Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 3143 5 пікір 24 Қазан, 2022 сағат 12:54

Егемендік декларациясын қабылдау оңайға түскен жоқ

Журналист, ғалым Бауыржан Омарұлының жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының депутаты болған Әбіш Кекілбаевпен (1939-2015 жж.) сұхбаты. 

2006 жылы 25 қазанда «Айқын» газетінде жарияланған. 

– Егемендік декларациясы қабылданған кезде сіз үлкен мінберден халқымызды құттықтаған едіңіз. Содан бері он алты жыл өтті. Тәуелсіздіктің бастауы болған оқиғаларға бүгінгі күн биігінен қандай баға берер едіңіз?

– Осыдан он алты жыл бұрын Егемендік декларациясы қабылданған күн біздің жаңа тарихымыздың ең бетбұрыс сәті боп саналады. Ол күн менің көз алдымда. Егемендік декларациясын қабылдау оңайға түскен жоқ. Өйткені, оған дейін бұрынғы Кеңестер Одағы кеңістігінде қайта құру үдерістері жүріп жатты. Ол құбылысты әркім әртүрлі түсінетін. Бірақ көпшілік жұрт: «Сол бұрынғы жүйе сақталынады, оған жаңа сипаттар қосылады, басқарудағы міндет бөлісу өзгереді, азаматтардың қоғамға қатынасының сипаты өзгереді, демократиялану басталады» деп топшылаған болатын.

Себебі, бұл үдерістердің алдында халықаралық коммунистік қозғалыста осы бағыттағы көптеген ағымдар салтанат құрды. Капиталистік елдердегі коммунистер еврокоммунизм ағымын алға шығарды. Чехословакия, Венгрия сияқты елдерде «социализм с человеческим лицом» сипатындағы иманжүзді социализмді дәметкен ағымдар бой көтерді. Мұның барлығы да бір кездегі таптық күрестің қалыптастырған мемлекеттік концепцияларына түбегейлі өзгерістер жасау, азамат бостандығын көбейтетін жаңа қарым-қатынастарға көшу мәселесін көтерген ағымдар еді. Бұрынғы одақ та осы ағымға қосылып, қайта құру кезеңін бастаған кезде біздің отандастарымыздың көпшілігі осы тақылеттес өзгерістер болады деп дәметкен сияқты. «Қайта құру» деген сөз жиі айтылғанымен, оның сипаты, болмысы, эволюциялық жолы айқын бағдарланған жоқ еді. Көпшілік сол әлгі «бұрынғыдай емес, басқару жүйесін сынауға болады, бір кезде тоталитаризм тұсында кеткен қателіктерді ашып айтуға болады, ақтаңдақтардың орнын толтыруға болады» деген сияқты жадағайлау түсініктердің ғана жетегінде жүрді. Ал бірақ тіпті осы сипаттарды өзгерткен күннің өзінде қоғамның іргетасын түбегейлі жаңарту керек екендігін ұзақ уақытқа дейін түсінбеді. Сонымен көп жағдайда қайта құрудың одақ кеңістігінде белгілі мөлшерде толық ойластырылмағанын, тыңғылықты зерттелмегенін, оған баратын жолдар үлкен сараптан өтпегендігін кейінгі оқиғалардың барысы көрсетті. Бірақ демократиялық қарым-қатынас, адам құқы, азамат бостандығы, халықтар теңдігі жөніндегі ұғымдардың дәуірлік, кезеңдік мәселелер екендігі даусыз анықтала бастады. Ол мәселелерді түбегейлі шешпей тұрып, қоғамды қайта құру мәселесі шешілмейтіндігі де түсінікті болды. Сондықтан да бір үдеріс екінші үдерісті бастады. Сол жағдайда бізге, Қазақстанға жаңа тарихи мүмкіндік туды.

– Егемендігімізге ертерек қол созып, тәуелсіздігімізге тезірек жетуіміз үшін сол тұста қандай алғы шарттар қажет болды? Қандай кедергілер бар еді?

– Жалпы, адамдар еш уақытта жеке-жеке өмір сүріп көрген емес. Адамзат жаратылғаннан бері белгілі бір әлеуметтесуден аулақ болмаған. Ал мынау жиырмасыншы ғасырдағы адамдар – тарих қалыптастырған үлкен әлеуметтесулердің жемісі. Ол әлеуметтесудің ең үлкен және ең табиғи түрі – ұлт. Сондықтан өзінің ұлты азаттық ала алмаған адамның азат болуы, өзінің ұлты теңдік ала алмаған адамның теңдік алуы мүмкін емес еді. Сөйтіп, күн тәртібіне азаматтардың бостандығымен қоса халықтардың ұлттық азаттығы жөнінде мәселе көтерілді. Мінекей, көп жағдайда жан-жақты ойластырылмай басталған қайта құру үдерісі қоғамды өзгертудің эволюциялық заңдылықтарын аттап өте алмай, осы мәселелерге де келіп килікті. 1991 жылғы тамыз оқиғалары мұны тездетті. Ол оқиғалар социализмнің өз бетімен қайта құрыла алмайтындығын, оның түбегейлі жағдайлары өзгермей тұрып, жаңағы айтып отырған категориялардың жүзеге аспайтындығын түпкілікті дәлелдеді. Осыдан кейін бұрынғы одақты құраған республикалардың парламент өкілдері мен саяси басшылары Кремльдің Сьездер сарайында бас қосты. Үлкен әлеуметтік катаклизмнен кейін қоғамның қандай болатыны жөніндегі мәселені талқылады. Сонда қабылданған декларацияның өзі бұрынғы одақты құраған ұлттық субьектілердің бостандығын, еркіндігін қамтамасыз ету қағидасын даусыз мойындаған еді. Соның нәтижесінде бұрынғы одақтас республикалар бірінен соң бірі өз егемендігін жариялауға көшті. Мұны ең алдымен Ресей Федерациясы бастады. Қазақстан бұл үдерісте елдің алдына шығып, ентелей қойған жоқ.

– Неге соншама ұстамдылық таныттық?

– Бұл қазақ халқына, Қазақстанға өз тәуелсіздігінің керек еместігінен емес еді. Ол кездегі Қазақстан аса көп құрамды мемлекет болатын. Оның құрамында жүз отыз этностың өкілдері болды. Мұндағы толыққанды этнос байырғы халық болғанымен, қалған этностардың өкілдерінің саны да айта қаларлықтай еді. Оған 1989 жылы Қазақстандағы байырғы халықтың құрамы қырық процентке де жетпей тұрғанының өзі-ақ айқын дәлел бола алады. Бірақ мұның бәрі өз еркімен, тарих заңдылығымен болған құбылыстар емес-ті. Мұның бәрі үлкен волюнтаристік саясаттан туындаған құбылыс болатын. Ал демократия да, бостандық та, теңдік те – тек тарихи қалыптасқан эволюциялық жолмен келетін құбылыстар. Осы жағдайлардың барлығы Қазақстанды бұл мәселені талқылау барысында аңыс аңдауға мәжбүрледі. Сондықтан Қазақстан одақтық жаңа келісім жасау жұмыстарына белсене қатынасып, сол келісім-шарттардың халықтың, азаматтардың көксеп отырған мұраттарына қызмет етуі жағында болды. Алайда сол келісім-шарттың негізгі бастамашылары болған республикалардың өзі бұл ниеттен ештеңе шықпайтындығын түсіне бастады. Сол себепті Қазақстан тарихтың өзі туындатып отырған егемендік мәселесін тығырыққа тіреп алмай, саяси нақты құбылысқа айналдыру үшін үлкен тактикалық факторларды үйлестіруге міндетті болды. Сөйтіп, сол одақты құрап тұрған республикалардың барлығы өзінің тарихи қалыптасқан территориясында егемендіктерін жариялағаннан кейін ғана біз бұл мәселені күн тәртібіне шығара алдық. Себебі, сол кездегі Қазақстанның Парламенті болып саналатын Жоғарғы Кеңестің құрамы да халықтың демографиялық көрсеткішіне сәйкес еді. Осыған байланысты сондағы депутаттардың барлығы тарихи заңдылықты түсінетіндей жағдайға жетпей тұрып, бұл мәселені қою оны тығырыққа тіреумен бірдей болатын. Мінекей, осылай аңыс аңдау тактикасы, қалыптасып отырған обьективті сипаттарды мейлінше мұқият зерделеу жақсы нәтижеге жеткізді. Өйткені талқылау барысы көрсеткендей, біздің депутаттық корпустың көпшілігі бұл мәселені әлі де жеткілікті түсініп болмағандығын байқатты. Көптеген адамдар теңдік, бостандық жөніндегі әңгімелерді популистік ұрандар ғана деп санады. Ал одақты құраған республикалардың басы Ресейден бастап бәрі егемендік жолына түскеннен кейін бұл әңгіме талқыланған кезде олар өздерінің жаңағы қатып қалған қағидалары үшін амалсыз абыржитын, қобалжитын болды. Сөйтіп, бұрынғы кеңестік адамдардың санасындағы үлкен метоморфозалардың нәтижесінде Қазақстан жағдайында да егемендік туралы сөз етуге болатындай алғы шарттар қалыптасты. Мінекей, осылай өткен қызу айтыс барысында Қазақстан өзінің егемендігін жариялады.

– Егемендік туралы декларация әдепкіде ішкі және сыртқы күштерден қандай баға алды? Егемендіктің алғашқы нәтижелері саяси кеңістікте қалай байқалды?

– Осы Егемендік декларациясын баспасөзде жарияламас бұрын депутаттық корпустың өзі халықтың алдына шығып, алғаш рет хабарлауды ұйғарды. Себебі, бұқара бұл құбылысты көп күткен болатын. Халық өзінің көптен аңсап жүргенінің заңдық сипат алғанын көргенше асықты. Сондықтан олар ресми ақпаратқа дейін-ақ осының нәтижесін білгісі келіп, Жоғарғы Кеңес үйінің алдында топталып, тосып тұрды. Дауыс беріліп, нәтижесі мәлім болғаннан кейін бір топ депутат сол Парламент үйінің іргесіне жиылған халықтың алдына келіп, Жоғарғы Кеңес шешімін жария етті. Сөйтіп, Қазақстан егемендігінің алғашқы қадымы жасалды. Соған қарамастан бұл декларацияны тек қана декларация, ертең жүзеге аса қоймайтын утопия ретінде қабылдаған күштер де болды. Ондай пікірлер іштен де, сырттан да айтылып жатты. «Қазақстанның өз алдына ел болып кетуі мүмкін емес. Бұл үшін көптеген тарихи алғы шарттар керек. Ал Қазақстанда соның бәрі-бәрі жоқ. Ендеше, бұл тек қана сөз жүзінде қалып қоятын құбылыс», – деп сәуегейсігендер аз болмады. Алайда біздің егемендігіміздің тарихи нәтижелілігі сол қабылданған күннен бастап-ақ көрінді деуімізге болады. Егемендік жариялаған Қазақстанды Ресей Федерациясының басшылығы ресми түрде қабылдап, арнайы кездесу өткізді. Бұл егемендіктің өзін-өзін ақтағандығы 1991 жылғы тамыз оқиғаларының тұсында байқалды. Тамыз бүлігіне бастамашы болған саяси топ басқа республикалар түгілі Мәскеудің өзіне ықпалын өткізе алмағаны белгілі. Ал егер біз оған дейін өз егемендігімізді жарияламаған ел болсақ, жаңағы волюнтаристік топтың да сөзін тыңдауға мұқтаж құқықтық тәуелділік жағдайында болар едік. Біз егемендігімізді бір жыл бұрын жариялап қойған мемлекет ретінде ондай төтенше актілерге қосылған жоқпыз. Болып жатқан оқиғаның сипатын шынайы түрде анықтап, оған әділетті баға берілуін тосуды талап еттік. Тамыз оқиғалары декларация күйінде қабылданған егемендікті толыққанды саяси факторға айналдыруды тездетті. Осының нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет мемлекет басшысын естияр қауымның түгел қатысуымен таңдайтын сайлау өтті. Халық сайлаған Президент, халық сайлаған Парламент мұндай аумалы-төкпелі жағдайда Қазақстан сияқты үлкен кеңістікте болатын әлеуметтік үдерістерді өз қолында ұстауға толық құқ иеленді. Мінекей, осы бағдар қамтамасыз етілгеннен кейін біз мемлекеттік тәуелсіздік мәселесін көтере алдық. Сөйтіп, осындай сәт туған алғашқы күндерде өзіміздің мемлекеттік тәуелсіздігіміз туралы заң қабылдадық. Осы заңды талқылап жатқан кездің өзінде бұрынғы саяси кеңістіктің әр шетінде әртүрлі ағымдар бас көтере бастады. Мысалы, Беловежьеде одақты тарату туралы шешім қабылданды. Ашхабадта Орталық Азия халықтарының қауымдастығын қандай сипатта құру керектігі белсенді түрде сөз болды. Осы оқыс оқиғалардың барлығын тарихи заңдылықтың логикасына түсіру оңай болмады. Бұл жерде де егемен Қазақстан енжарлық көрсеткен жоқ. Өзінің саяси бастамашылдығын танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылы желтоқсан айында әйгілі Алматы кездесуі өткізілді. Алматыдағы кездесу Кеңестер Одағының саяси фактор ретінде жойылғанын, оның орнына тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің келгендігін әлемге паш еткен алғашқы үлкен форум болды. Мен бұл оқиғаларды жиырмасыншы ғасырдың тарихындағы ең мазмұнды, ең әділетті, халықтың көптен күткен оқиғалары деп білемін.

– Тәуелсіз мемлекет құру ісінің басы-қасында болған қоғам қайраткері ретінде Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін қалай бағалайсыз?

– Мемлекеттік тәуелсіздікті, мемлекеттік дербестікті жариялап қою бар да, оны қамтамасыз ету бар. Ал жариялап қоюдың өзі қаншалықты күрделі екендігіне жаңағы айтқан ақпараттық тұжырымның өзі де жеткілікті ғой деп есептеймін. Ал соны тарихи шындыққа айналдыру, әрине, бұдан да гөрі көп уақытты, көп төзімді талап ететін күрделі үдеріс болды. Себебі, Кеңестер Одағы өз еркімен құлап қалған жоқ. Ол өзі ұстанып келген саяси жүйенің барлық мүмкіндігі таусылғаннан кейін барып құлады. Сөйтіп, социалистік даму жолы дағдарысқа ұшырады. Содан туындайтын ұжымдық меншік, қауымдық қатынастар да үлкен дағдарысқа тап келді. Ал аталмыш меншік пен аталмыш қатынастар тұсында өмір сүрген қоғам оны бір күнде сезінген жоқ. Түгелдей тез мойындай да қойған жоқ. Оның солай болуға тиісті екендігін түсінуге, өмірдің өзгеруге, ол үшін қоғамның өзгеруге тиісті екендігін мойындауға біраз уақыт кетті. Осының нәтижесінде елде әлденеше дағдарыстар қатар жүрді. Соның ішінде көзге алдымен түскені экономикалық дағдарыс болды. Ал экономикалық дағдарыс бұрынғы одақтың тұсында басталған және сол кезде шырқау шыңына жеткен дағдарыс еді. Бұрынғы ортақшылдық экономика омалып, шөгіп жатып қалды. Оған бастамашы болған да сол бұрынғы қайта құруды бастаған коммунистік партияның өзі. Өйткені ол кәсіпорындар бостандығына жетеміз деп, жоспарлы үлестірмелі экономиканың негізін құрайтын күре қағидаға балта шапты. Әр кәсіпорынның өз алдына билік алуы сол аймақтардың өзіне-өзі қожа болып кетуіне жол ашты. Сөйтіп, кәсіпорындардың ыдырауы арқылы кеңестік одақтың да аумақтық ыдырауы басталды. Бұл аумақтық ыдырау азаматтардың санасында үлкен рухани дағдарыстар туғызды. Осының нәтижесінде елде үлкен әлеуметтік күйзелістер орын алды. Бұл әлеуметтік күйзелістер көп халықтардан тұратын қоғамда ұлттық сипат алмай қоймайды. Сондықтан Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде ұлттық негіздегі наразылықтар, ұлттық есеп айырысулар басталды. Мұндай жағдайда кез келген экономика өз бетімен тыңайып кете алмайды. Бір қатынас екінші қатынасқа ауысып, бейбіт өзгере салмайды. Ол міндетті түрде оқ атылып, қан төгілетін оқиғаларға жетелемегенмен бейбіт эволюциядан гөрі тегеуріндірек реформашылдықты талап етеді.

Бұл шындықтан Қазақстан да тысқары қала алған жоқ. Қазақстанның аумағына таласатындар, елдің бірлігіне нұсқан келтіргісі келетіндер оны тарихи заңдылықтан тысқары, қолдан жасалған мемлекет ретінде қарастыратын әңгімелерді гулетіп жатты. Онымен де тынбай, Қазақстанның бұрыш-бұрышына келіп, оның аумақтық тұтастығына қол салғысы келетін күштер де табылды. Қысқасы, Қазақстан өзінің мемлекеттік дербестігін нығайтуды қиын күйзелістер дәуірінде бастады. Мінекей, ол күйзелістер Қазақстан экономикасын да қатты дағдарысқа ұшыратты. Ол дағдарысты Қазақстан бәрібір айналып өте алмайтын еді. Себебі, қайта құруға дейінгі Қазақстан экономикасының 87 пайызы одақтық бағыныштылықта болатын. Біздің елдің өзі дербес билейтін бөлігі 13 пайыздан аспайтын. Оның үстіне экономикамызды құрайтын факторлардың барлығы технологиялық жағынан да басқа республикаларға тәуелді еді.

Қазақстан негізінен шикізаттық республика болды. Сондықтан ол өзінің байлығынан толық пайда көретін жағдайда емес-ті. Осындай өзгеге тіркеліп қойған жарымжан экономика әлгіндей аумалы-төкпелі кезеңде алдымен тығырыққа тірелетіні белгілі. Сол кездегі Қазақстанның саяси басшылығы бұл тығырықтан айналып өтуге қанша тырысқанмен, бәрібір осынау экономикалық озбырлықтың зардаптарын бастан кешуге мәжбүр болды. Өндіріс түгелге жуық тоқтап қалды. Ауыл шаруашылығы ебіл-себіл күйді бастан кешті. Халыққа жәрдемақы мен жалақы берудің өзі мүмкін болмады. Қазақстанның көптеген ауылдары айлап, жылдап теңгенің де түрін көрген жоқ. Бұл күйзеліс қазақстандықтардың көңіл-күйіне жағымды әсер қалдырмайтыны әрине белгілі. Сол халықтың шындап тартып отырған әлеуметтік күйзелістері мен экономикалық қиындықтарын тілге тиек етіп, Қазақстанның келешегіне күмәндануды күшейтуге тырысқан ағымдар да етек алды.

Қазақстанның ең үлкен жетістігі сол жаңа қарым-қатынастарға көшкен қауымның осынша көп қырлы, тым тереңдеп кеткен қиындықтарды санаулы жылдардың ішінде жеңіп шыға алғандығы деп айтқан болар едім. Қайтадан қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын уақытты күтіп отырмай, сол күйзелісті күндердің өзінде жаңа этно-экономикалық қарым-қатынастарды жүзеге асыруға тәуекел еткендігі деп айтуға болар еді. Қазақстанның өз бетімен осы омалып қалған экономиканы, ошарылып қалған өндірісті қайтадан тіршілікке қоса алмайтындығын түсініп, халықаралық экономикамен ықпалдастыққа түсуге тәуекел еткендігі деп айтуға болар еді. Ал бұның қай-қайсысы да үлкен іс-қимылды қажет ететін түбегейлі өзгерістер саналады. Оның қай-қайсысын да жұрттың бірдей түсініп, бірдей қолданып кетуі өте қиын еді. Сондықтан мұның барлығы үлкен стратегиялық көрегендікпен қоса, тактикалық әдісқойлықты, ұйымдастырушылық оралымдылықты талап етті.

Қазақстан осы үдерістерді жүзеге асырудың өзіне лайық кескіндемесін таба алды. Сөйтіп, бірінші кезекке ол өз экономикасын аяғынан тік тұрғызуға қажетті инвестиция тарту саясатын бастады. Ол үшін халықаралық капиталмен жаңа жағдайда ықпалдасуға көшті. Әрине, кіріптар болып, ісің түсіп отырған елге сенің барлық талабың өте қоймайтыны белгілі. Сондықтан біраз уақытқа дейін ымырашылдықтан қашып құтыла алмайтын дипломатия қажет еді. Қазақстан бұған да тәуекел ете алды. Біздің ел өзінің геосаяси тиімді аумағын және онда жинақталған табиғи ресурстардың молдығын тиімді пайдаланды. Осыдан туындамай қоймайтын сыртқы әсерлерді екі жаққа бірдей тиімді іскерлік әріптестікке бейімдеу үшін де көптеген күш-әрекет керек болды. Сол кездегі Қазақстанның саяси элитасынан да, бүкіл жұртшылықтан да осыған жеткілікті төзім мен ақыл табылды. Бұл Қазақстанның тағы бір үлкен үлкен жетістігі деп есептеймін. Енді осы үлкен жетістіктің ең мықты көрінісі елдегі әлеуметтік ахуалдың орнықтылығы еді.

Бүгінгі таңда Қазақстан несімен күшті, адамзатқа несімен ықпалды десек, ол біздің еліміздегі әлеуметтік орнықтылықты қамтамасыз еткендігімізге байланысты болып отыр. Ал қиын күндерде осындай үлкен тәуекелге тұра білген мемлекет пен қоғам одан әрі өзінің жаңашылдық жолын, яғни, инновациялық бағытын таба алатыны түсінікті. Сөйтіп, Қазақстан өзінің табиғи мүмкіндіктеріне, тарихи мүмкіндіктеріне сай қалыптасып отырған жағдайдан туындайтын заңдылықтарға лайықталған жаңа сәйкестігіне қол жеткізді.

– Елдің беделді басылымдарының бірі сізді «қазақтың таңдайы» деп атады. Ұлттың жанына бататын мәселелерді дер кезінде айтып жүрсіз. Сонда да әлдебір себептермен айта алмай, «атасын өлтірген» өзекжарды сөздеріңіз бар ма?

– Мен көп жағдайда осынша ұйтқыма уақытта ұлт пен қоғам білуге тиісті-ау деген пікірлерімді ұтымды жеткізіп отыруға тырыстым. Алайда біздің өмір сүрген заманымыз күрделі болды. Көп жағдайда әлі де күрделі. Сондықтан барлығын сарқып айттым деуге ауызым бармайды. Өйткені оны жағдай да көтерген жоқ. Біз жаңағы айтқанымыздай, көп құрамды күрделі қоғамда өмір сүріп отырмыз. Мұндай қоғамда өзіңнің көкейкесті ойыңды орындамақ түгілі пікіріңді жеткізудің өзі де бірқатар қиындықтар туғызатыны белгілі.

– Қазір Парламенттегі депутаттардың санын көбейту жөнінде мәселе көтеріліп жатыр. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Мен бұл мәселеге оң қараймын. Себебі, бізге баянды мемлекеттілік керек. Баянды мемлекеттілікке жету үшін біздің елімізде қалыптасқан саяси орнықтылықты одан әрі нығайту қажет. Ал саяси орнықтылықтың нығаюы әлеуметтік әділеттілікті талап етеді. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін басты фактор – адам құқы, азамат бостандығы. Ал бұларды жүзеге асырудың тарихи тәжірибе арқылы көз жеткізіліп отырған бірден-бір механизмі – демократиялық қарым-қатынас. Демократиялық қарым-қатынастың ең басты түрі – азаматтың мемлекет өміріне тікелей араласа алуы. Ал біздің жиырма бірінші ғасыр жағдайында бұл мүмкіндікті қамтамасыз етудің жалғыз жолы – парламентаризм. Парламентаризмде өз өкілі отырған азамат қана осы мемлекеттің өміріне менің де қатынасым бар деп есептей алады. Сондықтан азаматтарымыздың мемлекет өміріне саяси қатынасын толық қамтамасыз ету үшін оның толық өкілеттілігін де қамтамасыз етуіміз керек. Ал қазір Қазақстан Парламентінің өкілеттілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келе бермейді. Біз өзіміздің электоратымыздың халықаралық стандартқа сәйкес саяси қатынастарын орнықтыру үшін депутаттық корпусты сан жағынан да ұлғайтуымыз қажет. Сондықтан бұл уақытында көтерілген орынды мәселе деп есептеймін. Біздіңше, мұндай игі бастама өзінің шешімін табуға тиіс.

– Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деп отырмыз. Мұның нақты мүмкіндіктері қандай?

– Бәсекеге төтеп беру – қазіргі өмір сүріп жатқан мемлекеттердің бәрінің мойнына уақыттың қойып отырған талабы. Бұл талапты алдымен түсінетіндер, кейін түсінетіндер болуы мүмкін. Бірақ бұл талаптан бұлтарып қалатындар жоқ. Сондықтан Қазақстан бұл мәселені дер кезінде көтеріп жатыр. Оны жүзеге асыруға біздің елдің мүмкіндігі әлемдегі көптеген елдерден көбірек болмаса, аз емес. Біз ұлан-байтақ аумаққа иеміз. Ол аумағымыздың ресурстық мүмкіндіктерін қазір бүкіл әлем біліп отыр. Ол мүмкіндіктерді ойдағыдай жүзеге асыру технологияға, шаруашылықты инновациялық бағыт бойынша ғылымға негіздеп жүргізе бастауға байланысты. Бұл халықтың сауаттылығын талап етеді. Ал бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан әлемдік қауымдастықтың алдыңғы легінде тұр. Қазіргі экономикалық жағынан дамыған елдердің көпшілігінің өзінде Қазақстандағыдай жаппай сауаттылық жоқ. Мінекей, осы факторлардың барлығы Қазақстаның қазіргі әлемде орын алып отырған экономикалық бәсекеге төтеп бере алатындай қоғам орнатуына алғы шарт бола алады. Егер біз мұны жүзеге асыруға дер кезінде кіріспесек, өзіміздің осындай әлеуетімізді күннен-күнге әлсірете беруіміз мүмкін.

– Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақ университетінің студент-жастарымен кездесуде сіз Әбілқайыр ханды ескерткіш қоюға лайық ерек тұлға деп бағалаған едіңіз. Осынау қайшылығы мол тарихи тұлға бүгінгі күні өзінің нағыз бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– Әбілқайыр – тарихи қайшылыққа толы тұлға. Оның заманында қай халық та өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы дәурендеп кете алмаған. Оның ішінде көшпелі мал шаруашылығымен шектеліп қалған, ұлан-байтақ кеңістікті иемденіп жатқан, сан жағынан аз қазақ қауымы сыртқы факторға жүгінбей тұра алмайды. Тіпті сыртқы факторды ескермеймін деген күннің өзінде сол кездегі қалыптасқан халықаралық жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Әбілқайырдың тұсында таңдау аз еді. Қазақ жұрты батысқа немесе шығысқа ықылас білдіруге міндетті болды. Ал оның шығысында өзінен оза қимылдап, әлеуметтік немесе экономикалық прогресс жасап жатқан көршілері бола қойған жоқ. Ол кездегі Қытайдың өзі ұзақ жылғы отаршылдықтан күшін сарыққан бір кездегі үлкен әлеуетінен айырылған әлжуаз елдердің бірі еді. Сондықтан дамуды ойлаған, елінің ілгері басуын ойлаған саясатшылардың барлығы оза қимылдап, келе жатқан сыртқы факторларға ұмсынуға мәжбүр болды. Мұны тәуелсіздіктен безіну, отаршылдықты қолдау деп ойлауға болмайды. Себебі, ол кездегі қазақ елінің жағдайы отаршылдық пен тәуелсіздіктің арасында тұрған жоқ-ты. Ол кезде елдің жағдайы одақтастықты қай тараптан іздеуге байланысты болатын. Оған Әбілқайыр жасаған қадамға одан бұрынғы Тәуекел мен Тәуке, оның тұстастары Қайып, Сәмеке, Жолбарыс, одан кейінгі Әбілмәмбет, Абылайлардың да барғандығы, ал бір кезде оның бетінен алып, ізін шабақтаған Барақтың Неплюевтің алдауына түсіп, «жаман ырым» бастап, оған ақ үй апарып беріп, Әбілқайырдан да озып, алға түсіп кеткені үшін жер ауып, қазақ арасында жүрген Шона батыр мен Қазыбек, Бекболат билер онымен ат құйрығын үзісіп кетуге дейін барғанын айтсақ та дәлел бола алады. Әбілқайырдың шығыс тараптан күткен қаупін кейін Абылай өз басынан кешіп, орыс саясатшылары «двоеданство» атап кеткен қос бодандыққа баруға мәжбүр болды. Өйткені, сырттан одақ іздеуден қашып құтыла алмаған жаңғыз қазақ билеушілері емес еді.

Украинада Хмельницкий, Грузияда Багратион, Литва, Бессарабия, Кавказ билікшілері, Хиуа ханы Шахнияз, торғауыт Аюке, ойрат Сыбан Раптан мен Ғалден Шерін де жүгіншіл еді. Кейін батыс отарлауының құрығынан бір кезде әлемді тітіреткен Иран, Үнді, Араб, Қытай бастаған бүкіл Африка, Азия елдері құтыла алмаған. Сондықтан, ХVІІІ ғасырдағы қазақ билеушілерінің бірін пері, бірін періште қылып, екі ұдай таласқа түсудің қажеті жоқ. Олардың қай-қайсысы да ұлысты емес, ұлтты билегісі келді. Жерге, суға ие болғысы келді. Бірақ оны бұрынғы көшпелі ордалар тәжірибесімен жүзеге асыру мүмкін еместігін, ол үшін жаңа саяси сәйкестік керек екендігін түсінуге мұршалары болмайды. Алайда, оларды қайшылыққа толы саясаттың өзі қазақ мемлекетін мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас жасап, келіссөзге келуге мәжбүрледі. Бұл ақиқатты Ресей де, Қытай да жоққа шығара алмады. Қайта олардың әлгілермен жүргізген дипломатиялық құжаттары сол кездегі ұлан-байтақ қазақ елінің аумағын қандай ұлт мекендегенін анық айғақтайды. Бұл біздің ХХ ғасырдың аяғында қолдан жасалған ұлт еместігімізді, өз мемлекетіміз болғандығын, жаппай тәуелсіздену кезеңінде төл ұлттық мемлекет құруға тарихи негізіміз жеткілікті екендігін құжат түрінде деректейді. Сондықтан қалыптасқан жағдайға орай Әбілқайырдың жасаған таңдауының ұтымды да, ұтымсыз да тұстары болды. Ұтымдылығы, дәл сол жылдары өзінің шығыстағы көршісі жоңғармен одақтас болып кетсе, онда 1751 жылға жетпей жоңғармен бірге құритын еді. Егер жоңғарды жеңген қытаймен одақтас болса, күндердің күнінде жоңғарды жайпаған Цин империясының қазақ мемлекеттілігін жоймайтынына кепіл аз. Ал бұл қауіп батыстан тумайды деп ойлау тағы да тарихи шындыққа жанаспайды. Бірақ сол кездегі Ресеймен одақтас болуға талпынғаны қазақ елінің аумақтық тұтастығын тағы бір ғасырға дейін ұстап отыруына, өз халқының тілі мен этникалық дербестігін осы заманға, жиырма бірінші ғасырға жеткізуіне мүмкіндік берді. Бірақ бұл Ресейдің сахилығынан не болмаса бізге көп жаны ашығандығынан емес еді.

Негізінде, өркениеті бөлек, тілі мен діні бөлек, өмір үрдісі бөлек Ресей қазақ жеріне қаптап енуге көп уақытқа дейін құлықты болған жоқ. Себебі, сол кездегі қазақ даласын олар қурап жатқан құладүз кеңістік қана деп есептеді. Ондағы қорек айырып отырған мал шаруашылығы оларды тіпті де қызықтырған жоқ. Елдің отаршылдыққа ұрынуы бүкіл адамзат жер асты байлықтарын игеруге көшкен кезден басталады. Ал мұндай кезең басталған кезде тек Ресей ғана емес жер бетіндегі барлық мемлекеттер де экспанцияға ұрынды. Біздің шығыстағы көршілеріміз – қытай да, жапондар да, тағы да басқа өздерін әлеуетті санайтын мемлекеттердің бәрі де мұндай әрекеттен қашып құтылған жоқ. Сөйтіп, жаңа әлемдік саяси қатынастардың дәурені басталды. Осының арқасында азаматтар мен халықтардың бостандығына залал келтірмейтін тиімді қарым-қатынастардың жаңа әлемдік үлгісін жасау міндеті қойылды. Мінекей, осы шындықты мойындаудың және оның жолында бүкіл адамзат болып күресудің нәтижесінде бұрынғы тәуелді елдер де тәуелсіздік ала бастады. Бүкіләлемдік қоғамдық сананы билеген демократиялық серпілудің үшінші ағымы күшейген кезде біздің елге де мүмкіндік туды.

– Елдің атауына байланысты кезінде әртүрлі пікір қозғалып, ақыры «Қазақстан Республикасы» деген ұғым әбден қалыптасып, санамызға сіңіп кетті. Дегенмен осыған байланысты сіздің айтарыңыз бар ма?

– «Қазақстан Республикасы» деген ұғымға байланысты өз тұсында Жоғарғы Кеңесте үлкен дау туғаны белгілі. Депутаттардың көпшілігі «Қазақ Республикасы» деген атауға ықылас білдірді. Бұл тарихи жағынан да, тілдік жағынан да, саяси логикасы жағынан да бірден-бір ықтимал атау еді. Алайда әлгінде айтқанымыздай, көп құрамды Қазақстанның жұрттан өзгеше жағдайы сол кездегі парламентті ымырашылдық, мәмілелік атау іздеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, осы «Қазақстан Республикасы» дейтін атауды жақтағандардың дауысы басым түсті. Бұл енді қалай болғанда да қазіргі біздің мемлекетіміздің аты. Бұл атау да мұндағы байырғы елдің қазақтар екендігін жоққа шығармайды. Ал көп жағдайда қазіргі «стан» деген жұрнаққа байланысты халықаралық көлемде айтылып жүрген теріс көзқарасқа келетін болсақ, бұл «ұлы державалы» шовинистік көзқарастың салқыны деп ойлаймын. Адамдардың, ұлттардың, мәдениеттің әлі де бірін-бірі мойындап, бейбіт жарастыққа үйренісе алмай жатқандығының көрінісі. Сондықтан бүгінгі таңда бұл атау төңірегінде мүйіз сырқырайтындай күрделі мәселе жоқ деп білемін.

– Тәуелсіздігіміздің бір тірегі саналатын руханият саласындағы шаралардың бүгінгі деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Арғы-бергі тарихқа үңіліп отырсақ, өз тұсындағы руханияттың деңгейіне көңілі толғандар болмапты. Архимед, Аристотель, Сократ, Платондардың дәуіріндегі пікірлерге көз салсаңыз да, алтын заман артта қалып, қолайсыз қола заманға тап болғандай әсер аласыз. Бәлкім, адамзат үшін ең кешірімді нәрсе осы рухани дамуға байланысты тоқмейілсушіліктің емес, қайта максимализмнің баянды болғандығы шығар. Мүмкін, руханият соның арқасында алға басып келе жатқан шығар. Бәлкім, мен де сол инерциядан кете алмай жүрген шығармын. Рухани дамуымыздың барлық мүмкіндігі толықтай жүзеге асып жатыр деп айта алмаймын. Алайда, «біздің ұлттық рухани өмірімізде ешқандай өзгеріс болмады, және ол өзгеріс түбегейлі өзгерістерге жатпайды» дейтін болсам, мен ақиқаттың бетіне түкірген нәмәрт болып шығар едім. Біздің кез-келген көзі қарақты қазақ өзінің осыдан он жыл, жиырма жыл, отыз жыл бұрынғы көзқарасы мен қазіргі көзқарасын салыстырып көрсін. Аспан мен жердей. Өзінің он жыл бұрынғы рухани талаптары мен қазіргі рухани талаптарын салыстырып көрсін. Ол да аспан мен жердей. Осыдан он жыл, жиырма жыл бұрын өзінің тек міндетін ғана түсінетін біздің отандастарымыз қазір құқықтары мен бостандықтарын сағат сайын айқайлап талап етіп жатады. Бұл рухани даму болмағанда не болады? Оны қойғанда, біздің ұлттық тарихымыздың тоқсан пайыздайы көзден таса болып келсе, сол қазір біртіндеп жарқырап шыға бастады. Қазіргі қазақтардың рухани білімінің диапазоны осыдан отыз жыл бұрынғы ғана емес, он жыл бұрынғыдан да әлденеше рет өсе өсті. Бұл рухани тіреу болмағанда не болады? Қазіргі рухани түлеуді жүзеге асыратын шығармашылық күштер бостандығының, еліміздегі сөз бостандығының, пікір бостандығының деңгейі бұдан бірнеше жыл бұрынғыдан әлденеше рет өсті. Біз бұл салада істейтініміздің бәрін істеп болдық деп айта алмаймыз. Бірақ нақты қалыптасып отырған жағдайдың өзі бізді рухани шыңдалудың айта қаларлық биігіне көтергенін жоққа шығару тарихи шындыққа обал жасау болар еді.

– Жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек бір әңгімесінде сіздің газет тапсырмасы бойынша Лев Толстой туралы деректер мен дәйектерге толы мақаланы бір түннің ішінде жазып бергеніңізді айтады. Біреулер бір ай бойы жазатын мұндай дереккөзі көп танымдық дүниені жедел жазып тастауыңыздың сыры неде? Осынша мол мағлұматты жадыңызда сақтайсыз ба, әлде кітапханаңыз бай ма?

– Мен, негізінде, қағаздан бас көтермейтін адаммын. Бірақ бұған қарап мені күні-түні жазу үстінде отырады деп ойлауға болмас. Көбіне-көп кітап оқимын. Сондықтан мені көптеген мәселелер қызықтырады. Өзімді қызықтырған мәселелерге байланысты үнемі жауап іздеп жүремін. Сол жауапты тапқанша тыншымаймын. Әрине, ол жауаптарым өзінің айтылатын уақытында айтылады, жарияланатын кезінде жарияланады. Егер маған қолқа салушылар сондай дайын жүрген жауабыма лайықты сауал қойған болса, сол бойда естиді. Бәлкім, Ақселеу айтып отырған жағдай мен үшін сондай бір сәт болған шығар. Қысқасы, қоғаммен тілдесіп, әлеуметпен әңгімелесе білетін кісілердің бәрі қай кезде де қойылуы мүмкін өзекті сауалдарға өзінің дайын жауабымен жүргені дұрыс деп есептеймін. Мағлұматтарды жадымда ұзақ сақтайтыным да, кітаптарға көп жүгінетінім де рас. Кітапханам анау айтқандай бай емес. Бірақ өзім білетін қаламдастарымның қай-қайсысының кітапханасынан да қораш деп ойламаймын.

– Қайраткер Әбіш Кекілбаевтің қаламгер Әбіш Кекілбаевқа тигізген пайдасы мен келтірген кедергісінің қайсысы басымдау?

– Бұл сұрақ маған көп қойылады. Бірақ осы сауалдың маған басқаша қойылғанын қалар едім. Мысалы, «Суреткер Әбіш Кекілбаев өзі өмір сүріп жатқан осы кезеңде қоғамдық қызметке, саяси қайраткерлікке ұмтылмай, күрделі заманның саяси өміріне араласпай тұра алар ма еді?» деп сұраған орынды сияқты болып көрінеді. Ал ондай сұраққа мен «Ол мүмкін емес» деп жауап берер едім.

 

Бауыржан Омарұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396