Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2655 0 пікір 17 Қазан, 2022 сағат 11:09

Қазақстанның Қарулы Күштері қалай дамып келеді?

Еліміз заманауи сын-тегеуріндерге мен қауіп қатерлердің алдын-алу үшін мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге көңіл аударуда. Осы саладағы негізгі ережелер мен тәсілдер ҚР-ның 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Сонымен қатар Президент әскери доктринаға өзгертулер мен толықтырулар туралы жарлыққа қол қойды. Ел басшысының Қаруды Күштерді, өзге де әскери құрылымдарды қайта жаңарту, жарақтандыру һәм қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын қайта қарау турасындағы тапсырмалары іске асырылып жатыр.

Қазақстан Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылды. Биыл оған 30 жыл толды. Еліміздің Қарулы Күштері үш тармаққа бөлінеді: Әскери-теңіз күштері, Әуе қорғанысы және Құрлық әскері. Қорғаныс саласындағы халықаралық тәжірибеге сай Қарулы Күштердің, арнайы армия қатарына кіретін әскерлердің орналасу орындары айқындалған. The Military Balance институтының деректеріне сәйкес, әлем елдерінің қарулы күштерінің 2021 жылғы рейтингінде Қазақстан 166 мемлекеттің ішінен 70-орында тұр. Деректер бойынша еліміздің тұрақты әскер саны 39 мың адамнан тұрады. Ал Қарулы Күштерге кірмейтін әскерилендірілген құрылымдарда 31 мыңнан астам адам қызмет етеді. Нәтижеде, Қазақстанда 70,5 мың әскери қызметкер бар. Елдің 10 мың тұрғынына шаққанда 38 адамнан келеді екен. Әлемде Қарулы Күштердің алғашқы үштігін Қытай, Үндістан, АҚШ алады. ТМД елдері ішінде Ресей – 5 орынға, Украина – 21 орынға, Әзербайжан – 41 орынға, Өзбекстан – 63 орынға, Белорусь – 64 орынға, Армения – 66 орынға жайғасқан.

ТМД елдері бойынша бойынша, Ресейде тұрақты әскер саны – 1 014 000 адам, Украина – 209 000 адам, Әзербайжан – 126 950 адам, Өзбекстан – 48 мың адам, Белоруссия – 45 350 адам, Армения – 44 800 адам, Түркіменстан – 36 500 адам, Қырғызстан – 10 900 адам, Молдова – 5 150 адамды құрайды екен.

Былтырғы жылдың үшінші тоқсанында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында 483,2 мың адам қызмет атқарған. Бұл 2020 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 1,9 пайызға аз болып шықты. Мемлекетті басқару және қорғаныс саласында қызмет істейтін адамдардың ең көбі Алматы облысында орналасқан. Яғни аталған сала бойынша 72,9 мың адам Алматы облысында жұмыс істейді. Кейінгі орында – 52,6 мың адаммен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Одан кейін Астанада – 41,9 мың адам,  Жамбыл облысында да – 41,9 адам мемлекетті басқару және қорғаныс саласында қызмет атқарады. Қарағанды облысында – 34,6 мың, Түркістан облысында –25,9 мың адам, Алматы қаласында – 25,8 мың адам, Ақмола облысында – 23,9 мың адам, Қостанай облысында – 22,1 мың адам, Павлодар облысында – 20,5 мың, Ақтөбе облысында – 19,4 мың адам, Қызылорда облысында – 19,2 мың адам, Батыс Қазақстан облысында – 19 мың адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,6 мың адам, Шымкент қаласында – 17,6 мың адам, Атырау облысында – 14 мың, Маңғыстау облысында – 13,4 мың адам мемлекетті басқару және қорғаныс саласында жұмыс істейді. 2021 жылдың толық есебі бойынша елімізде мемлекеттік қазынадан қорғаныс саласына бөлінген қаржы 744,7 миллиард теңгені құраған. Бұл бір жыл ішінде 10,9 пайызға өскенін көрсетті. Ао оның бюджеттік шығысындағы үлесі жыл ішінде айтарлықтай өзгермеген. Мысалы, 2020 жылы 4 пайыз болған болса, 2021 жылы 4,1 пайызға жеткен. Ал биылғы жылы қорғанысқа 2,2 трлн теңге қаржы бөлі қарастырылған. Мұны биылғы мамыр айында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтқан болатын Оның айтуынша, күштік құрылымдарға қосымша 446 млрд теңге бөлініп, жалпы алғанда қорғаныс саласына берілген сома 2,2 трлн теңгеге жетті. Күштік құрылымдарға бөлінетін қаражат жыл өткен сайын өсіп келеді. Атап айтсақ, 2016 жылы – 438,5 млрд теңге, 2017 жылы – 452,4 млрд теңге, 2018 жылы – 542ғ1 млрд теңге, 2019 жылы – 738,7 млрд теңге, 2020 жылы – 671,8 млрд теңге, 2021 – 744,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

Қаржы министрі қорғанысқа бөлінген қаржы туралы :  «Барлық көзделген шығыстың 30%-ға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге беріледі. Олардың жалпы қаражат сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Аймақтарға республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-ы бағытталатын болады»,-деген еді Ерұлан Жамаубаев.

Қазақстан қорғаныс саласын әскери техниканың, қару-жарақтың заманауи, жоғары деңгейлі технологияларымен қамтамасыз етуді жоспарлы түрде іске асырып отыр. Қарулы күштердің компоненттерін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға баса назар аударылуда. Басым бағыттар бойынша әскери өнімдер тізбегі анықталып, отандық өнімге басымдық берілмек. Оларға: майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар жатады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың сөзінше, отандық кәсіпорындардан шыққан өнімдерді пайдалана отырып, импортқа тәуелділікті азайтамыз. Ол осы салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Қазіргі таңда еліміздің әскери басқару жүйесін дамыту мақсатында Қарулы Күштер қызметінің барлық саласы цифрлы технологиямен жарақтандырылып жатыр. Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бұған дейін енгізілген «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» жобасы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыруда және азаматтар үшін Қорғаныс министрлігі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде тиімді екенін көрсетті. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауысты. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ былтыр қорғаныс саласы қызметкерлерінің жалақысы бір жылда 15,9 пайызға артып, 206,9 мың теңгеге көтерілді. Дегенмен бұл саладағы орташа жалақы орташа дейгейден төмен. Мысалы, елдегі орташа жалақы көлемі 2021 жылы 243,7 мың теңге болса, биыл 285,5 мың теңгені құрады. Астанада мемлекеттік басқару және қорғаныс саласы қызметкерлерінің ең жоғары жалақы көлемі 331,8 мың теңге. Жалақысы жоғары аймақтарға Алматы, Қызылорда кірсе, ең төменгі жалақы Шығыс Қазақстанға тиесілі екен. Қарулы Күштерде офицерден қатардағы жауынгерге дейін кәсіби тұрғыда маманданған, моральдық рухы биік болуы тиіс. Сондықтан кадрлық әлеуетті күшейту бойынша әскери білім жүйесін жетілдіру мен кадр саясатын дамыту шаралары қабылдануда. Осы ретте Қарулы Күштердің кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы даярланды. «Жас Ұлан» мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгеймен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтамасыз етілген. Жетіспейтін мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша дайындық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында да ұйымдастырылған.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов еліміз қазақстандық бітімгерлерге қосымша квоталар алуға, Қазақстанның бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге ынталы екенін атады. Оның айтуынша, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар бастамалар әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге мерзімді қызметін атқару уақытында «несиелік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде сарбаздардың отбасыларына жеңілдіктер  ұсынылады. Білім беру саласында жеңілдіктер беру және мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныстар да қарастырылған. Сондай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы шеңберінде Қорғаныс министрлігі қазіргі күні еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық бойынша мерзімді әскери қызметшілерді электрик, тракторшы, кран машинисі, дәнекерлеуші және т.б. мамандықтарға дайындап жатыр. Жастар әскерде қызмет ету кезінде Қарулы Күштер мен әскери бөлімдердің оқу-жаттығу орталықтары базасында кәсіптік білім, білік және дағдыларды тегін алуға мүмкіндігі бар.

«Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартуға, олқылықтар мен қайшылықтар туындаған сәтте әскери қызмет мәселелерін реттеуге бағытталған», -деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.

Әскери салада жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Бұл жоба заманауи қоймалар мен әскери қоймаларды салуды, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік құралдарымен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жұмыс істеп тұрған қоймалардың жұмысын жетілдіруді мақсат тұтады. Оның міндеті – нысандардың қауіпсіздігіне қатысты белгіленген талаптар мен ережелерді мүлтіксіз орындауға негізделеді. Мұндай нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар мен ережелерінің қатаң сақталуы қадағаланатынын айтқан Сұлтан Камалетдинов «Қоймалар айналасында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды құруға байланысты қатынастар заңнамалық деңгейде реттелгенін түсіну керек. Жергілікті атқарушы органдар бұл талаптарды қатаң сақтауға тиіс», - деді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496