Жұма, 20 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2956 0 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 14:24

Бақытқа бастайтын харекет

Мақсатсыз адам көлігіне отырып алып, қайда баруды нақтылап жатпай басы ауған жаққа жүре берген жүргізушіге ұқсайды. Үйден шыққанда баратын адресіңді білмей, күні бойы әйтеуір жүре берсең, кеш батқанда қай жерде болатыныңды бір Құдайдың өзі біледі. Сол сияқты, өмірде алдыңа нақты мақсат қоя алмасаң, ғұмырың соңына дейін ешбір нәтижеге қол жеткізе алмай, айдалада адасып қаласың. Уақытты құр босқа өткізген боласың. Яғни арықтағы суда ағып бара жатқан шөп-шалам секілді байламсыз, тұрақсыз жөңкіле бересің. Сондықтан адамға ең әуелі шынайы арман мен талап, нақты мақсат, сол мақсатқа жеткізер тыңғылықты жоспар керек.
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға», – деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, армандауды білмейтін адамда үлкен мақсат болмайды. Ендеше, арманыңыз асқақ болсын. Үлкен мақсатты армандаудан қорықпаңыз. Армандау қабілетін берген Алла оны орындауға да мүмкіндік берген! Адам арманына жетпесе де, сол жолда жүрудің өзі ғанибет. Бақытты кісі – ойындағы бар арманына жеткен жан емес, сол жолда табанды күресе білген адам. Өйткені кемелдікке ұмтылған жандар нәтижеден бұрын әрекеттің өзінен бақыт тауып, ләззат алады. Адам арман жолында кемелденеді.

Мақсаты айқындалмаған адам – харекетсіз болады. Қолы бос, ісі жоқ мұндай пенде жетіліп, жігерленуі былай тұрсын, кері кететін кембағал тірлікке құмбыл болады. Қожа Ахмет Иасауи: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, тамақ пісірген әйел жамандық жасауға уақыт таппайды», – десе, Абайдың: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» немесе «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деуі осыдан.

Баянды мақсатсыз «Бүгін не істесем екен?» деп құр босқа қиялдап отырған адамға шайтан да үйір келеді. Оның нәпсісіне түрлі ой салып, қалаған жағына оп-оңай бұрып әкетеді. Сөйтіп, мақсаты жоқ адам кім көрінгеннің жетегіндегі тайлақ сияқты жолай ұшырасқан пенденің шақыруын мақұл көріп «ләббайлап» жүгіре жөнеледі. Яғни мақсаты бекем емес пендені не болса сол жетектен босатпайды. Айталық, қазіргі таңда әлеуметтік желіге басымен байланып қалған, Фейсбук, Инстаграм, Ютуб, Тикток каналдарын көрумен бар уақытын өткізіп, бар ғұмырын арзан қалжың, қысыр әңгіме тамашалауға жұмсаған адамның басбұйдасы жоқ деген сөз. Оның мақсаты тұйықталған, яғни нәпсісіне құл болып, түрлі құмарлық сезімдердің тұтқынына айналған. Мұндай адамның тұлға ретінде дамуы, жан-жақты жетіліп, рухани кемелденуі мүмкін емес. Өйткені бұл пендеде – асқазан қамын, тәндік рақат пен нәпсілік қалауларын, құмарлық сезімдерін тояттандырудан өзге мақсат жоқ. Одан асып басқа нәрсе ойлай алмақ емес.

Әсілінде, кез келген оқиға қайталанады. Әуелі санаңда, кейін қағаз бетінде көрініс табады, сосын іс жүзінде орындалады. Мысалы, үй тұрғызарда алдымен қажет бөлмелерді анықтап, егжей-тегжейлі жоба жасайсыз. Олай болмаған жағдайда, құрылыс біткенше неше рет өзгеріс жасап, тіпті қайта бұздырып, әуре-сарсаңға түсесің. Нәтижесінде, көңілің толмайтын «әттегенайы» бар үй пайда болады. Ендеше, өмірде де жоспарлы мақсатың болмаса, ғұмырың өкінішке толы, берекесіз болады.
Мақсат бұлыңғыр болғанда, ақыл-ой сарсаңға түсіп, қалай бағыт аларын білмей абдырайды. Бұндай күйге түскен адам күш-қайраты мен жігерін қажеті жоқ нәрселерге жұмсайды.

Ал айқын мақсат қойғанда, ақыл-ой радары оған жетуге қажетті мәліметтер іздеп, назарын сол іске шоғырландыра бастайды. Мақсаты нақтыланған адам сол бағытқа қарай харакетке көшіп, қозғалады да, білімін, уақытын, ресурсын, энергиясын сол мақсатқа жұмылдырады.

Қайрат Жолдыбайұлы 

Abai.kz

0 пікір