы жұмыстар атқарылып жатыр. Алматы қаласында жұмыс қалай жолға қойылған? Әр аптаның бейсенбі, жұма күндері қалалық прокуратурада тергеушілерді, тиісті меморган қызметкерлерін және арызданушы азаматтарды шақыртамыз. Өзіміз де қатысамыз. Сол жерде қиындыққа тап болғандардың мәселесі әзірге жергілікті атқарушы орган деңгейінде шешімін тауып жатыр.
Бірақ ол әр жерде әртүрлі. Алматыда осылай. Бұл Жамбылда бөлек, Семейде басқаша жүзеге асып жатыр. Кейбір өңірлерде мүлде жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Сондықтан біздің айтып отырғанымыз, республика бойынша нормативті құқықтық акт дайындалса, қаза тапқан, ешқандай қылмыстық іс жасамағандарға қатысты өтемақы белгіленсе, қылмыстық іске тартылып, бірақ қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты ісі қысқартылған адамға қатысты өтемақы белгіленсе деген ой.
Рахымшылық деген кінәсі дәлелденген және азаматтың өзі кінәсін мойындап отырған болса ғана қолданылады. Кәнілі деп танылған азамат өзі арыз жазады. Содан кейін сот немесе прокурор рахымшылық туралы заң бойынша жазадан толық не ішінара босатады.
Біз қазір Алматы қаласы бойынша 80 азаматқа қатысты қылмыстық істің қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқартуына қол жеткіздік. Одан бөлек Алматы қаласы бойынша 148 адам қаза тапты деп айттым. Көбі оқиғаның эпицентрінде көз жұмды. Қайтыс болғандар да қылмыс жасады деп күдікке ілінсе, оларға айып тағылады. Солардың 84-не қатысты қылмыстық істе қысқартуға қол жеткіздік. Біздің бұл бағыттағы жазығы жоқ азаматтарды ақтау жұмысымыз жалғаса береді»,-деді Абзал Құспан.
Abai.kz