Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4557 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 11:26

«Ақмаржан» деп ән салғанмен, күрішті ұмыттық

 

 

Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Сыр өңірінің жұрты егіншілік кәсіпке шындап бет бұрды. Әсіресе күріш дақылын өсірудің қыр-сырына қанықты. Содан бергі тіршілік ауаны аталмыш дақылға тікелей қатысты болып тұр. Баз бір жылдарда одан өнім алу жөнінен рекордқа негіз қалаған аймақ қазір сол шақты күрсіне еске алады. Өйткені жергілікті күрішшілер талай мәрте тығырыққа тіреліп, одан шығатын түйінді тарқатуға шамасы келер емес. Бір-бірінің үстіне жамала түскен қордаланған мәселелер қашан өз шешімін табады? Қыстың көзі - қырауда да диқандар алаңсыз жүрмейді. Себебі күзгі жиын-терімнен жиналған астықты өткізуі тиіс. Өкінішке қарай, бұл жөнінен мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жасалып отырған жоқ. Әркім өз шаруасын өзі атқаруға мәжбүр. Мәселен, бидайдан жиналған дәннің белгілі бір бөлігін мемлекет сатып алады. Алайда елімізде дәнді дақылдар жөнінен одан кейінгі орынға ие болып отырған күрішке мұндай жәрдем көрсетілмей отыр. Айналып келгенде, бұл күріш шаруашылығын құлдыратуға әсерін тигізді. Бүгінгі күні аталмыш өнімді делдалдар диқандардан келісін 30 теңгеден сатып алуға құлшыныс білдіреді. Қаншама маңдай тері төгілгеннен кейін бұл баға күрішшілерге өте қолайсыз.

Былтыр облыста 70 мың гектар алқапқа күріш егісі орналасты. Осыдан он шақты жыл бұрын осындай алқап 100 мың гектарға жетіп жығылатын. Сонда жылдан-жылға күріш егісінің көлемі кеміп келеді деген сөз. Әрине, оның себебі де түрліше. Әуелгісі шаруашылықтардың қаржылық жағдайына қатысты екені даусыз. Кешегі кезеңде ірі құрылымдар ұсақталып кетті. Соның салдарынан қолында қаржысы, техникасы жоқ диқандар саны артты. Одан кейінгісі іргелі шаруашылықтардың өзі мем­ле­кет қолдауынсыз еңбек ете алмайды. Со­сын  тағысын тағылар... Әйтеуір, әлеу­мет­ті әрі-сәрі етіп жүрген жайлар аз емес. Одан қалды өндірген өнімді өткізе алмай тағы да әуреге түсесің.

Оразбек Ахметов, Жалағаш ауданындағы «Жер-Ана» шаруа қожалығының төрағасы:

- Қазіргі күні қолдағы күріш өнімін өткізе алмай отырмыз. Өйткені оның баға­сы бізге қолайлы болмай тұр. Делдалдар арзан сұрайды. Келісін бар-жоғы 30 тең­ге­ден асырғысы келмейді. Аталмыш да­қыл­дың өзіндік бағасының өзі одан екі есеге артық. Ендеше, жоғарыдағы жағдай бойын­ша өнім өткізсек, біз ұтылып қала­мыз. Бір қызығы, бидай жемінің келісі одан қымбат болып тұр. Мемлекет тара­пы­нан шаруалардан күріш қабылдайтын ар­найы мекеме болмаса, жылма-жыл көрген күні­міз осылай жалғаса береді.

Сыр бойы диқандары еліміздегі күріш өндірісінің 85-90 пайызын еншілейді. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш өніммен Қа­зақ­стан халқын толықтай қамтамасыз етуге шамасы келеді. Алайда сырттан келген аталған өнімдер базарды жаулап алған. Әсіресе Қытайдан келген күріш өнімін елі­міздің қай қаласынан да кездестіре ала­сың. Әрине, оның бағасы өте арзан. Өкі­ніш­ке қарай, бұл өнімнің сапасы сын кө­тер­мейтіні жайында талай әңгіме айты­лып жүр. Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Ал біздегі күріштің одан біршама қым­­бат болатын жөні бар. Оның басты се­бе­бінің бірі - тұқым мәселесі. Соңғы 30 жы­лдан бері Сыр өңірінде сорт жаңартыл­май ке­лед­і. 1983 жылы өндіріске енгізілген ақ­­мар­жан сорты сырттан алып келген талай сорт­т­армен жалғыз «алысып» жүр. Еге­менді ел болғалы бері ешқандай жаңа сорт­тың енгізілмеуі күріш шаруашылығы са­ла­сына деген көзқарастың селқостығын аң­ғар­тады. Жергілікті ғалымдар бұл бағыт­та ізденістер жасап жүр. Жаңасын тәжірибе жүзінде зерттеп те көрді. Дегенмен оны өндіріске енгізуге келгенде қол қысқа. Қаржы тапшылығы қыспаққа алады.

Аппаз Камаладдин, Сырдария ауданындағы «Мәді қажы» ЖШС төрағасы:

- Біздің өңірдің негізгі кәсібі - күріш шар­уашылығы. Жергілікті диқандар суар­малы егіншілікпен айналысады. Күріш үш-төрт ай бойы суда тұрады. Кезінде 200 мың­­нан астам жер инженерлік жүйеге кел­тіріл­ген. Оны төрт жыл сайын қалпына кел­тіріп, күрделі жөндеуден өткізіп тұрған артық емес. Десе де, соңғы 20 жылда мұн­дай жұмыстар атқарылып жүрген жоқ. Соның кесірінен қаншама жер айналымнан шы­ғып қалды. Әбден азып-тозып кетті. Кезін­де бұл мәселеге Дүниежүзілік банк те на­зар аударған. Жапондар да қаржысын салу­ға ниет танытып еді. Өкініштісі, немқұ­райдылық салдарынан барлығы аяқсыз қалды. Сондай-ақ тұқым шаруашылығын да аздырып алдық. Маржан сорты потен­циа­лын жоғалтты. Оны көзіміз көріп отыр. Рас, көп жағдайда мемлекет тарапынан қам­­қорлық көрсетілуде. Түрлі жеңілдіктер жа­салып, субсидия берілуде. Бірақ ол біз­дің түйткілімізді түбегейлі шешкен жоқ. Кү­ріш бағасы да көтерілмей келеді. Делдал­дар арзан алуды қалайды.

Жылма-жыл Сыр еңбекшілері 280-300 мың тоннаға жуық өнім жинайды. Оны өт­кізуге келгенде қиындық көлбеңдеп шыға ке­леді. Оны арнайы қабылдап алатын ар­найы мекеменің жоқтығы талайдың еңсе­сін езіп жүр.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Жақын күндері облыс орталығында рес­публикалық деңгейде ауыл шаруашы­лы­ғына қатысты жиын өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Осы басқосуда аграрлық сала­ның талай түйткілін тарқатуды көздейміз. Сыр өңірі, негізінен, ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақ саналады. Сондықтан бұл өңір тұрғындары үшін басты мәселе екені белгілі.

Өркениетті елдерде күріш шаруашы­лы­ғына ерекше көңіл бөлініп отыр. Еуропада орын тепкен Италияда 250-300 мың гек­тар­ға күріш егіледі. Олардың өнімін Еуро­одақ­тағы барлық мемлекет сатып ала­ды. Бағасы да арзан емес. Әйтсе де ита­лиял­ық шаруаларға қолдау мақсатын­да оның ба­ғ­асына ешкім бас ауыртып отыр­ған жоқ. Өкі­ніштісі, біздің елімізде күріш шаруа­шы­л­ы­ғына осындай қамқор­лық жасалмай жүр­гені қынжылтады.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366