Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2028 0 пікір 16 Қазан, 2022 сағат 11:57

Жаңа доктрина – әскерге тың серпін береді

Биыл 15 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды. Еліміздің Әскери доктринасына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы көптен бері айтылып келе жатқан-ды.

Жер жаһанда геосаяси жағдай күрделеніп, кімнің қас, кімнің дос екенін аңдай алмай отырған алмағайып кезеңде мемлекет әскерінің қуатты болғаны керек. Сол себепті Әскери доктринаның жаңаратын уақыты де келіп жеткен болатын. Құжатқа енгізілген бірқатар өзгерістер негізінен доктринаның басты тұжырымдамаларын қамтиды. Сонымен қатар, әскерлердің жауынгерлік қабілеті, әскери өзара әрекеттесуі, кибершабуылдар бағыты өзгеріске ұшырады.

Әскери доктрина да қауіпсіздікке әсер ететін заманауи факторлар назарға алынды. Солардың бірқатарын атап өтсек, «әлем­де жаппай қырып-жою қарулары­ның көлемін ұлғайту, сондай-ақ жаңа физикалық қағидаттарға негізделген жаппай ықпал ету қаруларын жасау Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін» делінген. Сондай-ақ жаңа доктринада кибершабуылдар – елдің әскери ұйымының ақпараттық жүйелеріне әсер ететіні жазылған. Оның мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, әскери және әскери-экономикалық күш-қуатын төмендету мақсатында мемлекеттің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне кері әсер беретіні туралы атап көрсетілген.

Осыған байланысты еліміздің қарулы күштері саласында кибер шабуылдарға, ақпараттық-психологиялық әрекеттерге қарсы тұру үшін бөлімшелер құрылады. Келесі бір мәселе, доктринаға енгізілген толықтыруларда стратегиялық бағыттарда әскерлердің, әскери техниканың, қару-жарақтың әлеуетін ұлғайтц туралы да айтылады. Материалдық қордың қажетті жиынтығын құрып, мемлекет әскери ұйымдардың әуедегі, құрлықтағы және әскери-теңіз құрамдас бөлімдерінің әлеуетін ұлғайтады. Заман ағымына сай әскери қауіпсіздікті нығайту, жауынгерлердің ұтқырлығын арттыру, қазіргі заманғы сын-қатерге дайын болуы үшін Ұлттық ұланның құрамын дамыту, күшейту мен инфроқұрылымын жетілдіру турасында шаралар жоспарлы түрде жүргізілетін болады.

Әскери доктрина  дегеніміз – ғылыми негізі бар, ресми түрде ұзақ мерзімге қабылданған басқыншылықты тойтару, қорғану мақсатында мемлекеттің соғысқа дайындығын, әскери сала саясатының құқықтық, стратегиялық, экономикалық техникалық одан басқа да маңызды бағыттарын қарастыратын, келешекте болып қалуы мүмкін соғыстардың мақсатын, мән-маңызын айқындайтын көзқарастар кешені. Мемлекетте қабылданған ресми көзқарастар жүйесі ретінде кез-келген мемлекеттің Әскери доктрина сы болады. Бұл доктриналық көзқарастар баяндалған құжаттарды әр елде әртүрлі атайды: Ресейде, Беларуссияда, Қазақстанда – "Әскери доктрина ", АҚШ-та – "Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы" және "НАТО-ның стратегиялық тұжырымдамасы", ҚХР-да –"Қорғаныс доктринасы" деп аталады.

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің басты басым бағыты болып келеді. Қазақстан Республикасының Әскери стратегиясы қазіргі әлемнің геосаяси және геостратегиялық жағдайына байланысты Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты және тиімді жолдары мен құралдарын айқындауға арналған.

Қорғаныс министрлігінің сөзінше, жаңа доктринаға 70-ке жуық өзгеріс енгізілген. Оның бірнешеуі ескі шарттарды түзету болса, қалғаны ішінара егізілген жаңа тұжырымдамалар де бар екен. Президенттің тапсырмасы бойынша қорғаныс министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бас қоса отырып, жаңа құжатты жаңа келбетке бейімдеуге бағытталған шаруаларды атқарды. Кейінгі өзгерістерге сай, негізгі ұғымдар қатарына «резервтегі әскери қызмет», «дағдарысты жағдай» секілді тағы басқа да тың сөздер нормативті түрде енгізілмек. Резервтегі әскери қызмет азаматтарды жиындар мен арнайы дайын­дық­тарға шақырту қарастырса, дағдарысты жағдай – мемлекет аумағында табиғи, техногендік немесе әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын білдіреді.

Резервтік қызмет деген – басты азаматтық қызметпен қоса алғанда ерікті түрде келісімшарт бойынша атқаруға болатын қызметті білдіреді. Бүгінгі уақытта әлемнің қай елінде болсын қарулы қақтығыстар болып қалу қаупіне дайын жұмылдыру ресурстары бар. Ондай әскери сипаттағы сын-қатерлер кезінде көбіне дамыған әскері бар елдер ғана өзінің басымдығын көресете алады. Еліміз үшін бейбіт кезеңде Қарулы Күштер құрамын азаматтармен қамтамасыз етудің бір жолы – резервтегі әскери қыз­метті енгізу. Әскери есепте бар, мамандығы бар әрі денсаулығы жарамды азаматтар резервист болып саналады. Жиындар жыл сайын екі реттен жауынгерлік даярлық бағдарламасына сай өткізіліп отырады. Өткізу мерзімі мен олардың жиынға тартылу жасы нормативтік-құқықтық актілермен айқындалмақ.

Жаңартылған доктринада Бак­те­рио­логиялық (биологиялық) және уыт­ты қаруға тыйым салатын конвенция­ туралы бірінші рет айтылды. Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін факторлар арасын­ан орын алған биологиялық қару туралы  «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бакте­риологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвен­ция­ның ережелері шеңберінен тыс шы­­ғатын процестер мен оқиғалар» мемлекетке қаупін төндіруі мүмкін екені айтылған.

Содан кейін бітімгерлік қызметтің арнасын кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар, ұтқыр әрі тиімді ден қою күштерін құруды жоспарлаған «ақылды шекара» тұжырымдамасын іске асыру ұсынылған. Жобада кибершауылдан қорғануға жіті көңіл бөлінгені аңғарылады. Себебі, бұл мәселе құжаттың бірнеше жерінде назарға алынған. Келесі көтерілген мәселе – ғарыш саласы екен. Ескі құжатта ғарыш туралы айтылмаған болатын. Жаңа доктринада жазылғандай, елімізге әскери қатер «ғарыш кеңістігіндегі бәсекелестік жолындағы күрес» нәтижесінде де төнуі мүмкін. Себебі, Қазақстан Орта Азиядағы жалғыз ғарыш айлағы – Байқоңырдың иесі. Мысалы, еліміздің ғарыш саласындағы мүм­кіндігін шектеуге, сондай-ақ ға­рыш­тық кеңістіктен ықпал ету арқылы мем­лекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет те қатерлі деп есептелетіні жазылған. Жобада «зымыран шабуылы жайлы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің базалық элементтерін құру» елдің қорғаныс қабі­летін нықтауға арналған әрекеттер қатарынан табылады.

Сарапшылардың айтуынша, доктринада гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үстемдікке, биологиялық қару қаупін тойтаруға және зымыранға қарсы қор­ғаныс мәселелеріне айрықша назар аударылған.

Қорғаныс саласының ардагерлері қазіргі заманда әуе-ғарыштық қарулар өте қарқынды түрде дамып жатқанын айтады. Зымырандар мен ұшақтар аз уақыт ішінде алыс қашықтыққа ұшып баруға қауқарлы. Яғни, жауына күтпеген жерден соққы бере алады. Оның үстіне бүгінгі таңда ұшқышсыз құралдар жаңа заман қаруына айналып үлгерді. Олар жау жағына ың-шыңсыз ұшып барып, жайратып сала алады. Ұшқышсыз аппараттардың жойқын әлдеқашан дәлелденген. Жау жағы аппаратты жойса да, адам шығынын келтіре алмайды. Мінекей, бізге де осындай әуе шабуылына қарсы тойтарыс бере алатын шынайы жағдайға дайын болу керек.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы Әскери доктрина сын алты рет жаңартты. Жаһанның жай-күйіне қарай, әскери саланы мезгіл-мезгіл жаңғыртып тұру – уақыт сұранысы. Мысалы, Түркияның «Байрақтары» әлемнің соғыс жүргізу ісіндегі көзқарасын өзгертті, бұл Ресейдің Әскери доктрина сын қайта қарауына мәжбүрледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде заманға сай жабдықталған әскер еліміздің берік қорғаны екенін айтып жүреді.

«Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға да­йын болуымыз керек. Сондықтан қор­ғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деген болатын Мемлекет басшысы.

Тәуелсіз елдің еңсесін көтеріп тұратын, оны қорғайтын айбынды әскері десек артық айтқандық болмас. Кез-келген мемлекет қауқарлы армиясы болмаса, өзінің іргетасын қалыптастыра алмайды. Біздің әскеріміздің жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие. Әлемдік беделді әскери сарапшылар Қазақстан әскерінің ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұрғанын айтады. Ұлттық армиямыздың жаңа сападағы техникамен жарақтанып, білікті әскери кадрлармен толықтырылуы соның дәлелі.

Дегенмен, Президентіміз айтқандай әскеріміз әлі де өз шеберлігін шыңдай түсуі керек. Отанын қорғайтын азаматтардың әрқашан білімді, білікті болғаны маңызды.

«Біз­дің мақ­сатымыз – шекарамызды, тәуел­сіз­дігімізді және халқымыздың тыныш­ты­ғын бұзуға бағытталған кез келген әре­кетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуат­ты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5506