Дулат Аманжол. Қазақ баспасөзі – пәрменсіз, журналисті – дәрменсіз
ХVIII ғасырда Питер Зенгердің басшылығымен «Нью-Йорк Уикли Джорнэл» атты алғашқы тәуелсіз американдық басылым жарық көре бастайды. Анығы, «A newspaper is the Eyes, the Ears and the Honest Voice of the nation» («Газета - халықтың көзі, құлағы һәм үні») деп американ жұртына тараған газет АҚШ-та сөз бостандығын қалыптастырды. Халық санасының оянуына соны серпіліс әкелді.
Арада ғасырлар өткеннен кейін Алаш зиялылары Батыс һәм Еуропаның газет шығару үлгісіне көз жүгіртіп, 1913 жылдың 2-ақпанынан бастап «Қазақ» атты жаңа басылымды дүниеге әкелді. Арман-аңсары - алты миллион қазаққа қызмет ету еді. «Қазақ» - ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедиямыз ғана емес, сол заманның медиа талабына сай жауап бере отырып жарық көрген жалпыұлттық басылым. Әлбетте, бұл - өткен тарих. Ал бүгінгі қазақ баспасөзі ше? «Халықтың құлағы, көзі һәм үні» емес, мемлекеттің бюллетеніне айналды. Ықпалды, бейтарап әрі беделді халықтық мінбер емес, ұлттық мәселерді көтеретін (оны шешуге сөзі өтпейтін, шама-шарқы жетпейтін) үнпарақ деңгейінде қалып қойды. Сонда неден ұтылдық һәм тұтылдық?!
Факт-чекинг саласы дамымай келеді.
ХVIII ғасырда Питер Зенгердің басшылығымен «Нью-Йорк Уикли Джорнэл» атты алғашқы тәуелсіз американдық басылым жарық көре бастайды. Анығы, «A newspaper is the Eyes, the Ears and the Honest Voice of the nation» («Газета - халықтың көзі, құлағы һәм үні») деп американ жұртына тараған газет АҚШ-та сөз бостандығын қалыптастырды. Халық санасының оянуына соны серпіліс әкелді.
Арада ғасырлар өткеннен кейін Алаш зиялылары Батыс һәм Еуропаның газет шығару үлгісіне көз жүгіртіп, 1913 жылдың 2-ақпанынан бастап «Қазақ» атты жаңа басылымды дүниеге әкелді. Арман-аңсары - алты миллион қазаққа қызмет ету еді. «Қазақ» - ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедиямыз ғана емес, сол заманның медиа талабына сай жауап бере отырып жарық көрген жалпыұлттық басылым. Әлбетте, бұл - өткен тарих. Ал бүгінгі қазақ баспасөзі ше? «Халықтың құлағы, көзі һәм үні» емес, мемлекеттің бюллетеніне айналды. Ықпалды, бейтарап әрі беделді халықтық мінбер емес, ұлттық мәселерді көтеретін (оны шешуге сөзі өтпейтін, шама-шарқы жетпейтін) үнпарақ деңгейінде қалып қойды. Сонда неден ұтылдық һәм тұтылдық?!
Факт-чекинг саласы дамымай келеді.
Оқырманды жалған мәлімет келтіріп жаңылыстыруға, дәлелсіз ақпарат таратып адастыруға ешқандай басылымның хақы жоқ. «Сөз - қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады. Түзетуге жұмсасақ, түзейді» дейді А.Байтұрсынов. «Сөз - қару» болса, факт - журналистиканың ұстын-тірегі екені белгілі. Өкініштісі, бүгінгі қазақ баспасөзінде факт-чекинг (факт тексеру) саласы дамымай келеді. Мәселен...
Таяуда «Халық сөзі» газеті (08.01.2013) «Ресей Моңғолияны бодан ел етпек» деген жалған ақпарат таратады. Факт жоқ. Рунеттің белгісіз сайтында жарияланған Леда Таманнаяның ақылға сыймайтын «фантастикалық тезисін» қазақшаға тәржімалап, «сенсация» жасайды. Сонымен қоймай, келесі нөмірінде саясаттанушы Айдос Сарыммен осы орайда сұхбат (15.01.2013) ұйымдастырады. Аталмыш сұхбат барысында кейіпкерге қойылған сұрақтарды оқысаңыз, тіпті күлесіз. Онда да факт жоқ. Ресейдің де, Моңғолияның да сыртқы істер министрлігі жоғарыдағы мәліметті жоққа шығарғанын біле тұра, «Халық сөзі» бұнымен не «айтқысы» келді?! Бәлкім, «бульварлық басылым» атануға жасалған алғашқы қадамы болар.
Өткен жылы «Айқын» газеті «Әлемдегі ең таза су - Жезқазғанда» (16.11.2012) деп жұртшылықты бір серпілтіп тастады. «Айқынға» сенсек, «суды құмыраларға құйып, Еуропаға асырып жатқан қазақстандық бизнесмен Воррахмет Елеев деген азамат бар екен». Әрине, бұл да - жалған ақпарат. Айғақ-дәлелі жоқ. «Экспресс К» газетінің тілшісі Михаил Дворянчиковтың «жаңалығын» (15.11.2012) сөзбе-сөз, үтір-нүктесіне дейін қазақшаға аударып, жариялай салған. Сонымен қоса, бұл жаңалықты анау-мынау емес, «ҚазАқпарат» (!) ұлттық ақпарат агенттігі (15.01.2011/08:43) күн тәртібінде тұрған көкейкесті ақпар ретінде жариялапты. Жоғарыдағы ақпарат құралдары Жезқазған қалалық кәсіпкерлік бөліміне қоңырау шалса, Воррахмет Елеев есімді кәсіпкер жоқ екенін, салық органында тіркелмегенін де білер еді. Әлде ауыз су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан аймақ жұртшылығын осылайша мазақ қылғаны ма?! Тағы белгісіз...
Соңғы бес-алты жыл мұғдарында қазақ баспасөзінде «Егер... онда... Қытай Қазақстан мұнайының қырық пайызын иеленедi» деген тақырып қайта-қайта көтеріліп, таза «ойыншыққа» айналды. Таяуда ҚазТАГ ақпарат агенттiгiнiң құпия ақпарат көзi (!) 2013 жылдың күзiне қарай Қазақстанның мұнай саласындағы қытайлық компаниялардың үлесi 40 пайыздан асып түсетiнiн хабарлады. Біздің журналистер «құпия ақпарат көзi» келтірген ақпаратты тексермей жатып, дүйім елді дүрліктіріп жіберді. Әрине, геосаяси тұрғыда шындыққа жанаспайтын мәлімет бұл. Ал шындығында «үлесi 40 пайыздан асып жатса», отандық БАҚ соны дәлелдейтін бұлжытпас фактологиялық, фактографиялық материалдар ұсынуы тиіс еді оқырманға. «Құпия ақпарат көзі... деді... атын жасырған сарапшы...дейді ...пәлен саясаттанушының пікірінше...» - факт емес! Оқырманға - шынайы ақпарат керек. Бәрі ауысады, ал баспасөз қалады. Егер баспасөз халқын (оқырманын) қорғай алмаса, иммунитет бола алмаса, бұл - елдігімізге мін, ұлттығымызға сын.
«Арық түйеге бұлбұлдың сайрағанынан не пайда?»
Журналистика - көркем әдебиет, философия немесе шоу-бизнес емес. «Қазақ» газетінің алғашқы санында: «Газетада жұртқа үгіт қылғаннан, насихат айтқанның орнына, реални іс көрсеткен пайдалы. Арық түйеге бұлбұлдың сайрағанынан не пайда? Құстың қанаты жоқ болса ұш дегенменен ұша ма? «Бай болуға» керектікті жұрт өзі де біледі. Қайсы жолменен барғанда байлыққа жетеді, не түсті болғанда жақсылық табылады, соны айту керек»-деп жазады. Шыны керек, бүгінгі қазақ баспасөзі заман талабына сай сараптамалық талдау жасауға қауқарсыз. Экономика, геосаясат, ғарыш, халықаралық қатынастар, индустрия, архитектура (т.т.) сияқты тақырыптарға толыққанды аналитикалық талдау жасап, қалам тербеп жүрген журналистер некен-саяқ. Мәселен, Чиншанло мен Манеза немесе Байқоңыр дауы кезінде тақырыпты ашу, талдау былай тұрсын, қазақ баспасөзі бірлік пен ұйымшылдық таныта алмады! Қытайлық, ресейлік әріптестерін жөнге салуға қауқары жетпеді.
Ал, алаулатып, жалаулатып, шалқып, әсірелеп, әдемілеп жазатын заман баяғыда өткен. Ел алдында тұрған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, оң шешілуіне ықпал ету - ақындық пен айтыскерліктің емес, журналистиканың жүгі.
Қазақстанда жалпыұлттық газет жоқ
Мәселен, ағылшынның The Times, немістің Frankfurter Allgemeine Zeitung немесе американдықтың The Washington Post газеті - ұлттың айнасы, сенімнің белгісі ғана емес, аса ықпалды күш. Бізде «елдің басты газеті...» деген - бұлдыр елес, иллюзия ғана. Итальяндықты Corriere Delia Sera газетіне күштеп жазғызып көріңізші, келесі күні басылымның күл-талқаны шығады. Жапонның Asahi Shimbun газеті «Пәлен министр пара алды» деп бұлжытпас фактологиялық материал жарияласыншы, келесі күні сол министрді Үкімет үйінде «жеп қояды». Неміс басылымына қысым жасаған Германия Президенті Кристиан Вульф келесі күні-ақ отставкаға кеткені белгілі. Асылы, жалпыұлттық басылым дегеніміз - осы!
Ал бізде қазақ журналистеріне - бәрі қожа. Лауазымды шенеунікті айтпағанның өзінде, «қазақ басылымдарына қысым жасағаны үшін ауыл әкімі орнынан кетті» дегенді естіген емеспіз. Қазақтың журналисін балабақшаның шаруашылық меңгерушісі де, мектеп директоры да, университет күзетшісі де, министрліктің ұсақ бюрократы да сотқа сүйреп, әуреге сала алады. Шынтуайтына келсек, қазақтың бүгінгі баспасөзі -пәрменсіз, журналисі - дәрменсіз. Өйткені қазақ - жапондықтай, итальяндықтай, немістей бола алмады. Ұлттық баспасөз үшін оның жүрегі сыздамады да.
Осыдан бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінің № 12 санында (28 сәуір 1913 жыл) ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: ««Пәлен хан-ай!», «Пәлен би-ай» деп үйде отырып өкінесіңдер! Қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік, береке болса, бүгінде қазақ бұл күйде болар ма еді?! Жұрттың берекесі кетуге түптен себеп болған нәрсе - қазақта бірліктің жоқтығы. Бірлік жоқтан әр ханға еріп бытыраған, бірлік жоқтан қазақтың әрқайсысын әр жерде дұшпаны ойбайлатқан. Бұрынғы хан болсын, билер болсын, әділдіктен жырақ болған. Заманы адасқан соң өздері де адасып, бұрынғы хандар мен билер өтіп кетті, ендігі тірі жүрген кісілерге де тіршілік керек. Әділдік жоқ жұртта береке, бірлік болмайды. ...қыстыгүні үңгірде жатып өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да сорғаны өз аяғы»-деп жазады. Рас, қазақ бірікпеді. Ұлт болып ұйыса алмады. Қазақты оятуға күш жұмсады. Оянбады. Бүтін халықты бір тудың астына біріктіре алатын қолбасшымыз да, жолбасшымыз да, көшбасшымыз да болған жоқ тарихта.
«Бүтін халықты ешкім де қорқынышта ұстай алмайды, тұтас жұрттың өзі соған сеп болмаса» - дейді белгілі журналист Эдуард Мэрроу. «Американдықты американ еткен - баспасөз» деген тәмсіл және бар. Ең бастысы, баспасөз - атқарушы биліктің, лауазымгер шенеуніктің, құрылтайшының, медиа-холдингтің меншігі емес. Халықтың меншігі. Мемлекеттің бюллетені емес, дүйім жұрттың жаршысы!
ABAI.KZ