Қазақстан қандай әскери жаттығуларға қатысты?
Жиырма жылға жуық уақыт үздіксіз өткізіліп келе жатқан бітімгерлік оқу-жаттығу – ол «Дала қыраны». Оның мақсаты қазақстандық бітімгершілік бригадасының штабы мен қазақстандық бітімгерлік батальонның БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізу барысындағы практикалық дағдысын, сондай-ақ қарсылас тараптар арасындағы жанжал жағдайында бітімгерлік іс-қимылдарды орындау кезінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін арттыру болып табылады.
Алматы облысындағы «Іле» полигоны 2003 жылдан бері бітімгерлік оқу-жаттығу өткізетін аймақтың бірі болып келеді. Алаңда АҚШ, Ұлыбритания, Тәжікстан және тағы басқа елдері әскерилерін қабылдап, талай мәрте елімізбен бірлескен оқу-жаттығу өткізгені бәрімізге мәлім. Жыл сайын қатысушы әскерлер саны артып, деңгейі де көтеріліп келеді. Мәселен, «Дала қыраны-2010» оқу-жаттығуына Америка қарулы күштерінен 80, Ұлыбританиядан 10 сарбаз келген болса, бес жылдан соң бұл жаттығуға 100-ге жуық әскери қызметші қатысыпты. Ал Қазақстан мүше болып табылатын ҰҚШҰ ның, ШЫҰ ның бейбіт мақсаттағы әскери оқу жаттығуларына тұрақты қатысып келеді. Одан бөлек ел аумағында одан басқа да елеулі бірлескен жаттығулар жыл сайын өтіп келеді.
Соның бірі Алматы облысының «Қызылағаш» полигонында өткізілген «Әуе күштері-2011» халықаралық ұшу-тактикалық жаттығулары. Халықаралық ұшу-тактикалық «Әуе күштері – 2011» жаттығуына Қазақстан Республикасы тарапынан Талдықорғандағы №21751 әскери бөлімінің «Су-27», «Миг-27», «Миг-23» жаңартылған бомбалаушы жойғыш ұшақтары мен Қарағандыдағы №50185 әскери бөлімінің «Миг-31» жойғыш ұшақтары, сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің Балқаш әуе базасынан «Л-39» оқу-жаттықтыру ұшақтарының ұшқыш құрамдары қатысты. Ресей мен Қазақстан мемлекеттерінің әуе топтары қатысқан халықаралық ұшу-тактикалық жаттығуларының ең негізгі кезеңі ұйымдастырылған «Қызылағаш» әскери полигонындағы «әскери бейбіт шабуылда» пайдаланылған зымырандар мен бомбалар көздеген нысанасына дәл және алдын ала белгіленген уақытта түсуімен ерекшеленді. Әрине, мұның өзі оған қатысушылардың түгелдей дерлік жоғары дайындықпен келгендігін және өздеріне жүктелген күрделі тапсырмаларға жоғары жауапкершілікпен қарағандығын айқын аңғартады. Бір құптарлығы, ТМД елдері аясында әуе қорғанысының біртұтас жүйесі бұрын болған. Бұл мәселемен тереңірек айналысып, арада толық түсіністік пен берік ынтымақтастық орнауту, жетілдіріу үшін бірлескен жаттығудың маңызы зор
Ресеймен бірлескен жаттығулар әр жылдары жалғасын тауып келеді. Оған "Шығыс-2019" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын айтуға болады.
Мақсаты – қатардағы жауынгерлердің дайындығын тексеру және өңірдегі бейбітшілікті сақтау үшін ресейлік және қазақстандық әскери қызметшілердің өзара іс-қимыл деңгейін арттыру.
Оған 4000-ға жуық әскери қызметшілер қатысып, бір жарым мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.
– Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында қалыптасқан өзара қарым-қатынастар әскери ынтымақтастықтың көп жылғы тарихына ие. Бүгін басталған оқу-жаттығу екі одақтық мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тығыз қарым-қатынастардың жарқын айғағы болып табылады. Әрбір сарбаз өз кәсібилігін, ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұра білуін көрсету керек, – деді РФ Қарулы Күштері әскерлерінің командирі Сергей Мильчаков.
Оқу-жаттығу үш кезеңде өтті: әскерлерді жауынгерлік әзірлікке дайындау, бірлескен арнайы әскери операцияны өткізу.
Осындай оқу-жаттығулар еліміздің бірнеше өңірінде бір уақытта басталды. Қазақстанның оңтүстігінде тау-кен бөлімшелерімен, ал Қарағанды облысының аумағында зымырандық-артиллериялық бөлімшелермен қатар өтті.
Қолбасшылық атап өткендей, аталмыш оқу-жаттығуларды өткізу қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерін қолданумен байланысты бірқатар мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді.
Халықаралық әскери ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның Қарулы Күштері тұрақты негізде Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан, сондай-ақ Ресей, Белорусь, Үндістан, Түркия және басқа да мемлекеттер бірлескен оқу-жаттығуларға қатысады. Өткен жылы Қазақстан әскери қызметшілері оннан астам халықаралық оқу-жаттығуларына қатысты.
Ал биыл Қазақстан мен Беларусь бірлесіп әскери оқу-жаттығу өткізді. Бірлескен оқу-жаттығу Қазақстан Республикасының аумағында 21 тамызға дейін өтті.
Қазақстанның Арнайы операциялар күштері таудағы нұсқаушылардың басшылығымен беларустық әріптестер тау шыңдарына және асуларға жорықтар жасап, тауда арнайы іс-қимылды жүргізуге дайындау және оларды жүргізу мәселелерін пысықтады.
Оқу-жаттығу Қазақстан мен Беларусь әскери ведомстволары арасындағы екіжақты ынтымақтастық шеңберінде өткізіліп отыр. Ол басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіруге, бірлескен жоспарлау дағдыларын дамытуға, арнайы мақсаттағы бөлімшелер жеке құрамының жеке және топтық дағдысын арттыруға бағытталған, – деп атап өтті оқу-жаттығу жетекшісі полковник Айдар Слямғалиев.
2022 жылы Қазақстанда ҰҚШҰ әскерлері үш әскери жаттығу өткізді. Бұл туралы өткен брифингте ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы, генерал-полковник Анатолий Сидоров мәлімдеген еді. Сидоровтың сөзінше, "Өзара іс-қимыл-2022" оқу-жаттығуы ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің қатысуымен өтеді. Іс-шара Орталық Азия өңірі жағдайында дағдарыстық жағдайды шешу міндеттерін пысықтауға бағытталады. "Поиск-2022" оқу-жаттығуы бірлескен күштерге ұрыс қимылдарының барлау аспектілерін меңгеруге мүмкіндік береді. Жауынгерлік құрамаларды үздіксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етуді пысықтау мақсатында Қазақстан аумағында үшінші "Эшелон-2022" оқу-жаттығуы өтеді. Бұдан бөлек ҰҚШҰ әскерлері Тәжікстанда "Шекара-2022" және Қырғызстанда "Мызғымас бауырластық-2022" оқу-жаттығуларын өткізеді. Бұл жаттығулардың біріншісіне ұжымдық жедел енгізу күштері қатысса, екіншісі бітімгершілік құрамалардың қатысуымен өтеді. Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан елдері кіреді.
Abai.kz