Ғабиден Мұстафин жайлы тың деректер табылды
Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетінде ойып орын алған қаламгер. Оның туындылары қалың оқырманның жүрегіне бойлаған. Бір бойында тұнып тұрған алуан қасиетін тіпті сонау Кеңес дәуірінің өзінде айрықша бағалаған. Жұрттың дені оны жазушы ретінде ғана таныса, әншілер қауымы жетекшілік қырына қанық.
Соғыс жылдарында әншілерден құрылған топты алып, майдан шебіне барғанын, рухты оятар концерттер қойғанын бірі білсе, бірі біле бермес.
Жуырда архив қорына Ғабиден Мұстафин жайлы тың деректер келіп қосылды. Еш жерде жарық көрмеген бірсыпыра құжаттарын оның жиені Аман Құрмангалиев арнайы алып келді.
Кеңес дәуірінен сыр шертетін құжаттарда Ғабиденнің Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістер бригадасының жетекшісі болғанын және ерен еңбегі үшін талай марапат алғаны жайлы кеңінен айтылады.
Мәселен, мына бір құжатта былай дейді:
«Жазушы Ғабиден Мұстафиннің жетекшілігімен Қазақ ССР өнерпаздарының концерттік бригадасының келуі әскеріміздің өміріндегі орасан оқиға болды. Олардың өнерлері — ұлттық мәдениеттің жарқын бейнесі. Кеңестік тыл мен майдан арасындағы тығыз байланыстың көрінісі».
Тағы бір құжатта Гвардиялық дивизия командирі генерал-майор Черновтың атынан алғыс хат келген.
Онда:
«Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Панфилов атындағы Лениндік атқыштар дивизиясының 8-гвардиялық Қызыл Ту орденді құрамында болған кезеңдегі Қазақ мемлекеттік филормониясының әртістері бригадасының жұмысы туралы пікір:
Сіз басқарған Қазақ филармониясының әртістер бригадасы 1942 жылдың 17 желтоқсанынан 1943 жылдың 11 қаңтарына дейін солдаттар мен командирлерге 55 концерт берді.
Қазақстаннан әртістер бригадасының келуі дивизия құрамы үшін қуанышты хабар болды. Жауынгерлер мен командирлердің рухын көтеріп қана қоймай, елде қалған ағайын - туыс, отбасы жайлы хабар жеткізді. Ауа райының қолайсыздығы мен күннің суығына қарамастан жүрек жылуына бөледі. Әсем ән әуелеп, би биленді. Баян, домбыра, балалайка, гитара аспаптарында түрлі ән шырқалды»,- дей келе, концерттік ұжымға зор алғысын білдіреді.
Сөйтіп отты жылдары, яғни 1942-1943 жылдары аралығында жүздеген концерттер ұйымдастырады.
Айтпақшы, тағы бір дерек көздерінде елге әйгілі «Жас қазақ» әнінің атауын қоюға себепші болғаны туралы мәлімет бар:
Фронтта жауынгерлердің рухын көтеруге атсалысқан әншілердің қатарында — Рамазан Елебаев бар еді. Бірде Рамазан Жүсіпбек Елебековке «Жас қазақ» әнін тыңдатуға барады. Әнді өз дауысында, нақышына келтіріп шырқап беруін өтінеді. Бұл ән соғыста ерлікпен қаза тапқан Төлеген Тоқтаровқа арналғанын айтады. Әуелгіде ән «Жас қабір басында» деп аталған екен. Ән шумақтары былай төгіледі.
Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп,
Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған өмірге өрмелеумен,
Жас қазақ, жатты көзі от жайнап.
Сол бетінде жан берді, ол тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны.
Жас қазақ, атылды оқтай көре сап.
Ел қорғаған майданда жас арыстан,
Төлегендей артыңда қалдыр дастан.
Жас қазақ, жатты жауын жаныштап.
Әсерлі ән жауынгерлердің жүрегін қозғаған. Әйтсе де, әннің атауын Ғабиденге өзгертуді сұрайды.
Мұндай рухты әннің жарық көруіне шынайы ықыласын білдірген Ғабиден әннің атауын «Жас қазақ» деп өзгертуін ұсыныпты.
Осылайша, танымал әншілерге жетекшілік етіп, қан майданды да көзбен көрген.
Тіпті бір деректе әншілер тобын Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өзі арнайы қарсы алып, күткені жайлы айтылады.
Биыл есімі елдің жүрегінде жазылған жазушы Ғабиден Мұстафиннің туылғанына 120 жыл.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік Архиві қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттарды жинақтап отыр.
Бір айта кетерлігі, 1960 жылы Ғабиден Мұстафиннің өзі осы архивке жеке құжаттарын тапсырған.
Бүгінде архив қорында 1926-1959 жылдар аралығын қамтитын 83 құжат бар, атап айтқанда: қолжазбалары, романдары, повестері, очерктері мен мақалалары, сонымен қатар хаттар, пікір алмасулар, шақырулар, құттықтаулар және өзінің жеке құжаттары жинақталған. Ал, 1973 жылы жазушының жеке тектік қоры 85 құжатпен толықты.
Даут Кулай
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің жоғары деңгейдегі архивисі
Abai.kz