Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3721 2 пікір 27 Қазан, 2022 сағат 13:22

Тоқаевпен кездескен Шарль Мишель не дейді?

Бүгін Қазақстанға Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель іс сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің президентін Ақорда резиденциясында қарсы алып, келіссөз жүргізді.

Шарль Мишель Қазақстаннан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездеспек. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында жазды.

«ЕО Орталық Азиямен байланысты тереңдетуге және өңірлік ынтымақтастықты қолдауға дайын», - деп атап өтті жабасында Еуропалық Кеңес басшысы.

Қазақстандағы жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтті.

«Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны – дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жан-жақты диалогты дамытуға зор мүмкіндік береді.

Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын атап өтті.

«Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын», - деді Шарль Мишель.

Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бұрын Орта Азия елдеріне сапарлатып бара жатқан Еуроодақ басшысына төрт халықаралық құқық қорғау ұйымы кездесулер барысында адам құқықтары саласындағы «өзекті мәселелерді» көтеруді тапсырып хат хазған. Хатқа «Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік» (IPHR), «Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро», «Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығы» (AHRCA) және «Адам құқықтары жөніндегі Түрікмен бастамасы(АқТБ) қол қойды. Олар Еуро Кеңес басшысынан биыл Қазақстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда болған ірі дағдарыстар кезінде «адам құқықтарының өрескел бұзылуын тергеу бойынша шұғыл, бейтарап және тиімді шараларға» қол жеткізуді, сондай-ақ, осы құқық бұзушылықтарға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды сұраған.

Еуропалық Кеңес адам құқықтарын қорғау бағытында Қазақстанға сыни көзқараспен қарайды. Биылғы ақпан айында Еуропалық Парламент Қазақстанды адам құқықтарын бұзушы деп таныған қарарды қабылдады. Құжатты қабылдауға 693 депутаттың 598-і дауыс берді, 43-і қарсы болды, тағы 52 депутат қалыс қалған.

Қарар мәтінінде Қазақстанда соңғы уақытта «адам құқықтарына қатысты жалпы жағдайдың нашарлауы және қоғамдық ұйымдарының жанышталуы» байқалды деп жазылған.

Еуропарламент Қазақстан Үкіметін «пандемия кезіндегі шектеулерді саяси қуғын-сүргінді күшейтуге пайланды» деді. Ұйым саяси тұтқындарды босатуды, қоғамдық бірлестіктер, белсенділер мен блогерлердің сөз бостандығына шектеу келтірмеуді және талап еткен болатын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371