Мегаполистің мега-қатерлерін қаперге неге алмаймыз?
Қалта телефоныма Алматыда 03-04 ақпан күндері сел жүру қаупі бар екені туралы SMS хат келіп түсті. 28 қаңтар күні түнгі сағат 22:38 шамасында тіркелген жер сілкінісіне қатысты келмеген құлақтандыру, енді, міне, "есік қағып тұр". Мұны ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың уәдесін орындағаны деп білеміз. Бәлкім, отандық байланыс операторлары да сыннан нәтиже шығарған болар. Десек те, сел қаупіне қатысты "үшбу хаттың" болжамы орындалмады. Құдайға шүкір делік! Мұндай төтенше апаттың бізге қажеті шамалы. Әйтсе де бірде еріп, бірде қайта жауған қар бұл сел қаупінің алдағы бір-екі ай көлемінде сейілмейтінін аңғартып отырғандай. Сондықтан да біз бүгін "Алматыға қатер қайдан келетінін" тағы да саралап, тек селді ғана емес, жалпы, Алматының "бас ауруына" айналған қауіптерді әңгімелеп көрелік.
Қалта телефоныма Алматыда 03-04 ақпан күндері сел жүру қаупі бар екені туралы SMS хат келіп түсті. 28 қаңтар күні түнгі сағат 22:38 шамасында тіркелген жер сілкінісіне қатысты келмеген құлақтандыру, енді, міне, "есік қағып тұр". Мұны ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың уәдесін орындағаны деп білеміз. Бәлкім, отандық байланыс операторлары да сыннан нәтиже шығарған болар. Десек те, сел қаупіне қатысты "үшбу хаттың" болжамы орындалмады. Құдайға шүкір делік! Мұндай төтенше апаттың бізге қажеті шамалы. Әйтсе де бірде еріп, бірде қайта жауған қар бұл сел қаупінің алдағы бір-екі ай көлемінде сейілмейтінін аңғартып отырғандай. Сондықтан да біз бүгін "Алматыға қатер қайдан келетінін" тағы да саралап, тек селді ғана емес, жалпы, Алматының "бас ауруына" айналған қауіптерді әңгімелеп көрелік.
Бірінші қатер - сел
Сел - мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып-тасуынан пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы. Рас, биылғы қардың шамадан тыс көп түсуі қала халқын алаңдатып отыр. Алматы көшелеріндегі көктайғақ, жол жағаларындағы тау болып үйілген күрсі қар, қаңтар мен ақпан айларында күннің көзі лезде жылып, қардың еруі аталған қауіптің иек астында тұрғанын көрсететіндей. Жалпы, сел жолындағы шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкететінін, мұндай апат Қазақстанның Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Сауыр, Тарбағатай, Алтай тауларындағы Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қаскелең, Есік, Талғар, Текелі, Сарқант тағы басқа өзендердің алаптарында жиі болып тұратынын жақсы білеміз. Ал елімізде орын алған селдердің тарихын білеміз бе? 1887 жылы жер сілкіну әсерінен Алматы қаласында сел жүрген. Соның салдарынан табиғи апат қалаға көлемі 440 млн м3 болатын ірі тастарды ағызып әкелген көрінеді. 1928 жылы қатты нөсер жауын салдарынан Іле Алатауының терістік беткейінде 20-дан астам сел тіркеліпті. Сонымен қатар 1921, 1941 жылдары Кіші Алматы, 1950 жылы Үлкен Алматы өзендері тасып, қала халқы айтарлықтай зардап шеккен. Осындай қауіп-қатерден қорғану мақсатында 1966 жылы Медеу шатқалында дүниежүзінде алғаш рет тауды бағыттап қопару әдісімен Медеу бөгеті салынған-ды. Осы бөгет бірнеше рет Алматы халқын су басу апатынан сақтап қалғанын білеміз. Десек те, биылғы қалың қар лезде ерісе, Медеу бөгеті қаланы сақтап қала ала ма? Белгісіз... Белгілісі - Алматы қаласымен өтетін ұзын саны 26 өзен бар. Олар тасыды деген сөз...
Екінші қатер - жер сілкінісі
Жоғарыда келтірген деректе сел жер сілкіну салдарынан да туындауы мүмкін екенін айттық. Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақ екені белгілі. Соңғы кездері жиілеп кеткен жер дүмпулері үрейге үрей еселеп отырғаны тағы бар. Мамандар пікіріне сүйенсек, мұндай жер дүмпуі салдарынан қар көшкіні орын алуы да бек мүмкін. Яғни бұл орайда қардың көп түсуінен ғана емес, жер сілкінуден де қауіптенуге негіз бар деген сөз.
Алматы тарихында 1887, 1889, 1911 жылдары тоғыз баллдық жер сілкінісі болғанын білеміз. 1887 жылғы зілзаладан 236, 1911 жылғы табиғи апаттан 44 адам қаза тапқан болатын. Ондай тоғыз баллдық апат емес, 28 қаңтардағыдай 6,3 магнитуда болатын жер сілкінісі тағы да бір-екі рет қайталана қалса, селдің астында қалмаймыз ба? Белгісіз...
Жанама салдарлар
Біз тура осындай "белгісіздердің" бел омыртқасында отырып, ару қаламыздың экологиясына бас ауыртпайтынымыз қалай? Ендігі мәселе осыған келіп тіреледі. Мәселен, мамандар Алматы экологиясының өзгеруіне әкелген бірнеше факторды атап айтады.
Мысалы, Қапшағай суқоймасы. 1970 жылы су толтырыла бастаған бұл суқойманың Алматының экологиялық жағдайын өзгертіп жібергені жиі айтылып жүр. Алматыдағы жауын-шашынның көптігіне Қапшағайдың булануы себепкер. Жасанды Қапшағай көлінің қаладағы ауаның тазалануына да өз кедергісі бар екен. Мысалы, күндіз таудан ескен самал жел Қапшағай көлі орналасқан алқаптың құмын суытып, кешкісін даладан қалаға қарай салқын жел есіп, қаланы тазартатын. Ал қазір бұл табиғи құбылыс өзгеріске ұшырап кетті. Бұл пікірді бүгінде Алматының құбылмалы, дымқыл ауасына алаңдайтын ғалымдардың көпшілігі жоққа шығармайды. Жауын-шашынның көбеюі тағы да тасқын су қаупін күшейтетінін ескерсек, мұның да арты селге келіп тірелері сөзсіз. Екіншіден, біз Медеу шатқалындағы қираған қарағайлардың жырын айтқанымызбен, артынша-ақ ұмытып кеттік. 2011 жылы болған табиғи апат салдарынан Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жалпы көлемі 480 гектар аймақты құрайтын (45 мың текше метр шамасында) орман ағаштарын жайпап кетті. Бұл жағдай да Алматы экологиясына қатер төндіріп тұрғаны рас. Үшіншіден, қалада көліктердің санының шамадан тыс өсуі де Алматы үшін жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Дәл қазір Алматыда 540 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген. Бұлардың қатары жылына 40 мыңға дейін көбейеді. Оған күнделікті сырттан келетін 200 мың шамасындағы автомобильдерді қосыңыз. Әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері т.с.с отынның толық емес жану өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады екен. Мұның сыртында Алматыда қаншама жер үйлер әлі күнге көмірмен жылытылады. Оны да ойлай беріңіз... Тура осындай экологиялық апатты жағдайда тұрған қала үшін қайтпек керек?
Маман пікірі
Ауа райының өзгеруі атом бомбасынан қауіпті
Мэлс Елеусізов, эколог:
- Алматының экологиялық жағдайына көңілім толмайды. Тауға шығып қарасаңыз, қаланың аспаны қап-қара болып тұрады. Негізінен, ауаны теректер тазалайды. Ал біз сол ағаштарды қырқып тастап жатырмыз. Қалада экологияны ластайтын қаншама көлік жүр. Оларға шектеу қою керектігі жөнінде бірнеше рет бастама көтердік. Электротранспортты көбейтіп, зауыт-фабрикаларды қаланың сыртына шығаруымыз қажеттілігі жөнінде де айтып келеміз. Жалпы, біздің ел әлі күнге ауа райының өзгеруі атом бомбасынан да қауіпті екенін түсіне қойған жоқ. Мәселен, қазір 500 мың, асып кетсе 700 мың халық тұруы қажет Алматы қаласында 2 млн адам тұрып жатыр. Кеңестік кезеңде Алматы қаласы халқының саны 1 млн-ға жетсе, экологиялық проблема туындайтыны айтылған еді. Сол расқа айналатын түрі бар. Сондықтан миграция мәселесін де реттеуіміз қажет.
2 миллиондық қаладан 2 млн текше метр қоқыс шығады
Қазір әлемге Лас-Вегас қандай танымал болса, лас Алматы (тура мағынасында) да сондайлық антибеделге ие. Олай айтуымыздың себебі - аумағы 339,36 шаршы шақырымды құрайтын шаһарда ресми дерек бойынша 1,3 миллион халық тұрады. Ал бейресми ақпарат көздері тұрғындар санын 2 миллионға жуық деп есептейді. Осы 2 миллионға жуық тұрғыны бар қаладан күніне 1200 тонна, жыл сайын 2 млн текше метр қоқыс шығарылады екен. Яғни кеңестік кезеңнің жоспары бойынша 500 мың, асып кетсе 700 мың халық тұруы қажет Алматы кемерінен асып барады. Бұл да проблема үстіне проблема туындатып отырғаны ақиқат. Десек те, қандай жағдайда болсын Алматының экологиясын түзеуге салғырт қарамауды ойлаған жөн секілді. Әйтпесе сел қаупіне қатысты келген SMS хат тағы да басқа қатерлерді төндіріп, мазамызды алуы бек мүмкін.
Түйін
Ақындар жырымен, әншілер әнімен тербеткен - ару Алматы. Бір кездері сұлу қыздың көйлегіндей жасыл желегі көлбеңдеп, қос бұрымы сықылды Үлкен һәм Кіші Алматы өзендері ширатылып жататын-ды. Алмасының дәмі тіл үйірер осы бір шәрді өз көзімен көргендерден еститініміз осы. Ал бүгін ше? Бүгін мемлекет бюджетінің 30 пайызын құрайтын алып шаһар "темекіні будақтата шегіп, көк түтіннен тынысы тарылған дімкәс кісідей" күйге түскен. Сөйте тұра Алматыға сырттан ағылған халық нөпірі толастаған емес. Керісінше, мега-қала кемерінен асып барады. Бұл жай онсыз да шешілмеген түйіні көп Алматының проблемасына тағы да жамау жамап жатыр. Сол себепті де Алматы қаласы әрдайым бұқараның назарында болғаны жөн. Біздің бар айтпағымыз да осы...
Лас Алматы
«Қазгидрометтің» бақылау нәтижелеріне сүйенсек, Алматы қаласы экологиясының ластануы еліміздегі барлық қалаларды басып озып, бірінші орында тұр. Тіпті дүниежүзіндегі 25 ластанған қаланың тізіміне де еніп үлгерген. Ол - ол ма? 20 миллион халқы бар Мехико, 17 миллион тұрғыны бар Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Лос-Анжелес, Лондон, Ыстамбұл, Токио һәм Мәскеу сияқты қалаларды да тазалықсыздық қырымен басып озған.
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
"Алаш айнасы" газеті